Сөздік әдістер тобы: әңгімелеу, әңгіме, түсіндіру, лекция, кітаппен жұмыс.

Қалай оқыту керек? дейтін дәстүрлі дидактикалық сұрақ заңды түрде оқыту әдісінің категориясын шығарады. Әдіс-жоспарланған мақсат пен соңғы нәтиженің арасын байланыстыратын оқу процесінің өзегі болып табылады. Оның жүйедегі айқындаушы рөлін «мақсат-мазмұн-форма-оқыту әдісінің құралдары» көрсетеді.

Әдіс (гректің metodos) деген сөзінен алынған, табиғат құбылысын және әлеуметтік өмірдің жағдайын зерттеу немесе таным жолы, құбылыстарды оқып білу жолдарын, әдіснамалық теория танымы мен шындықты зерттейтін тәсіл.

Әңгімелеу.(баяндау) Мұғалім оқу материалын бір ізділікпен баяндайды. Ол үшін материалды айқын, сенімді етіп бейнелейді. Фактыға негізделген мәліметтер әңгімелеу түрінде сөз етіледі. Әңгімелеуде талдау, жинақтау тәсілдері пайдаланылады. Әдетте, әңгімелеу, бастауыш сыныптарда 10-15, ал жоғары сыныптарда 20-25 минутқа созылады. Әңгімелеу әдісі көбінесе тіл, әдебиет, тарих, география сабақтарында қолданылады. Сабақтың қалған уақытында оқушылар мұғалімнің басшылығымен әр түрлі жұмыстарды өз бетінше орындайды.

Әңгіме әдісісабақта сұрақ-жауап формасы түрінде қолданылады. Сондықтан мұғалім алдын-ала жоспар жасап, онда сұрақтардың жүйесін мұқият ойластырады. Бұл оқушылардың білімін тақырып бойынша логикалық бір ізділікпен аықтауды қамтамасыз етеді. Әңгімені осылай өткізу оқушылардың ойлау белсенділігін арттырады. Оларды басты және өте маңызды мәселелердің мазмұнын, өзара байланысын анықтауға талаптандырады. Оқушыларды болжауға бағыттайды, өз ойларын дәлелдеуге мәжбүр етеді. Әңгіме әдісінің барлық процесі өтілген оқу материалын жүйеге келтіруге және жинақтап қорытуға мүмкіндік береді.

Түсіндіру.Мұғалім оқу материалын баяндауда оқушылардың белсенділігіне, ынтасына, білім деңгейіне сүйенеді, материалдың мазмұнын дәлелдейді, кейбір ережелердің, ұғымдардың, заңдардың мәнін ашады. Материалды түсіндіруге түрлі құралдарды, есептер шығаруды, жазып алуды кең түрде қолданады, оқушылар баяндау процесінде мұғалімнің сұрақтарына жауап береді, байымдайды, дәлелдеуге тырысады.

Мұғалім түсіндіру әдісі бойынша оқушылардың іс-әрекетін басқарудың барлық мүмкіншіліктерін пайдалана білсе, онда оқушылар жаңа материалды қабылдай отырып, өткен сабақта алған білімін салыстырады, талдайды. Мұғалімнің басты міндеті оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ішкі процесін сезу, күдікті және қиын мәселелерді күні бұрын болжау, оларды болдырмаудың жолдарын іздестіріп, оқушыларға көмектесу.

Лекция.Басқа әдістерге қарағанда лекцияның көлемі, күрделілігі, логикалық құрылысы жағынан өзгешелігі бар. Сондықтан лекцияны бастар алдында оқушыларға нақты сұрақтардан тұратын оның жоспары ұсынылады. Лекция сұрақтар бойынша логикалық бір ізділікпен баяндалады. Әрбір сұрақтан кейін қорытынды жасалады. Лекцияда кейбір тың, құнды ғылыми әдебиеттерде осы уақытқа дейін жарияланбаған мәселелер баяндалады. Сонымен бірге талас пікірлер және жалған теориялар жөнінде нанымды түсініктер беріледі. Оқушылар баяндалған материалдың мазмұнын, маңызды дәлелдемені, нақты мысалдарды, ғылыми анықтамаларды, негізгі қорытындыларды жазып алады.

Лекция сабақтың 25-30 минут уақытын алады. Қалған уақытта оқушылар тақырыпқа сәкес мұғалімнің көмегімен өз бетінше түрлі жаттығу жұмыстарын орындайды. Ең соңында мұғалім сабақты қорытындылайды.

Кітаппен жұмыс.Мектепте кітаппен жұмыс істеу- өзіндік білім алуда негізгі әдістердің бірі. Бұл әдістің мәнділігі оқушының оқу ақпаратын өз ыңғайына, жағдайына қарай қайталап қарап, танымын өз шешімімен шектелуінде.

Оқулық кітаптар оқу-іс-әрекетін атқарады: білім алу, дамытушылық, тәрбие, ойлау, коррекциялық-бақылау т.б.

Кітаппен өзіндік жұмыста оқып шығу, жеке тараулармен танысу, жеке сұрақтарға жауап іздеу, кітапты немесе мәтіндерді рефераттау, мысалдар мен есептері шешу, бақылау тестерін орындап, материалдарды есте қалдыру мақсатында жаттау жұмыстарын орындау жатады.

Әдістің сапасы еркін, жылдам оқып, ойдан өткізіп, түсіну, қарастырылатын мәселелерге әдебиеттер таңдай білуінде.

Берілген біліктердің бәрі оқушының мектепке келген күнінен бастап білім алу мақсатын біртіндеп қалыптастырады.