Параграф 1. Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау

29. Жылына кемінде бір рет денсаулық сақтау туралы заңнама талаптарының сақталуына талдау жасалып, денсаулық сақтау ұйымдары көрсететін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қолжетімділігі мен тегінділігі, сондай-ақ аурулар профилактикасы мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығының қамтамасыз етілуіне назар аударылсын.
30.Еңбек туралы заңнаманың қолданылуын тексеруде азаматтардың қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға конституциялық құқығының сақталуына баса назар аударылсын.
Тексерумен мемлекеттік өкілетті органдар мен жұмыс берушілер тарапынан халықтың экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы пен радициялық қауіпсіздігіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қамтылсын.
31.Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдылық жағдайы жылына кемінде бір рет талданып, жұмыс берушілердің еңбектің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыс орындары мен технологиялық үрдістердегі кез-келген тәуекелдерді болдырмау бойынща шараларына баса назар аударылсын.
32.Өкілетті мемлекеттік органдарды тексергенде олардың заңсыз көші-қонның алдын алу мен тыю міндеттерін орындауына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі өзара қарым-қатынас деңгейіне баса назар аударылсын.
33.Қазақстан Республикасына көшіп келушілердің келуі мен болуы ережелерінің қолданылуына тиісті қадағалау жүзеге асырылсын.
34.Өкілетті мемлекеттік органдардың шетелдік жұмысшы күштерін тартуға және еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсаттар беру туралы шешімдерінің заңдылығына баса назар аударылсын.
35.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға өкілетті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдануына жыл сайын талдау жасалсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокуратуралар тиісті ақпаратты Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей жолдасын.
36.Мемлекеттік өкілетті органдардың (қабылдау-бөлу орындары, медициналық айықтырғыштар, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлер) азаматтардың жеке бас бостандықтарына байланысты конституциялық құқықтарын сақтауына баса назар аударылсын.
Көрсетілген мекемелерде тексеру тоқсанына кемінде бір рет жүргізіліп, келесі мәселелер зерделенсін:
1)әкелу заңдылығы мен онда болу мерзімінің сақталуы;
2)мекемелерде белгіленген режим және ұстау тәртібінің (емдеу-профилактикалық, эпидемияға қарсы шаралар жүргізу, мекемелердің техникалық нормаларға сәйкестігі) қамтамасыз етілуі.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын дер кезінде жоюды қамтамасыз ету мақсатында аталмыш мекемелерде түнгі уақыттарда, мереке және демалыс күндерінде тексеру ұйымдастырылсын.
37.Азаматтарды заңсыз әкелу, ұстау фактілері анықталса, оларды бірден босатып, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдансын.
38.Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша заңнаманың қолданылуын қадағалау саласында өкілетті органдардың есірткі құралдары, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын бақылау, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша міндеттерін орындауына ерекше назар аударылсын.
Тексерулер барысында нашақорлықпен, уытқұмарлықпен және алкоголизммен ауыратындарды мәжбүрлеп емдеуде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына назар аударылсын.
Нашақорлық пен есірткі бизнесімен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жарты жылда 1 рет жинақтап қорытылсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокуратуралар тиісті ақпаратты Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей жолдасын.
39.Жылына кемінде бір рет қару, жарылғыш заттар мен оқ-дәрінің айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жасай отырып, мемлекеттік органдардың қару, жарылғыш заттар мен оқ-дәріні сақтау, пайдалану және кәдеге жаратуға рұқсаттар мен лицензияларды беру тәртібіне ерекше назар аударылып, тиісті ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей жолдансын.
40.Мемлекеттік органдар мен мекемелердің мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезде заңнаманы сақтауына үнемі мониторинг жүргізілсін.