Беттің одонтогенді теріасты гранулемасы
Әдетте, созылмалы гранулденуші периодонтиттің өршуі, асқынуы болып табылады. Бұл кезде түбір маңындағы грануляциялық тін теріасты май қабатына таралады да осы жерде ұзақ уақыт бойы ауру сезімінсіз сақталады. Бұл аз мөлшерде ірің жиналып грануляция түзетін теріасты май қабатындағы баяу өтетін қабыну процесі. Кейбір ірің ошақтары өз бетінше ашылып, теріде қанды немесе қанды іріңді заттар бөлетін терең емес жыланкөздер түзіледі. Олардың кейбіреулері жабылады, бірақ көршілес жерден жаңа жыланкөз пайда болуы мүмкін.
Беттің одонтогенді теріасты гранулемасының даму кезеңін 2-ге бөлуге болады: 1 )жасырын кезең — мұнда бет терісінде еш өзгеріс болмайды (процестің біріншілік сипаты) және 2) тері көріністері кезеңі, мұнда бет терісінде өзгерістер пайда болады. Осы кезеңдердің 4 клиникалық түрі бар (біріншілік, стационарлық, жылжымалы, іріңдеуіш).
1. Біріншілік түрі: ауыру сезіміне шағым жоқ. Сырттай қарағанда бет терісінде өзгеріс жоқ. Сипап тексергенде тері астында ауру тіс деңгейінде мөлшері бұршақтай, ауырмайтын ұйыспа-инфильтрат (тығыз жер) анықталады. Ауыз еркін ашылады. Ауыз қуысында: сол тіс аймағындағы шырышты қабық түсі өзгермеген, бірақ шырышты қабық астында тісте теріасты майлы қабатындағы ісік тәріздес затқа бағытталған тығыз таспа (тяж) анықталады.
2. Стационарлық тұрі: ауыру сезіміне шағым жоқ. Бетінде ауру тіс маңында кішкентай шектелген ұйыспа-инфильтрат бар, оның үстіндегі тері жұқарған, қоңыр-көкшіл түсті, кейбір жерлерінде қатпарланған болбыр, кейде ұйыспа-инфильтрат үстінде жыланкөз қалыптаса бастаған, одан қанды немесе қанды іріңді зат бөлініп тұрады. Осы күйінде гранулема бірнеше жылдар бойы тұруы мүмкін. Ауру аузын еркін ашады. Ауыз қуысы шырышты қабығында өзгеріс жоқ.
3. Жылжымалы түрі: жарақаттанған аймақта бір уақытта әртүрлі патологиялық ошақ элементтері — ұйыспа-инфильтрат, жыланкөз, тыртық болады. Бұл түрінде ұйыспа-инфильтрат кері дамып, жаңындағы аймақта кезең- процесс өршіп, жаңа ұйыспалар-инфильтраттар мен жыланкөздер пайда болады. Осы жердің терісі жұқарып, болбыр, әлсіз, қатпарлы, көкшіл-қоңыр түсті болады. Өзгерген тері астында теріасты майлы қабатының орнына құрамында аз мөлшерде іріңі бар грануляциялық тін пайда болады. Жыланкөздерден қанды-іріңді сұйық ағып тұрады. Осындай жылжымалы түрі кейде терінің көп жерін қамтып, адамның беті ұсқынсыз болып көрінеді. Кезең-процесс барлық ұртты, жақасты аймағын мойынның бүйір бөлімін, тіпті бұғанаға дейін қамтыған кездері болғаны жазылған.
Осындай клиникалық көрініске ие болған теріасты одонтогенді гранулемасы 3 белгі-симптоммен сипатталады: бұзылған тіс, ұйыспаға-инфильтратқа созылған таспа (тяж) және гранулема.
4. Іріңдеген түрі: бұл жиі стационарлық және жылжымалы түрлерінің соңғы кезеңі болып табылады, сирек теріасты гранулемасы бірден іріңдеген түрінен басталуы мүмкін. Бұл үшін түрі өзгермеген сау тері бетінде дөңгелек немесе сопақ пішінді томпайып тұратын шектелген түзілім тән. Ауру жарақаттанған жеріндегі ауру сезіміне, қышитынына шағымданады, дене қызуы 37-37,2°С.
Іріңдік не өз бетінше бір немесе бірнеше жыланкөз түзіп ашылуы, не созылмалы ағым алуы, мөлшері үлкеймеуі болмаса баяу таралуға ыңғай алуы мүмкін. Шырышты қабық түсі өзгермеген, оның астында білінер-білінбес таспа (тяж) анықталады.
Еске сақтайтын жай, клиникасында әртүрлі өзіне тән ерекшелігі болғанымен бәрінде де 3-белгінің болуы тән - ауру тіс, гранулема және ауру тістің альвеоласынан теріасты гранулемасына созылған таспа.
Ажырату нақтамасы-диагностикасы.Одонтогенді теріасты гранулемасының нақтамасы-диагностикасы қиын еместігіне қарамастан, кейде нақтама-диагноз қоюда дәрігерлер қателеседі. Осыған байланысты оны төменгі ұқсас дерттерден ажырату керек болады.
Актиномикоз.Қоздырғышы — сәулелі саңырауқұлақ. Бұл ауру түріде ұзаққа созылады, мұнда да жыланкөздер, ұйыспа-инфильтрат болып, тері жұқарады. Бірақ одонтогенді теріасты гранулемасына қарағанда актиномикоз кезінде ұйыспа-инфильтрат қатты, тығыз, ағаш сияқты, жыланкөздер тұрақты, ауыз шектеліп ашылады, кейде жақ сүйектері тырысып қалады (соңғы құбылыс беттің одонтогенді гранулемасында ешқашан болмайды). Қорыта келе бөлінген іріңнен сәулелі саңырауқұлақты табу талассыз актиномикоз екенін дәлелдейді.
Жақ сүйектерінің созылмалы остеомиелиті.Бұл кезде ауыз қуысының ішінен немесе сыртынан жыланкөз пайда болады, одан күшті грануляцияны және іріңді көруге болады. Жыланкөзді шұқып тексергенде жылжымалы сүйек тінінің шіріген бөлігі-секвестр анықталады. Остеомиелит аймағында тістер қозғалмалы. Рентгенограммада әртүрлі мөлшерде сүйек тінінің бүліну-деструкция ошақтары байқалады. Жақ сүйектерінің остеомиелитімен салыстырғанда беттің теріасты гранулемасында түсі көкшіл тартып, жұқарған тері аймақтары болады, бір немесе бірнеше жалынкөздерден қанды сұйықтық бөлініп тұрады, жыланкөзді шұқып тексергенде сүңгі-зонд жұмсақ тіндерге тіреледі. Теріасты гранулемасына тән 3 белгі-симптом болады (ауру тіс, таспа, гранулема). Рентгенограммада созылмалы гранулденген периодонтитке тән өзгерістер болады.
Шиқан (фурункул).Түкқапшықтары мен май бездерінің қабынуы. Беттің одонтогенді теріасты гранулемасынан айырмашылығы теріде қызғылт түсті қабыну тәжі қоршаған, көлемі түйрегіштің басындай кішкентай іріңдік пайда болады. Мұндай аурулардың келіп шығу тарихында-анамнезінде тіске байланысты шағым жоқ, олар шиқан аумағындағы ауыру сезіміне, дене қызуының көтерілуіне, әлсіздікке, жалпы жағдайының нашарлағанына шағымдайды, Беттің одонтогенді теріасты гранулемасына қарағанда кезең-процесс тез дамиды және оған тән 3 белгі-симптом болмайды.
Емі.Беттің одонтогенді теріасты гранулемасының біріншілік түрінде ауру тісті жұлып, ұяшықты қырып тазалайды. Ауру тісті жұлғаннан кейін жұмсақ тіндегі патологиялық кезең-процесс кері дамиды, ұйыспа-инфильтрат жойылып, адам сауығады. Ал стационарлы және жылжымалы түрлерінде ауру тіс жұлынып, ұяшықты қырып тазалайды, өзгерген тері сау тіндердің деңгейінде кесіледі және теріасты грануляциялары алынып тасталынады. Абсцесстік түрінде тіс жұлынады абсцесс ашылып, гранулема қуысындағы және тіс ұяшығындығы грануляциялар алынады.