Тақырып. Көне Қытай философиясы

Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар Қытай өркениетінің басталуын ся дәуіріне, яғни б.д.д. III – II мыңжылдықтың саясына жатқызады. Б.д.д. XVII-XIIғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамиды, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Шан-Инь дәуірінде Қытайда алғаш жазу пайда болған. Ежелгі Қытай тілінің грамматикасы қалыптаса бастаған. Шан-Инь қоғамының саяси билігі ван топтары арқылы жүргізілді. Ван шаруашылық мәселесіне де, әскери, діни билікте де ең жоғарғы басшы болды. Ванның билігін шандықтар дәріптеп, оны тәңірге теңеген. «Шан-ди» деген титулға ие болған ван өзін «Мен-адамдардың арасындағы ерекше жаратылыспын. Жалғызбын» деп жариялады. Шан — жер кіндігінің Ұлы қаласы, Қытай — жердің Ұлы орталығы деген уағыздар таралды.

Өте көне дәуірде, аспан мен жер де болмаған заманда, әлем түрсіз хаосқа ұқсаған. Сол түрсіз тұңғиықта, делінген мифте, екі рух (немесе екі құдай) – инь және ян пайда болды да, дүниені реттейді. Кейіннен ян рухы аспанды, инь рухы жерді басқаратын болды.

Ян – еркек бастамасы, күн нұрындай жарық, ашық бекем және күшті. Ян жалпы жағымды нәрсенің бастамасы.

Инь - әйел бастамасы, аймен байланысты, сондықтан көлеңкелі, күңгірт және әлсіз.

Екі бастама өзара байланыста болған, сол үйлесімділіктің нәтижесінен күллі мәнді нәрселер туындайды. Дүниеге деген осы қосжақты көзқарас кейінгі чжоу дәуіріндегі философиялық тексте усин бағдарламасымен толықтырылды. Усин бағдарламасы бес алғашқы элементтердің немесе бес субстанцияның – оттың – судың – жердің – металдың - ағаштың өзара байланысымен өзара алмасуына негізделеді, соған сүйенеді.

Ежелгі Қытай мәдениеті тірі және өлі табиғатта, Жерде өмірдің пайда болуының философиялық-мифологиялық түсінігін береді. Ұлы Хаос, форма жағынан үлкен жұмыртқаны елестетеді. Жұмыртқа – Хаоста 18 000 жыл бойы тіршіліктің Алғытегі – алып Пань-Гудың пайда болуы. Алып Пань-Гудың жұмыртқадан шығуы, ол жұмыртқа тәріздес Хаостың өліміне әкеледі. Барлық жеңілдік пен құрғақтықтың жоғарыда (Аспанда) және ауырлық, ылғалдықтың төменде (Жерде) араласуының, шоғырлануының нәтижесінде Хаостан Аспан мен Жер құрылды.

Аспан мен Жердің арасында алып Пань-Гудың 18 000 жыл тұруы нәтижесінде Аспан мен Жер өзінің орнын сақтап қалды.

Пань-Гудың өлімі, оның денесінен барлық мәнділіктердің жасалуы: көзден – Күн мен Ай, дауыстан – найзағай, демінен – жел, қанынан - өзен т.б.

Қытайдың көне текстері – философиялық толғаныстың шежіресіндей. Көне текстерде «И цзинде» (Өзгерістер кітабы), «Ши цзинде»(Өлеңдер кітабы), «Шу цзинде»( Тарих кітабы) және т.б. ертедегі мифтер материалы жиі кездеседі

Қытай философиясының кезеңдері. Қытай философиясының тарихы үш кезеңге бөлінген:

I. Ежелгі философия(VII -III б.з.д.) Ежелгі ұлттық философиялық мектептердің пайда болуы мен қалыптасуы.

1) «дао-цзя» мектебі (даосизм);

2) «халыққа қызмет ету» мектебі (конфуцийшілдік);

3) «фа-цзя» мектебі (легизм инемесе заң мектебі);

4) «мо-цзя» мектебі (моизм);

5) «мин-цзя» мектебі (номиналистер);

6) «иньян-цзя» мектебі (натурфилософтар).

II. Ортағасырлық философия(III – XIX ғ.ғ. б.з.д.) Үндістаннан Қытайға буддизмнің енуі, чань-буддизмнің қалыптасуы.

III. Жаңа философия(XIX ғ.)

Ертедегі Қытай философиялық ойының тамырлары сонау Ся династиясы (б.з.б. XXI ғ.) кезеңінен бастау алады. Бұл дәуірде рухани және материалдық мәдениеттің жақсы дамығаны белгілі. Дамудың шырқау шегі - иероглиф жазуы - ғылымның және философиялық ойдың өрістеуіне әсер етті. Осы кезеңде көптеген философиялық ағымдар, мектептер қалыптасқан.

Даосизм- қоршаған дүниенің құрылымы мен тіршілігінің негізін түсіндіру және адам, табиғат пен ғарыштың игілікке апаратын жолын табу мәселесін қарастырады.

Даосизмнің негізін б.з.д. VI ғ. соңы - б.з.д. V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы (Қарт ұстаз) салды. Даосизмнің қайнар көзі - «Дао-Дэ- цзин» деп аталатын философиялық трактатта көрсетілген. «Дао» - «жол, алғашқы бастама, алғашқы түпнегіз» деген мағынаны білдіреді. Дао-заттардың табиғи өсу, өнуімен бірге, әлемнің негізін құрайды. Бүкіл әлем Дао заңына бағынады. Даосизм философиясының негізгі мәселесі - ұлы Дао туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Сондықтан ол атаусыз. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты мен түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.

Ұлы аспанда Даоның ықпалында. Өмірдің мәні де, мақсаты да, оны танып білу, соның тәртібіне еру, сонымен жарасу. Даоны тану дегеніміз табиғаттың заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білу.

Лао-цзының «Дао дэ цзин» трактатында көрініс тапқан. Трактат екі бөліктен, 81 тараудан тұрады. Онда бірінші бөлімі - дао жолы мен екінші бөлімі - дэ ізгілік күші туралы баяндалады.

Демек, «дао» категориясы Универсумның жалпы қамтушы заңы, барлық заттардың субстанциясы ретінде ұғындырылды. «Адам жерге тәуелді, жер - аспанға, аспан - даоға, дао - өз-өзіне», яғни, дао барлығының түп тамыры, бір тұтас. Дао Шань-диден де (аспаннан да) көне, оның бастамасы жоқ, аяғы, шегі де жоқ. «Қалай, неден туғанын білмеймін, - делінген «Дао дэ цзинде". - Бірақ ол аспан иесімен сабақтасады» Немесе "Міне, хаостан пайда болған зат, аспан мен жерден жаралған. Ол дыбыссыз! Ол пішінсіз! Жалғыз және өзгермейді. Барлығына ықпал - әрекет етеді, кедергіні білмейді. Оны Аспан астының анасы десе болғандай. Мен оның атауын (есімін) білмеймін. Иероглиф пен белгілеп отырып мен оны дао деп атадым, Ұлы - ол шексіз қозғалыста».

«Дао дэ цзин» ілімінде біз кейбір диалектика элементтерімен де кездесіп жатамыз. Лао-цзы даоға анықтама беру үшін, оны алдымен қарама-қайшы жақтарына қарай бөліп алады. Өзгермеушілік пен үнемі қозғалыс, жалғыздық пен көпшілік, іссіздік пен іс қимыл деген сияқты т.б. біршама керағарлық заттарды атап өтеді. «Дао дэ цзинде» бір-біріне ауысатын қайшылықтар туралы айтылады, - жарты бүтінге, қисық-түзуге, бос-толыға, ескі-жаңаға айналады. Инь және ян ұстанымына сәйкес, ғаламда барлығы тұрақсыз және барлық заттар өзгерісте, қозғалыста. "Барлық мәнде инь мен ян бар, цимен толтырылған әрі үйлесімді». Күнделікті тіршілікте дао өз кезегінде дэ-ні қостайды. "Дао заттарды тудырады да, дэ болса ол заттарды әрі қарай тамақтандырып, өсіреді", кемелдендіреді.

Бәлкім, дэ - екіншілік ұстаным. Сол арқылы дао заттарда көрініс табады. Бұл - жекелеген заттардың дербес нақтылануы. Өкінішке орай, инь мен ян туралы ілім аксиомалық. Оларды зерттеу тұсында Лао-цзы көбінесе «Өзгерістер кітабына», сонымен қатар өте ежелгі ақпарат көздеріне сүйенген деген ойлар бар.

Барлық дүние табиғи жолмен жүруі тиіс. Данышпан даоға да, басқаларға да бөгет жасамауы керек. Сондықтан Лао-цзының әлеуметтік мұраты өткенге, білім табиғаттың барысына кедергі келтірмей, адам табиғатпен бірегей болған кезең. Адамның өмірдегі басты міндеті даомен қосылу. Әр адамның бойында даоның бөлшегі бар, тек осы рухани көзді аша білу керек, адамды тәннің қажеті емес рух қажетін өтеу үшін өмір сүруге үйреткен абзал. Ол үшін имандылықпен өзін-өзі жетілдірудің ұзақ жолынан өту қажет. «Дао дэ цзинде» Лао-цзы у-вэй ұстанымына негізделген осы жолды көрсетеді. Саясатқа қатысына келсек, этикаға бағындырылған және дао мен у-вэйді тірек ретінде алады.

Мемлекетте барлығы өзінің табиғи жолымен жүруі тиіс, басшылар халықтың қамын ойлауы, олардың шектен тыс тілек талаптарын ауыздықтай білуі, көршілермен жақсы қарым-қатынас орнатуы, бірінші болып соғыс бастамауы керек.

Лао-цзының ілімін дамытушылар Чжуан-цзы мен Вэн-цзы болды. Даосизмнің даму барысында 3 ағым ерекше көзге түсті: философиялық (дао цзя), діни (дао цзяо), мәңгілік жасалатындар даосизмі (сянь) қытай мәдениетінің өркендеуіне едәуір үлес қосты.

Конфуцийшілдік – адамды әлеуметтік өмірдің өзекті мәселесі деп қарастыратын ежелгі философиялық мектеп.

Конфуций (Кун- Фу-Цзы) – б.з.д. 551-479 жылдары өмір сүрген. Оның негізгі шығармасы – «Лун Юй» - «Сұхбаттар мен пікірлер», ол 6 кітаптан тұрады. Ескіні елеп, жаңаға жақындау - қытайдың көне дәстүрі. Ескіні дәріптеу конфуций дәуірінде өзіндік мақсатқа айналады. Конфуций ілімінің түп тамыры адам және қоғам мәселесіне тіреледі.

Адам табиғаты Конфуций философиясында басты мәселелердің қатарына жатады. «Аспан адамға нені сыйласа, ол адамның табиғатын құрайды». Табиғат — адамның алғашқы қасиеті. Адам өмірге немен келсе, сол бастама оның табиғатын құрайды.

Бірақ адамның табиғатын тек табиғатпен салыстыру шеңберінде анықталынбайды. Адам мәнісі - табиғилықтан тыс, әлеуметтік - мәдени жетістік. «Адамның бәрі де байлық пен беделге ұмтылады. Адамның бәрі де кедейлік пен жамандықты жек көреді» — дейді ұлы Ұстаз. Екі қасиет те адамның табиғатына тән ерекшелік. Адамға үнемі тыныштық бермейтін төрт ұмтылысты Конфуций тізіп өтеді. Олар — жасын ұзартпақ, даңққа ұмтылған, қоғамда орнын таппақ, байлыққа деген ұмтылыс. Осы атақты нәрсеге жеткендер, рухтан тартынады, күштен сескенеді, адамнан қорқады, жазадан қауіптенеді. Бәрінен жоғары тұрған қасиет – «адамды сүйе білушілік» (жэнь). Ұлы Ұстаз адамды сүйе білудің жолы мен жөнін (дао) талдайды. Дао Конфуций үшін адамды шынайы жолға салатын, адамға оң ықпал ете отырып, оны басқаруға кажетті бүкіл идеялардың, амал-әрекет пен қағидалардың жиьнтығы. Адамның табиғатын үш тұрғыдан саралайды: қайырымды ер (цзюнь-цзы), шағын адам (сяо-жэнь), адамсүйгіштік (жэнь). Адамсүйгіштіктің мәнісі - өз олқылығын жеңіп, сөзі мен іс-әрекетінде дұрыс жолға түсуде.

Легизм –(латынша заң дегенді білдіреді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизм Чжоу династиясының билігі ыдырай бастағанда қалыптасады. Легизмнің көрнекті өкілдері – Гуань Чжун (б.д.д. 645), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хань Фэй цзы (280-233 шамасы). Легистер байырғы рулық қатынастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Осыған орай бастапқы Конфуций ілімімен тай-таласта қалыптасты. Конфуцийдың этикалық талаптарын «ойын» сөзге жатқызды.

Конфуций басқару идеясын жэнь және ли принципіне сүйеніп жалғастырса, легистер оның орнына заңға (фа) сүйенген мемлекеттік реформаны жасады, басқару теориясын ұсынды. ГуаньЧжун: «Заңдар – халықтың әкесі де, шешесі де... Билеуші мен шонжар да, мәртебелі мен төменгілер де, байлар мен кедейлер де – бәрі де заңға бағыну керек. Басқарудың түп өнері осында»,- дейді.