Заттық құқықтарды қорғау

 

259-бап. Меншiк құқығын тану

Меншiк иесi меншiк құқығын тануды талап етуге құқылы.

 

260-бап. Меншiк иесiнiң мүлiктi өзгенiң заңсыз иеленуiнен талап етуi

Меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 261-бап өзгертiлдi

261-бап. Адал алушыдан мүлiктi талап етiп алдыру

1. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан тегiн алынып, алушы мұны бiлмесе, және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.

2. Егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы жоқ адамнан тегiн алынса, меншiк иесi барлық ретте мүлiктi талап етiп алдыруға құқылы.

3. Егер мүлiк сот шешiмдерiн атқару үшiн белгiленген тәртiп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүлiктi талап етiп алдыруға жол берiлмейдi.

 

262-бап. Ақша мен бағалы қағаздарды талап етiп алдыруды шектеу

Ұсынушыға берiлетiн ақшаны, сондай-ақ бағалы қағаздарды адал иеленушiден талап етiп алдыруға болмайды.

 

263-бап. Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып алу кезiнде есеп айырысу

1. Меншiк иесi осы Кодекстiң 260, 261-баптары негiзiнде мүлiктi талап ете отырып, арам ниеттi иеленушiден бүкiл иеленген кезiнде өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн қайтаруды немесе өтеудi; адал иеленушiден иеленуiнiң заңсыздығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған немесе меншiк иесiнiң мүлiктi қайтару туралы талап қою жөнiндегi хабарламасын алған кезден бастап өзi алған немесе алуға тиiс болған табыстардың бәрiн талап етуге де құқылы. Адал иеленушi өз кезегiнде меншiк иесiнен мүлiктен табыс есептелетiн уақыттан бастап ол мүлiкке жұмсаған қажеттi шығындарды меншiк иесiнiң өтеуiн талап етуге құқылы. Арам ниеттi иеленушi мұндай өтемдi иеленушiнiң талабын сот негiздi деп тапқан реттерде толық немесе iшiнара алуға құқылы.

2. Заңсыз иеленушi өзi жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтiрмей бөлуге келсе, өзiнде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкiн болмаса, адал иеленушiнiң жақсартуға жұмсаған шығындарын өтетудi талап етуге құқығы бар, бiрақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерiнен аспауы керек. Арам ниеттi иеленушiнiң мұндай құқығы жоқ.

 

264-бап. Меншiк иесi құқықтарын иеленуден айыруға байланысы жоқ бұзылудан қорғау

Меншiк иесi, өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

 

265-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтарын қорғау

Меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259-264-баптарындакөзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар.

 

266-бап. Заңда көзделген негiздер бойынша меншiк иесiнiң құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерiн қорғау

Қазақстан Республикасы меншiк құқығын тоқтататын заң құжаттарын қабылдаған ретте, осы құжаттарды қабылдау нәтижесiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды меншiк иесiне Қазақстан Республикасы толық көлемiнде өтейдi.

 

267-бап. Меншiк иесiнiң құқықтарын және басқа заттық құқықтарды бұзатын өкiмет, басқару органдары мен лауазымды адамдар құжаттарының жарамсыздығы

1. Егер мемлекеттiк басқару органының, жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның, не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке қуат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

2. Нақты iс бойынша сот шешiм шығарған жағдайда мемлекеттiк басқару органдарының, жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның заң құжаттарына қайшы келетiн құжаттары қолданылмайды.

Аталған құжаттарды шығару салдарынан меншiк иесiне келтiрiлген залал тиiстi өкiмет немесе басқару органының тиiстi бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтелуге тиiс.

 

3 бөлiм. Міндеттемелік құқық