Интернеттегі қызмет түрлері

Интернетте қызмет түрлері (баптары) өте көп, олардың әрқайсысының өз хаттамасы болады. Олар қолданбалы хаттамалар деп аталады. Қолданбалы хаттамаларға сәйкес мәлімет алмасу арнайы клиенттік бағдарламалар (немесе жай клиент) арқылы орындалады.

Терминальдық режим. Интернетті алдыңғы кезде алыстағы компьютерді басқару үшін қолданған болатын, мұны Telnet қызмет бабы деп атаған еді. Алыстағы компьютерге осы жұмысқа сәйкес хаттама арқылы қосылып, оның жұмысын басқаруға болады. Мұндай басқару түрін консольды немесе терминальды басқару деп те атайды. Көбінесе Telnet қызмет бабы техникалық объектілерді алыстан басқару мақсатында қолданылады.

Электрондық пошта (E-Mail). Бұл жұмыспен Интернетте арнайы пошта серверлері айналысады. Сервер рөлін компьютер немесе арнайы программалық жабдықтама атқарады. Пошта серверлері әр тұтынушыдан (клиенттерден) мәлімет алып, оларды адрестеріне сәйкес алушыларға жақын орналасқан пошта серверлеріне жөнелтеді. Сондай серверлерде хаттар жиналып тұрады да, адресат пен сервер байланысқан кезде хаттар оны алушыға жіберіледі.

Пошта қызметі SMTP және POP3 сияқты екі хаттама арқылы жұмыс атқарады. Алғашқысы мәліметті компьютерден жақын жердегі серверге жөнелтеді, ал екіншісі – алушы маңындағы серверге келіп түскен мәліметті керекті компьютерге жіберуді қамтамасыз етеді.

Тарату тізімдері (Mail List). Әдетте электрондық пошта екі компьютер арасында мәлімет тасымалдайды. Ал көптеген мәліметтер бір адамға емес, көпшілікке арналады, олар алдын ала жазылған тізім бойынша таратылады. Мұндай тізімдер серверлерде жиналып тұрады, сол серверлерге арнайы тақырыптық мәліметтер де тұрақты түрде келіп түседі, сонан соң олар жазылған тізім бойынша газет-журналдар тәрізді таратылады.

Телеконференция қызметі (Usenet). Телеконференция қызметі келіп түскен мәліметті осы тақырыптағы конференцияға қатысушылардың бәріне, яғни белгілі бір топқа жөнелтеді. Мұндай топтар жаңалықтар тобы деп те аталады.

Көптеген мамандар өз мамандықтарына қатысты тақырыптар аймағында өтіп жатқан телеконференциялар мәліметтерін тұрақты түрде қарап отырады. Мәліметтерді осындай тәсілмен шолып өту информация мониторингі деп те аталады..

Кейбір топтарда конференция тақырыбына келіп түскен мәліметтерді алдын ала қарап шығып сұрыптау ісі жүргізіледі. Тақырыпқа сәйкес келмейтіндері (көбінесе жарнамалар) алып тасталынады. Мұндай конференциялар модельденетін топтарға жатады. Модельдеуді жүргізуші модератор рөлін адам немесе алдын ала белгіленген өзекті сөздерге байланысты мәліметті сұрыптаудан өткізетін программа да атқара алады. Егер программа қолданылса, онда автоматты модерация жүргізілді деп айтылады.

World Wide Web – бұл Web-серверлерде сақталатын, өзара байланыстағы миллиондаған электрондық құжаттардан тұратын біртұтас информациялық кеңістік. Web кеңістігін құрайтын жеке құжаттардың бір беті Web-парақ деп аталады. Белгілі бір тақырып бойынша біріктірілген Web-парақтар жиыны Web-тораптарды немесе Web-сайттарды құрайды.

Web-парақтарды көруге арналған программалар броузерлар болып аталады. Кейде броузер сөзін браузер, көрсеткі деп те айта береді. Броузер құжатты оны жасаған автордың мәтін ішіне енгізілген арнайы командаларына сәйкес экранда бейнелеп көрсетеді. Сондай командалар тәгтер деп аталады. Тәгтер құжатты броузер арқылы қарағанда, мәтінді безендіріп форматтап береді, бірақ өздері көрінбейді. Құжат авторы тәгтерді алғаш жазған кезде оларды латын әріптерімен теріп бұрыштық жақшаларға (<body>) алып отырады. Күрделі тәгтердің бұрыштық жақшаларға алынған түйінді сөздерге қосымша атрибуттары (анықтауыш, сипаттама) немесе параметрлері болады. Осындай тәртіппен құжаттың алғашқы нұсқасы тәгтермен біріктіріліп HTML тілінің ережелеріне сәйкес жазылады, ал құжат экранға шыққанда тәгтерсіз тек мәтін ғана көрініп тұрады. Құжат HTML (HyperText Markup Language) - гипермәтінді белгілеу тілінде жазылатындықтан, Web – құжат HTML-құжат немесе HTML форматындағы құжат деп айтылады.

Сонымен HTML тәгтері арқылы жазылатын Web – парақтардың ең маңызды ерекшелігі– олардың гипермәтіндік сілтемелері болуында. Мәтіннің бір сөзімен немесе суретімен басқа Web –құжатты гиперсілтеме арқылы байланыстырып қоюға болады. Осылай бір құжаттан екінші құжатқа гиперсілтеме көмегімен ауысып отыру мүмкіндігін Web-серфинг Web-навигация деп атайды.

Дүниежүзілік Web кеңістігіндегі кез келген файл адресі ресурстың ықшамдалған көрсеткіші – URL арқылы анықталады. Сонымен, Интернеттегі әрбір мәліметтің IP-адресі және URL көрсеткіші арқылы берілген домендік адресі болады. Соңғы адрес белгілі бір мағынасы бар сөз тіркесімен – символдармен беріледі.

Домен аттары қызметі (DNS). Адамдарға санмен берілген IP-адрестермен жұмыс істеген ыңғайсыздау болады, бірақ көбінесе белгілі бір мағынасы бар домендік ат жеңіл есте қалады. Сондықтан домендік аттарды соларға сәйкес IP-адрестерге түрлендіру керек болады. Міне, осы жұмыспен домен аттары қызметінің сервері DNS (Domen Name System) айналысады.

Файлдарды тасымалдау қызметі (FTР). Файлдарды тасымалдау жұмысы желі арқылы программалық файлдарды алу кезінде, көлемді құжаттарды немесе солардың сығылған архивтік файлдарын тасымалдауда жиі қажет болады. FTP қызметінің дүниежүзілік желіде өз серверлері бар, оларда мәліметтер архиві орналасқан.

IRC қызметі. IRC (Internet Relay Chat) қызметі нақты уақыт кезеңінде бірнеше кісі тікелей әңгімелесіп қарым-қатынас жасауы үшін қажет. Кейде IRC қызметін чат-конференция немесе жай чат деп атайды. IRC жүйесінде қатынасып сөйлесу тек бір канал аралығында және бұл жұмысқа бірнеше адам ғана қатынасады.

ICQ қызметі. Бұл қызмет осы сәтте Интернетке қосылып отырған кісінің желілік IP-адресін іздеуге арналған. Бұл қызметті пайдалану үшін оның орталық серверінде тіркеліп, жеке идентификациялық нөмір UIN алу қажет.

Интернетке әрбір қосылған сайын сіздің компьютеріңізде тұрған ICQ программасы сіздің ағымдағы IP-адресіңізді анықтап, оны қызмет орталығына жібереді де және ол адресті сіздің әріптестеріңізге жібереді. Байланыс орнатылғаннан кейін ары қарай қатынасу IRC қызметі сияқты жалғаса береді.

Интернетте жұмыс істеу үшін:

- компьютерді Дүнижүзілік желінің бір торабына физикалық түрде қосу керек;

- тұрақты немесе уақытша негізде IP-адрес алу керек;

- өзіңіз жұмыс істейтін Интернет қызмет түрлерінің клиенттік программаларын орнатып, олардың параметрлерін де тағайындап қою қажет.

Кез келген адамға Интернетте қызмет көрсету істерін жүзеге асыратын, яғни онымен тікелей қатынас құру жұмыстарын атқаратын заңды тұлғаны (мекеме немесе жеке тұлға) провайдер – provider деп атайды. Интернетте жұмыс істеу үшін алдымен провайдер компьютеріне қосылу керек. Ол үшін Желімен алыстан қатынасу бағдарламасының параметрлерін алдын ала Менің компьютерім – Желімен алыстан қатынасу – Жаңадан байланысу (Мой компьютер>Удаленный доступ к сети>Новое соединение) командалары арқылы тағайындап алу қажет.

Интернет серверлеріндегі қол жеткізуге болатын құжаттардың көпшілігі гипермәтіндік форматта жазылған. Осындай құжаттарды желі бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын Интернеттегі қызмет түрін World Wide Web (Web, WWW) деп атайды. WWW құжаттары бір орталықтан басқарылмайды, олар келіп түсіп жатқан мәліметтермен күнбе-күн толықтырылып отырылады. Мұндағы барлық құжаттар Интернетке тұрақты қосылып тұрған қуатты компьютерлерде – Web-серверлерде сақталады.

Weв-арналар. Web-тораптар берілген уақытта жаңартылған информацияны тіркелген клиенттерге автоматты түрде жеткізіп отырады. Осындай өздігінен информация беріп тұратын Web-тораптар арналар деп аталады.

Web-парақтар. World Wide Web жүйесіндегі жеке бір бетке орналасқан құжат Web-парақ деп аталады. Әдетте ол мәтіннен, графикалық иллюстрациядан, мультимедиалық және де басқа объектілерден тұратын күрделі құжат. Web-парақтар жасау үшін HTML тілі пайдаланылады. Web-парақтар жиыны Web-торапты құрайды.

Интерактивті Web-тораптар тұтынушыдан форма түрінде информация алғаннан кейін сұратылған Web-парақтарды арнайы программалар (CGT сценарийлері), динамикалық HTML және де басқа құралдар көмегімен желі бойынша жібереді.

Гиперсілтемелер. Құжаттар арасындағы байланыс гипермәтіндік сілтемелер (немесе жай гиперсілтеме) арқылы орнатылады. Гиперсілтеме – басқа бір Web-құжат адресімен байланысып, ерекшеленіп белгіленіп тұрған құжат фрагменті (мәтін немесе иллюстрация).

Құжаттар адресі. Интернет (Web-парақтар) құжаттары адресін жазу үшін URL адресі деген форма пайдаланылады. URL адресін цифрлар түріндегі IP-адреске түрлендіруді домендер аты қызметі (Domain Name Service, DNS) жүргізеді.

Web-парақтарды көру құралдары. HTML тілі құжаттарды тек форматтап қана қоймайды, олардың логикалық құрылымын сипаттауды да жүзеге асырады. Алдын ала дайындалған құжатты нақты бір компьютерде форматтап көрсетуді арнайы программа – броузер (ағылшыншасы browser) орындайды. Қазіргі кездегі ең кең таралған броузерге Internet Explorer программасы жатады.

Бұл бағдарлама Интернеттегі пайдалануға болатын құжаттармен, Intranet корпорациялық желі ресурстарымен және компьютердегі жеке файлдармен де бірдей тәсілмен қатынас құруды қамтамасыз етеді. Егер компьютер Интернетке жалғанбай тұрса, программа іске қосылысымен экранға байланыс орнатуды басқаратын диалог терезесі шығады.

Web-парақтарды ашу және көру. Мәліметтерді көру мен оны басқару ісі басқа программалардағыдай меню жолы, аспаптар тақтасы (1 сурет) және де ашылған құжаттағы екпінді элементтер, мысалы, гиперсілтемелердің көмегімен атқарылады.

Гиперсілтемелермен жұмыс істеу. Интернет ішіндегі мәліметтердің бірінен біріне ауысу URL адрестерін енгізу арқылы емес, гиперсілтемелерді пайдалану жолымен орындалады. Тышқан курсорын гиперсілтемеге жеткізгенде, оның формасы сұқ саусағы көтерілген қол бейнесіне айналады, ал гиперсілтеменің өзі броузер параметрлеріне байланысты көбінесе түсін өзгертеді.

Web-парақтарда графика арқылы да сілтеме жасауға болады (суреттермен бейнеленген сілтеме) немесе бір суретті бірнеше бөлікке бөліп, солардың әрқайсысын гиперсілтеме ретінде пайдаланатын бейне-карталарды да қолдану мүмкіндіктері бар. Ашық тұрған Web-парақтардағы сілтемелерді біртіндеп көріп шығу үшін TAB пернесін басқан ыңғайлы. Гиперсілтемелердің басқа да қосымша мүмкіндіктерін пайдалану үшін жанама менюді қолданған жөн.

Бірнеше терезелермен жұмыс істеу. Internet Explorer программасында жаңа терез ашу үшін Файл – Жасау –Терезе (Файл – Создать – Окно ) командаларын орындау керек. Әрбір терезе бір Web-құжатты көрсетіп, олардың әрқайсысы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істей береді.

Броузер параметрлерін тағайындау. Программаның жұмысына қажетті параметрлерді тағайындау мынадай факторларға:

• компьютер мониторы мүмкіндіктеріне;

• Интернетпен мәлімет алмасу жылдамдығына;

• ағымдағы Web-құжат мазмұныныа;

• жеке тұтынушының талаптарына және т.б. байланысты болады.

Программа параметрлерін тағайындау Сервис – Свойства обозревателя командасы арқылы жүзеге асады. Оның диалог терезесінде бірнеше ішкі беттер бар және олардың әрқайсысында бірсыпыра батырмалар орналасқан. Егер экранда бейнеленетін құжаттарды толық бақылап отыру керек болса, онда Жалпы – Безендіру (Общие –Оформление) батырмасын пайдаланған абзал. Ол арқылы броузерде берілген форматтау параметрлерін қолдануға болады.

Интернетпен қосылу параметрлерін тағайындау Қосылу (Подключения) ішкі беті арқылы орындалады.

Интернетте жұмыс істейтін программаны таңдау Программалар ішкі беті арқылы орындалады.

Web-құжаттың ішінде вирус немесе басқа қауіпті нәрселер болса, олардан қорғану Қауіпсіздік (Безопасность) ішкі беті арқылы жүзеге асырылса, мазмұнына байланысты көруге шек қойылатын мәліметтер болған жағдайда Мазмұны (Содержание) ішкі беттерін пайдалану қажет.

Іздеу жүйесі осы жұмысқа арналған арнайы Web-торап болып табылады.

Іздеу каталогтары тақырыптар бойынша іздеуге арналған.

Іздеу индексі берілген түйінді сөздер бойынша іздеу ісін ұйымдастырады.

Іздеу каталогтары базасына кіретін мәліметтер құрылымын реттеуді адамдар жүргізеді, ал іздеу индекстері үшін база жасау автоматты түрде орындалады.

Web-порталды «World Wide Web-ке кіретін терезе» деп қарастыруға болады.

Тақырыптық порталдар іздеу жұмысын тақырыптарды жіктеу арқылы жүргізуді де ұсынуы мүмкін.

Internet Explorer бағдарламасында іздеу жұмысын іздеу жүйелеріне кірмей-ақ орындауға болатын арнайы мүмкіндіктер бар. Бірақ іздеуге тапсырма берген әрине ыңғайлы.

Іздеудің тағы бір мүмкіндігі Microsoft компаниясының мини-порталын пайдалану болып табылады.

Қандай информация табу керектігін – Web-парақты ма, белгілі бір адамның адресін бе, мекеменің немесе компанияның Web-торабының алғашқы бетін бе, бұрын ізделген мәлімет пе немесе географиялық карта ма – осы жағын іздеу тәсілі анықтайды.

Электрондық пошта мәліметтерін даярлау. Жіберілетін мәліметті, яғни хатты жөнелтуден бұрын жазып даярлап алу керек. Оны даярлап түзету кезінде пошталық сервермен байланысудың қажеті жоқ. Электрондық поштаның даярланған мәліметтері Outlook Express программасының ішкі бумаларында орналасады.

Хаттарға жауап әзірлеу. Келіп түскен хабарды жеке терезеде ашып, оған төмендегі түрде жылдам жауап әзірлеуге болады:

- Хат иесіне жауап беру (Ответить отправителю) батырмасы келген хат авторына жауап дайындау үшін керек.

- Барлығына жауап беру (Ответить всем) батырмасы келген хат авторына және осындай хат алған жандардың барлығына жауап дайындау үшін керек.

- Жөнелту (Переслать) батырмасы келіп түскен хабарды басқа біреулерге (корреспондентке) жіберу үшін пайдаланылады.

Телеконференция мәліметтерін оқу. Телеконференция мәліметтерін оқу механизмі де электрондық поштадағы келген хаттарды оқу тәрізді орындалады.