Параграф 3. Қаржы саласындағы заңдардың қолданылуын қадағалау

60. Бюджет, банк, кеден, салық пен бюджетке төленетін төлем мен басқа да міндетті төлемдер туралы заңнама мен заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау прокуратура органдарының қаржы саласындағы негізгі міндеттері болып есептелсін.
61.Ұйымдасқан қылмыстың қаржы көздеріне нұқсан келтіру, оның сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан байланыстарын қирату, капиталдың заңсыз шығарылымын болдырмау, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың барлық нысандарын қудалау, заңсыз табыстардың қаржы институттарында орналастырылуына кедергі жасау қаржы саласындағы прокурорлық қадағалаудың маңызды міндеттері болып есептелсін.
62.Жылына кемінде бір рет салық органдарында заңдылықтың сақталуы тексеріліп, келесідей мәселелерге баса назар аударылсын:
1)салық төлеушіге салық және бюджетке төленетін басқа төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту, есептелген өсім және айыппұлды төлеуден босату, сондай-ақ бюджеттен ақша қаражатын қайтару.
Салық төлеушілерге заңсыз жеңілдіктер беру немесе бюджеттен ақша қаражатын заңсыз қайтарудың әрбір фактісі бойынша тиісті сомалардың бюджетке өндіріліп алынуына толыққанды шаралар қабылдап, салық органдарының кінәлі лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы мәселе қойылсын;
2)банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру және мүлікке билік етуді шектеу бойынша өкімдердің күшін салық және кеден органдарының жоюы;
3)жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы төлемдерінің толық және дер кезінде төленуіне салық органдарының бақылау жүргізуі.
Зейнетақы төлемдері бойынша едәуір берешектер сомасы анықталған жағдайда олардың қалыптасу себептері анықталып, салық органдарындағы кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе қойылсын.
63. Банктер клиенттерінің есепшоттарындағы ақша қаражаты мен оның қозғалысы туралы мәліметтерге қол жеткізуді, тиісті банк немесе оның филиалы, не санкция сұраған орган орналасқан қадағалау аумағында прокурор санкциялайды.
64.Прокурордың санкция беруден негізсіз бас тарту фактілеріне жол берілмесін.
65.Банк құпиясына жататын мәліметтер заңсыз жария етілсе, банктер мен өкілетті мемлекеттік органдардың кінәлі лауазымды тұлғаларын заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары қолданылсын.
Прокурорлық тексерістер барысында прокурорлар және тексеріске тартылатын сарапшылар мен мамандар тарапынан банктік құпияның сақталуы қамтамасыз етілсін.
66.Бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру Республикалық және жергілікті бюджеттің шығыс бөлімін талдау, сондай-ақ фискалдық органдардың тексеру актілері негізінде жоспарланып, соңынан шығыны көп бюджеттік бағдарламаларға баса назар аударылсын.
67.Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар жарты жылда кеміне бір рет, есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей Бас прокуратураға мемлекеттік сатып алу туралы, кеден және салық заңнамасы саласындағы заңдылықтың жағдайы мен прокурорлық қадағалау тәжірибесін қорытындылау нәтижесі туралы ақпарат жолдасын.
Сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаның оңтайлы және тиімді жұмсалуы, барлық әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін теңдей мүмкіндік беру қағидаттарының сақталуына баса назар аударылсын.
Ақпараттарда Нұсқаулықтың 25-тармағында көрсетілген талаптардан басқа, мыналар міндетті түрде атап көрсетілсін.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдану аясында:
1)санаттар бойынша (бюджеттік шығындарды жоспарлау, мемлекеттік сатып алуға дайындалу, өнім берушіні таңдау, шарттарды орындау рәсімдерін және т.б. бұзу) және мемлекеттік органдардың қызметі салалары бойынша анықталған бұзушылықтар саны;
2)мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын органдар қызметіндегі заңдылықтың жай-күйі (жүргізілген тексерулер, анықталған бұзушылықтар, енгізілген әрекет ету актілерінің, жазаға тартылған тұлғалар саны);
3)қадағалау актілері бойынша тоқтатылған мемлекеттік сатып алу және бұзылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар саны, олардың сомасы;
4)мемлекетке келтірілген және өтелген залал;
5)қозғалған қылмыстық істерді тергеу нәтижелері және барысы (сотталған, олардың ішінде бас бостандығынан шартты түрде айрылған адамдар саны).
Кеден заңнамасын қадағалау саласында:
1)прокуратураның және экономикалық контрабандаға және кедендік баждар мен төлемдерді төлеуден жалтаруға қарсы күрес жөніндегі басқа да құқық қорғау органдардың жұмыс нәтижелері туралы;
2)жүйелі контрабанда каналдарының жолын кесу бойынша қабылданатын шаралар;
3)өңірдің сыртқы экономикалық қызметінің проблемалы мәселелері және оларды жою.
Салық заңнамасын қадағалау саласында:
1)салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер қалдықтарының түзілу себептері;
2)уәкілетті органдардың берешекті азайту бойынша, сондай-ақ жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл саласында қабылдайтын шаралары;
3) жалған кәсіпкерлік қызметі нәтижесінде келтірілген залалды өтеу бойынша, оның ішінде жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен залалды өтеп алу бойынша жүргізілетін жұмыс.