Шаруа қожалығының жер пайдалануын жобалау

Жиналған дайындық материалдары бойынша дала және үй қасындағы жер бөліктерінің пайда болу жобалары жасалады. Жобаның тиімділігі экономика және экология жақтарынан дәлелденеді.

Шаруа қожалығының жер телімінің ауданы алқаптардың құрамына, сапасына, табиғи, экономикалық және әлеуметтік жағдайларына қарай анықталады.

Шаруа қожалығы жерлерінің көлемі мен сапасы орналасқан аймақтың табиғи жағдайларымен тығыз байланысты болады. Мысалы, оның маманданғандығы, демек бүкіл өндірістік құрамы, осы жағдайлармен себептеледі. Егер шаруашылық шөл, шөлейт аймақтарында орналасса оның негізгі өндірістік бағыты қой, түйе немесе жылқы шаруашылығы болуы мүмкін. Ал маманданғандығына қарай жердің шаруашылық пайдалануы, жер иеленудің жалпы ауданы, алқаптарының ара қатынастары, үлес салмақтары және басқа сол сияқты параметрлері қалыптастырылады.

Сонымен бірге шаруа қожалығының көрсеткіштері бірқатар әлеуметтік экономикалық факторлармен байланысты. Олардың ішінде: елді мекендердің түрлері мен орналасу ерекшеліктері, халықтың саны мен қоныстану тығыздығы, қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымның сипаттамасы және т.б. Мысалы, шаруа қожалығы туралы Заң бойынша бұрынғы жекешелендірілген шаруашылықтардың жер пайдалануының жалпы ауданын оның еңбекке жарамды мүшелерінің санына бөле отырып, әр адамға қатысты жер үлесінің мөлшері анықталған.

Шаруа қожалығының жер үлесінің орналасуына елеулі түрде елді мекендердің көлемі, орналасу ерекшеліктері, сонымен қатар гидрография мен ландшафт элементтері әсер етеді. Егер шаруа қожалығы иесінің әулеті шағын көлемді немесе бригада орталығында мекендесе, онда жер үлесі сол елді мекеннің жанында, не болмаса жуық жерде орналасуы мүмкін. Бұл ұйымдастыру формасын отрубті деп атайды.

Ал ірі елді мекендерден, шаруашылықтың орталық елді мекенінен, тұрғындарының жер үлестері шалғай жерлерде орналасуы мүмкін. Бұл жағдайда шаруа қожалығының үйі жер иелігінің аумағында орналасуы мүмкін - бұл мекендеу түрі хуторлық деп аталады. Хуторлық форма қағида бойынша халықтың шоғырлана орналасқан аймағына тең. Ол әрбір жанұяға ауыл маңына жер бөліп беруге мүмкіншіліктің жоқтығы есебінен себептеледі.

Шаруа қожалығы ойдағыдай табысты болу үшін оны су көздерімен қамтамасыздандыру мәселесі өте маңызды. Сондықтан оның жер иеленуінің орналасуы гидрография элементтерінің (көл, өзен, бұлақ т.б.) орналасуынан тәуелді. Бұл жағдайларды елемеуге болмайды және әрқашан, міндетті түрде ықылас салып ескерілуі қажет.

Қазіргі кезеңде жерге орналастырудың ландшафтқа бейімді болуына ерекше назар аударылады, сондықтан барлық шешімдер оған негізделе орындалуы тиіс. Бұл жерге орналастырудың басты ғылыми бағыты деуге де болады, оның мәні - жер пайдалану жөніндегі ic-әрекеттер мен жердің реттестірілуін оның табиғи элементтерімен (бедер, гидрография т.б.) сәйкестіру. Демек, ландшафтқа бейімделген, экологиялық тұрғыдан тұрақты шаруашылық жүйелерін қалыптастыру қажет. Сондықтан шаруа қожалығының жер иеленуін құрғанда бедердің кеңістіктік қасиеттерін, гидрография мен жасанды объекттерді (жол, канал т.б.) мұқият ескеріп отыру керек. Мысалы, шаруа қожалығының жер иелігін орналастырғанда оның межелерін өзен-көл жағаларымен, бедерлі табиғи жерлерімен (жол, жота, ылди) сайма-сай келіп отырған жөн.

Шаруашылықтың өз міндеттерін ойдағыдай атқару оның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, инфрақұрылымымен тығыз байланысты. Мысалы жолсыз, емханасыз, мектепсіз және тағы көптеген инфрақұрылымның элементтерінсіз жұмыстың тиімді нәтижелеріне жету оңай емес. Сондықтан бұл факторларды әрдайым ескеріп отыру қажет. Инфрақұрылымның нашар дамуына байланысты, әсіресе жол торабының, электр және байланыс жүйелерінің, жоғарыда айтылған жер иеленушілікті құрудың екі формасының (хуторлық пен отрубтік) қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайда отрубтік формасы қолайлы. Болашақ инфрақұрылымның дамуына қарай хуторлық жер иелену кең бой алуы мүмкін, өйткені шаруа ауылшаруашылық өндірісінің әрқашанда басында болуы тиіс.

Жобалау жұмыстарына келесі талаптар қойылады:

1) жер пайдаланудың далалық және үй маңы бөліктерінің мөлшерлері әр адамға тиісті орташа жер үлесімен анықталады;

2) бөлінген жер пайдаланудың құрылымы, орны, құнарлылығы шаруа қожалығының өндірістік іс әрекеттер бағдарламасына, тауарлық өнім алу үшін белгіленген әртүрлі салалар қатынастарына сәйкес алынады;

3) жер телімі біртұтас, дұрыс немесе мүмкіндікке қарай конфигурациясы күрделі емес болуы тиіс. Жер пайдаланудың кемшіліктерін: аттамалы, оның ішінде топографиялық аттамалы, кірме жерлікті, алыс-ұзынжерлікті болдырмау;

4) негізгі жер иелігіне қосымша арендаға алынған жерлермен қатар, немесе компакті массивтер ретінде жақын арадан бөлінуі тиіс; мүмкіншіліктерге қарай мұнда да аттамалы, алыс-ұзын жерлер, кірме жерлердің пайда болмауына тырысу керек;

5) шаруа қожалығының негізгі және арендалық жер үлестерін жобалағанда табиғи және жасанды шекараларды (жол, ұзын шұңқыр, су қоймасы), орман, жолақтарын және бұрын жасалған инженерлік жобалардың шешімдерін жақсы зерттеп, пайдалану керек;

6) шаруа қожалығының жер бөлгенде қалыптасқан территориялық- шаруашылықтық ішкі ұйымдастырылуын бұзбауға тырысу;

7) жобада шаруа қожалығының мекені мен далалық жер бөлігінің (егістік, мал азықтық алқаптары) арасындағы қарым қатынас, сыртқы байланыс пунктілерімен (өндірісті шикізатпен, жанар-жағар маймен қамтамасыз ету және дайын өнімді өңдеу, сату орындарымен) ыңғайлы қатынас болуына тырысу керек. Транспорттық шығынның мөлшері неғұрлым аз, шаруашылық мүшелерінің жұмыс орнына баратын уақыты және малды айдау жолы неғұрлым қысқа болуы тиіс.

Шаруа қожалығының жер пайдалануын құру жобасын жасау үшін 1 : 10000 – 1:25000 масштабтардағы пландық картографиялық негіздер жасалады. Ол үшін ірі масштабты аэротүсірістер материалдары немесе 1 : 5000 масштабтағы планның көшіріндісін пайдалануға болады.

Топырақ картасы топографиялық планның кез келген тәсілмен орындалған көшірмесінде жасалады. Топырақ картасының күрделі болмаған жағдайларында оларды пландық негізбен біріктіруге болады.

Жобаның мәтіндік бөлігіне кіретіндері:

- жерге орналастыру ісін көтеру материалдарының жиынтығы;

- камералдық және далалық дайындық жұмыстарының материалдары;

- жобаға түсініктеме;

- жобаны қарау, қабылдау және бекіту құжаттары.