Шейх Абдур-Раззақ әл-Бадрдың[2] кіріспесі

 

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.

Ал содан соң:

Біз «Бүліктердің салдары» тақырыбын талқылауға және оны жан-жақты қарастыруға мұқтажбыз, өйткені қандай да бір нәрсенің сипаттарын, салдарын және зиянкестілігін білу Аллаһтың құлына әйтеуір бір қорғалғандық пен осының алдын алу үшін шара қолдануға мүмкіндік береді. Ежелден бері «Неден қауіптенуді білмейтін адам қалайша сақтанбақ?» деп айтылатындай.

Кім бүлікті, оны қалайша тануды және оның әдеттегі салдарын білмесе, ол оған кіріп кетуі және онымен ластануы, өзіне зиян келтіруі мүмкін және нәтижесінде оның басына өкініш келіп түсуі мүмкін.

Бүлікті тануға көмектесетін оның сипаттарын білу өзіне ұлы пайданы қамтиды, өйткені жасалып жатқан амалдардың мәнін және салдарын талдауға көмектеседі, ал бұл (өз кезегінде) парасаттылық болып табылады. Яғни белгілі бір нәрсеге кірісуден бұрын адам ең алдымен мұның неге әкеп соқтыруы ықтимал екендігін талдайды.[3] Мұның мысалын имам Ахмадтың (оны Аллаһ рақым етсін) өмірбаянынан көруге болады. Бірде оның үйіне Бағдадтың бір топ ғалымдары келді де: “Уа, Абу ‘Абдуллаһ! Бұл іс өте салмақты болып кетті және ол таралып үлгерді![4]– деп, оған шағымданды. Сонда имам Ахмад: «Ал енді не істегілерің келеді?» - деп сұрады. Олар: «Біз өзіміздің басқаруға және әмірдің билігіне наразы екеніміз туралы сенімен кеңесіп отырмыз», - деді. Біраз айтысулардан соң Абу ‘Абдуллаһ оларға былай деп айтты: «Орын алып жатқан нәрселерге жүректеріңмен сөгіс білдіріңдер, әрі (әмірге) мойынсұнуды тастамаңдар. Мұсылмандардың бірлігін бөліп-жармаңдар және өздеріңнің де, сендермен бірге болған мұсылмандардың да қанын төкпеңдер. Істеріңнің неге әкелетініне қараңдар! Ізгі әмірмен бірге тыныштың келмейінше, немесе жауыз әмірден құтылу келіп жетпейінше, сабыр танытыңдар». әл-Халләл «әс-Сунна» № 90.

Бұл бүліктің салдары мен нәтижесін және мұның оған кіріскен адамдарға қалай әсер ететінін ескеру қажеттігі туралы ұлы имамның айтқан насихаты еді. Олармен айтысқанда да, ол дәл осы туралы айтқан болатын.[5] Бірақ олар одан шығып кетті де, оның насихаттарын қабылдамады. Сөйтіп олар өз пікірлерінде қалып, имам Ахмадтың (оны Аллаһ рақым етсін) немере інісін өздеріне қосылуға шықырды. Бірақ әкесі оған рұқсат етпеді де: «Олармен дос болудан сақ бол! Ақиқатында, имам Ахмад оларға жамандықтан өзге ешнәрсеге тыйым салмады!» - деп айтты.

Өйткені бұл адамдардың оқиғасы әмірге қарсы (көтеріліске) шығумен аяқталды және оның соңы оларды имам Ахмад (оны Аллаһ рақым етсін) ескерткендей болды. Олардың кейбіреулері өлтірілді, кейбіреулері абақтыға жабылды, әрі олар осы ісімен (Ислам мен мұсылмандарға да) ешқандай пайда әкелмеді және жағдайды да түзетпеді.[6]

Бұдан шығатын қорытынды:

Істердің салдарына қарау, асығыстыққа жол бермеу және сабырлық таныту – бұл бүлікті болдырмаудың ең тиімді факторы. Және бұл данқты сахаба – ‘Абдуллаһ ибн Мас‘удтың (оған Аллаһ разы болсын) мына айтқан сөздерімен де расталады: «Ақиқатында, күмәнді, бұлыңғыр істер пайда болады, сонда ұстамдылық және парасаттылық танытуларың керек. Расында, игі істерде ілесуші болу жаман істерде жетекші болғаннан жақсырақ». Ибн Абу Шайба «әл-Мусаннаф» 38343, әл-Байхақи «әш-Шу‘аб» 9886.

Ол ұстамдылықты өсиет етті, ал бұл – сабыр және асығыстықтың болмауы.

Имам әл-Бухари «әл-Адаб әл-муфрадта» (327) ‘Али ибн Абу Талибтың (оған Аллаһ разы болсын) былай деп айтқан сөздерін келтіреді: “Асығушы болмаңдар! Бүлік туралы жария етуші және оны таратушы болмаңдар! Ақиқатында, сендерді жүдететін ауыр сынақ және ұзақ уақытқа созылатын қиын істер тосып тұр! ”.

Сөйтіп, ол үш нәрсені өсиет етті:

Біріншісі – ол асығыстыққа тыйым салды. Адам сабырлы болуы керек, абайлықпен әрекет жасап, бір іске кірісуден бұрын оны зерделеуі және салдарын қарауы керек.[7]

Екіншісі – бүлікті жария етпеу және таратпау. Бұл - әсіресе сақ болуға тиісті нәрсе. Бүлік от алған кезде, оның күшеюіне және өрттенуіне сөзбен де, басқа да амалдармен де болысуға рұқсат етілмейді, керісінше болған жағдайда ол адам отты өршітуші және жауыздық таратушы болады.[8]

Үшіншісі – бүлік таратпау және оған кіріспеу. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметін бүлікке жақындаудан алдын ала ескертті, бұл жөнінде Абу Хурайра жеткізген хадисте ол былай деген: «Бүліктердің кезеңі келіп жетеді, әрі сол кезде отырған тұрып тұрушыдан, тұрған жүрушіден, ал жүрген жүгіріп жүрушіден жақсырақ болады». әл-Бухари 3406, Муслим 2886.

Яғни адам бүліктен қаншалықты алыстау болса және оны өршітудегі белсенділігі қаншалықты төмен болса, ол соншалықты қорғалған болады, әрі осыда оның өзі үшін игілік бар. Сондықтан ол бүліктен алшақтауы және Ұлы Аллаһ Тағаладан оны және барша мұсылмандарды оның жамандығынан сақтауын тілеуі қажет де, бүлікті өршітудің және таратудың құралына айналмауы керек.

Зайд ибн Сабиттен (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізілген: «Аллаһтан бүліктерден пана тілеңдер, (олардың) анықтарынан да, жасырындарынан да». Сонда сахабалар: “Біз Аллаһтан бүліктерден панатілейміз, анықтарынан да, жасырындарынан да”, - деді. Муслим 2867.

Бүліктен пана тілеу қажет, Пәк Аллаһ Тағаладан оның апатынан, қауіпінен және жамандығынан сақтауын сұрау керек. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура жолдан адастыратын бүліктен және азғырулардан Аллаһтан пана тілеп жалбарынған дұғаларымен жалбарыну қажет. Бұл – мұсылман адам ерекше назар бөлуге тиіс болған нәрсе, өйткені тек Аллаһ қана қорғайды және сақтайды. Сондықтан пенде шын ықыласымен Аллаһтан пана іздеуі керек, оны және барша мұсылмандарды бүліктен сақтауын сұрауы керек.

Мұсылман адам сондай-ақ өзін батылдықпен бүлікке тастаудан бұрын білім иелеріне жүгінуі қажет, өйткені ол осы бүліктің басшысы және жауыздықтың есігін ашатын кілтке айналуы әбден мүмкін. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, адамдардың арасында жақсылықтың (ізгіліктің) кілті әрі жамандықтың (жауыздықтың) құлыпы болып табылатындары бар. Және адамдардың арасында жамандықтың (жауыздықтың) кілті әрі жақсылықтың (ізгіліктің) құлыпы болып табылатындары да бар. Аллаһ жақсылықтың (ізгіліктің) кілті қылған адамдарға Туба (Жәннаттағы ағаш) болсын, әрі Аллаһ жамандықтың (жауыздықтың) кілті қылғандарға қасірет болсын!»Ибн Маджах 237, Ибн Абу ‘Асым 297, ат-Таялиси 2082. Хадис сахих. Қз. “әс-Сильсиля әс-сахиха” № 1332.

Әрбір мұсылман өзін және өзгелерді салдары бұл дүниеде де, Ақыретте де оларға қарсы келіп тиетін опат етуші істерді жасауға тастаудан және жамандықтың кілті, жауыздықтың жетекшісі әрі насихаттаушысы болудан қорқуы қажет.

Сөйтіп, бүліктердің салдарын, олардың қауіптіліктері мен зиянын білу мұсылман адамға ұлы пайда алып келеді.

Бүліктердің салдардары мен әсерлері көп. Оларды тізбектеп атау және талқылау ұзаққа созылады, бірақ осы еңбекте мен кейбір ең маңызды салдарына тоқталамын, әрі Аллаһ Тағала осы еңбекті барлығымызға игілікті және пайдалы етеді деп үміттенемін.