Бап. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi

1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, оған мыналар:

1) мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру және оның тиiмдiлiгiн арттыру саласында мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;

2) мемлекеттiк қызметтi жүзеге асыру үшiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;

3) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу және бекiту;

4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық дерекқорды, оның ішінде автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің кадр құрамы жай-күйінің және мемлекеттік лауазымдардың мониторингін жүргізу;

4-1) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметтің кадр резервін қалыптастыру;

4-2) мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын айқындау, сондай-ақ тестілеуді ұйымдастыру;

5) мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру, оларды әлеуметтiк-құқықтық қорғау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсыну;

7) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлер даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, оның iшiнде шетелдерде де, мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;

8) мемлекеттiк бағдарламалар бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды және мемлекеттiк қызметшiлердi даярлауды, қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды үйлестiру;

8-1) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн берiлген тәртiптік жазаны мерзiмінен бұрын алып тастауға келiсiм беру;

9) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызмет саласындағы заңдарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

9-1) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ конкурстардың дұрыс өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

10-1) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі бөлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға келісу;

10-2) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу мен бекіту тәртібін айқындау;

10-3) Қазақстан Республикасы Президентінің Јкімшілігімен келісе отырып, мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекіту;

11) мемлекеттiк органдардың осы Заңды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұза отырып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзу;

12) мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне жасалған шағымдарын қарау;

13) осы Заң бұзылған жағдайда сотқа жүгiну;

14) мемлекеттiк қызмет мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу;

14-1) мемлекеттiк органдар көрсететiн қызметтердiң сапасын арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жүктеледi.

2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесін уәкiлеттi орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер құрады.

Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.

2-1. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада тәртiптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

3. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.

6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)

1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:

1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;

2) тәртіптік, аттестаттау, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;

3) аттестаттауды және конкурстық іріктеуді жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бойынша жоғарылату, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

4) кадрларды іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдейді;

5) мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;

6) мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасын, тәлімгерлігін, қызметін бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу түрлерін және оларды қолдану тәртібін әзірлейді;

7) мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді есепке алуды жүзеге асырады;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.

3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.

Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.