Ркениет дамуындағы көркем аударма рөлі
Мақсаты:
Көркем аударманың әлемдік өркениетті дамытудағы рухани ықпалын көрсету.
Жоспар:
- Қазіргі көркем аударманың әлемдік әдебиет жетістіктерімен салыстырудағы деңгейі.
- Аударманы дамытудың ғылыми-теориялық мүмкіндіктері.
- Көркем аударманың ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытудағы әсері.
- Ұлт таланттарын таныту құралы ретінде көркем аударманың қажеттілігі.
- Аударманың тәлімдік-тәрбиелік ықпалы.
Кілт сөздер: поэтика, пейзаж, портрет, полифониялық роман, көпдауыстылық, сюжет, бейнелеу-баяндау құралдары, монолог, диалог, көркемдік қызмет, көркемдік идея.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қазақ тілі де мемлекеттік мәртебеге ие болып, өрісі кеңейе түсті. Бұл дегеніміз тіліміздің барлық салада, жан-жақты өркендеуін талап етеді. Осы үдерістің қарқынды дамуына көркем аударманың қосатын үлесі айрықша. Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі классикалық әдебиеттің туындылары қазақ тіліне толық аударылмаған.
Әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарын төл тілімізге аударып, оны әдебиетіміздің ажырамас бір бөлігіне айналдыру – өзекті де күрделі мәселе. Осы ретте кез келген аударма туындының қаншалықты жүйелі, жоспарлы және сапалы екендігі туралы сұрақтың туындауы заңды құбылыс. Сапалы аударманың маңызды нәтижесі ұлттық әдеби тіліміздің тұғырының нығаюына ықпал етері сөзсіз. Қазіргі әдебиеттану ғылымында көркем аударма әдеби шығармашылықтың бір саласы болып қана қоймай, мәдени байланыс және әдеби құндылықтармен алмасудың құралына айналған, яғни өзара әсер-ықпал етіп, бірін-бірі байытуға: сәйкес тілдік қалыптарды тауып, оларды орынды қолдану арқылы философиялық, эстетикалық, жан-жақты тақырып аясын кеңейтуге жағдай жасайды.
Сонымен, аударма әдебиеттердің ұдайы өзара ықпалдастығы мен бір әдебиеттің келесі әдебиеттің көркемдік тәжірибесін игеріп, меңгеруінің лебізі бола алады. Аударманың басты мақсаты – түпнұсқаны ұлт тіліне сәйкес құралдармен жеткізу аудармашылық тәжірибе мен теорияның тоғысуында ғана өз мәресіне жетеді.
Теория мен тәжірибе шебер ұштасқан кезде түпнұсқаның көркемдік және эстетикалық қуатын, жазушының өзіндік стилін сәйкес аудару мәселесі шешіледі. Оқу құралында қазіргі көркем аударма теориясындағы көркем мәтінді аудару мен талқылау сияқты өзекті мәселелерді қамтуды көздедік. Оқу құралының бірінші тарауында көркем мәтінді талқылау аударма үдерісімен және аудармашылық іс-әрекеттермен тығыз байланыста қарастырылды.
Аудармашылық талқылау мәтін мен аудармашы арасында диалог орнатудың негізі ретінде пайымдалды. Аударма теориясы мен тәжірибесі балама аударманы қолдап, қуаттағынымен, еркін аударманың туындауы мәселесін күн тәртібінен шығарған емес. Аударма тәжірибесі дәлелдегендей, бірыңғай шектеулі аударманың болуы мүмкін емес. Осыған орай, аударманың шығармашылық сипатын ескерер болсақ, әрбір шығармашының да жеке даралығын ұмытпау қажет.
Жоғарыда айтылғандарға өз заңдылықтары бар тіл жүйелерінің әркелкілігін қоссақ, аударма түпнұсқаға толық сәйкес бола бермейтін кездер болады. Осындай жағдайда аудармашының шығармашылық тапқырлығы мен ізденістері тығырықтан шығатын жол табады. Демек, аудармашы түпнұсқа мәтіндегі астарлы мәтінді, үстіңгі мәтінді, контексті дұрыс ұғынып, монологтар мен диалогтардың үні мен ырғағын дұрыс аударуы кез келген кейіпкер тұрғысынан романды интерпретациялау мүмкіндігін көрсетеді.
Автор мен оқырман арасындағы аудармашының шығармашылық тұлғасы, көркем шығармадағы реалиилер мен оларды жеткізу мәселесіне арнадық. Аудармада қиындық тудыратын реалии сөздер туралы пікірлерді жүйелі түрде қарастырып, оларды аудару тәсілдерін саралауға тырыстық. Реалиилерді жеткізу – аударма тілінде тура баламаларды іздестіру деген сөз емес.
Осы үдеріс, ең алдымен, мәдени сәйкестікті, концептіні зерделеуден, сондай-ақ түпнұсқадағы ұлттық және тарихи колоритті аударма тіліндегі құралдармен пішінін, мазмұнын жеткізуден тұратын күрделі ойлау үдерісі екендігін естен шығармау қажет. Көркем шығарманың аудармаларын жан-жақты талдау арқылы тіл, мәдениет және ұлттық дүниетаным мәселелеріне тоқталып, тұжырымдар жасаудың маңызы зор. Осы орайда қазақ-орыс байланыстарындағы орыс классикалық туындыларының аударылу тарихы мен оның маңызына тоқталдық.
Түпнұсқа мен аударма мәтінді салыстыра зерттеу үлгілерін келтіріп, аударма трансформацияларын, негізгі принциптері мен ұстанымдарын, аударма мәтіннің түпнұсқамен сәйкестігін сараптадық. Аударма шығармада оның авторы мен аудармашының шығармашылық шеберлігі мен даралығы қатар көрініс табады. Көркем шығарманың мән- мағынасын ұғыну интерпретациялауды білдіреді, ал интерпретациялау көркем шығарманы аударудың міндетті кезеңдерінің бірі болып табылады.
Осының бәрі аударма мәселелерін зерттеудің саласы мен арнасы көп әрі алуан түрлі екендігін көрсетеді. Біз осы мәселелердің тек кішігірім ғана бөлігін қозғадық. Көркем шығарманы аудару мен талқылау күрделі де көпсатылы үдеріс болғандықтан, ол әлі де зерттеуді қажет етеді.
Аударманы түсінуді үдеріс ретінде, сонымен қатар түпнұсқаны интерпретациялаудың нәтижесі ретінде қарастыру аталмыш тақырып аясының өзектілігінен туындайды.
Дәрісті қорытындылау:
Мәдениетаралық коммуникация саласындағы рухани қазына – көркем шығарманы аудару мен талқылау аударма теориясының кезек күттірмес мәселелерінің бірі болып қала бермек.
Бақылау сұрақтары:
1 Көркем аударманың басқа ғылымдармен, тіл білімінің салаларымен байланысы неде?
2 Аударма шығармасы қалай қабылданады?
3 Қабылдау үдерісінің коммуникативті, композициялық, эстетикалық т.б. сипаттарын атаңыз.
4 Аударма үдерісіндегі қабылдау мәні неде?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Б.Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау. — Алматы: Санат, 1996. –336 б.
2 Пірәлиева Г.Ж. Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі: филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1994. – 138 б.
3 Соловьев С.М. Изобразительные средства в творчестве Достоевского. Очерки. – М.: Советский писатель, 1976. – 352 с.
4 Ф. М. Достоевский в русской критике // Сборник статей. – М.: Издательство художественной литературы, 1956. – 469 с.
5 Есембеков Т.О. Аударманың поэтикалық мәселелері // Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері: республикалық ғылыми- теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2010. – Б. 31-35.