Дәріс тақырыбы: 10/0,4 кВ-ті трансформаторлық қосалқы станцияларды және тарату құрылғыларын монтаждау.

Дәрістің мақсаты:Тарату құралдарды және станцияларды толық жинап монтаждау. Трансформаторларды монтаждау және жинау. Трансформаторлық қосалқы станцияларды монтаждау.

10.1 Трансформаторлық қосалқы станцияларды түрлері.
Трансформаторлық қосалқы станциялар электр энергиясын түрлендіруге (айнымалы тоқты, кернеуді бірнеше есе арттырып немесе кемітіп, ал қуатты іс жүзінде шығындатпай) және бөліп таратуға арналған. Олар құрылмалық дайындалуы бойынша діңгекті, комплектілі және жабық болып бөлінеді. Ашық діңгекті қосалқы станциялардың жабдықтары ауа желісінің бағаналарына немесе арнаулы биік құрылмаларға орналастырылады. Комплектілі қосалқы станциялар трансформаторлардан және шкаф-блоктардан құралған. Шкаф-блоктарда жоғары 6 ... 35 кВ кернеулі бөліп-таратқыш құрылғы элементтері орналасқан. Жабық трансформаторлық қосалқы станциялардың жабдықтары үй-жайлардың ішінде орналастырылады.
Трансформаторлық қосалқы станциялардың ауыл шаруашылығында ең көп таралған және қолданылатын түрі – комплектілі қосалқы станциялар (КТП).
КТП 2 (немесе 4) темір бетон тіреуіштерге орнатылады. Тіреуіштер ретінде ұзындығы 3,25 және 4,25 м болатын, ауа желілерінің бағаналарының ПТ қосалқы тіреуіштері немесе бірыңғайланған УСО – 3А тіреуіштері қолданылады. КТП-ның орналасу биіктігі жер деңгейінен
1,8 м, ал жерден жоғары кернеулі енгізуге дейінгі аралық 4,5 м-ден кем болмауы керек. Адамдар көп жиналмайтын жерлерден басқа орындарда КТП-ға қоршау тұрғысбаса да болады.
Еңбек жағдайының қауіпсіздігін орындауға байланысты, қосалқы станциялардың күшті трансформаторының төменгі кернеулік орамдарының бейтарабы жерге қосылады. Жерге қосу үшін арнаулы құрылғы – жерге қосу контуры жасалынады.

10.2 Трансформаторлық қосалқы станцияларды монтаждау.
Кернеуі 6 ... 35/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станциялардың құрылыс жұмыстары бір неше кезеңдерден тұрады.
Анықтап айтқанда олар:

· дайындық жұмыстары;

· жабдықтар мен құралдарды тасымалдау;

· құрылыс монтаждау жұмыстары;

· жабдықтарды жөнге келтіру.

Трансформатор қосалқы станцияларының құрылыс жұмыстары басталудан бұрын жабдықтар мен құрылмаларды алдыру кесетесі дайындалады, керекті транспорттық құралдар мен механизмдер таңдалып алынадлы. Транспорт құралдарының жүру мүмкіндігі, жол-жайы, көпірлер, өткелдер, жол биіктіктері (габарит) тексеріледі. Қосалқы станция қойылатын жер белгіленіп, керекті алаша тегістелініп, дайындалады.
Ірге тастар қойылатын шұңқырларды арнаулы бұрғылаушы немесе бұрғы-кран машиналармен қазады. Бұрғыланған шұңқырлардың диаметрі 450 мм болу керек. Діңгекті және комплектілі қосалқы станцияларын монтаждағанда ПТ қосалқы тіреуіштері немесе УСО – 3А, УСО – 4А тіреуіштері қойылады.
Монтаждау алаңына жеткізілген жабдықтарды алдымен бақылай қарайды, тасымалдау кезінде пайда болған ақауларды мұқият жөндейді. Түзу жабдықтарды дайындалған тіреуіштерге бекітеді. Көтеру, түсіру және орналастыру жұмыстарын орындауға тиісті жүк көтергіштігі бар крандар пайдаланылады.
КТП-ны монтаждау алдында тексергенде, трансформаторлар астындағы бағыттаушы тіреуіштердің беріктігін байқайды, қажетті жағдайларда тиісті құрылмалы бағыттағыштар қойылады. КТП-ны тіреуіштерге бекіткен соң, оның мынадай бөлек бөліктері орнатылады:

· төменгі кернеу изоляторлары;

· өтпелі изоляторлар (ағаш тығындар алынады);

· ПК түрлі сақтандырғыштардың патрондары;

· жоғары және төменгі кернеулі зарядсыздандырғыштар.

Желілік айырғышты кәсегінде жинап, бұрылу бұрышы арқылы түйіспелердің жүрісін және бір уақытта қосылуын реттейді. Түйіспелердің беттерінің күй-қалыптарын, жанасу аудандарын тексереді, түйіспелердің қысылу күшін реттейді. Айырғышты монтаждау мынай кезекте орындалады. Алдымен, қозғалатын тартқышты және жетекті дайындайды. Соңынан айырғышты бағанаға орналастырып, бекітеді. Айырғыш жетегінің жеке элементтерін және жоғары кернеулі шкафтың қақпақшаларын монтаждайды. Толық жиналған монтаждалған айырғышты электр сынағынан өткізеді. Кернеуі 2500 В мегоометр мен айырғын жетегінің изоляциясының кедергісін өлшейді.
Жерге қосатын контурды ор ішінде жерге тұйықтағыштарды (диаметрі 10 ... 12 мм, ұзындығы 5 м болат стержендер) тігінен қағу және оларды ор бойымен (горизонталь) бір-бірімен пісіріп жалғау арқылы дайындайды. Тік қағылатын жерге тұйықтағыштар ретінде ұзындығы 2,5 м қимасы 40?40?4 мм бұрышты болат, ал горизонталь жалғаулар ретінде қимасы 25?4 мм тілім болат қолдануға болады. Тік жерге тұйықтағыштарды бас жағы жер бетінен 0,7 м-ге төмен тереңдікте болатын етіп қағады. Горизонталь жалғаулар тік жерге тұйықтағыштардың бас жағының деңгейінде жатуға тиіс. Жер астындағы жалғаулар пісіру арқылы орындалуы керек, ал жерге қосушы сым, аппараттардың тұрқыны пісіру немесе болат арқылы жалғанады.
Қосалқы станцияның жерге қосылатын әрбір элементі контурға жеке тармақтармен қосылуы керек. Оларды бір сыммен тізбектей қосуға рұқсат етілмейді.
Қосалқы станцияларды жөнге келтіру және іске қосу жұмыстарын арнаулы бригада орындайды.