Төмпешік-тубералды жансыздандыру.
Нысана жоғарғы жақтың төмпешігі. Онда жоғарғы тістер өрімінін, артқы бөлігіне кіретін көптеген тесіктер бар. Нысана белгілері: 8 7 6 / 6 7 8 тістер, өтпелі қатпар мен шықшыт-тіс ұяшығы-альвеола қыры. Ақыл тіс ұясының шетінен тесіктеріне дейін 2,0-2,5 см-дей.
Ішкі әдіс— Ауызды сәл ашылған қалпында езу мен ұртты стоматологиялық айнамен сыртқа тартады. Инені шықшыт- тіс ұяшығы -альвеола қырының артын ала 2 азудың немесе 2-3 азудың арасына шамалап өтпелі қатпарға қадайды. Сүйекті жағалай отырып жоғары, артқа, ішке қарай бағытталған ине жоғарғы жақ төмпешігін айналып өтеді. Ине жылжыған сайын аздап жансыздандыратын дәрі-анестетик жіберіп отырады, бұл қан тамырларын инемен жарақаттанудан сақтайды. Шаншу тереңдігі 2,0-2,5 см 10-12 мин соң жоғарғы артқы тіс ұяларының жүйкесі жансызданады (6-сурет).
Жансыддандыру аймағы.Үш азу мен оның тұсындағы тіс ұяшығы өсінді, кіреберістегі кілегей қабық, жоғарғы жақ дөңесі, гаймор қуысының артқы қабырғасының кілегей қабығы.
Сыртқы әдіс— Науқастың басын қарсы жаққа бұрып сол қолмен шықшыт- тіс ұяшығы қырын белгілейміз. Оң жақтан ине шаншығанда сол қолдың сұқ саусағы мен бас бармақты жоғарыдан төмен қарай ұстаймыз. Мұнда сұқ саусақ қырдың иілген жеріне тіреледі. Бет сүйегі мен шықшыт- тіс ұяшығы қыры арасында үлкен бұрыш пайда болады. Жұмсақ тіндер саусақпен сүйекке қарай сығылады. Инені аталған бұрышқа шаншып, ерітінді жібере отырып жоғары, ішке, артқа қарай 2,0-2,5-дей тереңдікке бойлатады.
Сурет-29. Төмпешіктік жансыздандыру.
Сол жақтан ине шаншығанда бас бармақ шықшыт- тіс ұяшығы қырының алдында, ал сұқ саусақ шықшыт- тіс ұяшығы бұрышы мен қырдың арт жағын ұстайды.
Сурет -30. Көзасты жансыздандыру
Көзасты-инфраорбиталды жансыздандыру. Нысана- көзасты тесігі, көз шарасының төменгі қырынан 0,5-0,75 см-дей төмен жүргізілген сызық пен 2-ші жоғарғы кіші азулар мен иек тесігі арқылы жүргізілген тік
сызықтар қиылысында немесе тік алға қарап тұрған көз қарашығы арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында орналасқан. Іс кезінде көз шарасының төменгі қырындағы жоғарғы жақ пен бет сүйегінің бірігуінен пайда болған бұдырдан 0,5-0,75 см төмен алады. Өзек алға, ішке төмен қарай бағытталған. Олардың жалғасы орта күрек тістердің арасындағы қызыл иектен сәл жоғарылау жерде қиылысқан болар еді.
Ішкі тәсіл— көзасты тесігінің проекциясын анықтаған соң сол қолдың сұқ саусағымен жұмсақ тіндерді сүйекке баса ұстап, бас бармақпен жоғарғы ерінді жоғары, сыртқа қарай ысырады. Бұл кезде ауыз жабық болады. Инені орта және шеткі күрек тістер аралығынан өтпелі қатпарға шаншиды. Көзасты тесігіне бағытталған инені сүйекке тигенге дейін бойлатып, біраз анестетик жібереді. Енді инені әрі қарай жылжытқанда ауырмайтын болады. Ине суқ саусақ тұсына жеткен кезде, оны жайлап жылжытып көзасты тесігін табады. Инені өзекке кіргізбей-ақ тесіктің алдында 0,5-0,75 мл-дей анестетик жібереді. Инені өзекке кіргізіп әрі қарай жылжытып жансыздандырғыш дәрі жіберу көзасты нервісінің жарақаттануына әкеліп соғады.
Орта, алдыңғы тіс өрімдерінің анестезиясы 5-7 минуттан кейін пайда болады.
Сыртқы әдіс— Жоғарғы күрек тістердің тұсындағы тіс ұяшық-альвеола өсіндісінде қабыну кезеңі-процессі болса, сыртқы тәсілді қолдануға болады. Сұқ саусақпен көзасты тесігін белгілеп ұстап жіңішке инені сол жерден 0,5 см-дей төмен және ішке таман теріге шаншиды. Ине жоғары, арт, сырт бағытта болып, көзасты тесігіне барып кіреді.
Жансыздандыру аймағы— жоғарғы алдыңғы альвеола жүйкелері мен көзасты жүйкесінің соңғы бұтақларына дейін, күрек, сүйір тістер, тіс ұяшық-альвеолды өсінді мен кілегей қабықтың босаға тұсы, төменгі қабақ пен жоғарғы жақтың алдыңғы және бүйір тұсы, көзасты тіндері, мұрынның бір беткейі мен жоғарғы ерін, жансыздандыратын дәрі-анестетик тереңдеп сіңіп кеткен жағдайда орта тіс ұяшығы-альвеоляр өрімге де әсер етіп кіші шайнау тістері мен оны қоршаған тін де жансызданады.
Таңдай жансыздандыру(8-сурет). Нысана - таңдайдың үлкен тесігі, ол тіс ұяшық-альвеола өсіндісінің ішкі жағына үшінші азудың тұсында, егер үшінші азу әлі шықпаған болса, екінші азудың артына таман ішке қарай орналасады.
Тіс жоқта басқа белгілер есепке алынады. Тесік А сызығынан (қатты таңдайдың шетінен) 0,5 см-дей алға қарай, қызыл иек пен таңдайдың орта сызығының ортасында деп белгілейді.Жалпы ереже.Инені ауызды мүмкіндігінше қаттырақ ашып тесік тұсынан 1 см-дей алға, ішке қарай шамалап шаншиды. Ине жоғары, артқа және сыртқа қарай бағытталады да сүйекке дейін енеді. 0,5 мл-дей жансыздандыратын дәрі-анестетик жіберіледі. Жансыздандыру-анестезия 3-5 мин кейін білінеді.
Жансыздандыру аймағы. Қатты таңдайдың артқы 2/3 бөлігінің кілегей қабығы сүйір, тістің тұсына дейін, аздап жұмсақ таңдай жансызданады.
Сурет -31. Таңдай жансыздандыру
Күрек тіс жансызандыру.Нысана - күрек тіс тесігі. Ол таңдайдың орта сызығының бойында ортаңғы күрек тістердің арасындағы қызыл иек шетінен 7-8 мм-дей қашықтықта орналасқан. Тесіктің сәл алдыңғы жағында күрек тіс бүртігі бар.
Ішкі әдіс.Ауызды кере ашып инені күрек тіс бүртігіне немесе оның бір шетін ала шаншиды да сүйекке жеткенге дейін ендіреді. 0,25-0,5 мл ерітінді жіберген соң 3-5 мин уақыт күтеді.
Жансыздандыру аймағы. Сүйір тістерді қосатын сызықтың алдыңғы жағындағы таңдайдың кілегей қабығы.
Инені өзекке 0,5-0,75 см-дей ендіріп дәрі жібергенде жансыздандыру-анестезия толығырақ болады, себебі, мұнда жансыздандыратын дәрі-анестетик байламға-анастомозға да әсер етеді. Күрек тіс бүртігіне ине шаншудан бұрын 2-3% дикаин ерітіндісін жағамыз.
Сыртқы (мұрын іші) әдіс.Мұрын төменгі қуысы мен мұрын пердесі түбіне инемен жансыздандыратын дәрі-анестетик жіберіледі немесе 2-3% дикаинмен суланған тампон қойылады.