Сурет-39.Төменгі жақтағы үлкен азу(а) және ақыл тістерді(б)үшін қолданылатын қысқыштар.

Қысқыштарды ұстау тәсілдері.Мамандар қысқыш ұстаудың екі әдісін ұсынады. Оны оң қолмен ұстайды.

І әдіс: Саптарының (бранштардың) арасына IV-V саусақтарды кіргізіп I саусақтың ұшын тірей бір сапты ұстайды. II-III саусақтар екі сапты қоса ұстайды. Осы жағдайдай бір сап I саусақ, алақан, II-III саусақтардың негізгі буынымен қыса ұсталады. Екінші сапты IV-V саусақтармен жылжытып қысқышты ашамыз. Әрі қарай IV-V саусақтар саптар арасынан шығып екі сапты қоса қыса ұстайды.

 

Сурет-40. (а,б) Қысқыштарды ұстау әдістері, қабырға бойынша иілген.

 

ІІ әдіс: Саптар арасында II-III саусақтар. I саусақ бір сапты, IV-V саусақтар екіншісін ұстайды. III саусақты жазғанда қысқыш жақтары ашылады, IV-V саусақтарды жұмғанда жабылады. Қысқыш орналасқан соң саптар арасындағы саусақтар шығарылып, барлық саусақтар мен алақанға қыса ұстаймыз (12 а, б-сурет).

Сурет-41 ысқыштарды ұстау әдістері, жазықтығы бойынша иілген.
Суреттер-42. Қысқыштарды ұстау әдістері, жазықтығы бойынша иілген (төменгі жақтағыақыл тістерді үшін қолданылатын қысқыштар). Суреттер-43. Қысқыштарды ұстау әдістері

Қысқыштармен жұлу қимылдары. Тісті (түбірді) жұлудан бұрын қызыл иек пен дөңгелек сіңірді тістен ажыратады.Сонда қысқышты тіс-қызыл иек қалтасына бойлата жылжытуға, кілегей қабықтың жыртылмай аман қалуына мүмкіндік туады. Тісті жұлуда арнайы әдістерге бағыну шарт.

Біздің кафедра оқытушысы І-ші санатты дәрігер стоматолог Шораев Б.И.-тың әдісі бойынша (Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті) ол 9 сатыдан тұрады.

Тегістегіш (гладилка) аспаптың ұшын иектің астына 1-2 см-дей бойлатып сүйек қырына дейін жетіп, тіс сауытын айналдыра кіреберіс пен ауыз қуысы жағындағы иекті тістен ажыратады. Егер жұлынатын тіс жеке дара тұрған болса, онда оны шыр айналдыра қызыл иектен ажыратады.

Қызыл иекті тістен ажыратпай тұрып тіс жұлуды бастасақ, кілегей қабықтың біраз бөлігі сүйектен сылынып, жыртылып тіспен бірге жұлынады. Жарақат орны қанап, жалаңаштанып қалған сүйекке инфекция оңай еніп қабыну басталуы әбден мүмкін. Жыртылған кілегей қабықты орнына орналастырып тігіп қою керек.

Жоғарғы тістерді жұлғанда, қызыл иекті ажырату үшін сол қолдың үлкен, сұқ саусақтарымен альвеола өсіндісін сыға ұстайды. Нәтижесінде иек аздап ғана қанайды. Қысқышты да тіске (түбірге) дәл бағыттап, тісті жұлған кезде қысқышпен альвеола өсіндісін сындырмай аман сақтауға болады.

Төменгі тістерді жұлғанда сол қолдың II-III саусақтарын ауыз қуысына енгізіп, бас бармақпен сыртынан төменгі жақты сыға ұстаймыз. Бұл төменгі жақтың буынын жарақаттан сақтайды. II саусақ ұртты ығыстырып тұрады. Төменгі оң жақтың тістерін жұлғанда сол қолдың I-II саусақтары ауыз қуысына орналасады.

Тісті жұлу үшін бір-бірімен ұштасып жатқан бірнеше шартты қимылдарды орындау қажет. 1) қысқышты салу; 2) қысқышты жылжыту; 3) қысқышты сыға ұстау; 4)тісті (түбірді) ырғау (немесе айналдыру); 5)тісті ұясынан жұлып шығару.

Қысқышты салу.Қысқышты тіске (түбірге) салғанда, тіс оның екі жағының арасында болуы керек. Қызыл иекті қысып қалмайтындай етіп қысқыш жақтарының бірімен тісті ішкі (тіл, таңдай), екіншісімен сыртқы (ерін, ұрт) беттерінен ұстайды. Қысқыш жақтары мен тіс бір түзудің бойында орналасуы шарт - бұл негізгі ереже. Қысқыш тіс бойына дәл салынбай қисық түссе, онда тіс сынып кетуі мүмкін.

Қысқышты жылжыту.Қысқыш жақтары тісті бойлай сырғып қызыл иек астынан сүйекке барып тіреледі. Бұл кезде олар тістің мойнынан да әрі асып түбірді ұстауға ыңғайлы болады. Егер жұлынатын түбір биіктігі қызыл иекпен бірдей немесе одан төмен орналасса, онда қысқыш жақтарын әрі қарай альвеола өсіндісінің үстіне бойлата жылжытады. Олай етпесек тереңде қалған түбірді жұлу қиын болады. Қысқыш жақтары альвеола өсіндісінің үстіне түскенде сүйектің де кішкене бөлігі жаншылып түбірмен бірге жұлынады. Әдетте бұл жарақат тіс ұясының жазылуына залалын тигізбейді. Қызыл иекте иілгіштік-эластикалық талшықтар жоқ, сондықтан, қысқыш жақтарын тереңдете жылжытқанда, қызыл иектің жиегі жыртылады. Түбір жұлынған соң қызыл иек орнына қайта келеді.

Қысқышты сыға ұстау.Қысқыш саптарының арасындағы саусақтарды шығарып, қолды саптардың ұшына таман жылжытып сыға ұстайды. Мұнда ескеретін жай: асқан ептілекпен қимылдау мысалы; қатты сыға ұстағанда тіс сынып, ұсатылып кетуі мүмкін. Бос ұстаса тіс сырғып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сыға ұстау кезінде қол күшін мұқият сезімталдықпен реттеп отырған абзал.

 

 

Сурет-44. Тістерді босату әдістері. Сурет-44а. Тіс жұлатын элеваторлар

 

Тісті ырғау(44а,б,в-сурет). Түбір мен тіс ұясының арасындағы байланысты тісті ырғау арқылы үзеді. Тісті кіреберіс пен ауыз қуысына қарай әрлі-берлі ырғайды (люксация). Одан басқа тісті өз орнынан айналдыра (ротация) қозғап та ұясынан босатады. Ротация тек бір түбірлі тістерді немесе жеке түбірді босату үшін қолданылады. Жеке түбірге айналдыра қозғағанда (ротация) жасағанда абай болған жөн. Өйткені, кейде түбір ұшы имек болып келеді. Айналдыра қозғағанда (ротация) кезінде ол сынып, қалып қоюы мүмкін. Ырғау (люксация) барлық тістер мен түбірлерді босату үшін қолданылады. Алғашқы ырғау тіс ұясының әлсіз тұсына қарай жасалады. Көбінесе ауыз, кіреберісіне қарай. Жоғарғы 6-шы тісті жұлғанда ырғау (люксация) таңдайға қарай басталады.

Төменгі жақ тістерінен 7-8-ші тістерді жұлғанда ырғау (люксация) тілге қарай басталады.

Жалпы, ырғау (люксация) тіс орнынан түгел босағанға дейін өте ұқыптылықпен байыппен жасалады.

Тісті ұясынан жұлып алу.Тісті ұясынан әбден босатқан соң оны жұлқымай, жайлап суырып алады. Тісті жұлған кезде оны алғашқы ырғау-люксация қимылы бағытына қарай суырамыз. Жалпы қимылдар сыртқа қарай бағытталған. Жоғарғы тістерді төмен қарай, төменгі тістерді жоғары қарай жұлады. Тісті, жұлқып тартқанда қысқыш қарсы тұрған тістерге соғылатындығын ескерген жөн.

Жоғарғы жақ күрек тістерін жұлу.Орталық күрек тістің түбірі жуан, ұшы артқы-дистал бағытқа қарап аздап иілген. Бүйірдегі күрек тістің түбірі жіңішке, оның ұшы таңдайға қарай әжептеуір иілген.

Тік қысқыштың бір жағы күрек тістің таңдай бетін, екінші жағы кіреберіс бетін ұстайтындай етіпсалады. Одан соң қысқышты жылжытып, сыға ұстайды.


Сурет-45. Жоғарғы жақ күрек тістерді жұлу үшін қолданылатын қысқыштар.

 

Кейінгі қимыл айналдыра қозғау-ротация мен ырғау-люксация. Ырғау-люксация алғаш сыртқа, сосын таңдайға қарай. Сол бүйірдегі күрек тісті жұлғанда науқастың басы аздап оңға қарай бұралады (немесе керісінше). Сол қолдың I-II саусақтарымен альвеола өсіндісін сыға ұстап, ІІ саусақ жоғарғы ерінді ығыстырады. Жалпы күрек тістерді жұлу аса қиын емес.

Жоғарғы сүйір тісті жұлу.Науқастың басы аздап қарсы жаққа бұрылады. Тік қысқашты күрек тістегідей етіп саламыз. Сүйір тістің тамыры жуан, ұзын болғандықтан оны жұлу үшін де едәуір күш жұмсауға тура келеді. Ырғау-люксация мен айналдыра қозғау-ротацияны кезек-кезек қолданады.

Жоғарғы кіші азу тістерді жұлу.4-ші тістің кейде 2 түбірі болады, бір түбір болған кезде де оның ұшы екіге ажырап барып бітеді. Түбірлер жіңішке; ұзын болады. Сондықтан айналдыра қозғау-ротация жасауға болмайды. 5-ші тістің түбірі біреу-ақ, оның екі бүйірі сығылған. Оны жұлғанда айналдыра қозғау-ротация, ырғау-люксация жасауға болады.

Жалпы 4-5-ші тістірдің түбірлері артқа-дистальды бағытқа қарай иілген.

4-5-ші тістерді жұлу үшін S - тәрізді сауытты қысқыштары (жақтары жұмыр) қолданылады. Қысқышты тіске салғанда оның бір жағы тістің таңдай, екінші жағы ұрт беттерінде орналасады. Алғашқы ырғау сыртқа қарай бағытталады. Түбір ұштарын (әсіресе 4-ші тістің түбірлерінің) сындырып алмау үшін қимыл дәл, байыпты болуы керек.

Жоғарғы үлкен азу тістерді жұлу.Жоғарғыүлкен азу- моляр тістердің

3 түбірі болады. Олардың біреуі таңдай, екеуі ұрт түбірлері. Ұрт түбірлері бір-біріне жақын, ал таңдай түбірі олардан алшақ, оқшау орналасқан. 3-ші үлкен азу-молярдың түбірлері түрліше болып келеді, олар кейде бірігіп те кетеді. 6-7-ші тістерді 5-тәрізді жағының бірінде қылқаны бар қысқышпен жұлады. Оның қылқаны тістің ұрт түбірлерінің арасына кіріп, қылқанның екі жағындағы ойықтар сол ұрт түбірлерін ұстап, ал таңдай түбірін қысқыштың жұмыр жағы ұстайтындай етіп салады.

Анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, алғашқы ырғауды 6-шы тісті жұлғанда ішке қарай, ал 7-8-ші тістерді жұлғанда сыртқа қарай бастайды. 6-7-8-ші тістерге айналдыра қозғау-ротация жасауға болмайды, тек түбірлер бөлінген соң таңдай түбірді ғана айналдыра қозғау-ротация жасауға болады.