Тарау. Міндеттемені орындау

 

272-бап. Мiндеттеменi тиiсiнше орындау

Мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

 

273-бап. Мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмеуi

Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.

 

274-бап. Мiндеттеменi бөлшектеп орындау

Егер мiндеттеме шарттарында, заңдарда өзгеше белгiленбесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, несие берушi мiндеттеменi бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы.

 

275-бап. Мiндеттеменi тиiстi адамның орындауы

Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе және iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен өзгеше туындамаса, борышқор мiндеттеменi орындау кезiнде несие берушiнiң өзi немесе бұған ол уәкiлдiк берген адам орындауға қабылдайтын нәрсенi талап етуге құқылы және мұндай талап жасалмауының зардабын тартуға тәуекел етедi.

 

276-бап. Мiндеттеменi үшiншi жақтың орындауы

1. Егер заңдарда немесе шартта көзделсе, сол сияқты үшiншi жақ тиiстi шарт арқылы тараптардың бiрiмен байланысты болса, мiндеттеменi орындау түгелдей немесе бөлшектеп үшiншi жаққа жүктелуi мүмкiн.

2. Егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен борышқордың мiндеттеменi жеке өзi орындау мiндетi туындамаса, несие берушi борышқор үшiн үшiншi жақ ұсынған орындау iсiн қабылдауға мiндеттi.

3. Несие берушiнiң борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуы салдарынан өзiнiң бұл мүлiкке құқығынан (иелену, пайдалану, кепiлге салу құқығы және басқа құқықтары) айрылу қаупi төнген үшiншi жақ несие берушiнiң талабын борышқордың келiсiмiнсiз өз есебiнен қанағаттандыра алады. Бұл ретте мiндеттеме бойынша несие берушiнiң құқығы үшiншi жаққа көшедi және осы Кодекстiң талапқа көну туралы ережелерi (осы Кодекстiң 339-347-баптары) қолданылады.

 

277-бап. Мiндеттеменi орындау мерзiмi

1. Егер мiндеттемеде ол орындалатын күн немесе ол орындалуға тиiстi уақыт кезеңi көзделсе немесе анықтауға мүмкiндiк берсе, мiндеттеме сол күнi немесе тиiсiнше сол кезең iшiнде кез келген уақытта орындалуға тиiс.

2. Мiндеттемеде ол орындалатын мерзiм көзделмесе және бұл мерзiмдi анықтауға мүмкiндiк беретiн шарттар болмаса, ол мiндеттеме пайда болғаннан кейiн ақылға қонымды мерзiмде орындалуға тиiс.

Ақылға қонымды мерзiмде орындалмаған, сол сияқты орындалу мерзiмi талап етiлетiн кезбен белгiленген мiндеттеменi, егер заңдардан, мiндеттеме шарттарынан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеме мәнiнен басқа мерзiмде орындау мiндетi туындамаса, борышқор несие берушi оның орындалуын талап еткен күннен бастап жетi күн мерзiмде орындауға мiндеттi.

 

278-бап. Мiндеттеменi бiрқалыпты орындау жөнiндегi талаптар

Ұзақ мерзiмде орындалатын болып есептелген мiндеттемелер, егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, не мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан туындамаса, бiрқалыпты, мiндеттеменiң осы түрi үшiн ақылға қонымды кезеңдерде (күн, онкүндiк, ай, тоқсан және т.б.) орындалуға тиiс.

 

279-бап. Мiндеттеменi мерзiмiнен бұрын орындау

1. Егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, және оның мәнiнен туындамаса, борышқор мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындауға құқылы.

2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауға мiндеттеменi мерзiмiне дейiн орындау мүмкiндiгi заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында көзделген, не iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе мiндеттеменiң мәнiн туындаған реттерде ғана жол берiледi.

 

280-бап. Мiндеттеменiң орындалу барысы туралы ақпарат

Заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында борышқордың несие берушiге мiндеттеменiң орындалу барысы туралы хабарлап отыру мiндетi көзделуi мүмкiн.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 281-бап өзгертiлдi

281-бап. Мiндеттеме орындалатын жер

Егер мiндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан көрiнбесе, ол:

1) мiндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлiктi беру - мүлiк орналасқан жерде;

2) мiндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлiктi тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлiктi несие берушiге жеткiзу үшiн оны бiрiншi тасымалдаушыға тапсыратын жерде;

3) егер бұл жер мiндеттеме пайда болған кезде несие берушiге белгiлi болса, кәсiпкердiң басқа мiндеттемелерi бойынша тауар немесе өзге де мүлiктi беру - мүлiк дайындалған немесе сақталатын жерде;

4) ақшалай мiндеттеме бойынша - несие берушiнiң мiндеттеме пайда болған кездегi тұрғылықты жерiнде, ал егер несие берушi заңды тұлға болса - мiндеттеме пайда болған кезде оның болған жерiнде; егер несие берушi мiндеттеменiң орындалу кезiнде тұрғылықты жерiн немесе тұрған жерiн өзгертiп, бұл туралы борышқорға хабарласа орындалатын жердiң өзгертiлуiне байланысты барлық шығындарды соның есебiне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерiнде немесе тұрған жерiнде;

5) басқа да барлық мiндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерiнде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерiнде орындалуға тиiс.

 

11.07.97 ж. № 154; 16.07.99 ж. № 436; 24.12.01 № 276-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 282-бап өзгертiлдi

282-бап. Ақшалай мiндеттеме

1. Ақшалай міндеттемеге байланысты бір адам (борышкер) екінші адамға (кредиторға) ақша төлеуге міндетті, ал кредитордың борышкерден ақша төлеу жөніндегі міндеттерін (ақша қарызы және басқа да міндеттемелер) орындауын талап етуге құқығы бар. Өтеу туралы шарт, залалды өтеу және тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы міндеттемелер, сондай-ақ зиян келтіру не негізсіз баю салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша ақша төлеу жөніндегі міндеттерге, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе немесе міндеттеме мәнінен туындамаса, ақшалай міндеттемелер туралы ереже қолданылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай міндеттемелер теңгемен (осы Кодекстің 127-бабы) көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының аумағында міндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасындағы төлем құжаттарын пайдалануға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда және шарттарда немесе оларда белгіленген тәртіппен жол беріледі.

Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртібі мен тәсілдері Қазақстан Республикасының ақша төлемдері мен аударымдары туралы заңнамасында белгіленеді және оларды тараптар тиісті шартта айқындайды.

2. Ақшалай мiндеттеменi орындау үшiн жеткiлiксiз төленген төлемнiң сомасы тараптардың өзге келiсiмi болмаған жағдайда ең алдымен несие берушiнiң орындау жөнiндегi шығындарын, сонан соң айыпақы мен сыйақыны (мүдденi), ал қалған бөлiгiнде - борыштың негiзгi сомасын өтейдi.

3. Ұзақ мерзiмдi мiндеттемелерде тараптар келiскен шарттарда төлемдi индекстеу көзделуi мүмкiн.

 

283-бап. Азаматты асырау үшiн төленетiн соманың арттырылуы

Ақшалай мiндеттеме бойынша азаматты асырауға тiкелей төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру үшiн, өмiр бойы асырау шарты бойынша және басқалары) ең төменгi жалақының ресми түрде өсуiне қарай арттырылып отырады.

 

284-бап. Өзара мiндеттердiң орындалуы

1. Егер заңдардан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, тараптар өзара мiндеттердi бiр мезгiлде орындауға тиiс.

2. Тараптардың бiрiнiң мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы өзара мiндеттердi орындау және қарсы талаптарды қанағаттандыру кезiнде, егер заң құжаттарында немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше белгiленбесе, екiншi тарапты өз мiндеттерiн орындаудан босатады.

 

285-бап. Балама мiндеттеменiң орындалуы

Екi немесе бiрнеше әрекеттiң бiрiн жасауға мiндеттi борышқорға, егер заңдардан немесе мiндеттеменiң шарттарынан өзгеше туындамаса, таңдау құқығы берiледi.

 

286-бап. Бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысатын мiндеттеменiң орындалуы

Егер мiндеттемеге бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысса (адамдар көп болған мiндеттеме), несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi орындауды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы заңдардан немесе мiндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлестi орындауға мiндеттi (үлестi мiндеттеме).

 

287-бап. Ортақтасқан мiндеттеменiң орындалуы

1. Несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға мiндеттi болуына сәйкес көп жақтар қатысатын мiндеттеме ортақтасқан мiндеттеме деп танылады.

Егер бұл шартта көзделмесе немесе заң құжаттарында белгiленбесе, соның iшiнде мiндеттеменiң мәнi бөлiнбейтiн кезде ортақтасқан мiндеттеме немесе ортақтасқан талап пайда болады.

2. Кәсiпкерлiк қызметпен байланысты мiндеттеме бойынша бiрнеше борышқордың мiндеттерi, сол сияқты мұндай мiндеттемелердегi бiрнеше несие берушiнiң талаптары егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, ортақтасқан мiндет болып табылады.

3. Борышқорлар ортақтасып мiндеттi болған жағдайда несие берушi барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенiн де оның үстiне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бiрiнен толық қанағаттанбаған несие берушi алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы.

Ортақтас борышқорлар мiндеттеме толық орындалғанға дейiн мiндеттi болып қала бередi.

Борышқорлардың бiрiншi ортақтастық мiндеттi толық орындауы қалған борышқорларды несие берушi үшiн орындаудан босатады.

4. Талаптар ортақ болған жағдайда ортақтас несие берушiлердiң кез келгенi борышқорға толық көлемiнде талап қоюға құқылы.

Ортақтас несие берушiлердiң бiреуiне мiндеттеменi толық орындау борышқорды өзге несие берушiлерге оны орындаудан босатады.

5. Ортақтасқан мiндет болған ретте борышқордың несие берушiнiң талаптарына қарсы басқа борышқорлардың осы борышқор қатыспайтын несие берушiге осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ. Талаптар ортақ болған жағдайда борышқордың ортақтас несие берушiлердiң бiреуiнiң талабына қарсы осы несие берушi қатыспайтын борышқордың басқа ортақтас несие берушiмен осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруiне құқығы жоқ.

 

288-бап. Субсидиялық мiндеттеменi орындау

Негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн екендiгi заң құжаттарында немесе несие берушi мен борышқордың арасындағы мiндеттеме ережелерiнде көзделуi мүмкiн.

 

289-бап. Регрестiк талаптар

1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.

Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.

2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.

Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.

Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.

3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.

 

290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру

1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.

Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.

Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.

2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.

3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211 Заңдарымен 291-бап өзгертiлдi

291-бап. Борышты депозитке төлеу арқылы мiндеттеменi орындау

1. Егер борышқор:

1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;

2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;

3) мiндеттеме бойынша атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;

4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.

2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.

Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.