Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар

 

13. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең көп көлемі аудиториялық және аудиториядан тыс оқу жұмысының барлық түрлерімен қоса, аптасына 54 сағаттан аспауы тиіс.
14. Күндізгі оқу нысаны кезінде техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгерудің нормативтік мерзімі күрделігіне, күтілетін белгіленген біліктілік деңгейіне және білім алушылардың базалық білім деңгейіне қарай:
1) негізгі орта білім базасында жалпы орта білім алмай 1 жыл 10 ай оқу мерзімін;
2) жалпы орта білім базасында жалпы орта білім алумен 1 жыл 10 ай, 2 жыл 6 ай, 2 жыл 10 ай, 3 жыл 6 ай, 3 жыл 10 ай оқу мерзімін;
3) негізгі орта білім базасында - 10 ай, 1 жыл 6 ай, 1 жыл 10 ай, 2 жыл 6 ай, 2 жыл 10 ай оқу мерзімін;
4) техникалық және кәсіптік білім базасында - 10 ай, 1 жыл 10 ай оқу мерзімін;
5) орта білімнен кейінгі білім, жоғары білім базасында - 10 ай, 1 жыл 6 ай оқу мерзімін құрайды.
15. Теориялық оқытудың күндізгі нысаны кезінде оқу уақытының жалпы көлемі аптасына кемінде 36 сағат болатын міндетті оқу жүктемесі есебінен айқындалады (бұл ретте көрсетілген көлемге факультативтік пәндер бойынша сабақтар мен консультациялар кірмейді).
Оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 1 шілдеге дейін аяқталады. Каникул уақыты жылына 11 аптаны құрайды, оның ішінде кысқы мерзімде – кемінде 2 апта.
1) Факультативтік пәндер 1 оқу тобына аптасына 4 сағаттан артық емес көлемде көзделеді.
2) Оқытудың күндізгі бөлімінде білім алушылар үшін консультациялар әрбір оқу жылындағы оқу тобына 100 сағаттан аспайтын көлемде көзделеді.
Консультациялар емтихандар мен курстық және дипломдық жұмыстарды орындау түрінде аралық және қорытынды аттестаттаулар көзделген пәндер бойынша, сондай-ақ кәсіптік даярлық деңгейін бағалау мен біліктілік беруді ұйымдастыру және өткізу рәсімдеріне арналып жоспарланады.
3) Оқу процесінің жоспарында білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру сапасын бақылаудың мынадай түрлері:
аралық аттестаттау;
білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттау;
кәсіптік даярлығын бағалау және біліктілікті беру көрсетіледі.
Жалпы гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша емтихандар мен бақылау жұмыстарының саны білім алушы меңгеруі тиіс білім, шеберлік және құзырет деңгейіне қойылатын талаптарға байланысты айқындалады.
Бақылау жұмыстары пәнді зерделеуге бөлінген оқу уақыты есебінен жүргізіледі.
Семестрдегі курстық жобалардың саны біреуден аспауы тиіс.
Бір оқу жылы бойындағы емтихандық сессияның жалпы ұзақтығы 4 аптадан аспауы тиіс. Емтихандық сессияның бір аптада тапсырылатын емтихандардың саны екеуден аспауы тиіс.
Барлық пәндер бойынша аралық аттестаттау көзделеді, оның негізгі нысандары: бақылау жұмысы, сынақ, тестілеу, емтихан болып табылады.
Бақылау жұмыстары мен сынақтар осы пәнді оқытуға бөлінген оқу уақытының есебінен жүргізіледі; емтихандар - аралық аттестаттауға бөлінген мерзімдерде өткізіледі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша аралық аттестаттау: тіл, әдебиет, Қазақстан тарихы, математика және (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының таңдауы бойынша физика, химия) бойынша емтихан өткізуді көздейді.
Білім алушының даярлық деңгейін бағалау үшін кәсіптік білім беру бағдарламасын меңгергеннен кейін қорытынды аттестаттау өткізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттау:
білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аттестаттауды;
кәсіптік даярлық деңгейін бағалауды және біліктілікті беруді қамтиды.
Білім беру ұйымдарында білім алушыларды аттестаттау оқытудың толық курсының қорытындысы бойынша білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында өткізіледі.
Білім беру бағдарламаларын оқытуды аяқтау қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында өткізілетін аттестаттаудың ықтимал нысандары: арнайы пәндер бойынша емтихан тапсыру немесе дипломдық жоба орындау және қорғау немесе арнайы пәндердің бірі бойынша қорытынды аттестаттау емтиханын тапсыра отырып дипломдық жұмысын орындау, қорғау.
Білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың қорытынды аттестаттау нысаны мен оны өткізуге бөлінген оқу уақытының көлемі 2 аптадан артық айқындалмайды.
Кәсіптік даярлығының деңгейін бағалау және мамандығы бойынша біліктілікті беру (бұдан әрі - КДДБББ) екі кезеңнен:
арнайы пәндер бойынша теориялық тестілеуден;
біліктілік деңгейлері бойынша практикалық тапсырмаларды орындаудан тұрады.
Даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беруді ұйымдастыру мен өткізуге арналған оқу уақытының көлемі бір білім алушыға кемінде 12 сағат айқындалады.
КДДБББ қорытындысы бойынша біліктілік комиссияның шешімі негізінде біліктіліктің тиісті деңгейлері және белгіленген нысандағы сертификат беріледі.
Практикалық емтихандар әрбір мамандық бойынша қажетті құралдармен жабдықталған өндірістік алаңдарда, зертханаларда, шеберханаларда немесе оқу орталықтарында өткізіледі.
4) Оқытуды аяқтауға (дипломдық жобалау және қорытынды аттестаттау) бөлінген уақыт 8 аптадан аспауы тиіс. Дипломалды (біліктілік) практиканың ұзақтығы мамандықтың күрделілігі мен маманның біліктілік деңгейіне байланысты 6 аптаға дейін жоспарланады.
16. Оқу пәндерін зерделеудің бірізділігін белгілеу, олардың әрқайсысы бойынша оқу уақытын курстарға және семестрлерге бөлу пәнаралық байланыстарды ескере отырып жүргізіледі.
Арнайы пәндердің тізбесін анықтау және оларды зерделеуді жоспарлау кезінде көрсетілген пәндерді зерделеу бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және келешектегі кәсіптік қызметтерінің негізгі түрлері бойынша немесе нақты сала ерекшеліктеріне сәйкес болуы интеграциялау мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталғандығын басшылыққа алу қажет.
«Дене тәрбиесі» бойынша сабақтар міндетті болып табылады және аптасына 4 сағаттан артық емес (мамандыққа байланысты) жоспарланады, олардың екі сағаты екінші курстан бастап спорт секцияларында сабақ өткізуге бөлінуі мүмкін. «Дене тәрбиесі» курсы аяқталғаннан кейін қосымша бюджеттік уақыт бөлінбестен емтихан тапсырылады.
Алғашқы әскери даярлық пәніне 140 сағат бөлінеді, оның ішінде 30 сағат оқытуды аяқтау кезеңіндегі оқу-дала (лагерьлік) жиындарын өткізу кезеңіне беріледі. Қыздармен өткізілетін алғашқы әскери даярлық бойынша сабақтар жекелеген сабақтарды (тактикалық, от және шептік даярлық) қоспағанда, ұл балалармен бірге жүргізіледі. Сабақтарды бөлек өткізу кезінде қыздармен сабақ өткізу медициналық білім негіздері бойынша тақырыптарға сәйкес жүргізіледі. Ұл балалармен өткізілетін 3-күндік оқу-дала (лагерьлік) жиындары кезінде қыздар медициналық мекемелерде практикадан өтеді. Практикадан өту орнын білім беру органдарының және төтенше жағдайлар басқармаларының келісімі бойынша қалалық және облыстық денсаулық сақтау органдары анықтайды.
17. Кешкі және сырттай оқыту нысандары үшін міндетті оқу сабақтарының оқу уақыттарының көлемі тиісінше 70%-ды және күндізгі оқыту нысаны үшін қарастырылған оқу сағатының тиісті көлемінің 30%-ын құрайды.