Азақ тіліндегі киім-кешек атауларының этномәдени мәні

 

Тіл – адамзат арасындағы қарым-қатынас пен болмысты танудың құралы ғана емес, қоғамдағы саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани, тарихи өзгерістердің куәсі. Этностың этномәдениеті мен жан дүниесі, дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа тілі арқылы ғана жетеді. Қоршаған ортадағы дүние бейнесі әрбір этностың төл тілінің аясында ғана қалыптасады. Осындай материалдық лексикамыздың құнарлы қабатын қазақ тіліндегі киім-кешек атаулары құрайды.

Қазақтың киім-кешек атаулары ұлтымыздың тұрмысы мен тіршілігіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық этномәдени және рухани-мәдени болмысының жемісі болып табылады. Қазақ халқының ұлттық киімдерінде ұлтымыздың эстетикалық талғамдары, өмір сүру салты, әлеуметтік қатынастары өзіндік ерекшеліктерімен айқын көрініс тапқан.

Тіліміздегі киім-кешекке қатысты атаулар мен тілдік бірліктер, күрделі сөздер мен тұрақты тіркестер, сөз оралымдары төл тіліміздің сөз байлығының қомақты саласын құрайды.

Қазақ тіліндегі материалдық лексикаға байланысты кең көлемде зерттеу жүргізген профессор Ж.Манкеева киім атауларына қатысты лингвистикалық және этнографиялық зерттеу мәліметтеріне сүйене отырып, төмендегідей классификация ұсынады.

1. Сырт киім атаулары:шекпен, шапан, тон, ішік, күпі, қаптама.

2. Үстінен киетін киім атаулары:бешпент, камзол, көйлек, шалбар т.б.

3. Іш киім атаулары:дамбал, жейде, ішкөйлек

4. Бас киім атаулары:салы // шәлі, орамал, бөрік, қарқара, кимешек, күләпара, желек, жаулық, сәукеле, айырқалпақ, тымақ, тақия, шаршы т.б.

5. Әскери киім атаулары:құяқ, қаттау, кебенек, жарғақ шалбар, жалаңқат, аймауыт т.б.

6. Аяқ киім атаулары:саптама, мәсі, кебіс, етік, байпақ, шарық т.б.

7. Киімнің құрамдас қосымша бөліктерінің атаулары:белбеу, белдік, білезік, жүзік, кісе, моншақ, сақина, сырға, түйме, шашбау, шолпы т.б.

8. Киімге тағылатын әшекей бұйымдар атаулары:алтын шоқ, жібек шоқ, маржан тас, оқа, күміс, гауһар, меруерт, зер, бадана т.б.

9. Киім тігілетін материал түрлерінің атаулары:шыт, шұға, қамқа, батсайы, барқыт, бөз, дүрия, елтірі, қыжым, құндыз, құлын жарғақ, күдері, киіз, кәмшат, жүн, жібек, мақпал, мауыты, түлкі, тайтері т.б.

10. Киімнің маусымдық ерекшеліктеріне қарай аталуы:

а) қыстық киімдер: күпі, тон, ішік, жарғақ, шидем шекпен (тон сыртынан киілетін киім), иленген қой терісінің жүнін ішіне қаратып тіккен тері шалбар, жарғақ шалбар (ешкі не киік терісінен иленіп, боялып тігіледі);

қысқы бас киім:екі құлағы және артқы етегі бар шошақ тымақ, елтірі не аң терісінен тігілген шошақ төбелі бөрік;

қыста киіетін еркектердің аяқ киімдерінің атаулары: өкшесі биік, қонышы тізені қаптап тұратын шоңқайма етік, былғары саптама, аңға киетін қайқы бас тұмсық жұмсақ етік т.б.

ә) жазғы киімдер:жейде, ішкиім, барқыт пен қыжымнан тігілген шалбар, жеңіл шапан, тақия, жалбағай, шошақ төбелі ақ қалпақ, кең етекті айыр қалпақ, желбіршек көйлек, мауыты мен шұғадан тіккен камзол;

ерлер мен әйелдердің жазғы аяқ киімдері:тағалы жеңіл етік, жұмсақ теріден тігілген мәсі, сауыр былғарыдан тігілген кебіс, шоқай (көбінесе аңшылар мен малшылар киген шәркей, шабата).

11. Киімнің жас ерекшелігіне қарай аталуы:

а) бойжеткен қыздар мен жас келіншектер киімінің атаулары:көйлек, бүрмелі көйлек, кестелі көйлек, желбіршекті көйлек, қос етек, бешпент, шапан, үкілі тақия, кәмшат бөрік т.б.

ә) ұзатылған қыздың (қалыңдықтың) және жаңа түскен келіншек киімінің атаулары:шошақ төбелі сәукеле; сәукеленің бөлшектері: салпыншақ, бетмоншақ, жақтау, желек (бір жыл өткен соң келіншекке желек салынады, оны 1-2 бала тапқанша салады).

б) 30-40 жастағы және орта жастағы әйелдер киімінің атаулары: кимешек, оның әшекейлерінің атаулары:төбелдірік, бергек, түйреуіш, жаулық // ақ жаулық (бірнеше бала туған орта жастағы әйелдер көзге түсерліктей әшекейі жоқ кестелі кимешек не ақ жаулық тартады).

в) кәрі әйелдер мен кемпірлер киімнің атаулары:камзол, кимешек, үлкен ақ шаршы орамал, күндік (кимешектің үстінен орайтын ақ мата).

12. Тойда, әртүрлі ұлттық мерекелерде киетін біркиер киім атаулары:

а) ер адамдар киімнің атаулары:бешпент, кең шалбар, шапан, шекпен, ақ киіз қалпақ, айыр қалпақ, дөңгелек тақия, қайқы тұмсық етік.

ә) әйелдердің салтанатты киімдерінің атаулары:қос етек көйлек, жеңсіз қынама бел камзол, кемер белдік, үкілі тақия, қарқара (төбесі биік, шошақтау келген, жайлауға көшкенде бай қыздары киетін, қауырсын қадаған сәнді бас киім; оны жас әйелдер де киген), сәукеле.

13. Киімнің жергілікті, аймақтық, ру-тайпалық ерекшелігіне қарай аталуы:оңтүстік қыздары киімдерінің атаулары: бүрмелі көйлек, жібек орамал (латте деп те атайды), қасаба (сәнді бөрік түрі). Оңтүстікте әнижан жаулық // әндіжан жаулық, батыс өлкеде күліш көйлек атауларынан көрші елдердің әсері сезіледі.

14. Әлеуметтік жағдайға байланысты киім атаулары:

а) күйеуге шыққан әйел киімінің атаулары: кең тігілген жон көйлек, камзол, жаулық, сұлама (жаулықтың орнына арқасы мен иығын жауып тұратын жаулық түрі).

ә) киімнің ру-тайпалық ерекшелігіне қарай қалыптасқан атаулары: керей тымақ, найман тымақ, арғын тымақ, албан бөрік, қызай қалпақ т.б. [Ж. Манкеева,124-127].

Белгілі ғалым Е. Жанпейісов М. Әуезов шығармалары тілінде кездесетін атауларға кешенді талдау жүргізеді. Киім атауларына қатысты арнайы зерттеу жүргізген Ә. Алмауытованың “Қазақ тіліндегі киім атауларының этнолингвистикалық табиғаты” атты зерттеу жұмысында киім атаулары ономасиологиялық бірлік тұрғысынан талданып, уәждеме (мотивация) теориясы негізінде қарастырылған. Киім атаулары уәждік белгісіне байланысты жасалу материалына, формасына, жасалу технологиясына, әлеуметтік мәніне, этномәдени ерекшелігіне, түсіне, қызметіне, көлеміне байланысты топтастырылған.

Жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар: ағима шекпен – қойдың биязы жүнінен тоқылған шекпен (ағима – биязы жүннен тоқылған материал, тоқыма); барқыт бешпент, бәтес көйлек, берен тон (береннің бір мағынасы “барқыт”, яғни берен тон – барқытпен тысталған тон); доғаба көйлек – барқыттан (пүліш), тігілген көйлек. Бұл матаның жергілікті тілде дуқаба, добаға түрі де айтылады. Түгі өсік пүліш – қыжым доғаба деп аталса, ши доғаба “жол-жол барқыт” дегенді білдіреді. Жылтырақ, тығыз жібек мата дүриядеп аталған. Соған орай дүрия бешпент, дүрия көйлек сияқты атаулар пайда болған.

Заттың формасы уәж болған атаулардың бір тобын киімге байланысты атаулар құрайды: күмпей шапан – түйе жүнінен сырып тігілген, сыру аралықтары күмпиіп көрінетін шапан. Нар өркеш бөрік – төбесін нардың өркеші сияқты, ал алды-артын тікшелеу етіп тіккен бөрік. Айыр қалпақ – алды-арты жырық киіз қалпақ.

Киім жағасының формасына қарай айтылуы – жүрек жаға, домалақ жаға, құлақ жаға.

Аяқ киімнің жасалу формасына қарай: бақабас етік – жалпақ басты етік, биік өкше етік, бестақа тік етік (өкшесі аласа етік), жарма қоныш етік (қоныш екіге жарылған); сондай-ақ кесікбас, қисық табан етік, лақа бас етік, шолақ ұлтан, шоңқайма, жуан өкше, қазық өкше, керсен (етіктің желкесі), төстабан (шолақ ұлтан), үшкіл (мәсінің сірісі) т.б. аяқкиім мен бөлшектерінің атаулары бар.

Әлеуметтік мәні мен этномәдени ерекшелігіне байланысты атаулар.Қазіргі қазақ тілінде этнонимдік, аймақтық ерекшеліктерді білдіретін бірсыпыра атаулар сақталған. Мысалы: адай бөрік, адай тымақ, адай шалбар, әлім көйлек, әлім тымақ, шеркеш бөрік, арғын тымақ, найман тымақ, үйсін тымақ, жалайыр тымақ, қыпшақ кілем, сыр кілемі, қазақы арба, қазақы етік, кілемнің керей үлгісі, қоңырат нұсқа деп аталатын түрлері, қазақы ер, қазақы бөрік, қазақ үй(киіз үй) т.б. [Ә. Алмауытова]. Өйткені бұл ұжымдық құндылықтардың астарында сол ұлттың қалыптастырған ұлттық тарихи мәдениеті мен элитарлық мәдениеті айырықша көзге түседі.

Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің өмір тәжірибесі мен ұжымдық санасы, дүниетанымы мен моралі, этикасы мен эстетикасы жан-жақты көрініс береді. Бүгінде тілімізде пассив қабатқа өтіп мағынасы көмескілене бастаған ұлттық этномәдениетімізді танытатын кейбір киім атауларына қысқаша тоқталсақ:

Ерлердің оқалы немесе зерлі шапаны - қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Шапанның арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады Ертеректе мұндай шапандарды хан, сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.

Ішік- сырты матамен тысталып, түрлі аңның терісінен жүнін ішіне қаратып тігілетін ер адамның қысқы сырт киімі. Тігілетін терісіне қарай олар: түлкі ішік, касқыр ішік, сеңсең ішік, пұшпақ ішік деп әртүрлі аталады.

Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар "жарғақ" дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды "жарғақ шалбар" деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.

Бөрік- жеткіншектерден бастап, ересек адамдарға дейін киетін бас киім. Ол етегін айналдыра қымбат тері жапсырылып дөңгеленген пошымда тігіледі. Оның пошымына, тігілген материалына қарай шошақ бөрік, үкілі бөрік, камшат бөрік сияқты түрлерге белінеді.

Айыр қалпақ - аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан, сұлтандар салтанатқа киетін болған.

Тымақ- ер адамның бас киімі. Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағалысы - түлкі тымақ. Тымақтың маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай (бөлек) үшкіл (үш бұрышты) киізден құралып, шошақ болып келеді

Саптама етік - қонышы тізені жауып тұратыңдай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяк киім. Оны киіз байпақпен киеді. Саптама етік қысқы аязда ат үстінде жүргенге жылы, әрі қолайлы.

Казақ әйелдері (қыздары) үстіне қос етек көйлек, шапан (бешпет) немесе камзол, ал басына жас ерекшелігіне қарай тақия, сәукеле немесе кимешек, аяғына мәсі немесе кебіс т.б. киген.

Қос етек көйлек - жібек, торғын, шәйі сияқты асыл матадан тік жаға, кең етек етіп тігілетін көйлек. Етегіне өрнектеліп, бүрмеленген қос желбіршек салынады, сондықтан "қос етек көйлек" деп аталады.

Шапан (бешпет)- қалыңдықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестеленеді. Бұл - өсіп-өнсін, өркенді болсын деген тілек белгісі.

Сәукеле - ұзатылатын қыз-қалыңдық киетін ғұрыптық киім. Оның сом күмістен құйылған төбесіне үкі тағылып, маңдайына жақұт қондырылады. Сәукеленің өн бойы алтын, күміс сияқты қымбат металдармен өрнектеліп, ақық, маржан, гауһар сияқты асыл тастармен безендіріледі. Оның екі жақтауына моншақтан салпыншақ өріледі, төбесінен жерге дейін төгілген ақ желек жабылады. Сәукелені ұзатылатын қызға арнап шеберге дайындаттырады. Сәукелені қалыңдық ұзатылған күннен бастап бір жылға дейін киеді.

Кимешек - жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол өн бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Кимешектің ақ матадан бет жағы ойылады. Оның жағы, өңірі оқаланып кестеленеді, төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.

Камзол - шапанға қарағанда ықшам, қысқа, көбінесе жеңсіз немесе қысқа женді болып келетін әйелдің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін камзолдар аса қымбат маталардан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі өрнектермен кестеленіп өрнектеледі.

Мәсі - өңделген жұқа теріден қонышына ою салынып, табансыз, ұлтансыз тігіліп, негізінен әйелдер үйде киетін жеңіл аяқ киім.

Кебіс- табаны қалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер салынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқ киім. Қалыңдықтың етігі де басқа киімдермен қатар арнайы тігіледі. Бұл етіктің өкшесі биік, табаны ағаш шегемен шегеленген болады. Қонышы өңделген теріден түрлі өрнектер салынып, көкшіл бояуға боялып, әсемделеді. Мұндай етікті "көк сауыр етік" деп атайды.

Тақия - бас киімнің бір түрі. Қазақта тақияның түрі көп. Соның ішінде аса сәндісі, көркемі — бүлдіршін қыздар киетін үкілі тақия. Ол - биіктігі 10-15 см мөлшерінде дөңгеленіп тігілген, жалпақ төбесіне үкі тағылатын жеңіл бас киім. Ол айнала жиегіне ою салынып, түрлі асыл тастармен көмкеріліп тігіледі. Оны жас қыздар ұзатылғанға дейін киеді. Ұзатылған қыз — қыз ғұмырдың белгісі — тақиясымен "сыңсу" айтып қоштасып, кетерінде сіңлісіне сыйлайды.

Көкірекше (нымша) - жейденің немесе көйлектің сыртынан киетін жеңсіз, жеңіл киім. Оның өңірі мен етегі өрнектеліп, әдемі кестеленеді. Қыз балалардың көкірекшесіне теңгелер, маржан сияқты әшекей заттар қадалады. Ыңғайлы, ықшам көкірекшені көбінесе балалар жейденің, көйлектің сыртынан киеді.

Дулыға - соғыста сарбаздар басына киетін темір қалпақ.

Кіреуке- алтын тінді зерлі жіппен тігілген аса қымбат сәнді жібек шапан.

Кіреуке сауыт- болат не темір сымды шығыршықтап өру арқылы жасалған батырлар сауыты.

Торғауыт (тоғыз қабат торғауыт)- терінің әртүрлі жіңішке, жуан тіліктерінен бірнеше қабаттап жапсырып, түрлі өрнек салып бояп, бірімен бірін жалғап жасаған сауыт.

Көбе - батырлардың соғыста кебенек (киіз кеудеше) сыртынан киетін сауыты.

Кебенек- күзем жүннен сұрыпталып, жаңа басылған киізден бітеу тігілген, боранда жауын-шашында киетін сырт киім.

Сақсыр - тар балақты, жұмсақ материалдан тігілген шалбар.

Күдері белбеу – жұмсақ иленген бұлан не бұғы терісінен жасалған белдік.

Қарқара- төбесі биік шошақтау келген, қауырсын қадаған жас әйелдердің, қыздардың сәнді бас киімі.

Зере- ұзын, іші қуыс сәукелемен бірге киетін бас киім.

Ілімтон - құдалыққа барғанда сыйға тартылатын әдемі тон.

Қазақ тіліндегі киім атаулары туралы қорыта айтқанда, о баста халықтың тілдік, тарихи-мәдени дамуы негізінде қалыптасқан, одан әрі даму барысында тілдік ауыс-түйістерге, әр замандағы әдет-ғұрып, салт-санаға, қоғамдық өзгерістерге қатысты әртүрлі семантикалық өзгерістерге ұшырап отырған ұлттық материалдық лексиканың мол қабатын құрайтын қазыналы байлығымыз.

Тапсырма.

1. Асты қарамен сызылған киім атауларын лексика-семантикалық топтарға топтастырыңыз:

Шайды іше отырып қанша қарамайын десе де, Есеней көзін қыздан аудара алмай қойды. Басында күрең барқытпен тыстаған қара елтірі бөрік, үстінде сол күрең барқытпен тыстаған жеңіл пұшпақ ішік, күрең барқыт шалбар, белінде күміс жапқан қаптырмалы былғары белдік. Аяғында биік өкшелі шоңқайма етік– «қосай калош», бәрі де сандық түбінде жататын «бір киер» екені танылып тұр. Бәрі де шеше қолынан өткен (Ғ.М. «Ұлпан»38)

Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап, кигенім – шидем шекпен.

Жейде-дамбал, ақ саңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ, матамен әдіптелген.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе, белімде жез салдырған

Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп.

Күләпәра бастырған, пұшпақ тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

(Абай)

Күләпара бастырған қара сеңсең тымағының бір құлағы да қар астынан шеті шығып жатыр екен. Мағаштың бешпет ішігінің тысы түйе жүнінен түйін жіп қосып қызғылт сұр етіп тоқыған биязы шекпен болатын. Қызыл манат шапанмен биік өкше етіккиіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу бұл өңірдің бай күйеуіне жол болатын. Базаралы үлкен кісесі бар күміс белдігін шешті (М.Әуезов. Абай жолы). Тобықтының жығасыжығылмайды екен ғой. Ақсақ Темір аспан түсті көк жібектен киінген. Үсті-басы от шашып, жалын жалап тұрған інжу тастар... Бұл тастар оның үстінде бес-ақ мыңдай екен! Қаһарынан қар төккен аппақ басында ақ бөрік. Бөркінің шошақ төбесінде жұдырықтай қып-қызыл жақұт (Ғ.Мүсірепов).

Бас киім Сырт киім Іш киім Үстінен киетін киім Аяқ киім Киімнің құрамдас бөлшек тері Киімге тағылатын әшекей бұйымдар Киім тігілетін материал дың түрлері
сәукеле күпі іш көйлек камзол мәсі белбеу алтын шоқ барқыт
               

2. Жоғарыда кесте бойынша топтастырылған киім атауларын маусымдық, аймақтық, ру-тайпалық және жас ерекшеліктеріне қарай киілетін киім түрлеріне ажыратыңыз.

3. Жарғақ тон, жарғақ шалбар, берен тон, берен мылтық деген тіркестердегі жарғақ, берен сөзінің этимологиялық және уәжді мағынасын этнолингвистикалық, этимологиялық сөздіктер негізінде айқындаңыз.

4. Жарғақ сөзінің мағынасын құраушы семалардың заттар мен құбылыстардың түрлі қасиеттері мен белгілерін білдіретін ақпараттар беретіндігін компонентті талдау жасау арқылы көрсетіңіз.

 

 

Дәріс 14.

 

Қару-жарақ атауларының ұлттық мәдени ерекшелігі

 

Ұлтымыздың материалдық мәдениетін танытатын қару-жарақ атаулары көне түркі қабатынан бастау алып, сөздік қорымыздың құнарлы қабатын құрайды. Қару-жарақ құраладары алғашқы қауымдық қоғамда аң аулайтын құрал ретінде пайдаланылған болса, алайда уақыт өте келе адам дүниетанымының күрделенуіне орай қорғаныс, соғыс, сақтық, бәсеке, билік сияқты семантикалық өріс шеңберін құраған.

Тіл дамуының белгілі бір кезеңдерінде қару-жарақ атаулары актив қолданыста болып ұлт тілінің сөздік қорынан берік орын алса, кейінгі уақыттарда пассив лексика қатарына өтіп, кейбір қару-жарақ атауларының мағыналары күңгірттене бастағаны да белгілі.

Бұл жөнінде Ә. Қайдар: «Народная память сохранила образцы и представления о доспехах и оружии эпических героев, но их языковая природа и этнографические мотивы бытования уже забыты или забываются. По этой же причине многие из перечисленных называний из за отсутствия реальной основы в современном казахском языке перешли в разряд архаичных, пассивных элементов лексики, а определенная их часть получило этимологическое затемнение», - деп тұжырымдайды.

Қазақ халқының материалдық мәдениетінің ауқымды қабатын құрайтын қару-жарақ атауларын семантикалық жағынан төмендегідей топтарға бөлуге болады:

1. Қару-жарақтардың жалпы жиынтық атауы ретінде қолданылатын сөздер: алты қару, бес қару, ер қаруы, отты қару, сауыт-сайман, суық қару, тас қару, темір қару.

2. Жебе, оқ атуға, тас лақтыруға арналған қарапайым қару-жарақ атаулары: садақ, жебелі садақ, саржа, скиф жағы, қыпшақ садақ, сірі садақ.

3. Оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ атауларын білдіретін сөздер мен сөз тіркестері: жезайыр, алты қарыс мылтық//самқал, толғамалы мылтық, берен мылтық, бытыра мылтық,құлдыр мамай, белтелі мылтық, қара мылтық//қорама, мысық құлақ мылтық, қозыкөш, бердеңке, опырмалы мылтық, орма мылтық, зеңбірек, қол мылтық, тапанша.

4. Кесуге, жауын шабуға арналған қару-жарақ атаулары: алмас-қылыш, андаспан, алты құлаш ақ семсер, алты қырлы ақ болат, берен қылыш, болат қылыш, қылыш-қанжар, сыпырма қылыш, он бес құлаш семсер, айбалта, балта, екі жүзді ай балта, толғамалы балта, тарақ балта, пышақ, қара пышақ, лөкет пышақ.

5.Сұғуға, түйреуге арналған қару-жарақ атаулары: найза, қоңыраулы найза, атпал найза, егеулі найза, қарағай найза, ырғай найза, сүңгі, толғамалы найза//сүңгі, бұйда, пышақ, селбе, бүктемелі қанжар, екі жүзді қанжар..

6. Соғуға, ұруға арналған қарапайым қару-жарақ атаулары: шоқпар, сойыл, қамшы, болат шоқпар, бұзау тіс шоқпар, қол шоқпар, тас шоқпар, темір шоқпар, он алты өрше қылыш.

7. Қорғану мақсатына арналған киім-кешек атаулары мен қару-жарақтарды салуға, сақтауға арналған бұйым атаулары: көбе, кіреуке, қалқан, дулыға, сауыт, кебенек, болат қалқан, темір қалқан, қорамсақ, құты, дабыл, дәрі сауыты, мылтық қабы, былғары садақ, күміс қорамсақ, қалта т.б.

ХҮ-ХҮІП ғасырлардағы тарихи өлең-жырлар мен көркем шығармаларда, батырлық эпостарда жауынгерлік сипаттағы тақырып басым болғандықтан, оларда қару-жарақ атауларын білдіретін сөздер мен оралымдар молынан кездеседі. Алайда қару-жарақ атауларын осы күнгі тілдік норма тұрғысынан қарағанда мағынасы көмескіленіп кейбір фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер құрамында ғана сақталып, тілдік қолданыстан шыға бастаған көнерген сөздер қатарынан жиі ұшыратамыз. (Мысалы, жезайыр, қорамсақ, қозыжауырын, жақ, берен,т.б) .

Жезайыр. Ертеде шойыннан құйылған, білтемемен атылатын, оқпанын сүйеп қойып ататын мосысы бар, үлкен, алысқа ататын көне мылтықтың бір түрі жезайыр деп аталған. Бұл мылтықтың стволын түтек деп атаған. Жез айырдың түтегін сайғақтың мүйізінен жасаған мосағын тіреп қойып, білтесін тұтатып барып ататын болған.

Жезайыр - араб тілінен енген кірме сөз. Бұл сөз араб жауынгерлерінің шапқыншылығына байланысты қазақ, қырғыз, өзбек тілдеріне ерте кезде ауысқан. Арабтың жазайыл сөзі қазақ тілінің дыбыстық заңдарына бойсынып, жезайыр түрінде қалыптасқан. Жезайыр термині қазақтың қаһармандық эпостарында 15-16 ғасырларда өмір сүрген Шалкиіз, Ақтамберді тәрізді ақын-жыраулардың толғауларында кездеседі. Мысалы:

Шығыр-шығыр шираған,

Бадана көзді кіреуке,

Шарайнасы бес қабат,

Жау қарасы кетпеген,

Жезайырдың оғы өтпеген. (Батырлар жыры).

Кейбір көркем шығармаларда жезайыр сөзінің «зеңбірек» мағынасында жұмсалатыны да кездеседі. Мысалы, Құйылғаннан бері қолдану таппаған, майы құрғап сыртын тот татпаған, майы құрғап сыртын тот шала бастаған оншақты жезайыр сыртқа шығарылды (М.Мағауин).

Қозыжауырын - төрт қырлы, темір масақты, тұлғасы қозының жауырына ұқсас етіп жасалған, масағының ұшы қысқа бірақ үшкір келген жауынгер оқтың бір түрі. Қозыжауырын оқтың басқа оқтардан айырмасы сол негізі жауын жаралап аттан құлату үшін пайдаланған.

Л.З. Будагов қозыжауырын оғына мынандай анықтама береді: Стрела раздвоенным наконечником [Будагов Л.З., 82].

Батырлар ұрыс кезінде қозыжауын оқты пайдаланғанда тактикалық мақсаттарды шешкен, яғни қозыжауырын өлтіру үшін емес, оны аттан аударып түсіріп, оның атын олжалау, немесе дұшпанның сырын білу мақсатымен, одан тіл алу сияқты мақсаттарды іске асырған. Бұл пікірді ғұлама ғалым Ш. Уалихановта «Қозыжауырын оқты жауын аттан аударып түсіру үшін қолданылған» [Уәлиханов Ш., 37] деп,- нақтылай түседі.

Кейбір қолбасшыларда, атақты батырларда масағын алтыннан ойған қозыжауырын жебелер болған. Қозыжауырын термині қаһармандық эпостарда жиі ұшырайды.

Мысалы: Атаңа нәлет қызыл бас,

Қорамсаққа қол салды,

Қол салғанда мол салды,

Қозыжауырын оқты алды. (Батырлар жыры).

Қорама - алыс атар, білтемен от алатын, ою-өрнексіз, қарапайым қара мылтықтың бір түрі. Бұл әскери атаудың сөздікте екі түрлі мағынасы көрсетіледі. 1) Білтелі мылтық; 2) Күйдірген қыштан жасалған оқ қалыбы.

Ш. Уәлиханов 18-ғасырда қазақ батырлары жайлы аңыз әңгімелерге тоқтала келіп, қорамаға байланысты мынандай этнографиялық этюдті еске алады:

Далада бір үңгірге қалмақтар кіріп, мықты бекініп алады. Үңгірдің аузында сол кездегі қару қара мылтық қораманы ұстап, қалмақтың мергені қарауылда тұрады. Кезінде қалмақтар осы қорама мылтық пен Ертістің арғы жағындағы киіктерді ататын еді. Қалмақтың мергенін қарсы торы аттан асықпай жорғалатып, Елшібек батыр қалмақтың мергеніне қарсы аттанады. Қазақтың өз жағы демдерін ішіне тартып, Елшібек батырды оққа ұшатын болды-ау деп тағатсыздықпен күтеді. Қорасаның сыры білетін Елшібек батыр асықпастан араға біраз уақыт салып, есептеп, атының сары желісімен қалмаққа жақын келеді. Қалмақ білтені түтандырып, атпақ болады, бірақ мылтық от алмайды. Қалмақ қораманы екі рет атпақ болып әрекеттенеді Елшібек батыр қылышын сілтеп үлгереді. Соңынан жолдастары Елшібек батырдың қалмақ мергеніне асықпай сары желумен баруының себебін сұрағанда ол: «қалмақ мені жақын келтіріп, өзімді, өлтіріп, атымды алмақ болды. Мен болсам әдейі асықпай сары желіспен, қалмаққа жақындап бардым. Өйткені бұл уақыттың ішінде мылтықтың білтесін қарақұрым лас май болып, ол от алмайды. Мен осы мезетті күттім, осылайша мылтық от алмады осыны күткен мен қалмақты қылыш пен қақ бөлдім», - деген екен [Уәлиханов Ш., 271].

Демек, қорама алыс атар білтемен от алатын, ескі әдіспен жасалған, ою-өрнексіз, қарапайым қара мылтық. Қораманы ату үшін белгілі бір уақыт керек болған. Егер ол шарт орындалмай уақыт өтіп кетсе, мылтық от алмаған, өйткені білтесіне қарақарұм лас мылтық майы жиналып атылмайтын болған.

Бұл сөздің төркіні Бабырдың шығармаларындағы металл ерітетін дүкен «қора» атауымен байланысты болуы да мүмкін. Бабыр осы қораға қазан деп аталатын қамал зеңбіректерін құйдырып, күйдірген кірпіштен жасалған оқ қалыбын жасаған. Сондай-ақ қорама атауының төркіні садақ оғының қабы мағынасындағы қорамсақ атауымен сабақтас болуы да мүмкін. Өйткені қорам+ сақ //иақ//жақ (садақ мағынасын білдірген) түбірлерінен біріккен атау болуы мүмкін.

Берденке. Ертеде қазақтар арасында қолданылған, бытырамен бір атар мылтық болған деп атайды. Бұл мылтықтың американ армиясының әскери инжинері Берданның конструкциясы бойынша жасалған. Осы кісінің құрметіне берданка деп атап кеткен. Қазақ тіліне аздаған дыбыстық өзгерістермен бердеңке түрінде ұшырайды. Бердеңкеден ұстап отырып белгілі жауын есіне алып: «Бәлем осыныңды ұмытпа!» дегендей Бақтығұлдың құп-қу болып көзіне қан талап кетті. (М. Әуезов).

Құлдыр мамай - қорғасын оқпен атылатын, тегіс стволды, сүйеп қойып ататын мосысы бар, 500 қадам жердегі нысанаға дарытатын, білтелі мылтық.

Бұл қарудың уәждемесі тарихта болған тұлға Мамай қолбасшының есімімен байланысты аталған болуы керек деген тарихи мәліметтер кездеседі. Бұл ескі мылтықты сарбаздар аттан түсіп киік мүйіз сирағын жерге тіреп барып ататын болған.

Айбалта - темірден жасалған, ұзын сабы бар, өткір, жартылай айға ұқсас соғыс қаруы. Айбалта ай және балта сөздерінен құралған біріккен сөз. Бұл сөздің уәждемесі сыртқы тұлғасы мен пішініне байланысты ай сияқты иіліп келгендіктен көне түркілік дүниетаным бойынша осылай аталған болуы керек.

Сүңгі - сабы ұзын, ұшы темірден жасалған дұшпанын түйреу үшін қолданылған соғыс қаруы. Сүңгі сөзі көне түркі жазба ескерткіштер тілінде дыбыстық құрылымы жағынан сунгу түрінде қолданылып «түйрейтін қару» мәнінде актив жұмсалған лексема. Уақыт өте келе түркілік төл сөзіміз «сүңгіні» парсы тілінен енген осы мағынадағы «найза» кірме атауы ығыстырып тілдік қолданысына шектеу салғаны, сүңгі лексемасының көмескіленіп күңгірттенуіне негіз болған.

Ұлттық мәдениетіміздегі қайсыбір ырым-жоралғы мен салт-дәстүр қоғамдағы әлеуметтік қатынас түрлерін, адамдардың қоғамдасып өмір сүруінің және ұйымдасуының маңызды формаларын, тәрбие талаптарын қалыптастырады. Уақытына қарай көнеріп, жаңарып жаңғырып отырғанымен, олардың ішкі мәні мен астарында үлкен ұлттық танымдағы философиялық ілім жатқанын, тіпті сондағы заттардың белгілі бір этномәдени мағына беретініне көз жеткіземіз. Ұлттық дүниетанымымызда қару-жарақ атауларымен байланысты көптеген ырым-жоралғылар мен салт-дәстүрлер туындаған.

Оқ тістеу. Қазақтар ертеде ант бергенде құранды сүю, оқ тістеу оның істік ұшын басына тигізу сияқты әдет ғұрыптарды сақтаған. Антасып, достасу, туысқан болу, қандас болу мағынасыдағы бұл тіркес қырғыздарда да болған. Ант берген адамдар бірінен соң бірі кезегімен оғын, кейін мылтықтың да оғын тістеген әдет-ғұрып оқ тістеу деп аталған.

Салт-дәстүр бойынша жігіт пен қалындығы өздерінің махаббаттарының ыстық ықыласынан беріктігінің белгісі реттінде ант етіп, біріне бірі орамалға оқ тиіп беретін болған. Әрине қару-жарақ немесе олардың бөлшегінің атауларымен келген тіркестердің барлығының мағынасында әскери ұғым (ұрыс, соғыз, қырып-жою) сақталуы шарт емес оған көрсетілген тіркес мысал бола алады.

Ертедегі қазақ, қырғыз ұлттық мифологиялық дүниетанымында оқ аттау деп аталатын көне салт-дәстүр болған. Тәнінде оғы бар жаралы жауынгердің үстінен адал, пәк, ару әйелді аттату ырымы болған. Ескі наным бойынша, әйел жарына адал жан болса, онда жаралы жауынгердің тәніндегі оқ түседі деп сенген.

Қырғыз халқының қаһармандық эпосы «Манас» жырында осы әдет-ғұрыпқа байланысты мынандай жолдар кездеседі:

Алып келген Шөректі.

Оқ аттатып алайық.

Аттаған оғы түспесе,

Шөректі бауыздап алайық.

Жалпыоқ аттау дәстүрінің этноментальдық түсінігінде екі мәселені айқындау көзделген:

1) Ару әйел жаралы жаунгерлердің үстінен аттаса, оғы түсіп, жарасы жазылады деген санаға әсер ететін этнопсихологиялық әдіс болса;

) Жарына деген адал махаббат иесі, таза, пәк, ару саналған батырдың жан жолдасы есептелетін жарын сынау.

Мысалы, «Қаһар» романнында Кенесарының адал ару жары Күнімжанға оқ аттатудағы басты мақсат ол өздері ойлап тапқан әдіс батырдың өмір серігі, жан-жолдасы жарының пәктігін адамдығын паш ету, ардақтау. Бұл әдет-ғұрып әйел балаларына ғана тән, жарға деген адамның, пәктіктің белгісі есебінде олардан қабылданатын сын емтихан іспетес (І. Есенберлин).

Тілімізде қару-жарақ атауларымен байланысты қалыптасқан мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, фразеологизмдер мен тұрақты теңеулер, жұмбақтар молынан ұшырасады. Мысалы, сойылын соғу; оққа байлау; найзасына жау енгізу; атты қамшымен айдама, желмен айда; құланның қасуына, мылтықтың басуы; батыр бір оқтық; алты құлаш ақ найза;, ақ берен; алмас қылыш; қандыауыз мылтық және т,б,

Ұлттық құндылығымыздың көне қабатынан мол этномәдени ақпар беретін қазақ тілінде жауынгерлік лексикамен, қару-жарақ атауларымен байланысты қалыптасқан атауыштық сөздер мен тіркестерде, мақал-мәтелдерде, фразеологизмдер мен тұрақты теңеулерде, жұмбақтарда ұлттық дүниетанымның түйінді ойлары тұжырымдалған.

 

Тапсырма.

1. Эпостық шығармалар мен тарихи жырлардан қару-жарақ атауларына байланысты қалыптасқан мақал-мәтелдер, фразеологизмдер мен тұрақты теңеулер, эпитеттер, жұмбақтар жинастырыңыз.

2. Қару-жарақ түрлеріне байланысты қалыптасқан номинативті бірліктерді теріп алып, олардың көркем мәтіндегі эпитеттік қолданысын этномәдени таным және этимологиялық мағынасы жағынан талдау жүргізіңіз.

Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп, Кенесарының алдын қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар білтелі құлдырма мамай мылтығын алып 500 қадамнан тиетін, әкем Абылайханнан қалған мұра еді, өзге ағаңа бермей келіп едім саған бердім ие бол, - деді. (I. Есенберлин). Ер басына ілген өрнекті киіз жарғақ қорам саларында бірнеше жебелер қатар тізілген (І. Есенберлин) Тек кейбіреулерінде ғана Хиуа шеберлері істеген ұзын мойын білтелі мылтық (I. Есенберлин). Өздері салған егінді қорғаған 3000 шаруа қолдарына айбалта мен найза қолдан жасалған. Білтелі мылтық ұстаған, Перовскийдің атты әскеріне қарсы тұрды. (Ә. Әлімжанов). Боздан айырылып жаяу қалған соң, соны мінген Бақтығүл жалғыз отты кәрі шита мылтықты оқтап алып,өрлеп тауға шықты (М. Әуезов). Мұса қосауыз берденкесін алып, өзгелері сойыл алды, бәрі аттанып жаман Аймалақ деген тауға қарай жөнелді (С. Сейфуллин). Құйылғаннан бері қолдану таппаған, майы құрғап сыртын тот татпаған, майы құрғап сыртын тот шала бастаған оншақты жезайыр сыртқа шығарылды (М.Мағауин).

Сығалап атқан ақ берен,

Қалаған жерден ұрады. (Батырлар жыры)

Толғамалы ақ сүңгім

Шаншылар майдан күн бүгін

Бұлғары садақ, бұқар жай,

Тартылар майдан күн бүгін. (Қобыланды батыр)

3. Қазақ тілінің байырғы қару-жарақ атауларының лексикалық өрістен терминологиялық өріске өтіп, бұл күнде қай ғылым саласының терминдік қабатын құрайтындығын айқындаңыз. Терминологиялық қабатқа өткен термин сөздердің жасалу жолдарына компонентті талдау жасап, қай ортақ семаның негізінде жасалғандығын дәйектеңіз.

ДӘРІС 15