ХП алмасуы – гемоглобиннің ыдырауы, өт, зәр, нәжіс пигменттерінің түзілуі

Hb – эритроциттердің негізгі белогы. Эритроциттер 110-120 күн өмір сүреді, содан кейін олар гемолизге ұшырайды. Эритроциттерден бөлінген Hb гаптоглобинмен байланысып, Hb-Hр комплексін түзіп, гемоглобин ыдырайтын жерлерге түседі.

Гемоглобиннің ыдырауы макрофагты-моноцитарлық жүйе (ММЖ) жасушаларында: қан жасау жүйесінің жасушаларында, бауырдың Купфер жасушаларында, көкбауырда, ішектегі пеер түйіндерінің жасушаларында , т.б. жүзеге асады.

Бұл үрдіс гемнің бірінші және екінші пиррол сақиналарының арасындағы метин көпіршесінің гемоксигеназа әсерінен тотығып, үзілуінен басталады да, вердоглобин түзіледі. ММЖ жасушаларында вердоглобиннен глобин мен темір бөлінеді де, биливердин түзіледі. Биливердин НАДФН2 есебінен бос, тікелей емес, коньюгирленбеген билирубинге тотықсызданады, ол суда ерімейтін және улы қосылыс. Оның тікелей емес деп аталу себебі Эрлих диазореактивін қосқанда бірден қызыл түс бермейді, тек қан сарысуына ондағы белоктарды тұнбаға түсіру үшін кофеин немесе спирт ерітіндісін қосқаннан кейін қызыл түске боялады. Глюкурон қышқылымен байланыспағандықтан, конъюгирленбеген деп аталады. Тікелей емес билирубин ММЖ жасушаларынан қанға түсіп, альбуминдерге адсорбцияланады, бұл оның улылығын төмендетеді. Тікелей емес билирубиннің негізгі бөлігі бауырға түседі, онда глюкуронилтрансферазаның әсерінен глюкурон қышқылымен конъюгациялану (байланысу) реакциясына түседі. Сонда тікелей емес билирубин заласызданып, моно-(30%) немесе ди- (70%) глюкуронид билирубин түзеді. Бұл билирубин тікелей, байланысқан, усыз, суда еритін билирубин болып табылады. Билирубин өтке қызыл-қоңыр түс береді. Биливердиннің біраз бөлігі өтке түседі, ол жасыл түс береді. Биливердин мен тікелей билирубин өт қапшығына жиналады, олар өтке жасылдау түс береді. Тікелей билирубин мен биливердин өт жолдарына түседі. Тікелей билирубиннің үштен бір бөлігінен азы бета-глюкуронилтрансферазаның әсерінен тікелей емес билирубинге айналады да, 12-елі ішектің қуысына өтпен бірге тікелей емес билирубин мен биливердин түседі. Ащы ішекте бос билирубин мезобилиногенге (уробилиногенге) дейін тотықсызданады, оның біраз бөлігі қақпа венасы арқылы бауырға қайта түсіп, онда түссіз моно- және дипирролдарға дейін ыдырайды, олар бүйрек арқылы зәрмен шығарылады.

Мезобилиногеннің басым бөлігі тоқ ішекке түседі, онда микроб ферменттерінің әсерінен стеркобилиногенге тотықсызданады. Стеркобилиногеннің біраз бөлігі plexus hemorrhaidalis (геморроидальдық вена тамырлары) сіңіріліп, бүйрекке түсіп, зәрмен шығарылады. Зәрде жарық пен ауаның әсерінен стеркобилиноген стеркобилинге дейін тотығады, ол зәрге сары түс береді. Стеркобилиногеннің қалған бөлігі мен биливердин нәжіске түседі. Стеркобилиноген жарықтың әсерінен стеркобилинге дейін тотығып, биливердинмен бірігіп, нәжіске қоңыр-жасыл түс береді. Қан сарысуының түсі де белгілі бір деңгейде онда билирубиннің болуына байланысты. Қалыпты жағдайда қанда жалпы билирубин анықталады, ол тікелей және тікелей емес билирубиннен тұрады. Қандағы жалпы билирубин мөлшері 8-20 мкмоль/л.

ИЛЛЮСТРАЦИЯЛЫ МАТЕРИАЛДАР:

1.Презентация (слайдтар).

ӘДЕБИЕТТЕР:

Негізгі:

1. Плешкова С.М., Өмірзақова К.К., Абитаева С.А. «Заттар алмасуы және оның реттелуі», Алматы, 2006.

2. Т.Ш.Шарманов, С.М.Плешкова «Метаболические основы питания с курсом общей биохимии», Алматы, 1998 г.

3. С.Тапбергенов «Медицинская биохимия», Астана, 2001 г.

4. С.Сеитов «Биохимия», Алматы, 2001 г.

5. В.Дж.Маршал «Клиническая биохимия», 2000 г.

 

Қосымша:

1. Плешкова С.М. және басқалары Биохимияны студенттердің өздігінен оқып-білуіне арналған оқу құралы Заттар алмасуы және оның реттелуі. – Алматы, 2009 ж.

2. Б.Гринстейн, А.Гринстейн «Наглядная биохимия», 2000 г.

3. Т.Т.Березов, Б.Ф.Коровкин «Биологическая химия», 2004 г.

4. Д.Г.Кнорре, С.Д.Мызина «Биологическая химия», Москва, 2002 г.

5. Р.Марри, Д.Греннер «Биохимия человека», I-II том, 1993 г.

6. А.Ш.Зайчик, Л.Г.Чурилов «Основы патохимии», Москва, 2001 г.

7. Полосухина Т.Я., Аблаев Н.Р. «Материалы к курсу биологической химии», 1977 – С. 3, 30-33, 47-49, 59-62.

8. Бышевский А.Ш., Терсенов О.А. «Биохимия для врача», 1994 – С. 34-54, 75, 95, 108, 214-216, 224, 249.

9. Н.Р. Аблаев Биохимия в схемах и рисунках, Алматы 2005 г.

10. Биохимия. Краткий курс с упражнениями и задачами. Под ред. проф. Е.С. Северина, А.Я. Николаева, М., 2002 г.

Бақылау сұрақтары:

1. Гем синтезінің негізгі сатылары мен өтетін орны.

2. Гемоглобиннің ыдырауы.

3. Өт, нәжіс, зәр пигменттері.

 

№ 8 дәріс.

Тақырыбы: Заттар алмасуының реттелуі. Гормондар биохимиясы. Нейроэндокриндік реттелуі. Гормондардың жіктелуі

Тақырыбы: Метаболизмнің реттелуі. Гормондар мен заттар алмасуының реттелуіндегі олардың ролі.

Мақсаты: Гормондар және нейроэндокриндік заттар алмасуының реттелуі туралы түсінік қалыптастыру, инсулин мен контринсулярлық гормондарды мысалға келтіріп гормондардың физиологиялық эффектерін көрсету.

ДӘРІС ЖОСПАРЫ:

1.Нейрогуморалдық реттелу.

2.Әсер ету механизмдер бойынша гормондардың жіктелуі.

3.Инсулин мен контринсулярлық гормондар