Драманың тектік белгілері

Ахмет Байтұрсынов драманы қазақша "Айтыс-тартыс” деп алып, оған мынадай жанрлық анықтама береді: "Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді”.

Байтұрсынов саралауы бойынша драма былай бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия); 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма); 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Екінші жерде ықшамдап: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс деп те бөледі. Осы түрлердің әрқайсысындағы тартыс табиғаты, кейіпкерлердің сипаты жеке-жеке, дәлді де нақты әліптеледі. Драмалық жанр трагедия, драма, комедия болып үшке бөлінеді. Бұлар өзара суреттемек болған оқиғасын және оқиғаға қатысушыларды талғап алу түріне қарай айырылады.Көркем шығармалар түрлі оқиғаларды, күресті көрсетеді. Көздеген өз мақсаттарына жету үшін қатысушылар бір-бірімен, ішкі (психологиялық) және сыртқы бөгеттермен күреседі. Трагедия сахнаға арналып жазылады. Мұндағы көрсетілген күрестің өзгешелігі, автордың пікірінше, кездесетін қиыншылықты жеңіп болмайтын тәрізді. Трагедияның көпшілігі-ақ қаһарманның өлімімен аяқталады. Адамның жолындағы «жеңуге болмайтын» ең қорқынышты, ең маңызды күштер қайсы, - ол жазушының өмірді қалай танитындығына, таптық көзқарасына байланысты. Әр таптың жазушысы «жеңуге болмайтын» қиыншылықтарды өзінше түсінеді. Ескі гректердің трагедияларында (мысалы Эсхилдің трагедиясында) жазмышпен, тағдырмен күресте қаһармандары өлім табады.

Мысалы, Софоклдың «Патша Едип» трагедиясында, Едип әкесін өлтіріп, өз шешесіне үйленуге тиіс деп, жазмышта солай жазылыпты-мыс деседі. Едип бұдан қашуға түрлі амалдар қолданады. Бірақ Едиптің өзі білмей қалып, жазмыштың айтуын орындап шығады. Оқиға солай болып құрылады. Өмірді бұлай түсіну - бүтіндей тағдырға бағынушылық. Табиғаттың, қоғамның даму заңдарын білмегендіктен туады. Бұл туралы Маркс: «Гректің ұлы ақындары, Микен мен Фивте болған корольдардың өмірін жан шошырлық драма ғып жазғанда, сол заманның білімсіздік қараңғылығын тағдырдың ауыр бұйрығы деп ұғындыра көрсетеді», - дейді.

Жаңа дәуірдегі трагедияның ұлы жазушысы Шекспир болды. Мысал үшін Шекспирдің трагедиясы «Гамлетті» алалық.

Гамлеттің образында феодалдық кек, «қанды қанмен жуу» және сол борышты орындай алмайтын әлсіздіктің күресінен көреміз.

Шекспирдің трагедиясында бірінші орынды белгісіз жазмыш алмайды, адамда болатын әртүрлі ішкі мақсаттардың күресі, адамның жасайтын амалдары, сол амалдардан шыққан нәтижелер алады.

Шекспир трагедияларында адамға, оның психологиясына үлкен көңіл бөлінеді. Бұнысы адам мінездерінің әртүрлі жақтарын қалдырмай жете тексеруімен байланысты. Шеспир өмірдегі мінездерді дұрыс, ашық етіп суреттейді. Және мінездердің неше түрлісін көрсетеді. Шекспирдің шығармаларында сурет көп болады және қысылмай-ақ, оқиғаны бір орыннан екінші орынға ауыстыра береді. Мезгіл жағынан арасы ұзақ бірнеше уақыттарды алып көрсетеді. Шығармасында көп адамдар қатысады. Олардың араларына күлдіргі адамдар да кіреді. Шекспирдің трагедиясы басқалардан өзінің жандылығы, шындықты (реализм) суреттеуі арқылы айырылады.

Драма - сахнаға қоюға лайықталып жазылатын жанрдың бір түрі. Драмаларда әлеумет өмірінде кездесетін үлкен, ауыр халдермен қатар салт-тұрмыста күнбе-күн кездесетін күлдіргі жайттар да ұштастырыла, араластырыла көрсетіледі. Егер трагедияда күлкінің кездесуі шарт емес болса, комедия түгел дерлік күлдіргі оқиғаға құрылады, өлім мүлде болмайды. Драмада бұл екі элементтің екеуі бірдей кездесе береді. Сондықтан бұл трагедия да, комедия да емес, өзінше бір түр болып есептеледі. Тарихи жағынан алғанда, драма трагедия мен комедиядан кейін туған.

Алғашқы туа бастаған кезінде (ХVIII ғасыр) драма көпке шейін «қарапайым адамдардың үй ішіндегі трагедиясы» немесе «салмақты комедия» деп аталып келді. Сөйтіп, драманың аты ХVIII ғасырда пайда болған. Бірақ оның көрнекі үлгілері Шекспирден де табылады. Бұл туралы Белинский драманың атасы ХVIII ғасыр әдебиетінің өкілдері емес, Шекспир деп ашық айтады («Венецианский купец»). Әйтсе де ол кезде оны драма деп атамаған. Өйткені онда «драма» термині әлі жоқ болатын.

Трагедиямен, әсіресе оның ескірек түрлерімен, салыстырсақ, оларда қаһармандарға кездесетін қиыншылықтар әр басқа екендігі аңғарылады.

Трагедия адамның жеңуіне болмайтын, адамның күшінен тыс күштермен күреседі. Автордың ойынша, бұның көпшілікке және әр дәуірге айнымайтын мәні бар сықылды көрінеді. Ал драмадағы қиыншылық ондай емес, мезгілмен, белгілі жағдаймен байланысты болып келеді.

Мысал үшін Мұхтардың «Түнгі сарынын» алалық. «Түнгі сарында» байларға қарсы шаруалардың көтерілісін көрсетеді. Сол көтерілістің негізгі себептерінің бетін ашады.

Езілген еңбекші таптың өкілі етіп Жантас, Тәнекелер тағы басқаларды көрсетеді. Езуші таптың өкілі етіп Кәрім, Майқан тағы басқаларды алады. Бұл тартыста Жантас және сол сияқты бірнеше адамдар құрбан болады.

Шығарманы сипаттау үшін оның мазмұнының жанрлық ерекшеліктері маңызды. Эпикалық, драматургиялық, лирикалық және лиро-эпикалық сияқты жанрлық топтар ерекшеленген. Осындай топтардың әрқайсысының шегінде шығарма әдеби тегі, өлеңдік және прозалық формасы және соңғысы, өзінің көлемі бойынша ажыратыла алады. Көне әдебиеттің жанрлық жүйесі күрделілігімен және көп тармақтылығымен ерекшеленеді. Әдебиеттегі тек пен жанр түрлерінің теориясының негізін тұңғыш рет Аристотель қалады. Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде [1,55] әдебиетті «сөзбен өрілген өмір» дейді. Солай деп айта келе ұлы философ оның үш түріне тоқталады. «Оқиғаға автордың өзі қатыспай сырттай бейнелеуі» эпикалық тәсіл деп айта келе ол бұған мысал ретінде Гомер шығармаларын келтіреді. Екінші тәсіл – бұл әдеби тәсіл. Яғни, шығарманың негізі нысанасы - автордың жан толғанысы, ішкі сезімі, лирикалық көңіл-күйі. Енді ең соңғысына келер болсақ, ол – драмалық, ал тектің өзімі драма деп аталады. Драмада жазушының бейнелеген кейіпкерлері айтайын деген ойын өзінің іс қимылы, дауыс ырғағы, интонациясы арқылы сахнада береді.
Неміс философы Гегель әдебиеттің тегі туралы мәселемен ден қоя айналысқан [11,37 Драмаға драма мен трагедияны жатқызады.