Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар

Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 Қаулысы

 

РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулы 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 24) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
2) орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
3) техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
4) орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
5) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов

 

 

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысымен
бекітілген

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

 

Жалпы ережелер

 

1. Осы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі - стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
Стандартта «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терминдер пайдаланылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) индикатор – бала дамуының көрсеткіші;
2) интеграция – жүйенің сараланған жеке бөліктері мен функцияларын тұтас жүйеге байланысқан жай-күйі, сондай-ақ осы жай-күйге келтіретін процесс;
3) құзыреттілік – мектеп жасына дейінгі баланың тәрбие, даму, білімділік деңгейі, қалыптасқан жеке басының қасиеттері, білім нәтижесінің типі;
4) негізгі құзыреттіліктер – күнделікті, кәсіби немесе әлеуметтік өмірлік жағдайларда қолданылатын, өмірдегі әралуан проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін білім, шеберлік, дағды, қабілет жиынтығы;
5) құзыреттілік тәсіл – стандарт талаптарына сәйкес оқу-тәрбиелеу процесін өз бетімен ұйымдастыру, педагогикалық әдіс-тәсілдерді таңдау;
6) білім беру ортасы – мектеп жасына дейінгі балалардың тиімді тұлғалық, эмоционалдық, әлеуметтік және зияткерлік дамуы үшін пайдаланылатын перспективалық міндеттер мен құралдар жиынтығы қисынында құрылған мектепке дейінгі ұйымның ішкі өмірінің тұтас сипаттамасы;
7) білім беру саласы – мектепке дейінгі балалардың физикалық, зияткерлік, адамгершілік, эстетикалық, коммуникативтік және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін білімді, практикалық дағды мен шеберлік жиынтығын қамтитын білім беру стандартының бір бөлігі;
8) білім беру траекториясы – педагогтің ата-аналармен және басқа мамандармен бірге белгілі мақсатқа қол жеткізу үшін межелеген бала дамуының үздіксіз процесі;
9) ұйымдастырылған оқу қызметі – педагог ұйымдастырған және тәжірибеде қолдануға қажетті білім, шеберлік, дағдыларды меңгеруге бағытталған қызметтің бір түрі;
10) үлгілік оқу жоспары – оқу мекемелерінің (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының) белгілі бір типтері үшін стандарттың бір бөлігі ретінде бекітілген негізгі мемлекеттік нормативтік құжат.
2. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары білім беру қызметін:
1) осы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына;
2) үлгілік оқу жоспарларына;
3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында Қазақстан Республикасының уәкілетті органы белгілеген тәртіппен әзірленген басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын, мектепке дейінгі ұйымдардағы пәндік-дамытушы ортаның мазмұнын анықтайды;
2) тәрбиеленушілер мен білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, тәрбиеленушілер мен білім алушылардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымының педагогтеріне, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды анықтайды.
4. Стандарт талаптары:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу кезінде міндетті, олар мыналарға бөлінеді:
негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі (базалық, вариативті);
баланың қызығушылығы мен бейімділігін іске асыруға бағытталған қосымша;
2) ведомстволық бағыныстылығына, меншік нысанына, типіне және түріне қарамастан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында оқу-тәрбие процесін жүзеге асыру кезінде міндетті;
3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары үшін дидактикалық оқу құралдары мен әдістемелік нұсқауларды әзірлеу кезінде міндетті;
4) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының және педагогтердің қызметін мемлекеттік аттестаттау кезінде міндетті.

 

Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар

 

5. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары балалардың өмір бойына әлеуметтік табыстылық пен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге қажетті физикалық, тұлғалық, зияткерлік қасиеттерін дамытуға, негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған.
6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту:
1) баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды, толыққанды физикалық дамуын, Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық салт-дәстүрлері негізінде салауатты өмір салтының құндылықтарын қалыптастыруды;
2) мектеп жасына дейінгі баланың жеке дамуының толыққанды кеңістігін құруды және кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етуді;
3) тілді және ана тілін, қатынас мәдениетін дамытуды, сауаттылық негіздерін меңгеруге дайындауды;
4) мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік, құндылық бағдарын адамның оң мінез-құлқы, мінез-құлық нормалары мен ережелері, қазақстандық қоғамда қалыптасқан халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар үлгісінде қалыптастыруды;
5) өз Отанына, туған өлкесіне сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, қоршаған орта, отбасы, түрлі ұлт өкілдеріне деген ізгі қарым-қатынасқа тәрбиелеуді;
6) балада қоршаған ортаның тұтас бейнесі, өзі және әлеуметтік ортасы туралы алғашқы түсініктерді қалыптастыруды;
7) баланың танымын дамытуды, интеллектуалдық іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыруды, білуге құштарлықты дамытуды;
8) баланың бейнелеу, көркем тілдік, музыкалық іс-әрекетінде эстетикалық сезімдерін, шығармашылық қабілетін дамытуды қамтамасыз етеді.
7. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны мынадай бес білім беру саласын қамтиды: «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта».
8. Білім беру салаларының мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті, балалардың өзіндік іс-әрекеті және ересек адам мен баланың бірлескен іс-әрекеті арқылы іске асырылады.
9. «Денсаулық» білім беру саласы
Мақсаты: өз денсаулығына саналы қарауды, денсаулықтың адамға табиғаттың берген басты құндылығы екенін түсінуді тәрбиелеу, қимыл-қозғалыс белсенділігін дамыту және физикалық сапаларын қалыптастыру.
«Денсаулық» білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) дене шынықтыру;
2) қауіпсіз мінез-құлық негіздері, валеология.
10. «Коммуникация» білім беру саласы
Мақсаты: ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және басқа тілдерде мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасындағы ортамен ауызша және ауызша емес құралдардың көмегімен қатынас жасауға қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу.
«Коммуникация» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) тіл дамыту;
2) көркем әдебиет;
3) сауат ашу және жазу негіздері;
4) мемлекеттік, орыс және басқа тілдер.
11. «Таным» білім беру саласы
Мақсаты: танымдық іс-әрекет дағдыларын меңгерген, әлемнің тұтас бейнесін түсінуге және ақпаратты өмірлік маңызды проблемаларды шешуде қолдануға қабілетті мектеп жасына дейінгі тұлғаны қалыптастыру.
«Таным» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) сенсорика;
2) қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
3) құрастыру;
4) экология негіздері;
5) қоршаған ортамен таныстыру.
12. «Шығармашылық» білім беру саласы
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың сезімдік-эмоционалдық саласы мен эстетикалық талғамын қалыптастыру, шығармашылық ойлау мәдениеті мен қиялын дамыту.
«Шығармашылық» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) сурет салу;
2) мүсіндеу;
3) жапсыру;
4) музыка.
13. «Әлеуметтік орта» білім беру саласы
Мақсаты: әлеуметтік ортадағы жағымды мінез-құлық пен қарым-қатынасқа қабілетті әлеуметтік-бейімделген, шығармашылық тұлғаны тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілікке, үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеу.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
1) өзін-өзі тану;
2) қоршаған ортамен таныстыру;
3) экология;
4) көркем әдебиет.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен топтарында «Қазақ тілі» пәні ұйымның қалауымен басқа пәндерге ауыстырылады.