Тіс жұлған соң жараны өңдеу, күтім
Тіс жұлу кезінде тіс, түбір т.б. алынған заттар табақшаға жиналуы керек. Отадан соң жиналған заттарды зерттеп, егер бітеле бастаған жара ісігі-гранулема қалып қойса оны қырыу-кюретаж қасықшасымен тазалайды. Түбір, сүйек сынықтарын да ұядан шығарады.
Тісті ырғағанда орнынан сырғыған ұя қырларын, саусақпен немесе тампонмен басып орнына келтіреді. Сүйек пен далданың үшкір қырларын қысқыштармен тістеп тегістейді. Дөңгелек сіңір де қалыпты жайына жақындайды. Қиын жұлынған тіс, қатарынан жұлынған тістер орнына кетгут жіптер салынады. Кілегей қырлары бір-біріне жақындаса да жеткілікті, олар сүйекке жабысып, ұядағы ұйысқан қанды ұстап қалады. Ауызды шаю керек емес. Сонан соң залалсыздандырылған-стерилді тампонды ұя үстіне қойып 10-15 минуттай ұстау керек.
Қан тамырларының тарылып, тромбпен бітеліп қалуынан кейде ұя бос қалады. Бұл дұрыс емес, себебі бос ұяға сілекей, тамақ қалдығы кіріп оның қабынуына себеп болады. Бұл кезде хирургиялық қасықшасымен ұя қырларын, түбін қырып, майда тромбтарды алып, науқастың басын төмен салбыратып ұяға қан толтыру жолын қарастырады.
Тіс жұлдырған күні ыстық, қатты тамақ ішуге, ауыр жұмыс істеуге ыстық суға түсуге, ішкілік ішуге болмайды. Бұлар ұядағы ұйысқан қанды шайып, қан тамырларын кеңейтіп ұядан тоқтамай қан ағуына себеп болады. Тамақ жылы, жұмсақ болғаны жөн.
Ертеңінде тамақтан соң ғана жайлап ауыз шаюға болады. Тіс жұлдырған соң бірнеше сағат кейде 1-2 күн бойы ұя орнында ауырсынған сезім бірте-бірте азайып барып жоғалады. Осы мерзім ішінде шыққан қан аралас түкірік бастапқы түсіне қайта оралады.
Периодонт пен жақ сүйектегі жедел ағымды қабыну кезеңі болса, жараны тігу мен ұяны қыруға-кюретаж жасауға болмайды. Кескен жерден, тіс ұясынан ірің шықса ауызды залалсыздандырылған-антисептик ерітінділерімен шаю керек. Тіс ұясынан қан тыйылмаса, 1-2 күн ішінде тіс орнының ауырғаны қоймаса, тіпті күшейіп кетсе, кейінге қалдырмай дәрігерге қаралу қажет.
Тіс ұясының жазылуы
Тіс ұясы ұйысқан қанмен бітеледі. А.Е.Верлоцкийдің итке жасаған тәжірибесі бойынша, ұя түбі мен бүйірлерінен ұядағы тромбқа қарай грануляция тіні өсіп 7-8 күн ішінде кілегей қабықтан өскен эпителий тромбты түгел жабады. Ол 12-14 күннен соң бекиді, үш аптадан соң барып қалыпты жағдайға келеді. 7-8 күннен бастап ұя түбіндегі бітеле бастаған дәнекер тін-грануляция остеоид тіндермен алмаса бастайды. Жараланған өткір сүйек қырлары да ыдырайды. 4 аптадан соң ұяда сүйек нұсқасы пайда болды. 2-3 ай өткен соң ұядағы остеоид тін мен оның айналасында айырмашылық негізінен жоғалады, альвеола қыры 1/3 биіктігіне отырады, айналасы жұмырланады. Ал 6-ай өткен соң ұядағы сүйек жақ сүйегімен бірдей болып қалыптасады.
Адамда бұл аталған жайлар біршама баяу болады. Ұяда қалған түбір сүйекке де сіңбейді, ығыстырылып та шығарылмайды, Созылмалы қабыну кезеңі тоқтамай жалғаса береді. Ұя жазылып бітелгенімен қызыл иекте жыланкөз пайда болып, қабыну оқтын-оқтын асқынып тұрады.
ТІС ПЕН ТІС ТҮБІРЛЕРІН ЖҰЛУ КЕЗІНДЕ ЖӘНЕ ЖҰЛЫНҒАННАН КЕЙІН БОЛАТЫН АСҚЫНУЛАР
Тісті жұлу кезінде болатын асқынуларды жалпы және жергілікті асқынулар деп бөледі. Жалпы асқыну жағдайлары: естен тану, коллапс, шок, жұлынған тістің тампонның, ұйыған қанның, тыныс жолына өтіп кетіп кептеліп қалу нәтижесінде болатын тұншығу жатады. Олардың пайда болуына - ота алдында қорқу, құрал жабдықтардың, түкіргіштегі қанның көрінісі, дәрігердің науқасқа селқос қарауы әсер етеді.
Сонымен бірге организмнің қажуы, аштық, жүрек қан тамырларының зорығуы, жұқпалы аурулар себепші болуы мүмкін. Жансыздандырудың толық әсер етпеуі, науқастың ауруды сезінуі тыныс және жүрек қан тамыр орталықтарының жұмысына әсер етіп оларды әлсіретеді.
Жалпы асқыну
Естен тану.Орталық жүйке жүйесінде жеке ми қыртыстарында қан келмеуі нәтижесінде ауру адам есінен танады. Мұндай кезде әлсіздік, құлағы шуылдап, көзі қарауытып, басы айналуы, аяқ-қолы мұздауы мүмкін. Естен тану кезінде денеден суық тер шығып, көз қарашықтары кеңейеді. Ауру адамның денесі босап, қолдары төмен салбырап түсіп кетеді. Тамыр соғысы жиілеп әлсірейді. Мұндай жағдайда науқас бірнеше минуттан соң қалпына келеді.
Алғашқы әрекеттер мидың қан айналымын жақсартуға бағытталуы тиіс. Ота жедел түрде тоқтатылып, аурудың басын тізесінен төмен қарай еңкейту немесе орындық-креслоның сүйенішін төмен түсіріп оның денесін көлденең күйге келтіру қажет.
Терезелерді ашып, түймелерін, белбеуін ағытып, тыныс алуды қиындататын кедергілерді жояды. Тыныс алу орталығын қоздыру үшін мұрынға мүсәтір спиртімен ылғалданған мақта иіскетеді. Бұл іс-әрекеттер жеткілікті нәтиже бермеген жағдайда тері астына 1 мл 10% кофеин ерітіндісі, кордиамин, коразол егіледі, оттегімен тыныс алдырады. Лобелиннің немесе 1% цититонның 1 мл егіледі. Аурудың аяқтары бас деңгейінен жоғары көтеріледі.
Есі танған аурудың жағдайы жақсарған соң, отаны жалғастыруға болады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, алдын ала сақтық шараларын қолдану қажет.
Коллапс.Тіс жұлу кезіндегі ауру жағдайының қиындауының ауыр түрлерінің бірі болып есептеледі. Бұл жағдай жүрек қан тамырлары жұмыстарының әлсіреуі нәтижесінде шығады.
Коллапстың негізгі себептері-үлкен жарақат және аурудың қансырауы. Науқастың бет-аузы бозарып, аяқ-қолы мұздап, қан қысымы төмендейді, басы айналып көру қабілеті нашарлайды. Тыныс алуы әлсіреп жиілейді. Емдеудің негізгі мақсаты қансырауды тоқтатуға, қан қысымын қалпына келтіруге бағытталады, отаны тоқтатып, жарақатты тампонмен жуып, ауруды көлденең жатқызып 40-60мл 40% глюкоза ерітіндісін, физиологиялық ерітіндіні көк тамырға-венаға жібереді. Сондай-ақ қан немесе плазма құйылады. Тері астына жүрекке әсер ететін дәрілер салынады. Аяққа ыстық су құйылған резеңке қыздырғыш қояды.
Шок.Тіс жұлу кезінде ауруда шок дамуы өте сирек кездеседі. Кей жағдайларда отадан соң болуы мүмкін.
Шоққа алып келетін жағдайлар - естен тану, коллапстағыдай. Негізгі себептері: ұзақ уақытқа созылған ота, көп мөлшерде қан жоғалту, жансыдандырудың жеткілікті дәрежеде болмауы.
Бұл жағдай өмірлік маңызы зор дене мүшелері қызметінің нашарлауына әкеліп соғады және орталық жүйке жүйесінің шамадан тыс әлсіреуінің нәтижесінде болады. Алғашында қозу, оның артынан іле сала тежелу кезеңі жүреді. Ауру адам айналасына қатыссыз қарайды, ақыл есі жайында, тері қабаты көгеріп-бозарған, көз қарашығы кеңейіп, қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы әлсірейді. Тыныс алуы-беткейлі, көз алмасы үңірейіп қозғалыссыз болады. Дене қызуы төмендейді. Шок жағдайында емдеу-физиологиялық ерітінді, глюкоза, морфин егу, қан құю, ысытқыштармен ысыту оттегі мен көмір қышқылының 3-5% қоспасымен тыныс алдыру.
Қанды шокқа қарсы бағытталған сұйықтармен (Ц.И.П.К.Ц.О.Л.И.П.К.- 5, Петров ерітіндісі) кезектестіріп құю қажет. Полиглюкин немесе поливинил, пирамидон қабылдаған да пайдалы.
Алдын алу шаралары қансыратпау, жеткілікті дәрежеде жансыздандыру, отаның алдында алдын ала дәрі демеу-премедикация жасау.
Тыныс алудың бұзылуы.Тыныс жолдарына - жұлынған тістің, тампонның немесе ұйыған қанның түсуінің нәтижесінде, науқас тұншығуы мүмкін. Мұндай жағдайда жедел трахеостомия жасау қажет.
Егер де тыныс жолдарына жұлынған тістің жарықшақтары түссе бұл тыныс алуды шұғыл өзгертпейді. Алайда, кейін өкпенің іріңді қабынуына әкеліп соғады. Сондықтан ауруды рентгендік зерттеуден өткізу және пульмонологтың кеңесі қажет.