Ықтары мен міндеттері

 

64-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға құқықтары

1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың:

1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;

2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;

3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да кең таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жер үстi және жер асты суларын, кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 4) тармақша өзгертілді

4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған, соның ішінде сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;

5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;

6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау құқығы бар.

2. Уақытша жер пайдаланушылар үшiн осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктер жер учаскесiн беру актiсiмен немесе жалдау шартымен (уақытша өтеусіз жер пайдалану туралы шартпен) шектелуi мүмкiн.

 

65-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалану жөнiндегi мiндеттерi

1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:

1) жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;

2) санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес өндiрiс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесiнде халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге, санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге;

3) осы Кодекстiң 140-бабында көзделген жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;

4) жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;

2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, жер учаскесiнде орналасқан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектілерімен басқа да объектiлердi қорғауды қамтамасыз етуге;

6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;

7) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;

8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;

9) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;

2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)

10) осы Кодексте көзделген тәртiппен сервитуттар берудi қамтамасыз етуге ;

2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 11 тармақшамен толықтырылды

11) өздерінің меншігі болып табылмайтын анықталған өндіріс пен тұтыну қалдықтары туралы жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға міндетті.

2. Уақытша жер пайдаланушылардың уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.

3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен учаскенiң жер пайдаланушыларына, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесiне ауыртпалықтар салатын барлық мiндеттер (оны мақсаты бойынша пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де мiндеттi төлемдер төлеу және басқалар) жүктеледi.

4. Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.

 

66-бап. Осы Кодекске орай жер учаскесiне құқықтар тиесiлi болмайтын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерi

1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша тұлға жер учаскесiне осы Кодексте белгiленген нормаларға сәйкес оған (тұлғаға) тиесiлi болмайтын құқықты алатын жағдайларда, аталған құқық Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген ережелер бойынша бiр жыл iшiнде иелiктен шығарылуға тиiс немесе аталған мерзiмде осы Кодекске сәйкес жерге сондай субъектiге тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмделуге тиiс.

2. Үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) иелiктен шығарылуына байланысты меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесi иелiктен алынған кезде, алушылар жер учаскесiне иелiктен алынатын құқық тиесiлi болмайтын тұлғаға осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес бұл құқықты сол тұлғаға тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмдеуге тиiс.

 

Тарау. Сервитуттар

67-бап. Сервитут туындауының негiздерi

1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесiн мүдделi жеке және заңды тұлғаларға шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен беруге мiндеттi.

2. Бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығы (сервитут):

1) тiкелей нормативтiк құқықтық актiден;

2) мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шартының негiзiнде;

3) жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде;

4) сот шешiмi негiзiнде;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда туындауы мүмкiн.

3. Егер нормативтiк құқықтық актiде мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шарты негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, олардың мұндай шарт жасасудан немесе меншiк иесi немесе жер пайдаланушы қоятын шарттың талаптарынан бас тартуына мүдделi тұлға меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз беруi арқылы сот тәртiбiмен дауласа алады.

4. Егер нормативтiк құқықтық актiде жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, сервитут белгiлеуге мүдделi тұлға, меншiк иесi немесе жер пайдаланушы бұл актiге сот тәртiбiмен шағымдана алады.

 

68-бап. Жеке тұлғаның бөтен жер учаскелерiнде болу және солар арқылы өту құқығы

1. Жеке тұлғалардың жалпы жұрттың кiруiне жабық емес жер учаскелерiнде еркiн, қандай да бiр рұқсатсыз болуға құқығы бар.

2. Егер бiреудiң жеке меншiгiндегi немесе жер пайдалануындағы жер учаскесi қоршалмаған болса немесе жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскеге өзiнiң рұқсатынсыз кiруге болмайтынын өзге де әдiспен белгiлеп қоймаса, егер бұл жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға зиян келтiрмейтiн болса, осы учаске арқылы кез келген адам өте алады.

 

69-бап. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы

1. Жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы - көршi жер учаскесiне жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiсiнен, ал қажет болған жағдайда өзге учаскеге де жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiлерiнен осы учаскелердi шектеулi пайдалану құқығын (жекеше сервитут) табыстауды талап етуге құқылы.

2. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы (жекеше сервитут):

1) егер жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз учаскесiне басқа жолмен өтуi мүмкiн болмаса, өте қиын болса немесе шамадан тыс шығындарды керек етсе, көршi немесе өзге де жер учаскесi арқылы жаяу және көлiкпен жүрiп өтудi;

2) көршi немесе өзге де учаскеге сервитут белгiленбейiнше қамтамасыз етуге болмайтын, электр таратудың, байланыстың қажеттi желiлерiн тартуды және пайдалануды, сумен, субұрғышпен, жылумен жабдықтауды, мелиорацияны және жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының басқа да қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн белгiленуi мүмкiн.

3. Көршi немесе өзге де учаскеге жекеше сервитут осы учаскелерге жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы субъектiлерiмен жасалатын шарт бойынша белгiленедi.

Жер учаскесiн шектеулi құқықпен пайдаланушы құқық субъектiсi жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға сервитутпен байланысты келтiрiлген барлық шығынды өтеуге тиiс.

4. Егер бұл мемлекеттiң және жергiлiктi халықтың мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн қажет болған жағдайларда жергiлiктi атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң негiзiнде жер учаскелерiн алып қоймай, қауымдық сервитуттар белгiленуi мүмкiн.

Қауымдық сервитуттар:

1) ортақ пайдаланудағы объектiлерге, зираттарға, қорымдарға және өзге де ғибадат объектiлерiне жер учаскесi арқылы жаяу немесе көлiкпен өту;

2) жер учаскесiн коммуналдық, инженерлiк, электр және басқа да желiлер мен тораптарды, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымының объектiлерiн жөндеу мақсатында пайдалану;

3) жер учаскесiнде межелiк және геодезиялық белгiлер мен оларға өту жолдарын орналастыру;

4) су алу және суат;

5) жер учаскесi арқылы мал айдап өту;

6) жер учаскесiн белгiленген мерзiмде және белгiленген тәртiппен аң аулау, жер учаскесiнде орналасқан тұйық су айдындарында балық аулау, жабайы өсiмдiктердi жинау мақсатында пайдалану;

7) iздестiру, зерттеу және басқа да жұмыстар жүргiзу мақсатында жер учаскесiн уақытша пайдалану;

8) жағалау белдеуiне еркiн өту;

9) мемлекеттiк органдардың шешiмiмен жер учаскесiн мәдени-көпшiлiк iс-шаралар өткiзуге пайдалану;

10) қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге байланысты өзге де жағдайлар үшiн белгiленуi мүмкiн.

5. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жекеше сервитут ауыртпалығын көтерушi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе оның жер пайдаланушысы солардың мүддесiне орай сервитут белгiленген тұлғалардан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

6. Мемлекет меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскелерi бойынша сервитут белгiленген кезде, сервитут үшiн төлемақы бюджетке түседi.

2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 7 тармақ өзгертілді

7. Егер сервитутты белгiлеу жер учаскесiн пайдалануда елеулi қиындықтарға әкеп соғатын болса, қауымдық сервитут ауыртпалығын көтерушi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе оның жер пайдаланушысы қауымдық сервитутты белгiлеген мемлекеттік органнан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы.

Қауымдық сервитут белгілеу жер учаскесін пайдалану мүмкін болмай қалатын жағдайға әкеп соқса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы меншік немесе жер пайда­лану құқығы тоқтатылған кездегі шығынды қауымдық сервитутты белгілеген мемлекеттік органнан толық көлемде өтеткізе отырып, өзі­нен осы жер учаскесін алып қоюды, соның ішін­­де сатып алу арқылы алып қоюды не оны­мен құны тең жер учаскесін беруді немесе ол мүм­кін болмаған жағдайда – басқа жер учаске­сін оның құнын немесе оған құқықтарды жердің бағасына есептеп және шеккен шығын­дарды өтей отырып, беруді талап етуге құқылы.

 

70-бап. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдары

1. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдарын жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жердi алып қоймай, жерiнен жол өтетiн жеке меншiк иелерiмен немесе жер пайдаланушылармен келiсе отырып, аудандық (аудан аумағында) немесе облыстық (екi немесе одан көп аудандардың аумағында) атқарушы органдар белгiлей алады.

2. Мал иелерi малды жолмен айдап өткен кезде келтiрiлген шығын үшiн жеке меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың алдында жауаптылықта болады.

 

71-бап. Жер учаскелерiн iздестiру жұмыстары үшiн пайдалану

1. Геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық және басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай жүргiзе алады.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсатты, оның қолданыс мерзiмiн көрсете отырып аудандық, қалалық атқарушы органдар, ал егiстiкте, жақсартылған шабындықтар мен жайылымдарда, көп жылдық екпелер бар жерде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен орман қоры жерiнде жұмыстар жүргiзу үшiн облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдар бередi.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

3. Аталған жұмыстарды жүргiзу мерзiмдерi, олардың орны, шығынды өтеу және жердi нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi мiндеттер, сондай-ақ басқа да жағдайлар iздестiрушiнiң жеке меншiк иесiмен не жер пайдаланушымен немесе жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органымен (босалқы жерде, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары жоқ басқа да санаттағы жерде) жасасқан шартында айқындалады.

4. Іздестiру жұмыстары үшiн пайдаланылатын жер учаскелерiн тiкелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының iздестiрушiмен арасындағы шартта, учаскелердi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi жұмыстар iздестiру жұмыстарының барысында, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда жұмыстар аяқталғаннан кейiн, топырақтың тоңдану кезеңiн қоспағанда, бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиiс екенi ескерiле отырып айқындалады.

 

72-бап. Басқа да сервитуттар

Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген жағдайларда осы Кодексте аталғаннан басқа да сервитуттар белгiленуi мүмкiн.

 

73-бап. Жер учаскесiне құқық ауысқан кезде сервитуттың сақталуы

1. Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе сервитутпен ауыртпалық салынған жер учаскесiне жер пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.

2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.

 

74-бап. Сервитуттың тоқтатылуы

1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, оның белгiленген мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келiсiм негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.

2. Қауымдық сервитут қоғамдық қажеттер үшiн белгiленiп, ол қажеттер болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның сервитутты жою туралы шешiм қабылдауы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.

3. Сервитуттың қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.

4. Сервитут құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына, сондай-ақ ол белгiленген негiздердiң болмауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша сот тәртiбiмен тоқтатылуы мүмкiн.

5. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайларда, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, оның қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.

 

75-бап. Сервитутты тiркеу

1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың туындауы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

2. Сервитутты тiркеу кезiнде, сервитуттың туындауына негiз болған құжаттарға осы сервитутты берушi тұлға куәландырған, сервитуттың қолданылу аясының шекарасы бейнеленген жер учаскесiнiң жоспары қоса берiледi. Егер сервитут барлық жер учаскесiне қатысты болса, жер учаскесiнiң жоспарын беру талап етiлмейдi.

3. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.