С. Сарайдың «Гүлстан бит Турки» шығармасы

Саиф Сараи (1321, Сарайшық қаласы — 1396 ж. ш., Мысыр) — қыпшақ ақыны, Алтын Орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі. Хан ұрпақтары арасындағы тақ таласы тұсында туған жерінен кетіп, өмірінің соңғы кезеңін мәмлүктер билігіндегі Мысырда өткізді. Саиф Сарайды Ә.Наджип қазақ халқының негізін құраған қыпшақ тайпасынан шыққан деп есептейді. Бізге жеткен елеулі еңбегі — бес мың жолға жуық түркі (қыпшақ) тіліндегі “Гүлстан бит-түрки” (1391) туындысын Сарайшықта бастап, Египеттегі Ніл өзені бойында аяқтаған. Дастанның негізгі бөлімі Сағдидің “Гүлстан” шығармасының еркін аудармасынан тұрады, сондай-ақ оған өзімен тұстас сегіз шайырдың ғазалдары, ақынның өзі жазған лирикалық өлеңдері, нақыл, ғақлия, толғаулары енген. Саиф Сарайдың бұл поэмасы 14 ғасырдағы қыпшақ әдебиетінде қалыптасқан әдеби дәстүр, озық поэзия үлгісі болған.«Г.б.т»- тұтас сюжетке құрылған шығарма емес.Мұнда қысқа –қысқа хикаялар,аңыздар,ертегілер, өлеңдер,күлкілі әңгімелер т.б белгілі бір тақырыптар бойынша жүйеленіп берілген. С.Сарай-әрбір хикаяны бастар алдында Сағди Ширази атына мақтау сөздер айтып,сосын ғана автор идеясын жеткізген,хикаяларды баяндаған.Шығармада жақсылық пен жамандық, қатыгездік пен мейірімділік,тәрбие т.б сөз болады. Сайф Сараи өзі ұстаз тұтқан Сағди ақынның «Гүлістанын» аудару барысында шығарманың композициялық құрылысын бұзбай, сол күйінде сақтап қалуға әрекет жасаған. Сондықтан парсы тіліндегі «Гүлістан» секілді қыпшақ тіліндегі С. Сараи аударған «Гүлстан бит-түрки» де сегіз тараудан тұрады. Олар:

Бірінші тарау – ел-билеушілер туралы.

Екінші тарау – халық бұқарасы жайында.

Үшінші тарау – қанағат-ынсаптың пайдасы жөнінде.

Төртінші тарау – тілге сақ болудың пайдасы туралы.

Бесінші тарау – жігіттік шақтың көріністері хақында.

Алтыншы тарау – кәріліктің адамды кәрі етіп қоятыны туралы.

Жетінші тарау – тәлім-тәрбиенің әсері жайында.

Сегізінші тарау – әңгімелесудегі әдептілік мәселесі туралы.

1915ж. Бұл еңбектің Голандиядан табылған туралы Анкарада шығарылған журналда жарияланды. 1950ж. Проф. Феридун Нафиз Голандияның Лейден университеті кітапханасы қорынан «Гүлстанның» фотокөшірмесін алып, оған шағын алғы сөз жазды. 1954ж. Анкарада жеке кітап етіп басып шығарды. Орыс әліпбиі негізіндегі транскрипциясы Ташкентте (1968) басылды. «Гүлстанды» әдеби,тілдік,тарихи тұрғыдан талдаған ғалым А.Баттал болды. Егжей –тегжейлі зерттеген Ә.Н.Нәжіп болды.

Монолог, диалог, полилог.

Монолог, сөйлету (грекше – monologos, mono бір, logos-сөз) – –драмалық шығармадағы, сондай – ақ басқа әдеби шығармадағы кейіпкердің ішкі – көңіл күйін білдіретін толғау сөзі : кейіпкерді сөйлету тәсілі. Монолог кейіпкердің өзімен – өзі сырласқандай, ойланып толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді еститіндей болса да, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Мононлогтың мағыналығы – сол адамның ішкі сырын, көңіл – күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой – тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай – күйі айқын аңғарылады. Мысалы, А.Пушкиннің «Борис Годунов» атты трагедиясындағы Годуновтың монологтары осындай. Лирикалық шығармадағы монологтың тамаша үлгісі ретінде Абайдың «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңін арнайы айтуға болады. ал көркем қара сөзден М.О.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың монологтары ауыз толтырып айтарлықтай.

Диалог, сөйлестіру (грекше – dialogos) – әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі. Драмалық шығарма түгелдей дерлік диалогқа сөйлестіруге және жеке кейіпкерді сөйлетуге, сонологқа негізделіп құрылады. Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым – қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыратынына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтқан сөзі екінші кейіпкердің айтатын сөзіне түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйледі. Әрбір мағынасы жағынан тиянақты диалог кейіпкердің мінез – құлқын тағы бір қырынан ашып көрсетіп, жаңа бір сатыға көтерілгенін танытады. Сөйлескен кейіпкерлердің сөздері шығармадағы тартыс қақтығыстардың шиеленісіп – өрістеуімен осылай тығыз байланыста болып келмесе, онда диалог ширақ, тартымды болмайды. Әсіресе, кейіпкердің қиын, қысталаң жағдайда, қандай әрекет жасайтынын көрсету үшін диалогтың, яғни, олардың қайсысын қалай сөйлетудің мәні зор. Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой – толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен жан – дүниесі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез – бітіміне, ой – өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді. Сондықтан мағыналы диалог, кейіпкерлерді сөйлестіре білу шеберлігі әдеби шығармада халықтық тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі. Б.Майлин «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңі сұрақ – дауап түріндегі диологқа құрылған:

Кеше: Бүгін:

Уа, кімсіз?? Уа, кімсің??

Ыбыраймыз. Ыбыраймыз.

Жаймысыз Жаймысың ?

Жаймыз. Жаймын.

Уа, қайдан келесіз?? Қайдан келесің ?

Сайлаудан келеміз... Соттан келемін...

Біз – бай,

Біз – құдай...

Осы шағын диалогтан қоғамдық өмірдің үлкен шындығын, әлеуметтік жағдайдың, адам тіршілігінің зор өзгерісін анық байқауға болады. сонымен бірге өлеңдегі кейіпкердің әр кезеңдегі хал – ахуалын, жай – күйін, бай кезіндегі бұрынғыастамшылығы мен бүгінгі жаңа өмір орнағанда баснан дәуірені өткенін, яғни мүсәпір халін көреміз.

Полилог (грек. Полyс - көп,логос - сөз, әңгіме) — бірнеше адамның арасында болатын әңгіме. "Полилог" термині тілдін қарым-қатынастық қасиетін зерттеуде "диалог" терминіне косымша кабылданған. Сөйлесушілердін саны екеу немесе одан көп болуы диалогтің сипатына қайшы келмейді, қайта олардың монологке қарама-қарсы ортақ қасиетін аша түседі. Полилог сөйлеу тілінің формасы мен жанрына жатады.

Обыланды батыр» жыры.

Қобыланды батыр туралы дереккөзі қазақ халқының қаһармандық жырларының бірі – «Қобыланды батыр». «Қобыланды батыр" жыры - қазақ халқының қаһармандық жыры. Негізгі мазмұны – шетел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзі халықтарының белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған классикалық шығарма.«Қобыланды батыр» – қазақ халқының мазмұнға аса бай, қастерлі де өлшемді жанрларының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп ірі-ірі эпос айтушылардың аузынан өткен. Қобыланды батырды – Марабай, Мергенбай, Мұрын Сеңгірбаев, Сыр бойының белгілі жыршы Тұяқбай жырлаған. Сюжеттің аңыздық ұйытқысы Оғыз-Қыпшақ ұлысы кезінде дүниеге келе бастаған. Қазан атты оғыздар сол дәуірде туған. Сол атаулар «Қорқыт ата» кітабында да кездеседі. Жырдың бергі кездегі мазмұны Монғол, Иран, Жоңғар шабуылы, одан қалса қазақтардың кейінгі кезеңдерде қалмақтармен шайқастарына негізделген. «Қобыланды» жырының 29 нұсқасы болса, соның Марабай жырлайтын нұсқасы үлкен рөл атқарады. Қай нұсқаны алып қарасақ та, ортақ жырда мынаны аңғаруға болады: онда Қобыландының қияттарға еріп, Қызылбас ханы Қазанды, одан соң Көбіктіні өлтіруі, Қарлығаны олжалауы, ең аяғында өзі жорықта жүргенде елін шауып кеткен Алшағыр ханмен соғысып, ел-жұртын азат ету оқиғалары суреттеледі. Онда Тоқтарбайдың баласыздығы, Қобыланды мен Қарлығаның тууы, Қобыландының Көктім хан қызы Құртқаға үйленуі, Құртқаны жалғыз көзді дәудің тартып алмақ болғаны, оны Қобыландының өлтіруі, батырдың Қарлығаға үйлену секілді драмалық тартыстар орын алады. Ал Құлзақ пен Досжан нұсқасында Құртқаның тұлғасы бұдан да айқындала түседі. Қобыланды мал бағып жүріп бір қызға жолығады. Елі оны жылына бір келетін айдаһардың жолына қойған екен. Қобыланды қыздың орнында қалып, қырық құлаш қылышын тосып, айдаһарды өлтіреді. Бірақ өзі де уланады. Оны қыз сүтке шомылдырып, емдейді. Сол қыз Құртқа боп шығады. Қобыландының ерлігіне риза болған Көктiм хан оған қызын береді. Одан әрі Құртқаның көк ала биені көрімдікке сұрап алуы, содан Тайбурылдай тұлпардың туылуы баяндалады. Мергенбай, Біржан, Досжан жырларында Қобыландының Қазанға не себепті аттанғаны толығырақ айтылады. Қараман Қобыландыға келіп: «Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алады. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алады», -дейді. Қобыландыға жауға менімен бірге аттан деп қолқа салады. Мұрын, Нүрпейіс, Айса жырлары бір-бірімен ұқсас. Мұрын жырында тоқсан баулы Ноғайда Ақша хан деген той жасап, Қыдырбайды өлтірмек болады. Баласы Қыдырбайдың мал-мүлкін тартып алмақ. Қыдырбай бала тілеп, ел кезіп кетеді. Ақырында Қобыланды, Хансұлу деген екі перзент көреді. Айса нұсқасында Ақша хан «Алшағыр» деп аталады.

Композиция элементтері

Композиция – әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен- кішілі бөлім- бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық-бірлігі. Шығарманың құрылысы шымыр болуының бас-аяғы жеке тарауларының жинақы келуі жекелеген бөлім-бөлшектің орынды жалғасуына байланысты. Л.Толстой көлемді шығармада алдымен үлкен ірі бөлімдер пропорциясы, өзара қатынас байланысы ұтымды мағыналы болу деген пікір айтады. Әдеби шығарманың композициялық құрылысының ұтымдылығы сөз болатын мәселелерді суреттелетін жағдайларды кейіпкерлердің іс- әрекетін талғап таңдай білу оларды екшеп сұрыптай алу қисынын тауып қиюластыра білу бұл жазушының қай шиеленіскен жағдай болса да түйінін тауып ақ-қарасын ажыратып не нәрсенің маңызды екенін түсіне білуінде. Композицияның көркемдік қуаты- әдеби шығармада не айтылғандығы қандай маңызды болса, нені қай тұста не айту, әр түрлі жағдай уақиғаның қайсын бұрын, қайсын кейін баяндау керек екенін пайымдаудың үлкен мәні бар. Композициялық тәсілдер алуа түрлі. Солардың ішінде екі нәрсені салыстыра суреттеу немесе қарама-қарсы қойып суреттеу жиі кездеседі. Шығарманың композициялық құрылысын белгілеуде елеулі орын алатын ерекшеліктер: уақиға автордың, автордан басқа баяндаушының атынан айтылуы немесе шығармадағы кейіпкер көзімен көрген қалпында алып соның ұғым-түсінігі арқылы берілуі.

 

М.Әуезов өмірі мен шығармашылығы.Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі(1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).

Өмірбаяны. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Алғашқыда 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған«Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айындаҚазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3-4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану) әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.

«Абай жолы» роман-эпопеясы. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

Жазушының драматургия саласындағы еңбектері. Әуезов драматургия саласыңда көп еңбек еткен. Мұның бірнеше себептері бар. Халық әдебиетінде, фольклорда түр жағынан драматургияға жақын нұсқалар көп. Батырлар жырында толғаулар мол.Салт өлеңдері, беташар, сыңсу, жар-жар, жоқтау түрі мазмұны жағынан драмалық шығармалармен ағайындас.

20 ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер - Әуезов Ол халық әдебиетінен нәр алды. Әрине қазақтың көшпелі өмірі, қаланың болмауы драматургияның дамуына кедергі жасады. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді. Әуезов көп ұлтты театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті.Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да,комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан - Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары - Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері - Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік - Кебек» алып келді. Шығарма өзегі - эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстурлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді.

М.Әуезов “Абай жолына” үлкен дайындықпен келді. Жазушы тетралогияны он бес жылға жуық уақытта жазды. Абайдың шығармашылық өмір жолын тереңдеп зерттеген көптеген ғылыми мақалалар мен монография жариялады. 1936 жылы Леонид Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясы (1939) қазақ драматургиясының үздік туындыларының біріне айналды.

 

«Бозжігіт» хиссасы.“Бозжігіт” — дастан. Ертеден-ақ Дешті Қыпшаққа, кейін қазақ, башқұрт, татар, өзбек халықтарына мирас болып қалған, сюжеті шығыс халықтарының көбіне ортақ және кең тараған ғашықтық дастандардың бірі. Жырдың қазақ арасындағы ең көне нұсқасы — 1842 ж. жазылып алынып, 1870 ж. В.В. Радлов жинағында жарияланған. Мұнан кейін “Бозжігіт” Қазан, Орынбор, т.б. қалалардың баспаларынан 14 рет жеке кітап болып басылып шыққан. Шығыстанушы, ғалым Н.Ф. Катановтың қазақ кітаптары жайында сол кездің өзінде жарияланған бір мақаласында “Бозжігіт” дастанының 1896 жылғы басылымы 10 мың дана болып шыққаны хабарланған. 1911 ж. қиссашыл ақын Ақылбек Сабалұлы “Бозжігіт” жырын өңдеп, Қазан қ-нда қайта бастырған. Жыр мен қара сөз аралас жазылған қисса түріндегі нұсқасымен қатар таза өлеңмен жазылған дастан — поэма түрінде кездеседі. Дастан қазақ даласына қолжазба түрінде ғана емес, ауызша да айтылып, кең тараған. Дастанда Бозжігіт пен Қарашаштың адал да берік махаббаты жырланады. Махаббат жолында қаншама қиындықтардың бәрін жеңіп, сүйгенін тапса да, қыз әкесінің қатал, рақымсыз қыңырлығын жеңе алмай мерт болғаны тебіреніспен баяндалады. “Бозжігіт” жырының қай нұсқасын алсақ та, Бозжігіт пен Қарашаштың махаббаты әсерлі жырланған. Жырдың қолжазба нұсқалары мен басылымдары Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Алматы қалаларының кітапхана қорларында сақтаулы. Ескі қолжазбаның бір нұсқасы Британия музейінде сақталған. Ақан серінің шәкірті, халық ақыны И. Жылқайдаров “Бозжігіт” жырының сюжетіне 1940 ж. поэма жазған. Оның қолжазбасы Қазақстанның Орталығы ғылым кітапханасының қорында сақтаулы.

Оқиғасының желісі шығыс халықтарына ортақ «Бозжігіт» дастанын қазақтармен қатар өзбек, татар, башқұрт ұлттары да өздерінің төл мұрасы деп санайды. Алайда бұл жырдың қазақ арасында кең тараған түрлі нұсқалары бар. Академик В.В.Радлов, ғалым Н.Ф.Катанов, фольклор жинаушы А.В.Васильев және басқалары «Бозжігіт» жырының көркемдігіне ерекше назар аударған. Шығармашылық жолы ұзақ жылдар назардан тыс қалған ақын Ақылбек Сабалұлы «Бозжігітті» өңдеп, 1911 жылы жариялаған.Жазушы Мұқан Иманжановтың әкесі, халық ақыны Иманжан Жылқайдаров дастанның сюжеті негізінде 1940 жылы поэма жазған. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, небір зерделі жанның зерттеуіне айналып, санасын сілкінткен «Бозжігіт» дастанында түстің алатын орны айырықша. «Алтын айдар тұлымы бар» Бозжігіт кішкентайынан хат танып, қолынан қаламы мен кітап түспеген, көкірегі ашық, ханның жалғыз ұлы. Ол түсінде патшаның өзіндей жалғызы, айдай аруды көреді. Екеуі бір-бірімен түсінде танысады. Қыз бұған ынтызарлығын зар қылып қалдырмауын өтінеді.
Қыздың бірақ аптығы басылмайды, қалайда өзін іздеп табуын қалайды.Ал жігіт мұңға батып, ғашықтық дертіне шалдығады. Бақсы-балгерден ем таппай жүдеп жадайды. Ешкімге сырын айтпай жалғыз қалған жолаушыдай сезінеді. Қасындағылардың бір де бірі назарына ілінбейді. Сөйтіп, бір жыл өткенде тағы да түсінде жанарынан мөлдір жасы тамшылаған қызды көреді.

Бұ жолы сырын сенімді досына айтады. Ғажайып сурет көріп, таңғалғанын, қайғы шегіп, бір жылдан бері кетпес дертке жолыққанын, енді қызды іздеуден басқа амалы жоқтығын мойындайды. «Мен жолыңда құрбандық» деген досы ақыл қосып, екеуі жолға шығуға дайындалады. Ешкімге сездірмей азық жинап, алтын-күмістен мол алып алысқа аттанады. Небір қиындыққа душар боп, қорлық, зорлыққа ұшырайды. Үш жыл зынданда жатып, ақыры амал айла мен қашып шығады. Сал тауып дарияға түседі. Бір жағада түскенінде, алдарынан керуен көріп, бәрі Бозжігітті таниды. Хандарының жоғалған ұлын көріп қуанған керуеншілер «қалайша ата-анаңның көз жасына қалып жүрсің, неге елге қайтпайсың» дейді. Керуеншілер «Жалғыз жүріп сабылудың» жөнсіздігін, «Бір патшаның жалғызысыз, елге қайтыңыз» деп қанша жалынғанымен, Бозжігіт қайырылмайды. «Ғашық болған жарын көрмей көңілі тынбайтынын» айтады. Қиналған керуеншілер алтын-күміс беріп, Бозжігіт тау-тас, мұхит асып, бір шаһарға жетеді.Шаһарға кірген Бозжігітті көрген қырық қыздан патшаның ханшасы «кім болды» екен, «сүйінші, жарым болса берер едім, білуге мән-жайын кім барады» дейді. Бозжігіт пен Қарашаш алғаш рет бір-бірін көреді. Екі ұдай хал кешіп, бір үміт, бір күдіктің құшағында сарғайған ғашығын таниды Бозжігіт:Әйнекке жақындаған Бозжігітті көрген қыз бетіндегі пердесін ашып ғашығын таниды. Алтын-күміс, меруерт, маржаннан шашу шашылып, хан қызының арманы орындалып, жар-жар айтылады. Құдайдың құдіретімен бе, тылсым таңғажайып дейміз бе, түрлі ендіктерді мекендеген, бір-бірін ешқашан көрмеген жандарды түс табыстырады. Түс көрумен басталған жайт тұтастай тағдыр талқыға ұласып, адам болмысының қатпар-қатпар сыры ашылады. Жауыздық, жамандық апанына құлаған жастық құштарлықтан өкініш пен күйзелістен басқа түк те қалмайды.Көреді… келеді… бірақ қанша жерден түстерінде «Алла қосқан» деп үміттенсе де қос қыршын он екі де бір гүлі ашылмай өледі… Жазмыштан озмыш жоқ дегенмен, жыр мазмұны өзекті өртейді. Түсте көрінген бейненің соңынан сағым қуғандай жанталаса жүгіріп, мақсатына енді жеттім-ау дегенде, төңірегіндегілердің қатігездігінен ғашықтар тілегінің күлі көкке ұшады. Аян арқылы жеткен арман хабардың мұншалық аянышпен аяқталғанына сену қиын.