Минералданған тіс шөгінділері

Минералданған (сурет-) тіс шөгінділері немесе тістің қатты шөгінділері (минерализованные или твердые зубные отложения) құрылу тегіне байланысты екі түрге бөлінеді: қызылиекүсті тіс тасы және қызылиекасты тіс тасы. Пародонты қалыпты жағдайдың өзінде адамдардың 80% әртүрлі дәрежеде тістің қатты шөгінділері орын алады. Қызылиекүсті тіс тасы жиірек кездеседі және 9-15 жас арасындағы балаларда 37-70% құрайды. Жасы 16-22 арасындағы жастарда қызылиекүсті тіс тасы 44-88%, ал 40-тан асқан адамдар арасында 86-100% жағдайда орын алады. Қызылиекасты тіс тасының құрылуы сирегірек, бірақ 40-тан асқан адамдардың әрқайсысында анықталады деуге болады.

Қызылиекүсті тіс тасы тіс бетінде қызылиек жиегінен жоғары орналасады, түс ақшыл немесе ақшыл-сары түсті, консистенциясы қатты немесе тығыздалған топырақтікіндей. Оның түсінің өзгеруі тағамдардың құрамындағы пигменттік заттарға және темекіге де байланысты болады.

Тіс тасының түсі ашықтау болса, консистенциясы да жұмсақ болады және көп мөлшерде құрылады. Қоюлау түсті тіс тасы қатты болып келеді, баяу және аз мөлшерде құрылады.

Қызылиекүсті тіс тасын сілекей типті тас деп те атайды. Себебі, бұл тастың құрылуына қажетті органикалық және минералды заттар сілекейден бөлінеді.

Қызылиекүсті тіс тасы көбінесе үлкен сілекей бездерінің шығарушы түтіктеріне жақын орналасқан тістер бетінде жиірек құрылады. Олар – жоғарғы үлкен азу тістердің ұрт жақ, төменгі күрек тістердің ерін жақ беттері.

Қызылиекүсті тіс тасының 70-90% бейорганикалық, ал қалған бөлігі органикалық заттардан тұрады. Бейорганикалық заттың құрамына кальций фосфаты (75,9%), кальций карбонаты (3,1%), магний фосфаты және өте аз мөлшерде басқа металдар туындылары кіреді. Бейорганикалық заттардың құрамында кальций 39%, фосфор 19%, магний 0,8% және карбонаттар 1,9% құрайды. Сонымен қатар микроэлементтердің үлкен тобы: натрий, цинк, стронций, бром, мыс, марганец, волфрам, алтын, алюминий, темір, фтор кіреді.

Бейорганикалық құрамның 2/3 бөлігін кристалды заттар немесе апатиттер (гидроксиапатит, магнийапатит, октакальций фосфат, брусит) құрайды.

Т.Л.Пилат және Б.А.Савостиннің (1983) зерттеулеріне сүйенсек, қызылиекүсті тіс тасының минералды компонентін үш түрлі апатит (гидроксиапатит, фторапатит, франколит) құрайды.

Тіс тасының құрылымдық белгілерінде әртүрлілік байқалады (А.А.Колесов, 1960) және оларды негізгі үш топқа бөлуге болады:

· кристалды-түйіршікті;

· центрленген-қабықтар пішіндес;

· колломорфты.

Тіс тасының кристалдыоптикалық қасиеті оның құрамындағы аморфты (органикалық) және кристалды заттардың пайыздық қатынасына байланысты. Құрамында минералды құрылымдар аз болған жағдайда тіс тасында кристалды-түйіршікті құрылым басым болады және кристалдар органикалық зат қабаттарында ретсіз орналасады. Кальций фосфаты көлемі 0,1-0,25 мм кеуекті түйіршіктер құрады.

Тіс тасы көптеп құрылған жағдайда ( -сурет) колломорфты және концентрленген – қабықты құрылымдарға ие болады. Бұл кезде органикалық және бейорганикалық заттар белгілі бір реттілікпен орналасады. Мұндай тіс тасынан шлиф жасап көргенде көпқабаттылық байқалады және ол тіс шөгінділерінің құрылу кезеңділігін көрсетеді. Тіс тасының колломорфты құрылымды кезінде кальций фосфаты қою-қоңыр түсті біраз көлемді жеке-жеке орналасқан, органикалық зат сіген шоғырлар түрінде орналасады.

Тіс тасының органикалық компонентінің құрамына протеин-полисахаридті кешен, түлеген эпителий клеткалары, лейкоциттер және әртүрлі микроорганизмдер кіреді.

Тастың органикалық құрылымының 10%-ын галактоза, глюкоза, рамноза, манноза, глюкурон қышқылы, галактозаминдер, сирек жағдайда арабиноза, галактурон қышқылы және глюкозаминдер құрайды. Сілекей протеині 5,9-8,2% құрайды және көбіне аминқышқылдарынан тұрады. Липидтер бейтарап майлардан, еркін май қышқылдарынан, холестеролдан, холестерол эфирлерінен және фосфолипидтерден тұрады.

А.Т.Малышкинаның (1979) электронды-микроскопиялық зерттеулері тіс тасы ромбыға ұқсас кристалдардан (витлокит кристалдары) тұратынын анықтаған. Олардың арасында домалақ және сопақ кейде құмсағат пішінді әртүрлі минералданған бактериялар анықталған. Олардың көбі коктар типтес бактерияларға жататыны дәлелденген.

Тіс тасындағы бактериялардың көбінің өміршеңдігі жойылған, грамоң және грамтеріс талшықты микроорганизмдер тіс тасында ауыз ішінің басқа аймағына қарағанда көбірек және оның ішінде грамоң бактериялар басым екені де анықталған. Грамоң коктар тастың шеткейлік аймағында орын тепкен (көбіне іріңді қабынбалы аймақтарға жақын).

Өзінің құрылысы жағынан тіс тасы минералданған тіс тоғасы болып табылады және оның барлық аймағы түгел минералданбайды.

Тіс шөгінділерінің жиналуы және минералдануы әр адамда әртүрлі жүреді. Жас тіс қағында апатит кристалдары анықталмайды және онда минералдану үрдісі қақ қалыптаса бастағаннан 38 сағат өткен соң байқалады.

Т.Л.Пилат және Ю.Б.Фатаховтың (1988) зерттеулеріне сүйінсек тіс шөгінділерінің қалыптасу үрдісі 3 сатыдан тұрады:

· минералдық құрамның (компоненттің) қорлануы және құрылған кристалдардың бастапқы өсуі (40-60 тәулікке дейін);

· кристалдардың өсуі және жетілуі (45-60 тәуліктен 650-700 тәулікке дейін);

· кристалдардың қанығуы (650-700 тәуліктен аса).

Тіс шөгінділері алғашқы құрылу сатысында жұмсақ қақтан тұрады, ал екінші және үшінші сатыларында нағыз тіс тасынан тұрады.

Тіс қағының минералдану механизмі кальций иондарының органикалық матрицаның протеинсазаридті кешенімен байланысуымен және фосфатты кальций тұздарының шөгуімен түсіндіріледі. Бастапқы кезде кристалдар клеткалараралық матриксте бактериялардың бетіне шөгеді, кейінірек бактериялар ішіне шөгеді. Тіс тоғасының минкралдануы әр адамда әртүрлі жылдамдықпен жүреді. Сондықтан да бір адамдарда тіс тасы жедел, екіншілерінде баяу құрылады, ал үшіншілерінде тіптен құрылмайды. Тіс тасы құрылуға бейім адамдарда тастың әр күн сайынғы өсуі құрғақ заттың 0,10-0,15 мг тең (Пахомов Г.Н., 1982).

Қызылиекасты тіс тасы қызылиек немесе пародонтальдық қалталарда орналасады және көрер көзге көрінбейді, оның орнын, орналасау аймағын анықтау үшін сүңгілеп тексеру керек. Қызылиекасты тасы тығыз және қатты болып келеді, қою-қоңыр немесе жасыл-қара түсті, тіс бетіне мықтап бекіген.

Қызылиекасты тіс тасы сирек құрылғанымен 40 жастан кейін барлық адамдарда орын алады.

Қызылиекасты тасын сарысулық тас деп те атайды, себебі оның құрылу көзі қан сарысуы сияқты қызылиек сұйықтығы болып табылады. Құрамы жағынан ол қызылиекүсті тасына ұқсас, көп мөлшерде гидроксиапатиттен, магнийапатиттен және аз мөлшерде брусит пен октакальций фосфатынан тұрады және онда кальций мен фосфаттың ара қатынасы жоғары.

Қызылиекасты тасында қызылиекүсті тасының құрамына кіретін сілекей белоктары анықталмайды.

Қызылиекасты тасының үстіңгі қабаттарында грамтеріс талшықты микроорганизмдер, ал орта және терең қабаттарында грамоң бактериялар анықталған. Таста үш белдеуді ажыратады: ядросы, шеткейлік және ішкі беттері. Ядросында көп мөлшерде Actinomycеs және Leptotrichia тектес грамоң микроорганизмдер орын тепкен, грамтеріс коктар сирек кездеседі. Тастың ішкі бетінде микроорганизмдер анықталмайды.