Сілекей бөлінуінің бұзылуы
Сілекей (слюна - saliva) сілекей бездерінен ауыз ішіне бөлініп шығатын сұйық. Бездерінің шығарушы түіктерінен шығатын сұйық таза сілекей, ал ауыз ішіне құйылғаннан кейінгі аралас сілекей, немесе ауыз сұйығы деп аталады. Ауыз сұйығы құрамында таза сұйықтан басқа микроорганизмдер,олардан бөлінген заттар, түлеген эпителий, қызыл иек сайынан шыққан лейкоциттер, астың қалдықтары болады.
Ересек адам тәулігіне 1500-2000 мл сілекей бөледі. Сілекей бөлінуінің жылдамдығы көптеген факторларға байланысты: адамның жасына (55-60 жастан кейін сілекей бөліну баяулайды), жүйкенің қозуына, тағамдық тітркендіргіштерге. Ұйқы кезінде өте аз бөлінеді (0,05 мл/мин), сергектік жағдайында – 0,5 мл/мин, ынталандырған жағдайда – 2,0-2,5 мл/мин. Сілекей бөлінуінің жылдамдығы тістердің тісжегімен жарақаттануына үлкен әсер тигізеді.
Ауыз сұйығы – тұтқыр сұйық (таза сілекейдің тұтқырлығы Освальд бойынша 1,2-2,4 бірлікке тең), салыстырмалы тығыздығы – 1,001-1,017.
Әртүрлі ықпалдар әсерінен сілекей бөлінуінің бұзылуы мүмкін және оның төмендегі түрлерін ажыратады: сілекейдің көп бөлінуі (гиперсаливация-gypersalivatio), тіптен бөлінбей қалуы (асаливация – asalivatio немесе ксеростомия – cserostomio)
Сілекейдің көп бөлінуі. Көбінесе шартсыз рефлекс түрінде ауыздың кілегей қабығында әртүрлі қабыну үрдістері дамыған кезде байқалады және оны организмнің оң қорғаныс жауабы деп санауға болады. Мұндай жағдай аса көп ыңғайсыздық туындатпайды. Сілекейдің көп бөлінуі сынап пен иод организмге түскеннен кейін сілекей бездерінің сұйық бөлетін жасушаларын тітіркендіру әсерінен де байқалуы мүмкін.
Сілекейдің аса көп бөлінуі (2-3 есе) орталық жүйке жүйесінің вегетавтивтік орталықтары өзгеріске ұшыраған кезде (паркинсон ауруы, жалғанбульбарлы салдану, инсульттен кейінгі біржақты салдану) байқалады. Паркинсон ауруы кезінде жұтыну қызметі де зардап шегеді. Кейде нервтің тонусының жоғарылауы, ішек құрттары инвазиялық кезінде де сілекей бөлінуі күшейеді.
Кейбір невроздар, психикалық ауытқулар, жұтыну әрекеті қиындаған кезде науқастар сілекейдің көп бөлінуіне шағымданулары мүмкін,бірақ қарап тексергенде, бұл жағдай дәлелденбейді және оны сілекейдің көп бөлінуін жалған сезіну (ложная гиперсаливация) деп атауға болады.
Сондықтан сілекейдің көп бөлінуі анықталған науқастарды стоматологтан басқа да маман-дәрігерлер (терапевт, невропотолог) мұқият тексерулері керек.
Емі. Ауыз кілегей қабығы қабынулары кезіндегі сілекейдің көп бөлінуі – қорғанысты жауап болғандықтан арнаулы емдеуді қажет етпейді. Басқа аурулар кезінде анықталған жағдайда негізгі сырқатты емдеу шаралары жүргізіледі. Қажет болса, аз уақытқа атропинді дәрілерді тағайындауға болады.
Сілекейдің аз бөлінуі. Сілекейдің аз бөлінуі кейде тіпті бөлінбей қалуы (ксеростомия) өте ыңғайсыз жағдай туындатады. Бұл кезде ас қабылдау (көбінесе құрғақ тағамдарды), сөйлеу, тұтыну қиындайды, ауыз кілегей қабығы құрғап, беті кедір-бұдырланып, өте-мөте тілдің бүртіктері құрғап, түрпідей білініп тұрады.
Сілекей аз бөлінуі кезінде қарап тексергенде ауыз кілегей қабығы құрғақ және күңгірт түстенеді, сілекей қою және аз, көпіріп тұрады. Мұндай жағдайда сілекейдің ауыз ішін шайып тұру қасиеті төмендегіндіктен, тіл үстінде, тіс беттерінде жұмсақ қалың қақтар пайда болып, кілегей қабықта, қызыл иекте қабыну үрдістері дамиды, тістер көптеген тісжегілік бұзылыстарға ұшырайды.
Сілекейдің аз бөлінуі жас ұлғайған және қарт адамдар арасында көбірек кездеседі.
Сілекей бөлінуінң азаюі қант диабеті, дәнекер тіннің жүйелі аурулары (қызыл жегі, склеродермия, ревматизм), сәулелер әсерінен кейін, витаминдер тапшылығ (А,В,Е) гипоседироз (Планмер-Винсон синдромы) кезінде, сілекей бездерін әртүрлі ауруларға байланысты алып тастағаннан кейін орын алады. Сілекейдің өте аз бөлінуі Шегрен синдромы кезінде байқалады.
Симпатикалық нерв жүйесінің тонусының жоғарылауы, гипретереоз, климактериялық кезең, әртүрлі невроздар кезінде сілекей бөлінуі азаяды. Сілекейдің қысқа мерзім ішінде аз бөлінуі әртүрлі жұқпалы аурулар кезінде, тағамдық заттармен уланғанда (көбінесе ботулизм), дәрі-дәрмектер (атропин тобындағы, гипертонияға қарсы) қабылдаған кезде байқалуы мүмкін.
Костен синдромы (төмендеген тістем), ауыз кандидозы кезінде де сілекей аз бөлінеді. Мұрын арқылы демалу бұзылған жағдайда (мұрын полипы, мұрын қалқаны қисаюы кезінде) адам амалсыз ауызбен демалуына тура келеді. Осы кезде ауыз сұйығы тез бұланып, ауыз іші құрғай бастайды және сілекей аз бөлінетін сияқты сезім туындайды (сілекей аз бөлінуінің жалғандығы-ложная гипосаливация). Кейбір науқастар ауыздың түнде құрғайтынына шағымдануы мүмкін. Бұл көбінесе жасы ұлғайған адамдарда жиірек кездеседі. Оның себебі: екі жақ тістері толық түскен жағдайда ұйқы кезінде ауыз толық жабылмау мүмкін немесеадам шалқасына ұйқтаған кезде төменгі жақты көтеретін еттердің әлсіздігінен ауыз ашылып қалатындықтан, жартылай ауызбен демалуға тура келеді.
Емі. Сілекейдің аз бөліну себептерін анықтап, дер кезінде жойған дұрыс. Міндетті түрде ауыз ішін сауықтырып, тиімді протездеу қажет. Ауызды ауық-ауық өсімдік майларымен (күнбағыс, шабдол, мақта, жүгері), лизоциммен (бір литр қайнаған суға бір жұмыртқаның ағын ерітеді) шайқап тұрған тиімді.
Жалпылай емдеу үшін витаминдер кешенін (А, В1, В12, С, Е), қажет болса тыныс гармондарын, иодты препараттарды (иодты калийдің 3% ертіндісін) іштей тағайындайды. Антихолинэстеразды препараттарды (галантаминнің 0,5% ертіндісін 1,0 мл тері астына жібереді немесе іштей бір қабылдайды), пилокарпин гидрохлоридін (4 тамшыдан күніне 1-2 рет) тағайындайды. Үлкен сілекей бездер аймағын гальванизациялау әдісі де жақсы нәтиже берелі.