Тістерді көріп тексеру
Дәрігер-стоматологқа науқастар көбінесе тіс ауруларына байланысты шағымданып келеді. Сондықтан ауыз іші ағзаларының кілегей қабығын шолып шыққаннан кейін тек қана ауырған тісті ғана емес, тістер қатарын құрайтын барлық тістердің жағдайына көңіл бөледі. Мұның өзі жалпы емдеу жоспарын құрып, науқас ауызын толық сауықтыруға мүмкіндік береді. Дәрігер-стоматологқа алғаш рет келген
адамның ауыз іші міндетті түрде
сауықтырылуы тиіс. Көріп тексергенде барлық тістердің қамтылуы үшін оны белгілі бір жүйемен жүргізеді. Көріп тексеруді жоғарғы оң жақ үлкен азу тістерінен бастап, біртіндеп сол жағына ауысады. Төменгі жақ тістерін көріп тексеруді сол жағынан бастап, оң жақ азу тістерімен аяқтайды. Тістерді негізгі екі аспаппен стоматологиялық айна және сүңгімен тексереді. Сүңгінің ұшы міндетті түрде жіңішке және үшкір болуы тиіс. Айна көзбен көруге қиын аймақтарды қарауға және керек жерге сәуле шоғырын бағыттауға мүмкіндік береді, ал сүңгінің көмегімен тістер бетіндегі барлық сайлар мен ойықтарды, пигменттелген аймақтарды сүңгілеп тексеріп шығуға болады.
Тістер қатарын көріп тексергенде оның толықтығына (тістер толық шыққан ба, жұлынған немесе шықпаған тістер бар ма), тістердің түсіне, пішіндеріне, көлемдеріне, тіс доғасында орналасуына мән беріледі. Тістердің пішіндерінің және көлемдерінің өзгеруі әртүрлі себептерден болуы мүмкін. Мысалы, бөшкеге ұқсас жоғарғы орталық күрек тістер (Гетчинсон тістері) және олардың тістеу қырларының жарты айға ұқсап қалыптасуы (Фурнье тістері) туа дамыған мерез кезінде болуы мүмкін. Тістердің көлемдерінің кішіреюі (микродентия) әр түрлі нерв жүйесі аурулары (ішкі бездер қызметінің бұзылуы), минералды зат алмасуының бұзылуы мен витаминдердің, көбінесе «Д» витаминінің жетіспеушілігі (рахит) әсерінен болуы мүмкін. Тістердің пішіндері мен көлемдерінің әртүрлілігі адамның жынысына, конституциональдық ерекшеліктеріне байланысты екенін кезінде Астахов (1928) дәлелдеген. Тістердің, оның ішінде жоғарғы күрек тістердің пішіндері адамның бет әлпетімен толық үйлесімділік (гармония) тауып қалыптасқан.
Тіс сауытының көлемі оның енінің, биіктігінің және қалыңдығының өлшемдері арқылы анықталады. Тіс сауытының биіктігі күрек тістердің тістеу қырының ортасынан, сүйір және кіші азу тістердің тістеу қырының ортасынан, сүйір және кіші азу тістердің ұрт жақ шайнау төмпешіктерінің шыңынан, азу тістердің ұрт жақ беттеріндегі сайдан тістің физиологиялық мойнына дейін тік түсірілген сызықтың ұзындығына тең. Қызылиек жиегінде сему (атрофиялану) үрдісі байқалса, бұл сызықты кіреуке-цемент шекарасынан 1,0-1,5 мм шегіндіре аяқтайды. Сауыттың ені оның жанасу бетіндегі бір-бірінен ең алыс қашықтықта орналасқан нүктелерін қосатын сызықтың ұзындығына тең. Тістің ұрт және тіл жақ беттерінің бір-бірінен ең алыс аралығының ұзындығы оның қалыңдығына тең.
Көптеген тістерді өлшегеннен кейін анықталған осы өлшемдердің Леносек ұсынған орташа көрсеткіштері 2- кестеде келтірілген.
Кесте
Тістердің аттары | Ені, мм | Қалыңдығы, мм | Биіктігі, мм | Тістің жалпы ұзындығы, мм | |
Орталық күрек тістер | жоғарғы | ||||
төменгі | 5,5 | ||||
Бүйір күрек тістер | жоғарғы | 5,5 | 10,5 | ||
төменгі | 5,5 | 9,0 | |||
Сүйір тіс | жоғарғы | 8,5 | 9,0 | ||
төменгі | 7,0 | 9,0 | |||
Бірінші кіші азу тіс | жоғарғы | 7,5 | 9,5 | ||
төменгі | 7,0 | 8,0 | 8,5 | ||
Екінші кіші азу тіс | жоғарғы | 7,0 | 9,5 | ||
төменгі | 7,0 | 9,0 | 7,5 | ||
Бірінші үлкен азу тіс | жоғарғы | 11,5 | 12,0 | 7,0 | |
төменгі | 11,5 | 11,0 | 8,0 | ||
Екінші үлкен азу тіс | жоғарғы | 9,0 | 10,0 | 6,0 | |
төменгі | 11,0 | 10,0 | 7,0 | ||
Үшінші үлкен азу тіс | жоғарғы | 8,5 | 10,0 | 5,5 | 19,5 |
төменгі | 11,5 | 10,0 | 6,0 |
Жоғарыда аталған көрсеткіштермен қатар тістердің түсіне, кіреукенің бүтіндігіне де мән беру керек. Қалыпты жағдайда адамның тістерінің түсі 3 түрлі түс аралығында ауытқуы мүмкін:
· сарғыштау түсті тістер (көбінесе ересек адамдарда);
· ақ-сарғыштау түсті тістер (кіреуке жұқа қалыптасқан кезде );
· ақ немесе көкшілдеу-ақ түсті тістер (жаңа шыққан тістер түсі және көбіне жас адамдарда орын алады).
Тістердің түсі қандай болғанмен, олардың сауытын жауып тұрған кіреукеге мөлдірлік және табиғи жылтырлық тән. Тістердің түсі кіреуке астында орналасқан дентинге байланысты қалыптасады. Тістердің түсінің өзгеріп, жылтырлығының жойылуы көптеген тістің қатты тіндерінің туа және жүре дамыған ауруларымен (гипоплазия, флюороз, тісжегі және оның асқынулары) тығыз байланысты. Ұлпасы алынған тістер сұр түстеніп, кіреуке өзінің жылтырлық қасиетінен айырылады. Ұлпасы өліеттенуге (некроздану) ұшыраған тістердің де түсі өзгереді. Ұлпаның некроздануы көбінесе ұлпаның қабынуы кезінде анаэробтар әсерінен, тістерге жарақаттаушы әсер еткенде қантамыр-нерв шоғыры (түбір ұшы тесігі арқылы өтетін) зақымданған кезде (жаншылу немесе үзіліп кету) байқалады. Бұл жағдайда тістің түсі біртіндеп көкшіл-сұр немесе қоңыр-сұр түске ауысады. Егер ұлпаның қантамырлары үзіліп, оған қан құйылса, тістің түсі уақытша қызғылт түске боялады.
Сонымен қатар тістердің түсі тістің қатты тіндеріне бояғыш заттардың экзогендік (сырттан) және эндогендік (іштей) жолмен сіңуі арқылы өзгеруі де мүмкін.
Тістердің түсінің сыртқы әсерлерден өзгеруі шылым шеккенде (қою қоңыр түс), шай мен кофе ішкенде (тістердің мойын аймақтарына шөгіп қалады), әр түрлі шөптер тұнбасымен ауызды ұзақ шайғанда және металл құрамды пломбылар қойғанда (көкшіл-сұр немесе қара сұр түстену), түбір өзектерін химиялық әдіспен өңдегенде (резорцин-формалиндеу әдісін жүргізгенде қызғылт-күлгін түске боялады) орын алады.
Адамның қызылиегі қанағыш кезінде тістердің мойын аймағында қара түсті жолақтың қалыптасқаны байқалады. Тістерді экзогендік бояулардан механикалық және физикалық әдістермен тазалауға болады.
Тістер түсінің ішкі әсерлерден өзгеруі ауыр металдардың тұздарымен (мыс, қорғасын, висмут) уыттанған кезде, тіс тіндерінің қалыптасуы кезінде бояулы дәрілерді (биомицин сияқты) ұзақ қабылдаған жағдайда және өт пигменттерінің тіс тіндерінде шөгуі (бауырдың вирустық қабынулары және т.б.) әсерінен де байқалуы мүмкін.
Қарап тексеру кезінде тістердің тісжегіден басқа ауруларын, тісжегі және оның асқынуларын анықтау үшін сүңгілеп тексерудің (зондирование) маңызы зор. Сүңгілеп тексеру – арнайы құрал –сүңгінің (зондтың) көмегімен тістің қатты тіндерін жеңіл сипап тексерудің жаңарған тәсілі. Ол арқылы тіс кіреукесінің бүтіндігі, тіс тіндері бұзылған аймақтағы патологиялық үрдістің ерекшелігі, тісжегі қуысының тереңдігі, қабырғаларының қаттылығы, жұмсарған дентиннің қалыңдығы, ауыру сезімінің бар-жоқтығы, сауыт қуысының тісжегі қуысымен байланысы, сауыт ұлпасы, өзек ауыздарының және өзек ұлпасының жағдайы (ауыратын-ауырмайтындығы) анықталады. Сүңгілеу арқылы бұрын қойылған пломбының қозғалмалылығын, тісжегі қуысының жиегіне қалай жабысқанын (краевое прилегание пломбы) да анықтауға болады.
Сүңгілеп тексеру әдісін жүргізу: ол үшін тексеріліп жатқан тіске жақсылап жарық түсіріледі, ал көрінер көзге алысырақ орналасқан тістер болса (жоғарғы жақ тістері) олардың айнаға шағылысқан кескінін алуға тура келеді. Сондықтан сол қолға стоматологиялық айна ұстап, оң қолға сүңгіні алып, оның үшкір ұшымен тістердің бетіне тірей отырып, жеңіл жылжытады. Беті бүтін және тегіс кіреукеде сүңгі еркін жылжиды, ал ақау бар болса, тіреліп немесе ілініп қалады және түрлі шұңқырларға батып кетіп отырады. Сүңгілеп тексеру көбінесе тіс беттерінің күмән келтіретін аймақтарында, табиғи сызаттары мен ойықтарында жүргізіледі.
3.4.Қағып тексеру (перкуссия - percussio)
Бұл әдіс көбінесе пародонт тіндерінің жағдайын анықтау үшін қолданылады. Қағып немесе ұрып тексеруді айнаның немесе сүңгінің сабымен тістердің тістеу қыры немесе шайнау беті арқылы жүргізеді. Ұру күші (сила удара) жеңіл және бірыңғай болуы керек. Қағып тексеруді алдымен сау тістен бастайды, содан кейін ауру тіске ауысады. Бұл науқастың сау және ауру тістеріндегі анықталған сезімдерін салыстыру үшін қажет.
Периодонтта қабыну үрдісі кезінде сау тісте ауыру сезімін тудырмайтын ұру күші ауру тісте әр түрлі деңгейде ауыру сезімін туындатады. Қағып тексеруді тістердің тістеу қырлары мен шайнау беттері арқылы жүргізеді. Түбір ұшы периодонтының жағдайын анықтау үшін қағып тексеруді тіс өсіне қатар (параллельді) немесе тік бағытта (вертикальная перкуссия) жүргізеді, ал жиектік периодонттың жағдайын анықтау үшін тіс өсіне көлденең (горизонтальды) бағытта (горизонтальная перкуссия) жүргізеді.
Сүңгілеп тексерудің көмегімен қызылиекасты және қызылиек үсті тіс шөгінділерін анықтайды. Арнаулы түймелі сүңгінің көмегімен тіс-қызылиек бекімінің эпителийінің бұзылған-бұзылмағандығын, қызылиек сайының және пародонтальдық қалталардың тереңдігін анықтайды.
Периодонт пен пародонттың басқа тіндеріндегі патологиялық үрдістердің ауырлық дәрежесін анықтау үшін тістердің қозғалмалылығын (определение подвижности зубов) анықтау керек. Оны анықтау үшін тіс сауытын шымшуырмен қысып ұстап, әр түрлі бағытта қозғайды. Әрбір тіске көзге көрінбейтін физиологиялық қозғалмалылық тән және тағамды шайнаған кезде орын алады, сондықтан физиологиялық қозғалмалылық деп аталады. Пародонт қабынуы және периодонт саңылауында жалқық жиналған кезде тістердің қозғалмалылығы айқын болады және оны патологиялық қозғалмалылық деп атайды.
Патологиялық қозғалмалылықтың үш дәрежесін ажыратады: І дәрежесі – тіс сауыты ұрт және тіл бағытында 1 мм-ге дейін қозғалады; ІІ дәрежесі – ұрт-тіл және бүйір бағытта, азу тістер алдыңғы және артқы бағытта қозғалады; ІІІ дәрежесі – жоғарыда аталған бағыттармен қатар тіс өзінің өсі немесе тік бағытта қозғалады. Тістердің жағдайын анықтап алғаннан кейін тіс формуласы толтырылады және онда тісжегі және оның асқынуларымен жарақаттанған, пломбыланған, жұлынған тістер көрсетіледі.
Соңғы кезге дейін тіс формуласының бірнеше жүйесі (австриялық Зигмонди жүйесі, даниялық Хадруп жүйесі, американдық жүйе) ұсынылған болатын. Қазіргі кезде ДДҰ ұсынған жүйе қолданыла бастады. Бұл жүйе бойынша екі жақ сүйек төрт сегменткке бөлінеді де, ондағы тістер араб саны ретімен белгіленеді және олардың алдына сегменттің реттік саны қойылады. Мысалы, жоғарғы оң жақ бірінші үлкен азу тіс 16, сол жақ аттас тіс 26, төменгі аттас тістер 36, 46 деп белгіленеді.