Көсемшенің –ып, -іп, -п формасының синтаксистік қызметі

Жай сөйлемнің көсемше арқылы құрмаласуы.

Қимылдың өзін немесе іс-әрекеттің амалын білдіретін етістіктің ерекше түрі –көсемше . Ол сөйлемде пысықтауыштық және баяндауыштық қызмет атқарады. Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы басты қызметі оның бағыныңқы компоненттің баяндауышы болуынан көрінеді. Көсемше –етістіктің тиянақсыз түрі болғандықтан, құрмалас сөйлемнің баяндауышы болып келген бөлшегін екінші компонентке бағындыра байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Көсемшелер тек етістік негіздерімен, олардан өрбіген етістік формаларымен ғана тіркесетіндіктен, ол морфологиялық жағынан түрленбейді. Яғни көптік, тәуелдік, септік қосымшалары қосылмайды. Жіктік жалғаулары ғана жалғанады. Сөйтіп құрмалас сөйлем компоненттері арасында дәнекерлік қызмет атқарады.

Етістік негіздерінен арнаулы қосымшалар арқылы жасалып, тиісті дәрежеде шақтық, модальдік және басқа мәндерді білдіретін ерекше формалар көсемшелер категориясы деп аталады. Көсемшелердің барлық түрлері де бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы бола береді, бірақ олардың ішінен тек жіктелетін түрлері (‑ып, ‑іп, ‑п; ‑а, ‑е, ‑й) ғана басыңқы сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы: Жаңбыр жауып, жер көгерді; Күн суытқалы, үй де суыды; Біз бұл кітапты оқыппыз т.б.

Өткен шақ көсемшенің –ып, ‑іп, ‑п формасының мағынасы да, қызметі де орасан көп. Бұл формада көсемше, біріншіден, сөйлемде амалдың белгісін, бейнесін, мезгілін, тәсілін, себебін және басқа сипатын білдіретін дара я күрделі пысықтауыш болады. Мысалы: Ол мектепті жұмыс істей жүріп бітірді; Олар кино көрейін деп кетті; Айтып‑айтып шаршадық т.б.; екіншіден, бағыныңқы сөйлемнің де, басыңқы сөйлемнің де баяндауышы болады. Мысалы: Үйдегі шам сөніп, қараңғы түсіпті; Біз келсек, сендер кетіп қалыпсыңдар т.б.; үшіншіден, күрделі етістіктің жетекші компоненті болып қызмет етеді. Мысалы: Шөлдеп кеттім; Ұйықтап қала жаздады; айқайлап жіберді т.б.; төртіншіден, бұл форма жедел бірінен соң бірі, бірімен‑бірі жалғаса, бірімен‑бірі жарыса‑қабаттаса істелген бірнеше амалдың не бейнесін, не бірнеше амалдың өзін білдіретін бірыңғай мүше бола береді. Мысалы: Мен ерте тұрып, жуынып, тамақ ішіп, газет‑журналдарды қарап шығып, киіні жұмысқа кеттім. Сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентінің баяндауышы есебінде ең жиі қолданылатын көсемшенің түлғасы –ып, іп, п. ып, іп, п тұлғалы тиянақсыз компонент тянақты сөйлемге тек тұлғалық жағынан өз дербестігін сақтап басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады.

Көсемшелер – синтаксистік қызметі жағынан етістіктің үстеуге ұқсас бір түрі. Олар жіктік жалғауларын қабылдап, көсемшелік қасиетін жойып ала береді, бірақ көсемше тұлғаларында оқшау тұрып, күрделі мүшенің, мысалы баяндауыштың, құрамында, сонымен қатар толық мағаналы сөз ретінде етістікпен қабыса байланысып пысықтауыштық қатынаста да айтылады.

Соңғы екі жағдайда да көсемшелік тұлғалар бір етістікті екінші етістікке бағынышты ететін қосымша қызметінде жұмсалады. Солай болатындықтан көсемшелер тек етістіктерге қатысты болып, тек етістіктермен ғана тіркесе алады. Мысалы: жүгіріп кету, жүгіріп кетіп бара жатыр, жүгіріп кетіп бара жатыр еді; асықпай оқып отыр, асықпай оқып отыра берді; асығып оқып кетіп бара жатып, сүрініп кетіп, жығылып қала жаздап еді.

Мұндай мысалдар қазақ тіліндегі көсемшелердің етістікті сөз тіркестерін құрауда ерекше икемдігі барлығын дәлелдейді. Көсемшелер таза етістікті сөз тіркестерінің көп кездесетін топтарын құрайды.

Көсемшелердің етістіктермен тіркесуі олардың тұлғасы мен мағыналық үйлесіміне байланысты болады.

Көсемшелі сөз тіркестері пысықтауыштық қатынастарды, атап айтқнда, қимылдың амалын, мезгілін және мақсатын білдіреді. Сонда көсемшелер етістіктің – қимыл процесін білдіретін сөздердің – қимылдық сапасы ретінде жұмсалады. Олардың әрқайсысының өзіне ғана тән ерекшеліктері барлығын сөз тіркесі құрамында анық байқауға болады:

‑ып, ‑іп, ‑п тұлғалы көсемшелер амал пысықтауыш қызметінде көбенесе салт етістіктермен тіркеседі: Амантай орнынан ұшып тұрды. Жолдың үстінде жалғыз қара сопайып көрінеді. Жүрегі алып ұшып, үрейленіп Құрымбай отыр.

Дегенмен, ‑ып, ‑іп, ‑п тұлғалы көсемшелер сабақты етістіктермен де тіркеседі. Мысалы: Әйгерім әнін Абай мүлгіп тыңдады. Қара құс басып жейді, сұңқар құс шашып жейді.

‑ып, ‑іп, ‑п тұлғалы көсемшелер өздеріне қатысты есімдермен бірге күрделі сөз тіркесінің құрамында да қимылдың амалын, мақсатын т.б. білдіреді: Кісілер салқындайық деп далаға шықты. Батальон командирі бізге қайт деп әмір етті. Қыз‑келіншек үй тігер, бұрала басып, былқылдап.

Қазақ тілінде көсемше оралымды сөйлемді жасауда –п тұлғалы түрі жиі қолданылады.

Көсемше оралымды сөйлемдер әр түрлі мағынада жұмсалады. Мысалы, Кемпір жүгіріп барып, Еламанның қолынан баланы жұлып алды.