Көне Үнді философиясының категориялық жүйесі
Брахман –(санскрит) - жоғарғы объективті шындық, одан әлем пайда болатын абсолютті рухани бастау.
Атман – (санскрит) - дем, жан, бар нәрсені қамтитын субъективті рухани бастау, «Мен»-жан.
Пракрити –материалдық түпнегіз.
Пуруша – таза сана, барлық тіршілікті жандандыратын күш.
Майя – ақиқатсыз қияли сана, елес.
Карма – (санскрит) - әрекет, ic, жеребе, тipi жанның жаңадан дүниеге келуінің сипатын анықтаушы, оның жасаған қарекеттерінің және олардың салдарының жалпы сомасы.
Сансара – жанның бір денеден екінші денеге көшуі.
Мокша – Атман мен Брахманның қосылуы, қайта туылу дөңгелегінен арылу, мокшаға жеткен жан шексіз өмір тосқауылынан азат болып махатма – Ұлылық дәрежесіне өтеді.
Дхарма – (санскрит) - заң, тәртіп, борыш, әділеттілік, жағымды сипаттағы бeлгiлі бip белгілену, оған норма ретінде ұстану қажетті үлгі.
Ортодоксалды мектептер (астика)
Веданта(шамамен б.з.д. VI ғ.п.б.). Негізін қалаған: Бадараян. Негізгі еңбегі: «Веданта-сутра».
«Веданта» «ведалардың аяқталуы» деген мағынаны білдіреді. Веданта философиялық толғаныс пен талдауға толы бағдар. Веданта идеясы мынандай қағидаға сүйенеді: тұтас және елестеулі дүниенің, күллі нәрсенің түп негізі – Абсолютті шындық, Брахман. Ол — бөлінбес тұтас біреу. Әр адамның рухани «Мені», оның Атманы осы түпнегізбен бара-бар.
Веданта– философиясы Упанишадтан тамырланды да ондағы барлық ой-пікірдің жиынтығы іспеттес. Ведантаның Үндістандағы өмір салтына тигізген әсері зор, әлі күнге дейін Үндістанның түкпір-түкпірінде ұстанушылар бар. Бұл ілімде ғалам бірден-бір шындық өмір ретінде қарастырылады. Ол шындықты, Құдай біздің қиялымызға орасан күш майя - иллюзия арқылы береді. Мысалы, ала жіп біздің көзімізге жылан сияқты көрінеді. Ғаламдық нысандарды біздің қабылдауымыз да осылайша түсіндіріледі.
Біртұтас брахмандағы көптеген нысандарды өзіміздің білместігіміздің нәтижесінде қабылдаймыз, ол шындық Брахманды жасырып, басқаша көріну мүмкін. Осы өмірді тани білгендерге ғана Құдайдан өзге ақиқаттың жоқтығы аян. Ғарыш - иллюзия. Бұл ілімді анық көрсетілген монизм деп айта алмаймыз. Алайда, бұл дегеніміз монизмнің көптеген бөліктерінің бірін ғана бөліп көрсетеді. Құдай – жанның танымы мен біздің миымызда бар танымның, әлем құрылысы мен ол жайлы танымның иесі екені – бір ғана шындық болып табылады.
Миманса (б.з.д.VI ғ.) Негізін қалаған: Джаймини. Негізгі еңбегі:«Миманса-сутра». «Миманса» – термині «ойлану», «зерттеу», яғни кейбір мәселелерді ойлану және сыни талдау арқылы шешу» деген мағынаны білдіреді. Мимансаның пәні - карма немесе рәсім-салт мәселелері. Мимансаның бастапқы мақсаты - ведалық салт-рәсімді сақтау және қорғау.
Миманса Ведаларды мәңгілік және дербес деп қарастырады. Олардың таным теориясы барлық танымның растығын дәлелдейді. Веданы оқығанда олардың іліміне сенім ұялайды. Миманса мектебі дене мен жан әлемін мойындайды. Карманы ғаламды басқаратын моральдық заң ретінде түсіндіреді.
Сонымен қатар, Миманса философиясында таным теориясы, метафизика, этика теологиямен қатар қарастырылады.
Ньяя (б.з.д.IIғ .) Негізін қалаған:Готама. Негізгі еңбегі:«Ньяя-сутра». «Ньяя» термині «ереже», «саралау», «аналиткалық зерттеу», «логика» деген мағыналарды білдіреді.
Ньяя философиясын көбінесе ойлану туралы және сыни талдау туралы ілім деп жатады. Осындай ұйғарымға жетелеген себеп те бар. Готама дұрыс танымның жағдайына және шындықты танудың тәсілдеріне айрықша мән берген. Ньяя философиясы логикалық проблемалармен көп шұғылданған. Десекте, ньяя философиясының басты, түп мақсаты - бұл мәселе ғана емес, адам өмірін мәңгі азап-қайғыдан құтқару жолы. Осы тұрғыдан алғанда ньяя философиясының-шындықты тануға, логикасының – дұрыс танымның тәсілімен жағдайларын анықтауға тигізер ықпалы мол.
Ньяя логика заңдарына негізделген философия еді. Ақиқат танымның дербес төрт көзін мойындайды: қабылдау, қорытынды немесе тұжырым, салыстыру немесе куәлендіру, дәлелдеу. Ньяяның тұжырымы бойынша, адам күйзелістен, азаптан бүтіндей құтылғанда ғана өзін-өзі және әлемді ақиқат деп тани алады.
Вайшешика (б.з.д.IVғ.). Негізін қалаған:Канада. Негізгі еңбегі:«Вайшешика-сутра». Вайшешика– атомистикалық ілімге негізделген мектеп. Мектептің атауы «вишеша» - «ерекшелік» деген мағынаны білдіреді.Вайшешик мектебі б. з.д.VI-Vғ.ғ. п.б. Вайшешик философиясы бүкіл дүниенің пайда болуы мен ыдырауын атом ілімі арқылы түсіндіруге көңіл бөледі. Атомның төрт түрлері – жердің, ауаның, оттың және судың атомдар байланысы дүниенің тұтастығын құрайды. Осындай тұжырымы үшін вайшешиктерді атомистер деп атайды. Вайшешиктер күрделі объектілердің пайда болуы мен жойылу тәртібін, олардың мәңгі еместігін түсіндіруге көңіл бөледі. Атомдардың байланысын сезінуге болмайды, логикалық тоқтаммен ғана түсіндіруге лайықты. Дүние – физикалық денелер мен тірі заттар қарым-қатынасының жүйесі. Дүниедегі тәртіпті мораль, адамгершілік тәртібі дерлік. Өйткені өмір мен әрбір индивидтің тағдыры кеңістік пен уақыттың физикалық заңдарына ғана тәуелді емес, олар карманың жалпылама моральдық заңына да бағынышты.
Ньяяға ұқсас, оның да түпкі мақсаты жеке "Меннің" бостандығы. Танымның 7 түрлі нысандарын белгілейді: субстанция, сапа, әрекет, жалпылық, ерекшелік, бар болуы және болмыс емес. Субстанция сапа мен әрекетінің субстраты. Субстанцияның 7 түрі бар деп көрсетеді: жер, су, от, ауа, эфир, уақыт, кеңістік, жан, зерде.
Санкхья(VII в. до н.э.) Негізін қалаған:Капила. Негізгі еңбегі: «Санкхья-сутра». Санкхья терминінің мағынасы туралы көп болжамдар таралған. Санкхья дегеніміз - сан, танымның объектілерін санау арқылы тану.
Бұл жүйе бір-бірінен тәуелсіз пуруша (зерде, мен) және пракрити (алғашқы материя) бар деп мойындайды. Әлемнің эволюциясы пуруша мен пракритидің қосуылуынан басталады, "Менді тану, немесе "Мен" және "Мен еместің" ара жігін ажыратуға мүмкіндік береді, "Мен" және "Мен емес" тану адамды қайғырудан құтқарады.
Йога (б.з.д.II ғ.). Негізін қалаған: Патанджали. Негізгі еңбегі: «Йога-сутра». Йога –адам психологиясы, түрлену дөңгеленген азат болу ілімі. Йога б.з.д. II ғ. пайда болған. «Йога» сөзі «шоғырлану» деген мағына береді, оның негізін қалаушы болып кемеңгер Патанджали есептелінеді. Йога жүйесі ведалық дәстүрді іс жүзіне асыруға, күнделікті тіршілікте үйретуге ерекше мән берді. Йога жүйесі рухты дене арқылы, дененің сыртқы қызметін барлық шектеулерден босатпақ, тіпті босататын теориялық нұсқауымен және практикалық негізімен тартымды.
Йога жүйесіндегі басты мәселе - жаттығу тәсілдері мен практикасы арқылы жеке адамды өзін-өзі ұстауға, өзінің сезімі мен мінез-құлқын бақылауға, жан дүниесін баулуға үйрету.
Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру.
Йога санкхьяның таным теориясын және метафизикасын және Құдайдың бар екенін мойындайды. Бұл жүйе таным теориясына баса назар аударады, оның мәні - арылу, азат болу.
Йога философиясы Құдайды ойлаудың жинақтау мен өзін-өзі тануға бағытталған жоғары нысаны деп есептейді. Құдай - мінсіз, кәміл, мәңгілік, бәрін сезіп білуші, ешбір кемшіліксіз жоғарыдан басқарушы, реттеуші, жекелеген адамдардың парасат қасиеттеріне сай пуруша мен пракрити қатынастарын реттейді.
Ортодоксалды емес мектептер (настикалық)
Настика - Ортодоксалды емес (Веданы мойындамайтын) философиялық мектептер.
Жайнизм (б.д.д.V ғ.).Негізін қалаған: Махавира. Діни ағым ретінде қалыптасады. Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене терісінен нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады.
Жайнизм мектебіне реализм мен плюрализм тән. Бұл философтар тірі және өлі табиғатқа (материяға) айрықша сүйіспеншілікпен қарайды. Олардың теориясына сәйкес сананы тану жанның мәні болып табылады. Жан жоғары білімге ие. Әр заттың өз субстанциясы бар. Субстанцияға екі белгі тән - гун (өзгермейтін белгілер) және парья (өзгермелі, кездейсоқ). Осылайша сыртқы дүниенің өзгерісі және өзгермеуі жайлы тұжырым жасалынады.
Буддизм(б.з.д.VIғ.). Негізін қалаған: Сиддхартха ГаутамаБудда.
«Будда» термині «жарқырау», «сергу» деген мағынаны білдіреді. Буддизмнің түрлі бағыттары мен ағымдары бар. Олар хинаяна және махаяна деген қос бағытқа сүйенеді. Хинаяна Үндістанда құлиеленушілік дәуірде өріс жайса, махаяна феодализм тұсында ықпал етті. Хинаяна буддизмнің ерте кезіне сәйкес, ал махаянада Будда бейнесі будданың пантеоны болып дәріптеледі. "Нирвана" ұғымы "жұмақ" ұғымымен алмастырылады, архат бейнесі қасиетті боддхисатва бейнесімен алмастырылады. Хинаянаға қарағанда махаянаның зор әлеуметтік базасы бар, ол тек монахтардың діні ғана емес. Миряндардың да (қарапайым адамдардың да) діні болып қалыптасты. Буддизм ілімінде төрт түрлі ақиқат ілім негізделген.
1.Азаптану.
2.Азаптанудың себебі.
3.Азаптанудан босану.
4.Азаптанудан босануға апаратын жол. Азаптан құтқаратын бірден-бір жол - "игілікті орташа сегіз жол" болып табылады. Ол жөнінде төртінші ақиқатта баян етіледі.
«Сегіздіктегі құтқару жолы»кезеңдері
1.Дұрыс көріпкелдік
2.Дұрыс ойлау
3.Дұрыс сөйлеу
4.Дұрыс іс-қимыл
5.Дұрыс өмір сүру салты
6.Дұрыс икемділік
7.Дұрыс ықылас
8.Ойын дұрыстап бір жерге шоғарландыру
Чарвака-локаята (б.з.д.VII – VI ғ.ғ.). Негізін қалаған: Брихаспати (Чарвак). Еңбегі сақталмаған. «Чарвака» терминін «материалист» деген терминнің синонимі ретінде айтуға болады.
Чарвака-локаята – Ежелгі Үндістанның философиялық ілімі. Чарвака-локаята туралы ең ертедегі мәліметтер буддалардың канондық текстерінде, Ведтерде және ежелгі үнді эпосонда баяндалады. Дәстүр бойынша чарвака-локаятаның пайда болуы аңызда айтылған данагөй Брихаспатимен байланыстырылады. Чарвака-локаятаның болмысы туралы ілімнің төркіні ғаламның барлық заттарының төрт элементтен: топырақтан, оттан, судан, және ауадан тұратыны туралы түсінікте жатыр. Элементтер мәңгі өмір сүреді және өзгермейтін элементтер болып табылады. Заттардың барлық қасиеттері олардың қандай элементтердің қосылысы болып табылатынына және осы элементтер қосылатын пропорцияларға байланысты. Сана, ақыл-парасат және сезім органдары да элементтердің қосылысы нәтижесінде пайда болады; жанды тіршілік иесі қайтыс болғаннан кейін бұл қосылыс ыдырайды, оның элементтері жансыз табиғаттың тиісті алуан түрлеріне ыдырап кетеді.
Чарвака-локаята үнді дәстүріндегі ерекше мектеп болды. Ол тек ақиқат өмір, материалды әлемді таныды. Құдай да, құдайлар да, карма, дхарма, босану да жоқ. Адам – Құдай емес, барлығы секілді су, ауа және оттан тұрады. «Ведаларда» жазылғандар, абыздар және уағыздаушыларүгіттеушілердің барлығы тез сенетін адамдарға айтылатын өтірік, адамдарды алдау оңай. Бұрынғы өткен жоқ, өлгендер қайтып келмейді, жан тәнмен бірге жойылады. Мен, «жан» - тән қабілеті, элементтер жиынтығы. Танымның жалғыз көзі – сезімдік бақылау, тәжірибе. Көрінбейтін әлем үшін көретін әлемнен бас тарту – ақымақтық. Өмірдің жалғыз мәні – ешкімге зиян келтірмейтін рахатта және оны зерделі таңдау керек. Жердегі ләззаттан басқа жұмақ жоқ. Қайғы – қасіреттен басқа тозақ жоқ. Тәннің жойылуынан басқа босану жоқ. Заттардың өз жолынан басқа тағдыр жоқ. Брахмандар – өтірікшілер және залымдар. Дін абыздар және билеушілерге тиімді нәрселерді жасату үшін дүниеге келген.