Адам-биосфера-ноосфера
Адам эволюцияның барысында өз тіршілігіне керекті нәрселерді табиғаттан дайын күйінде алумен қанағаттанған жоқ. Ол ақыл-ойы бар саналы жан ретінде өзінің еңбек құралдарын жасау, материалдық және рухани мәдениетті молайту, сыртқы ортаны мақсатқа сай өзгерту қабілеттерін пайдалана отырып, тіршіліктің жасанды ортасын жасады. Қоғам ілгері басқан сайын адам үшін бұл жасанды ортаның маңызы мен рөлі арта түсті. Қазір ірі-ірі қалаларсыз, зәулім биік үйлерсіз, телевизор, телефонсыз тағы басқа тұрмыстық техникасыз адамзат қоғамын көз алдына келтіру қиын. Мұның бәрі адамның ақыл-ойы мен еңбегінің жемісі екенін айттық жоғарыда.
Еңбек пен ақыл-ойдың биосфера шеңберінде планеталық геологиялық күшке айналуының маңызын атап көрсете келе В.И.Вернадский адамзат өсімдіктер мен жануарлардың жаңа мәдени түрлерін жасау арқылы тіршілікті дамытуға қандай зор үлес қосқанын атап көрсетті. Француздың математигі әрі философы Эдуарда Леруа 1927 жылы ғылымға ноосфера ұғымын енгізгенде Вернадскийдің биосфераның биогеохимиялық идеяларына сүйене отырып, биосфераның дамуының қазіргі геологиялық стадиясын сипаттау үшін енгізген болатын. Вернадскийдің пікірін сондай-ақ француздың аса ірі геолог-палеонтологы Пьер Тейяр де Шарден де қолдап, кейін өзінің «Феномен человека» деген еңбегінде ноосфераны дүние эволюциясының бір стадиясы деп анықтады. Адамның өзі сияқты, эволюцияның ол стадиясы да тірі организмдер дүниесінің мыңдаған жылдар бойғы даму тарихының нәтижесі дей отырып, Шарден эвлюцияның қозғаушы күші мақсатты көздейтін сана деді. Ал Вернадский болса, керісінше, сананың шығуы биосфераның дамуының заңды нәтижесі деп санады, бірақ бір кездерде пайда болған сана кейіннен адамның еңбек қызметінің арқасында биосфераға барған сайын күшті әсер ете бастайды.
Сонымен, ноосфера-біздің планетамыздағы жаңа геологиялық құбылыс. Адам ноосферада тұңғыш аса ірі геологиялық күшке айналады. Адам өзінің еңбегі және ақыл-ойы арқылы өз тіршілік саласын қайта құра алады және қайта құруға тиісті, бұрынғымен салыстырғанда мүлдем басқаша құруға тиісті-деді В.И.Вернадский.
Эволюциялық процестің негізгі бағыты ой-санасы бар тірі жанның қалыптасуы және адамзаттың геологиялық ролін мойындау екендігі туралы алғаш ой-пікірлер айтқан Вернадскийдің бұрында бірқатар ғалымдар болды. Бірақ олар жеке-дара фактілер келтірумен ғана шектеліп, оларды бір жүйеге келтірмеді, теориялық жағынан түсіндіре алмады. Ал Вернадскийдің концепциясы белгілі эпмирикалық фактілер мен мәліметтерді, білімдерді біртұтас жүйеге келтіріп, ол білімдер жүйесі биосферадан ноосфераға өтуге қандай факторлар көмектескенін сенімді түрде түсіндіріп берді. Оның концепциясы адамның іс-әрекетінің, еңбегі мен ақыл-ойының биосфераның эволюциясында және сол арқылы Жердегі геологиялық процестердің өзгерісінде, бүкіл Жер бедерінің өзгерісінде шешуші рөл атқаратынын мойындауға негізделеді. Сонымен қатар Вернадский адам еңбегінің, өндірістік қызметінің биосферада болып жатқан, бүкіл Жер бетінде болып жатқан процестерге тигізетін әсерін зерттеумен шектеліп қана қоймағанын атап көрсету қажет. Еңбек дегеніміз адамның ақыл-ой мен ерік күшіне негізделген мақсатты іс-әрекет екенін жақсы түсіне отырып, ол ноосфера, немесе ақыл-ойы сферасы, барған сайын қоғамдық прогресті ғана айқындап қоймайды, сондай-ақ бүкіл биосфераның эволюциясын және сол арқылы Жер бетінде болып жататын барлық процестерді де айқындап беретінін атап көрсетті. Сондықтан да оның ақыл-ойды планеталық құбылыс деп сипаттауы тегін емес. Эволюциялық процесс,- деді ол, әлеуметтік адамзаттың ғылыми ойлауы сияқты жаңа геологиялық маңызға ие болды. Ғылыми ойдың және адам еңбегінің ықпалымен биосфера жаңа күйге- ноосфераға өтеді.
Адамның іс-әрекеті биосфера процестеріне қалайша әсер етеді, ол эволюцияға қалай көмектеседі? Не себепті осы іс-әрекет биосфераның эволюциясмына бағыт сілтейді?
Ең алдымен биологиялық эволюция тек биосфераның тірі заттарына ғана, яғни өсімдіктер мен жануарлардың түрліше түрлеріне ғана қатысты екенін ескерткен жөн. Ол эволюция, әрине, адамға қатысты, бірақ негізінен Homo sapiens деп аталатын ақыл-ойы бар адам қалыптасып, өркениет пайда болғанға дейінгі адамға қатысты болды. Кейіннен адамның биологиялық эволюциясы әлеуметтік эволюцияға өтті.
Биосферадан ноосфераға өту кезеңінде егіншіліктің тез дамуы нәтижесінде егістіктің ауданы күрт өсуіне байланысты биосферада жасыл тірі заттардың көлемі үздіксіз артуы сияқты күшті геохимиялық фактор алға шықты. Өсімдіктердің жаңа сорттары мен жануарлардың жаңа тұқымдарын қолдан сұрыптаудың нәтижесінде эволюция процестері айтарлықтай жылдамдады, жаңа түрлердің шығуы тездеді. Ал бұл биосферада тірі организмдердің сыртқы ортамен зат алмасу процесін бұрынғыдан жылдамдата түсті.
Адамның сыртқы ортаға әсер етуінің дәрежесі ең алдымен қоғамның техникамен қарулану деңгейіне байланысты. Адамзат дамуының алғашқы кезеңдерінде техникамен жарақтану өте аз болды. Қоғам ілгері басқан сайын, оның өндіргіш күштері өскен сайын жағдай мүлдем өзгерді. ХХ-ХХІ ғасырлар- ғылыми-техникалық революция ғасырлары: ғылымның, техника мен технологияның арасында өзара жаңа сапалық қарым-қатынасының тууы қоғамның табиғатқа тигізетін әсерінің аумағын бұрын болып көрмеген мөлшерде арттырды, адмзаттың алдына бір қатар жаңа, бұрын болып көрмеген аса шиеленісті проблемаларды ұсынды.
Техниканың биосфераға және табиғатқа тигізетін әсерін зерттеу жалпы алғанда тек практикалық міндеттерді ғана қойып отырған жоқ, сондай-ақ терең теориялық талдау жасауды да талап етіп отыр. Биосфераның негізін құратын тірі заттар дүниесімен аналогиялық салыстыру жасай отырып, техносфера ұғымының мазмұнын құратын техникалық заттар жайлы, яғни қоғамда бар барлық техникалық құралдар мен системалардың жиыны жайлы, олардың табиғатқа тигізіп отырған әсері жайлы көп әңгіме жасауға болады.
Алайда, бұл мәселелер жайлы келесі тақырыпта жеткілікті көлемде әңгіме болғандықтан, біз бұл жерде мынаны ғана айтуды жөн көрдік. Планетаға тигізетін ықпалының күш-қуатының мөлшері жағынан алғанда, технозаттар системасы тірі заттар дүниесінен кем әсер етпейді деуге болады. Техниканың бұдан былайғы дамуы техникалық заттардың құрамдас системаларының өзара әрекеттесуінің ең үйлесімді варианттарын және олардың табиғатқа тигізетін әсерін, ең алдымен биосфераға игізетін әсерін есептеп шығаруды талап ететіні сөзсіз.
«Техносфера» ұғымы техникалық құрылыстар мен системалардың жиынымен бірге адамның техникалық қызметін және ақыл-ойын да қамтиды. Оның құрылымы айтарлықтай күрделі, өйткені ол техногендік заттарды, техникалық системаларды, тірі заттарды, жер қыртысының жоғарғы бөлігін және гидросфераны да қамтиды. Ал космостық ұшулар дәуірінің басталуына байланысты техносфера биосфераның шеңберінен тыс шығып, енді Жер айналасындағы космосты да қамтитын болды, ал бұл ноосфера аспан әлеміне де аяқ басты деген сөз.
Ноосфераның аспан әлеміне тарауына байланысты ғалымдар космостың Жердегі түрлі тіршілік процестеріне тигізетін әсерін жан-жақты зерттей бастады. Мысалы, Вернадский биосфераның дамуына әсер ететін факторлардың қатарына космосты да қосқан болатын. Ол космос сәулесінсіз, оның ішінде Күннің сәулесінсіз Жердегі тіршіліктің мүмкін еместігін атап көрсетті. Тірі организмдер космос сәулелерін биосфераның өмір сүру қажетіне қарай жер энергияларына айналдырып өзгертеді.
В.И.Вернадскийдің ноосфера туралы ілімінің аса маңызды бір жағы сол, ол адамның сыртқы ортаны белсенді түрде өзгертуге бағытталған бүкіл іс-әрекеттерін зерттегенде, жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарын бірлікте қарастыру қажеттігін бірінші болып түсініп, оны жүзеге асыруға әрекет жасады. Оның пікірінше, ноосфера-биосфераның жаңа сапалық сатысы, тек табиғатты ғана емес, адамның өзін де түбірлі өзгертуге байланысты жоғарғы сатысы. Бұл жоғарғы техника деңгейінде адам білімін жай қолдану сферасы емес. Бұл үшін «техносфера» ұымы да жетіп жатыр. Әңгіме адамзат тіршілігінің ерекше кезеңі туралы, атап айтқанда, адамның сыртқы ортаны өзгертуге бағытталған қызметі айналада болып жатқан барлық процестерді нағыз ғылыми тұрғыдан, ақыл-оймен түсінуге және «табиғат мүдделерімен» міндетті түрде санасуға негізделген кезеңі туралы болып отыр. Ноосфераның структурасын құратын барлық жақтарын үйлесімді пайдалану оның өмірі мен дамуының сенімді негізі болып табылады.