Арсылас кенеттен шабуыл жасаған кездегі

Жеке құрамның іс-қимылы

 

176. Рота легіне жерүсті қарсыласының кенеттен шабуыл жасауына тойтарыс беру үшін «Қарсылас маңдайшептен (тылдан, солдан, оңнан) – ҰРЫСҚА» командасы беріледі.

Осы команда бойынша:

маңдайшептен шабуыл жасалған кезде бағыттаушы взвод жауынгерлік тәртіппен орнында, одан кейінгі взвод оңға қарай, ал тұйықтаушы взвод – бағыттаушыдан солға қарай өрістетіледі;

тылдан шабуыл жасалған кезде рота артқа бұрылады; тұйықтаушы взвод жауынгерлік тәртіппен орнында; лектің ортасында болатын взвод – одан оңға қарай, ал бағыттаушы взвод солға қарай өрістетіледі;

солдан немесе оңнан шабуыл жасалған кезде рота тиісті жаққа қарай бұрылады; лектің ортасында болатын взвод жауынгерлік тәртіппен орнында өрістетіледі; қапталдағы взводтар: біреуі – оңға қарай, ал екіншісі – осы взводтан солға қарай өзінің сыртқы қапталдары жағына қарай өрістетіледі.

177. Роталар легіне қарсылас әуеден шабуыл жасаған кезде «Ә-УЕ» командасы беріледі. Осы команда бойынша рота жағдайға байланысты қозғалысты жалғастырады немесе тоқтайды. Егер қозғалыс тоқтатылмаса, онда лекте жылдамдық пен машиналар арасындағы арақашықтық ұлғайтылады. Тоқтаған кезде жеке құрам өз командирлерінің командалары бойынша жылдам машиналардан секіріп түседі, жақын жердегі тасаланған орындарға взвод бойынша бекінеді, оқ атуға дайындалады және команда бойынша төмен ұшатын нысаналар бойынша оқ атуды жүргізеді.

178. Қарсылас ядролық, химиялық және биологиялық қару қолданған кезде радиациялық қауіп немесе химиялық дабыл белгілері беріледі.

Осы белгі берулер бойынша жеке құрам қорғаныс шараларын қабылдайды.

 

Тарау. Ротаның, батальонның және бригаданың (полктің) саптық байқауы

 

Жалпы ережелер

 

179. Саптық байқау жеке саптық машық және бөлімшелердің саптық үйлесімділік дәрежесін айқындау мақсатында өткізіледі. Саптық байқауда, сондай-ақ әскери қызметшілердің сыртқы пішіні, жабдықтардың, қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың бар болуы мен жай-күйі тексеріледі. Саптық байқауда инспекциялау кезінде, одан басқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Ішкі қызмет жарғысында мазмұндалған тәртіппен әскери қызметшілерге сұрақтар қойылады. Әскери қызметшілерге сұрақтар қою да сонымен қатар тексеру жүргізу кезінде жүргізілуі мүмкін (8-қосымша).

Саптық байқауды тікелей бастықтар немесе инспекциялауға (тексеруге) басшылық жасау үшін тағайындалған адамдар жүргізеді.

Саптық байқауды жүргізетін адамдарға байқаудың мақсаттарына, міндеттеріне және жауынгерлік даярлық бағдарламасын орындауға байланысты саптық байқауды өткізу тәртібін белгілеуге рұқсат етіледі.

Әрбір саптық байқау бөлімшенің, бригаданың (полктің) салтанатты шерумен өтуімен, ал Жауынгерлік Ту әкетілгеннен кейін – бөлімшелердің саптық әнді орындауымен аяқталады.

Байқау қарсаңында байқауды өткізетін бастық бөлімшенің, бригаданың (полктің) командиріне байқаудың уақытын, орнын, сапқа тұрғызу және өткізу тәртібін, киім нысанын, байқауға қандай қару-жарақ, әскери және басқа да техниканы шығару қажеттігін хабарлайды.

180. Ротаның, батальон мен бригаданың (полктің) саптық байқауы жаяу тәртіппен немесе машиналарда өткізіледі.

Жаяу тәртіппен байқауға бригада (полк) бөлімшесінің барлық жеке құрамы жеке қарумен шығарылады, ал машиналардағы байқауға, одан басқа барлық қару-жарақ, әскери және басқа да техника шығарылады.

Жаяу тәртіппен саптық байқау

Ротаның байқауы

181. Саптық байқау үшін рота өрістетілген екі қатарлы сапқа тұрғызылады: рота командирі рота ортасының алдыңғы жағында сегіз адымда, рота сержанты – басқару тобының оң жақ қапталында, белгі беруші-барабаншы – рота сержантынан оңға қарай екі адымда, рота командирінің орынбасарлары – белгі беруші-барабаншыдан оңға қарай екі адымда, рота старшинасы ротаның сол жақ қапталына тұрады.

182. Байқау өткізетін бастық 40-50 адым жақындағанда рота командирі «Рота, ТІК ТҰР, назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)» командасын береді.

Рота командирі команда бере отырып, қолын бас киіміне апарады, байқау өткізетін бастыққа саптық адыммен келеді, оған екі-үш адым қалғанда оның алдына тоқтайды және баяндайды.

Мысалы: «Подполковник мырза. Бірінші рота саптық байқау үшін сапқа тұрғызылды. Рота командирі капитан Дүйсекеев».

Рота командирі баяндап болғаннан кейін оңға (солға) бұрылумен бір уақытта сол (оң) аяғымен жанына қарай бір адым жасайды және бастықты алға қарай өткізіп жіберіп, оның соңынан бір-екі адымда және қолын бас киімінен түсірмей саптың сыртқы жағынан жүреді.

Белгі беруші-барабаншы рота командирінің «Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)» командасы бойынша «Жорықтық маршты» соға бастайды (9-қосымша); рота командирі байқау өткізетін бастықтың алдына келіп тоқтағанда белгі беруші-барабаншы барабанды соғуды тоқтатады, ал рота командирі баяндап болғаннан кейін оны жалғастырады.

183. Байқау өткізетін бастық оң қапталдан солға қарай рота сабының маңдайшебін шолып өткеннен кейін саптың ортасына шығады, ротаның жеке құрамымен сәлемдеседі, «ЕРКІН ТҰР» командасын беруге рұқсат етеді және рота командиріне байқауды жалғастыру туралы қажетті нұсқаулар береді. Бастық рота сабы ортасының алдына келгеннен кейін белгі беруші-барабаншы соғуды тоқтатады.

Рота командирі «ЕРКІН ТҰР» командасын береді, қолын бас киімінен түсіреді, байқауды өткізетін бастыққа саптық жазбаны тапсырады, ал одан нұсқаулар алғаннан кейін оларды орындауға кіріседі.

184. Ротаның байқауы жеке құрамның бар болуын, әскери қызметшілердің сыртқы пішінін, жабдықтар мен қару-жарақтың жай-күйін тексеруден басталады; одан кейін бөлімшелер, взводтар мен рота жеке саптық машықтарының және саптық үйлесімділік дәрежесі, рота құрамында саптық әндерді орындау шеберлігі тексеріледі.

185. Рота байқау өткізетін бастықтың алдынан взвод бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта; взводтар – «қарубауға» күйіндегі немесе байқау өткізетін бастықтың командасы бойынша басқа күйдегі қаруы бар үш (төрт) лек бойынша салтанатты шерумен жүріп өтеді. «Кеудеге» күйіндегі автоматтар сол қолмен сағағынан және ұңғы бастырмасынан ұсталады.

186. Салтанатты шерумен жүріп өту алдында байқауға қатысатын рота командирінің тікелей бастықтары бір-екі адым артқы жақта және байқау өткізетін бастықтан оңға қарай тұрады.

Рота командирі ротаның оң жақ қапталында лекте бір-бірден роталар өту сызығын белгілеу үшін тағайындалған сызықтықты білдіретіндері бар бола отырып, ротаны взводтық лектер сызығына қайта сапқа тұрғызып, сапқа қарама-қарсы бағыттаушы взводтың (басқару тобының) алдында сегіз адымда тұрады және: «Рота, ТІК ТҰР. Салтанатты шеруге, взвод бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта, бірінші взвод (басқару тобы) тура, қалғандары оң-ҒА». «Қарубау-ҒА («Автоматтарды – кеуде-ГЕ»)». «Назар оң-ҒА, адым – БАС» деп команда береді, одан кейін сол жақ қолына қарай оң аяғының ұшымен жылдам артқа бұрылады және ротамен бір уақытта сол аяғымен қозғалысты бастайды.

«Салтанатты шеруге» командасы бойынша мыналар саптан шығады және: рота командирінің орынбасарлары – рота командирінен кейін екі адымда, взводтар командирлері – өз взводтарының алдында екі адымда, белгі беруші-барабаншы – рота командирі орынбасарларынан кейін екі адымда, рота сержанты – басқару тобының алдында екі адымда тұрады; сызық бойына тұратындар рота өтетін сызыққа жүгіріп немесе жиіленген саптық адыммен шығады, бір-бірінен 10-15 м (15-20 адым) арақашықтықта тоқтайды, өз бетімен солға қарай бұрылады, ал «Адым – БАС» командасы бойынша бір уақытта автоматтарды «кеудеге» күйіне, ал карабиндерді – «қарауылға» күйіне алады.

Орындалатын команда бойынша барлық рота қозғалуды бастайды, сонымен қатар бірінші взвод (басқару тобы) саптық адыммен тура қозғалады, ал кейінгі әрбір взвод бірінші взвод (басқару тобы) тұрған жерге жеткен кезде солға бұрылады, орнында адым жасайды және түзеледі. Алда келе жатқан взвод командамен көрсетілген арақашықтыққа жеткен кезде кейіннен келе жатқан взвод командирі «ТУРА» деп команда береді. Осы команда бойынша взвод саптық адыммен қозғалысты бастайды.

Взводтардағы оң жақ қапталдағылар сызықтықты білдіретіндер белгілеген сызық бойымен олардан кейін бір адымда жүреді.

187. Рота командирлері, оның орынбасарлары, взводтар командирлері мен рота сержанты бір сызықтық арақашықтыққа бастыққа дейін жетпей қолын бас киіміне апарады және онымен бір уақытта басын байқау өткізетін бастық жаққа бұрады.

Бастық жанынан төрт адым өткеннен кейін рота командирі жанына қарай шығады, өзінің тікелей бастықтарынан оңға қарай тұрады (осы Жарғының 186-тармағы) және барлық рота өтіп болғанға дейін сол жерде тұрады.

Взвод командирі қолын бас киіміне апарғанда оң қапталдағылардан басқа, осы взводтың барлық әскери қызметшілері бір уақытта бастық жаққа басын бұрады. Байқау өткізетін бастықтың жанынан бір сызықтық арақашықтыққа взвод өтіп кеткеннен кейін взводтың командирі қолын бас киімінен түсіреді, ал қалған әскери қызметшілер басын тік қаратады.

188. Рота байқау өткізетін бастықтың жанынан өткен кезде сызықтықты білдіретіндер жетекшінің белгісі бойынша қаруды «қарубауға» күйіне алады, оңға бұрылады, бір лекпен жүгіріп ротаны қуып жетеді және ротаның сол жақ қапталына сапқа тұрады.

189. Әнмен жүріп өту үшін рота командирі ротаны қайта сапқа тұрғызып, бағыттаушы взводтың алдында сегіз адымда тұрады және: «Рота, ТІК ТҰР. Әндетіп өту үшін, взвод бойынша, арақашықтық елу метр, бірінші взвод тура, қалғандары оң-ҒА». «Қарубау-ҒА». «Адым – БАС» командасын береді, одан кейін оң аяғының ұшымен сол қол жаққа қарай жылдам артқа бұрылады және сол аяғымен қозғалысты ротамен бір уақытта бастайды.

«Әндетіп өту үшін» командасы бойынша мыналар саптан шығады және: рота командирінің орынбасарлары – рота командирінен екі адымда, взводтардың командирлері – өз взводтары алдында екі адымда, белгі беруші-барабаншы – рота командирінің орынбасарларынан кейін екі адымда, рота сержанты – басқару тобының алдында екі адымда тұрады.

Орындалатын команда бойынша барлық рота қозғалысты бастайды, бірінші взвод (басқару тобы) әнмен жорықтық адыммен тура қозғалады және келесі әрбір взвод бірінші взвод (басқару тобы) тұрған жерге жеткен кезде солға қарай бұрылады, орнында адымдайды және түзеледі. Алда келе жатқан взвод командамен көрсетілген арақашықтыққа жеткен кезде кейіннен келе жатқан взвод командирі «Взвод, әндетіп – ТУРА» деп команда береді. Осы команда бойынша взвод әнмен жорықтық адыммен қозғалысты бастайды.