Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар

 

12. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең көп көлемі аудиториялық және аудиториядан тыс оқу жұмысының барлық түрлерімен қоса, аптасына 54 сағаттан аспауы тиіс.
13. Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерудің нормативтік мерзімі (медицина мамандығынан басқасы) жалпы орта білімі бар тұлғаларға екі жылдан кем емес, ал техникалық және кәсіптік білімі бар тұлғаларға – кемінде бір жылды құрайды.
14. Теориялық оқытудың күндізгі нысанында оқу уақытының жалпы көлемі аптасына кемінде 36 сағат болатын міндетті оқу жүктемесі есебінен айқындалады (бұл ретте көрсетілген көлемге факультативтік пәндер бойынша сабақтар мен консультациялар кірмейді).
1) Факультативтік пәндер 1 оқу тобына аптасына 4 сағаттан артық емес көлемде көзделеді.
2) Оқытудың күндізгі нысанындағы білім алушылар үшін консультациялар әрбір оқу жылындағы оқу тобына 100 сағаттан аспайтын көлемде көзделеді.
Консультациялар емтихандар мен курстық және дипломдық жұмыстарды орындау түрінде аралық және қорытынды аттестаттау көзделген пәндер бойынша, сондай-ақ кәсіптік даярлық деңгейін бағалау мен біліктілік беруді ұйымдастыру және өткізу рәсімдеріне арналып жоспарланады.
3) Оқу процесінің жоспарында білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру сапасын бақылаудың мынадай түрлері:
аралық аттестаттау;
білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттау;
кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беру көрсетіледі.
Пәндер бойынша емтихандар мен бақылау жұмыстарының саны білім алушы меңгеруі тиіс білім, шеберлік пен құзырет деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес айқындалады.
Бақылау жұмыстары пәндерді зерделеуге бөлінген оқу уақыты есебінен жүргізіледі.
Семестрдегі курстық жобалардың саны, әдеттегідей біреуден аспауы тиіс.
Бір оқу жылы бойындағы емтихандық сессияның жалпы ұзақтығы 4 аптадан аспауы тиіс. Емтихандық сессияның бір аптада тапсырылатын емтихандардың саны екеуден аспауы тиіс.
Барлық пәндер бойынша негізгі нысандары: бақылау жұмысы, сынақ, тестілеу, емтихан болып табылатын аралық аттестаттау өткізу көзделеді.
Бақылау жұмысы мен сынақтар аталған пәнді оқытуға бөлінген оқу уақытының есебінен; емтихандар – аралық аттестаттауға бөлінген мерзімде жүргізіледі.
Кәсіптік оқу бағдарламасын меңгергеннен кейін білім алушылардың даярлық деңгейін бағалау үшін қорытынды аттестаттау өткізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттау:
білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аттестаттау;
кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беруді қамтиды.
Білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды аттестаттау оқытудың толық курсының қорытындысы бойынша білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтау мақсатында жүргізіледі.
Кәсіптік оқу бағдарламаларын оқытуды аяқтағаннан кейін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттаудың мүмкін нысандары: арнайы пәндер бойынша емтихандар тапсыру немесе дипломдық жобаны орындау және қорғау немесе арнайы пәндердің бірі бойынша қорытынды аттестаттау емтиханын тапсыра отырып, дипломдық жұмысты орындау, қорғау.
Білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысаны мен оны өткізуге бөлінген оқу уақытының көлемі 2 аптадан артық айқындалмайды.
Кәсіптік даярлығының деңгейін бағалау және мамандық бойынша біліктілікті беру (бұдан әрі – КДДБББ) екі кезеңнен:
арнайы пәндер бойынша теориялық тестілеуден;
біліктілік деңгейлері бойынша практикалық тапсырмаларды орындаудан тұрады.
Кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беруді ұйымдастыру мен өткізуге арналған оқу уақытының көлемі бір білім алушыға кемінде 12 сағат көлемінде анықталады.
Практикалық емтихандар әрбір мамандық бойынша өндірістік алаңдарда, қажетті құралдармен жабдықталған зертханаларда, шеберханаларда немесе оқу орталықтарында өткізіледі.
4) Оқытуды аяқтауға (дипломдық жобалау және қорытынды аттестаттау) бөлінген уақыт 8 аптадан аспауы тиіс. Дипломалды (біліктілік) практиканың ұзақтығы мамандықтың күрделілігі мен маманның біліктілік деңгейіне байланысты 6 аптаға дейін жоспарланады.
Оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 1 шілдеге дейін аяқталады. Каникул уақыты 11 аптаны құрайды, оның ішінде кысқы мерзімде – кемінде 2 апта.
15. Оқу пәндерін зерделеудің бірізділігін белгілеу, олардың әрқайсысы бойынша оқу уақытын курстарға және семестрлерге бөлу пәнаралық байланыстарды ескере отырып жүргізіледі.
Арнайы пәндердің тізбесін анықтау мен оларды зерделеуді жоспарлау кезінде көрсетілген пәндерді зерделеу бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және жоғары білім берудің 1-2 курстарына арналған кәсіптік оқу бағдарламаларымен интеграциялау мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталғандығын басшылыққа алу қажет.