Леуметтік институт ұғымы. Қоғамның негізгі институттары

Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын түсініледі. Институттардың негізігі мақсаты – жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті функция атқаруы адамдардың қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға интеграциялайды, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті ұстап тұрады, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды ұстап тұрады.

Әрбір институт мыналарды қамтиды:

-белгілі бір қызмет аясын;

-белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;

-ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;

-қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.).

Мысалға, әділет (юстиция) әлеуметтік институт ретінде құқықтық қатынастар мен оларды реттеу саласын білдіреді. Оларға жататындар белгілі бір адамдар тобы (прокурорлар, соттар, адвокаттар); қабылданған ресми заңдар мен басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ құқықөкілетті тұлғалардың мінез-құлықтарының бейресми стандартталған үлгілері (соттың, прокурордың, адвокаттың және т.б. рольдері); мекемелер (прокуратуралар, соттар, тұтқындалу орындары және т.б.) және әділетті ұстауға арналған ел бюджетінен бөлінетін қаражаттар.

Қоғам әлеуметтік байланыстар мен өзара әрекеттерсіз өмір сүре алмайды. Бұнда өзара әрекеттесуде қоғам мен индивидтің маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыру негізгі сипатқа ие болады. Ондай өзара әрекеттер институционалдандырылады. Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру және стандарттау процесі институттандыру деп аталады. Яғни, институционалдандыру – кейбір қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру бағытында жұмыс істейтін әлеуметтік нормалар мен ережелерді, мәртебелер мен рөлдерді айқындау мен бекіту, оларды жүйеге келтіру процесі.

Ағылшын социологы Г.Спенсер ғылымға алғашқы болып «әлеуметтік институт» терминін енгізді. Ол әлеуметтік институттарды зерттей отырып, оның алты түрін сипаттап көрсетті.

Әлеуметтік институт (лат. құрылым) – қоғамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырып, қоғамдық құндылықтар мен процедураларды біріктіретін байланыстар мен әлеуметтік нормалардың ұйымдасқан жүйесі.

Әлеуметтік институт қандай да бір салада қызмет ететін адамдардың жиынтығы және нақты заңдар, басқару шешімдері және практикалық кешендер жүйесі болып табылады. Қоғамның белгілі бір байланыстардың әлеуметтік ұйымдастыруға қажеттілігін ұғынуы барысында сол қажеттілікті қанағаттандыруға қабілетті әлеуметтік нормалар, ережелер, мәртебелер мен рольдер бекиді. Берілген әлеуметтік институттың функция атқаруын ұстап тұратын жалпы мақсаттар, топтар және ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану процедуралары, мәртебелер мен рольдер жүйелері құрылады.

Анағұрлым маңызды төмендегі қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың бес негізгі түрі бар [39]:

- туудың ұдайы өндірісіндегі институт - қоғамның биологиялық үздіксіздігін қамтамасыз етуге, ұрпақ жалғастырып, оны әлеуметтендіріп, тәрбиелеп, қоғамда жақсы азаматтың қалыптасуына бағытталады (отбасы және неке институты);

- қауіпсіздікке және әлеуметтік тәртіпке деген институт - қоғамды басқарып, оның тұрақтылығын, тұтастығын, тәртібін қамтамасыз етіп, қауіпсіздігін сақтауға бағытталады; (саяси институттар, мемлекет);

- тіршілік құралдарын өндірудегі институт - қоғамның қажеттіліктерін, сұраныстарын қанағаттандыруға, экономикалық жүйені дұрыс бағытта дамытуға негізделеді (экономикалық институттар, өндіріс);

- білімді берудегі, өскелең ұрпақты әлеуметтендірудегі, кадрлар даярлаудағы институт - жастарға білім беріп, тәрбиелеуге, білікті кадрларды дайындап қоғамды рухани дамытуға ат салысуға бағытталады (білім беру, ғылыми және мәдени институттар);

- рухани проблемаларды, тіршілік мағынасын шешудегі қажеттіліктер институты адамдардың рухани жан дүниесін байытып, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді дамытуға, қиындық кезде дұрыс бағыт, қолдау көрсетуге арналады (дін институты).

Әрбір институттың қанағаттандыратын қажеттіліктеріне тәуелді ерекшелік қасиеттері бар. Бұл ұстанымдар мен мінез-құлық үлгілері; символикалық мәдени белгілер; утилитарлық мәдени белгілер; ауызша және жазбаша кодекс; идеология. Бұл институционалдық белгілер әлеуметтік қатынастарды реттеудің негізгі механизмдерін шоғырландырған: нормативтік элементтер, түсініктер, үлгілер, санкциялар, мәдени образдар, қоғамдық идеялар арқылы (1-кестені қараңыз). Барлық институттар бірдей белгілердің толық жинақталымына ие бола бермейді, бұл олардың жеткілікті дами қоймағанын немесе төмендегенін көрсетеді.

Әрбір институт өздеріне тиесілі қызметтерді дұрыс атқарған жағдайда қоғам бекіп, тұрақтандырылып және үздіксіз дамып отырады.

Қайталау үшін сұрақтар:

1. Әлеуметтік топ пен қауымдастық дегеніміз не?

2. Әлеуметтік топтың түрлерін талдаңыз?

3. Институционалдандыру-дегеніміз не?

4. Институт терминін алғашқы болып енгізген кім?

Негізгі әдебиеттер:

1. Социология (жауапты ред. Ә.Нысанбаев). – Алматы: 2002 ж

2. А.И.Кравченко Социология. Учебник для вузов. – М., 2003 г.

3. Социология: курс лекций. Ростов-на-Дону, 1999 г. - 132-153 б.

Қосымша әдебиеттер:

1. Осипов Г.В., Ю.П.Коваленко, Н.И.Щипанов Социология. – М., 1990 г.

2. Маркович Д. Общая социология. – Ростов-на-Дону, 1993 г.