Тақырып. Ренессанс философиясы

Қайта Өрлеу философиясы (Ренессанс) XIV - XVI ғ.ғ. қамтиды. Ренессанс философиясы ортағасырлық теоцентрлік сипаттың орнына атропоцентрлік принципті қояды. Ренессанс философиясын анықтайтын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Олар: гуманисік, утопиялық, реформаторлық, натурфилософиялық және әлеуметтік-саяси көзқарастар. Қайта Өрлеу дәуірі философиясы антикалық философия дәстүрін қайта жаңғыртып, адам мәселесін зерттеуге талпынды. Гуманизм, адамның шығармашылық дербестігі принципі, оның өмірдегі барлық жақсылықтарды иеленуге құқығы бар сияқты идеялары кең тарады.

Гуманистік бағытXIVғ.-XVғ. орта шені, оның орталығы Италия болды. Гуманизм бағытының негізін салушы Ф. Петрарка. Шығармалары: «Өлеңдер кітабы», «Менің құпиям». Ол бірінші болып жеке бастың өзіндік санасының қалыптасуының негізін салды. Гуманистік антропоцентризмнің басты сипаттамасы - адам басты құндылық болып есептелінеді. Гуманистер не еретиктер, не атеистер болған емес, керісінше олардың көпшілігі құдайға сенді, бірақ олар ең бірінші орынға адамды қойса, одан кейін құдай туралы сөз қозғайды.

Оның шығармаларынан тіл мәдениетінің өзгерісін, құндылықтардың жаңаша межелін көреміз. Беделге жүгіну, бір дәстүрге бас июшілік мәдениет байлығын зерттеумен алмасады. Гуманизм адамдарға көзқарастардың кеңдігін, жаңа идеяларға ашылу, діни қауымдардың шырмауынан босанып дәстүрді таңдаудағы еркіндік берді.

Пико дела Мирандоланың атақты «Адамның абыройы жайында сөзінде» (1496 ж.) гуманистердің антропоцентристік идеялары жинақталған. Ол қазіргі антропологиялық философиясын негіздеудегі адамның еркіндігін анықтамасына керемет түсініктемелер береді: әлемдегі барлық мән өзінің табиғатына ие, өмір сүруінің мәні, мағынасын, өз өмірін басынан аяғына дейін алдын ала белгілейді, тек адам ғана мүмкіндіктерін шектейтін нақты табиғатқа ие емес. Адам «табиғаты» - еркін болу, яғни өз - өзін жасаушы, өз «мәнін» анықтаушы, өзін іс - әрекетте тудыру.

Томас Мор (1478-1535)-утопистік социализмнің негізін салды. Мордың атақты шығармасы "Утопия" деп аталды. Утопия грекше «жоқ жер» дегенді білдіреді. Томас Мордың Утопиясында:

- жеке меншік жоқ;

- барлық азаматтар өндірістік еңбекпенен айналысады;

- еңбек ету бәрін еңбекке міндеттеу негізінде жүзеге асады;

- барлық өндірілген өнім қоғам меншігіне өтеді және барлық Утопия тұрғындарына бірдей бөлініп беріледі;

- барлығының еңбекпен айналысуына байланысты Утопияны қамтамасыз ету үшін 6 сағатық жұмыс күні жеткілікті;

- ғылымға ерекше қабілеті бар адамдар қара жұмыстан босатылады;

- ауыр қара жұмысты құлдар-тұтқындар және сотталған қылмыскерлер атқарады;

Утопистік социализмнің көрнекті өкілі Томмазо Камнанелла (1568-1639) «Күн қаласы», «Галилей апологиясы» деген еңбектер жазды. «Күн қаласында» оның тұрғындары-солярийлер әлеуметтік әділеттілікті орнықтырып, өмір мен еңбектің рахатын көреді.

Томмазо Кампанелланың Күн қаласында:

- жеке меншік болмайды;

- коммунистік идеал-4 сағаттық жұмыс күні;

- барлық азаматтар еңбек етеді, еңбектің нәтижесі бүкіл қоғам меншігіне өтіп, барлық тұрғындарға, қоғам мүшелеріне теңдей бөлінеді.

Бұл философияның антропологиясы адам проблемасын көпсаналы, көпсалалы тұрғыдан қарастырады. "Мен адаммын, сондықтан адамға тән нәрсенің барлығы маған жат емес", деген принцип осы дәуірдегі ізгі жандылардың басты философиялық қағидасы еді. Әлемдік философияда жеке адам проблемасы осы кезеңде тұңғыш рет мәселе ретінде қойылды.

XVI ғасыр – Реформация ғасыры. Гуманизм интеллектуалды этиканы қозғаса, Реформация көпшіліктің ойын қамтыды. Ол католик шіркеуіне қатты соққы тигізіп, христиандықтағы үшінші бағыт – протестантизмнің тууына себепші болды. Католик шіркеуін екіжүзіділік және сатқындығы үшін сынаған Мартин Лютер (1483-1546)Виттенберг шіркеуінің есігіне бірнеше тезистерді қағып, 1517 ж. Реформацияның негізін салды. Оның басты тезисі: ешбір «іс-әрекетсіз» (ғибадат) тек жалғыз сенім арқылы құтқарылу. Осылайша, клирдың рухани жетекшісі жойылып, барлық «қасиетті аңыздың» (папалық декреттер, жолдаулар, қаулылар, соборлар) мағынасы айырылады. Адамның құтқарылуы үшін тек жалғыз Інжіл керек. Протестантизмнің екінші басты принципі – жалпы дін жолы. Барлығы Құдай алдында тең. Осылайша, руханилық жойылмаса да, сандар және құқықтары жағынан мәнді шектелді. Протестантизм моралында ерте буржуазиялық қайырымдылық, протестанттық этика көрінді: «сиын және жұмыс жаса», әрекетшіл бол, үнемшіл және өмірде қарапайым бол. Ісіңдегі сәттілік, байлық және мансап – осы іске Құдайдың «қабілеттілігінің» және «таңдаулысының» белгісі.

Қайта өрлеу дәуірінің диалектикасы даму проблемасына деген жаңа көзқараспен сипаттайды, ол шексіздік пен ақырғының бірлігі ретінде түсіндіріледі. Бұл диалектика Николай Кузанскийдің (1901-1964 жж.) есімімен байланысты. Кузанец деп атауларына оңтүстік Германияда орналасқан туған ауылының есімімен байланысты еді. Шын аты – Кребс немесе Круфтс. 1426 жылы ол дін қызметкері болады да, 20 жыл өткен соң кардиналдық дәрежеге жетеді. Діни қызметтерін үнемі философиямен байланыстырып отырған. Кузанецтің туындыларының ішіндегі ең көрнектілері «Ғалымдардың білмейтіні жайлы» (1438-1440 жж.), «Құдайды іздеу жайында» (1445 ж.) атап көрсетуге болады. Николай Кузанецтің діни-философиялық жүйесінің негізін диалектика алып жатыр. Өз диалектикасын құру жолында болмыстың жаңа қырынан шығады. Ол болмысты жаңаша түсіндіреді.

Платон жеке дараны (болмыс) жеке дара емеске қарама-қарсы қойып қарастырса, Кузанец антикалық дуализмді бекерге шығарып, «жеке, дара дегеніміз – барлығы» дегенді қуаттайды. Бұл арада Джордано Бруноның пантеизмімен тізе қосқады. Аталған көзқарас теистік монизмге сай емес. Бұл онтология деген шын мәнісінде қайта өрлеу көзқарасына тән. Н. Кузанский осы қағидадан жеке, дара шексіздік пен ұшы - қиырсыздыққа тепе-тең деген қорытынды жасайды.

Н. Кузанскийдің пайымы бойынша «ғарыштың ортасы мен айналасы - Құдай. Сондықтан да әлем ақырғы, әрі шексіз. Ол - тәжірбиелік, эксперименттік танымның жақтаушысы. Ғылымда математикадан өзге дәйекті ештеңе жоқ» - дейді ол. Оның әдістемесінің жеке даралығы да «білімсіз ғалымдар» деген атпен берілген, толыққанды математикаға негізделген болатын. Бұл әдістің негізі мынада жатыр еді: шеткі дүние жайлы сөз болғанда шешім шығару қиын емес, ал мәңгілік жайлы айтар болсақ, әрине, бұл жағдай өте ауыр және шешім шығару мүмкін емес. Біздің білімсіздігіміздің кесірі – «біткен іске қатысты пропорцияның жоқтығы». Оның философиясы пантеистік сипаттамада, оның «Құдайда барлық заттар, олардың барлығы соның бойында».

Дүниені танудың негізі - пантеистік көзқараста еді. Ол өз бойына материализм мен идеализм элементтерін қоса сіңірді. Алайда, руханилыққа қарағанда материализм басым болды. Бұл дүниетанымның онтологиясы- гелиоцентризм болып табылады.

Николай Коперник– поляк астрономы. Әлемнің гелиоцентристік жүйесін жасаушы. Коперник ілімі шын мәнінде революциялық іс болды.

1543 жылы Николай Коперник «Аспан денелерінің айналуы туралы» деген еңбегін жариялады. Осы еңбек Ренессанс дәуіріндегі адамның дүниетанымына, дүниеге деген көзқарасына түпкілікті төңкеріс жасады.

Оның мәнісі мынада еді: антикалық дәуірде Птолемей Клавдий айтқан геоорталық жүйесіне гелиоорталық жүйесін қарама-қарсы қояды. Птолемей ғаламшар жүйесінің орталығы жер, оны айнала Күн және басқа планеталар айналып жүреді деген болжау айтса, Н. Коперник барлығының орталығы - Күн дегенді дәлелдейді.

Сөйтіп, Птолемейдің жүйесіндегі тәрізділік пен шындықты ажыратпағандықтан болған қателікті ашып көрсетеді. «Күннің қозғалысы болып көрінетін, оның қозғалысынан емес, Жердің және оның сферасының қозғалысынан туындайды, олармен бірге біз барлық басқа планеталар тәрізді Күнді айналамыз», - деп жазады Коперник. Сонымен, дүниенің ортасы Жер емес, Күн. Осылайша, Н. Коперник діни дүниетанымның іргетасы болып табылатын геоцентристік жүйеге соққы берді. Ол инквизицияның қатал жазасынан өзі ажал арқылы ғана қашып құтылды.

Коперниктің төңкерісін кейінірек Джордано Бруно (1548-1600 жж.) жалғастырды Н. Коперниктің осы ілімін "Түпкі себеп, түпкі ие және бірлік туралы", "Мәңгілік және әлем мен жер беті", "Өлшенбейтін, саналмайтындар жайлы" т.б. өзінің негізгі еңбегінде одан әрі дамытты. Күн галактикасынан басқа толып жатқан әлемнің бар екендігін, ал дүние сол шексіз әлемді түзететінін дәлелдейді. "Мәңгілік және әлем мен жер беті" еңбегінде Джордано Бруно "Біздің мекеніміз - Жер, сол шексіз мұхиттың бір тамшысындай, құмның бір түйіршігіндей ғана," - деп жазды. Осы идеясы үшін Джордано Бруноны инквизиция соты отқа қақтап өлтірді.

Галилео Галилей Дж. Бруно мен Н. Коперниктің пікірлерін математикалық тұрғыдан дәлелдейді. Ол да өзінің ғылыми ойы үшін инквизиция сотына тартылды. (Олар алдында оған қойылған соңғы сұрақ "Жер айналып тұр ма?", - деген екен.)

Демек, бұл философия болмыс дегенді материалдық, яғни табиғи болмыс деп ұғынады. Оның даму көзі - өзінде. „Табиғат - заттағы Құдай" (Дж. Бруно). Ол - барлық заттардың басы мен түпкі себебі. Материалдық субстанция табиғат құбылыстарының көптүрлігімен ашылады, - дейді Дж. Бруно.

Қайта өрлеу дәуірінің саяси ілімдері Николо Макиавеллидің (1469-1527 жж.) атымен тығыз байланысты. Тарихтың даму көзі ретінде ол материалдық қызығушылық пен жеке меншікті санаған. «Адамдар жеке мүлігіне қарағанда, әкесінің өлімін тезірек ұмытады», - дейді Макиавелли. Ол негізінен діннің алар орны аз болатын, бірыңғай мемлекеттің құрылымын жақтады. Саяси ілімінің негізіне ол мынадай ұстанымдарды кіргізеді: зорлық пен қорқытуларға позитивтік көзқараста болу деген сияқты.

Бұл дәуірге алғаш рет қоғам жайлы әлеуметтік әділдік деген утопиялық ойларымен социализм деген атқа ие болған идеялар қосыла бастайды.