Түбіттің қабыршақты қабаты. Сақина тәрізді қабыршақтар
Сабағы (11 - сурет) деп, жүн талшығының сыртқы, яғни тері үстіндегі бөлігін айтады.
Тамырыдеп терідегі жүн талшығының төменгі бөлігін айтады,
Буылдырығыдеп тері ішіндегі жүн талшығының ең төменгі бөлігінің ұя тәрізді кеңістігін айтады. Буылдырық жүн талшығының тікелей жалғасы, ол үрпікті қоршап жатады. Осы буылдырықтағы жасушалардың көбеюі арқылы жүн талшықтары өседі.
Жүн талшығының үрпігі- талшықтың негізгі қоректенетін органы. Ол өзі дәнекер ұлпасынан құралады, онда қоректік заттар жеткізіп тұратын толып жатқан тамыр капиллярлары бар, осы капиллярлардан қанмен келген қоректік заттар жүн талшығының буылдырығына ауысып, ондағы жасушалардың, жүн талшығының қоректенуін өсіп-жетілуін қамтамасыз етеді.
Жүн талшығының қынабы.Жүн талшығының тамыры тері ішінде бірнеше кабатты эпидирмиялық жасушадан тұратын түтікпен қоршалған. Осы түтікті жүн талшығының қынабы деп атайды.
Май безі. Тері ішіндегі қыл қынабының сыртқы жақтарында орналасқан екі немесе үш май бездері болады, олардың майы арнаулы жолдар арқылы қыл қынабының ішіне енеді. Осы май жүн талшықтарын майлап, оларды әр түрлі сыртқы әсердің ұнамсыз ықпалынан қорғайды. Май бездерінің майы тері бездерінен шыққан термен араласып шайыр құрайды. Жүндегі шайырдың мөлшері қой тұқымына, жынысына, ерекшелігіне байланысты әр түрлі болып келеді. Шайырдың ең көбі биязы жүнді, ал ең азы қылшық жүнді қойларда болады.
Тері бездері - терінің ішкі жағынан орналасқан, бірақ олардың өнімі арнаулы жолдар арқылы терінің үстіне шығарылады. Тері бездерінің физиологиялық екі түрлі маңызы бар: біріншіден – мал ағзасындағы жылуды реттеуге көмектеседі; екіншіден - зат алмасудан пайда болған ағзаға жағымсыз заттарды термен бірге сыртқа шығарады.
Жүн талшықтарының гистологиялық құрылымы. Микроскоппен қарағанда, жүн талшығының үш қабаттан тұратыны байқалады.
12 - Сурет . Жүн талшықтарының гистологиялық құрылысы
1 - өлі жүн; 2 - қылшық; 3 - аралық талшық; 4 - түбіт
Оның біріншісін - эпидермис, яғни қабыршақты қабат; екіншісін - ортаңғы қабат, үшіншісін - өзек деп атайды. Эпидермис, яғни қабыршақты қабат бір қабатты эпителий жасушаларынан құрылған. Осы қабаттың сыртқы көрінісі балықтың қабыршағына ұқсас болғандықтан, кейінгі кезде бұл қабат қабыршақты, ал жеке жасушалары - қабыршақ деп аталып жүр. Қабыршақ жасушалардың пішіні әр түрлі: сопақша, көп қырлы, шиыршық т.б. болып келеді. Олардың көлемі де әр түрлі, кейбір қабыршақтары үлкен, ал кейбіреуі өте ұсақтанып кетеді.
Профессор А. И. Николаевтың зерттеулеріне қарағанда, жүн талшығы сапасына қарай қабыршақ саны әр түрлі болатыны анықталған. Мысалы, қылшық, жүн түбітінің бір миллиметрінде 65-тен 80-ге дейін, ал қылында 45-тен 60-қа дейін қабыршақ болатыны байқалған.
Биязы жүнді қойдың жүн талшықтарында шиыршық пішінді қабыршақ көп кездеседі. Шиыршық деп, саусаққа кигізілетін сақина тәрізді болып келген қабыршақтарды айтады. Сақина тәрізді қабыршақтар ең жіңішке жүн талшықтарының, яғни, биязы жүн мен түбіттің сыртқы қабатын құрайды. Қабықша қабат талшықты сыртқы әрекеттерден қорғайды, сондықтан да жүнді иіріп, ұршыққа төккен кезде оның маңызы зор. Сақина тәрізді қабыршақтар бір-біріне қабыса бітеді, яғни бір қабыршақтың шетін екінші қабыршақ басып жатады. Талшық сырты осылай кетікше, бұжырлау болып келуінен жүн тез ұйысады, мұның өзі киіз басуға ыңғайлы келеді. Осындай ретпен орналасқан қабыршақтар өздеріне түскен күн сәулесін жүн талшығының көлемді аумағына шашырата таратады, сондықтан да мұндай жүннің жылтырлығы, ажары төмендеп, күңгірттеу болып кетеді. Керісінше, қабыршақтары бір жазықтықта орналасқан сапасы төмен (жуандау келген) жүн талшықтары талшық бетінің бір бөлігіне күн сәулесін шаққанда молынан шағылыстырады, сондықтан олар мейлінше ажарлы, жылтыр болады.
Ортаңғы қыртысты қабат. Қабықша қабаттың астында жүн талшығының негізі болған қыртысты қабаты жатады. Бұл қабат бір-біріне тығыз жанаса бітіп, жүн талшығын бойлай орналасқан ұршық тәрізді қабығы қатты жасушалардан тұрады.
Жүн талшығына қажетті негізгі заттардың басым көпшілігі осы қабатта жинақталған, сондықтан да бұл қабат жүннің негізгі сапасына (беріктігі, созылғыштығы, ширатылғыштығы, серпімділігі т.б.) игі әсерін тигізетін болса керек. Жүннің түсіне әсер ететін бояуыш қасиеті бар пигмент те осы қабаттың жасушаларында орналасқан.
Өзек - жүн талшығының нақ ортасынан орын алып, ұзынынан созылып жатады. Өзек жүн талшықтарының барлық түрінде кездесе бермейді, биязы мен қылшық жүнді қойдың түбітінде өзек болмайды. Аралық жүн талшықтарында ғана болады, бірақ ол біркелкі емес, үзілмелі келеді, яғни бір жерінде болса, екінші жерінде болмайды.
Өзек, өзара бос байланысқан жасушалар мен ауа түйіршіктерінен тұрады. Уақыт өткен сайын өзектегі жасушалар кеуіп, бүкіл жылғаға көп мөлшерде ауа толады. Жүн талшығында өзектің ойдағыдай жетілуі биологиялық жағынан маңызды құбылыс. Өзегі жақсы жетіліп, ауамен толған жүн талшықтары, біріншіден, мал организмінен жылудың шығуына кедергі жасайды, себебі ауа мен қабықты заттар жылуды нашар өткізеді. Екіншіден, жазда қайнаған ыстық кезде мұндай жүн талшықтары мал организмін қатты қызудан сақтайды. Республикамыздың кең байтақ даласында өсірілетін әр түрлі қазақы қойлардың қылшық жүнінде міне осындай қасиеттер бар. Бірақ өзектің тым жетілуі жүннің физикалық-техникалық қасиетіне кері әсерін тигізеді. Өзек жетілген сайын жүн талшығының беріктілігі төмендеп, сынғыш келеді, жүннің иірілгіш сапасы және созылғыштығы кемиді. Керісінше, ортаңғы қабаттың жетіліп, өзектің азаюы жүн талшығының беріктілігін арттыра түседі.
Жүн талшықтарының түрлері. Қой жүні сапасы жағынан бірқалыпты болып келмейді. Бұл айырмашылық жүн талшықтарының ұзындығы мен жіңішкелігіне, иректігі мен серпімділігіне, гистологиялық құрылысына т.б. мен мал денесінде орналасу ретіне байланысты. Осындай айырмашылықтарға сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан жүн талшықтарының көптеген түрлері анықталған. Біз солардың көп тараған негізгі түрлеріне тоқталып, сипаттап өтейік.
Қой жүнінде негізінен төрт түрлі жүн талшықтары болады:
1) қылқан тәріздес қысқа жүн талшықтары;
2) қылшық;
3) аралық қылшық;
4) түбіт.
Қылқантәріздес қысқа жүн талшықтарықойдың басы мен аяқтарында өседі. Олардың әрдайым жақсы жетілген өзегі болады, ортаңғы қабат бір-біріне тығыз түрде жабыса біткен клеткалардың қалың қабатынан түрады. Қылқан тәріздес қысқа жүннің үзындығы 1-2,5 см-ден аспайды, сондықтан да ол тоқыма маталар дайындауға мүлдем жарамсыз.
Қылшық- ирегі аз, толқынданып, көбінесе түзу, тік өсетін, түбітке қарағанда жуан ірі, беріктігі мен серпімділігі нашар жүн талшығы. Қылшық әр уақытта үш қабаттан - қабыршақты, ортаңғы қабаты және өзектен тұрады; өзегі жақсы жетілген. Ұзындығы жағынан қылшық түбіттен әрдайым артық түседі. Жүн талшықтарының жіңішкелігі микронмен (миллиметрдің мыңнан бір бөлігімен) өлшенеді. Қылшықтың жіңішкелігі 40-тан 150 микронға дейін жетіп, тіпті одан да жоғары болады.
Қылшық жүнді қойдың жүні азды-көпті мөлшерде қылшықтан тұрады. Технологиялық қасиеті жағынан қылшық түбіттен әлдеқайда төмен бағаланады. Қылшық жүн төменгі сапалы маталар тоқуға және киіз басуға жұмсалады. Қылшықтың кейбір жуан түрлерін «құрғақ», «өлі» қылшық деп атайды.
«Құрғақ» қылшық тек қана қылшық жүнді қойларда кездеседі. Жаңбыр мен қардың әсерінен кейбір кездері қылшықты жүннің жоғарғы жартысындағы шайыры шайылып, жуылып кетеді. Шайыры кеткен қылшықтың сыртқы әсерлері төзімталдығы нашарлап, күн мен желдің әсерінен кеуіп құрғайды. «Құрғақ» қылшық қарапайым, жәй қылшыққа қарағанда тез сынғыш, жылтырлығы солғын, беріктігі босаңдау болып келеді.
«Құрғақ» қылшық өндіріске керексіз зат, сондықтан оның көп мөлшерде болуы жүннің бағасын төмендетіп жібереді.
«Өлі» қылшық - тым өрескел ірілігімен, қаттылығы және сынғыштығымен, жылтырлығының бәсеңдеу болып келуімен және боялмайтындығымен сипатталады. Сырт қарағанда ол ирегі жоқ, түзу болып келеді. Гистологиялық құрылысы жағынан алып қарағанда өзегі жақсы жетілген ал, ортаңғы қабаты нашар жетілген. Технологиялық қасиеті жағынан «өлі» қылшық төмен бағаланады, мата тоқуға жарамайды. Оның болуы жүннің құндылығын кемітеді және төменгі сортқа жатқызылады.
Аралық талшық сапасы жағынан, яғни жуандығы, иректілігі және жұмсақтығына қарай қылшық мен түбіттің аралығынан орын алған, бойында қылдың да, түбіттің де белгілері бар жүн талшығы. Ол түбіттен жуан және ұзын қылшықтан жіңішке, қысқа, ирегінің саны түбіттен кем, қылшықтан артық келеді.
Гистологиялық құрылысы жағынан сипаттайтын болсақ, аралық талшығының жіңішке келген өзегі болады, бұл өзек көбінесе буылтық үзілмелі келеді; кейбір кездері өзек болмайды, мұндай жағдайда ол ірілеу келген түбітке ұқсастығы бар. Шикізаттық сапасы жағынан аралық қылшық түбітке көбірек жақындайды. Ағылшынның линкольн, бордер-лейстер, ромни-марш тұқымдас қойларының жүні тек қана аралық талшықтан тұрады.
Түбіт немесе биязы жүн. Бұл қой жүнінің ең жіңішке талшығы болып есептеледі, оның жуандығы 10-нан 30 микрон аралығында болады; ұзындығы 5-15 см. Түбітте еш уақытта өзек болмайды. Эпидермис жасушаларының черепица тәріздес болып орналасуына байланысты түбіттің сырты микроскоппен қарағанда тегіс болмай, бұжырланып, кетікше болып келеді. Осы ерекшелігіне қарай, түбіт басқа жүн талшықтарына қарағанда бір-бірімен жымдаса жақсы байланысады, сондықтан ол жүннен түрлі бұйым, мата жасап шығаратын өндірісте жоғары бағаланады.
Қылшықтың басқа түрлеріне қарағанда, түбіт жұмсақ, биязы және созылмалы келеді, және ширатылып, бұйраланып тұрады. Түбіт неғұрлым көп болса, жүннің сапасы соғұрлым жақсы болады. Түбіттің жүн ішіндегі мөлшері қойдың тұқымына байланысты кейде аз, кейде көп болады. Мысалы, меринос қойлардың жүні түбегейлі түбіттен тұрады, сондықтан да оны биязы жүн деп атайды, қылшық жүнді қойлардың жүнінің құрамында да түбіт кездеседі, бірақ ол қысқа, қылшықты жүннің төменгі жартысынан аспайды.