Дәріс тақырыбы: Қоғамдық өмір құрылымындағы саясат.

1. Саясат-қоғамдық құбылыс. Саясат қоғам өміріндегі өнер.

2. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы қызметі. Адам-саясаттың жоғары мақсаты.

3. Ғылыми-техникалық, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, мәдени, діни, экологиялық, әскери саясаттың мәні және мазмұны.

Дәрістің мақсаты: Дәріс тезисі:

1. «Саясат» ұғымы қоғамның қалыптасуымен, қызметімен, құрылысымен байланыста өмір сүрудің айрықша аспектісін білдіреді. Адамдардың ассоциативты негізде бірлесіп өмір сүрулері ғана қажетті мәнді кезең ретінде саясатты тудырады. Ол адамдардың мүддесін түйістіретін және қоғам тұтастығын сақтайтын қоғамдық өмірдің реттеуші функциясы. Саясаттың осы функциясы оған жеткілікті түрде әмбебаптылық сипат береді, өйткені саясат адамдардың тіршілік әрекетінің негізгі сфераларындағы қоғамның барлық құрылымдық әрекеттерінің белсенділігін бақылауға және бағыт беруге міндетті. Осы негізде саясат әлеуметтік мазмұны бойынша өте кең мағынаға ие.

Қазіргі қоғамдық өмірде «саясат» термині төмендегідей түсінік береді: Біріншіден, мемлекеттің қызметін, адамдардың үлкен ассоциативты топтарының (әлеуметтік, этникалық, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктік және т.б) арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеудегі мемлекеттік билік органдарының қызметін көрсетеді, және осынау іс-әрекет топ мүдделерін ескерумен, олардың ортақ позициясын жасақтау мен түйістірумен және оны билік құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырумен байланысты.

Еуропалық қоғамдастықтың дамуы мен саяси ойларының отаны болған ежелгі гректерде саясат мемлекет пен қоғам істерін басқаруды білдірді. Платонның көзқарасы бойынша, бірігіп өмір сүру, адамдар арасындағы теңсіздік (байлық пен кедейлік, әртүрлі дәреже мен кәсіптер), өзара әрекет алмасудың қажеттілігі және осы орайда қандай да бір нормалардың сақталу қажеттілігі мемлекет пен саясатты, мемлекет пен қоғам істерін басқаруға алып келеді. Саяси ойлардың негізін салушылар Платон мен Аристотель пікірлерінде саясат адамдарды басқару ретінде анықталынады. Осыған байланысты олардың еңбектерінде мемлекеттік басқарудың формаларына талдау жасалынып, оның түрлері бөліп көрсетіліп, оларға салыстырмалы талдау жүргізіліп, ежелгігректік полистің (қала-мемлекеттер) саяси өмірінің және осы полистің азаматтары - ерікті адамдардың мемлекеттік басқарудағы саяси іс-әрекеттерінің барлық негізгі аспектілері қарастырылған.

Екіншіден: азаматтардың мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен қызмет атқаруының және мемлекеттік құрылыс пен қоғамды басқарудың формаларын анықтауға, басқарудың тиімді әдістері мен амалдарын білуге, оның шешімдері мен акцияларының заңдылығын мойындауға қатысуын көрсетеді.

Үшіншіден, мемлекеттік шешімдер, мемлекеттік билік пен саяси қатынастардың басқа да субъектілерінің акциялары, олардың қоғамдық өмірдің әртүрлі аспектілеріне ықпалын талдау мен бағалау және оларға ықпал ету мақсатында оларды тиісінше реттеуді көрсетеді. Мемлекеттік биліктің, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қабылдаған барлық құжаттары саяси мазмұнға ие болғандықтан, олар да саяси шынайылықтың, саясаттың элементтері болып табылады.

Төртіншіден, басқару өнерін, керекті нәтижелерге қол жеткізуді, осы іске қажетті ресурстарды (материалдық-заттай және рухани) жұмылдыра білу қабілеті мен билік өкілеттіктерін қолдана білуді, оларды кеңейтуге қол жеткізуді, билік өкілеттіктерін іске асыруда мейлінше тиімді күштер мен әдістерді анықтауды, басқару мәдениетін көрсетеді. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар тарапынан биліктің саясаты мен іс-әрекетіне өзгерістер енгізу мақсатында оған қысым жасау өнерін, және қажетті жағдайда билікті алмастыруды білдіреді.

Қорыта айтқанда, саясат адамдардың мінез құлқы мен әрекеттеріне ықпал ететін және биліктің қалыптасуы мен қызмет ету мәселелеріне қатысты әлеуметтік қатынастар, көзқарастар, принциптер, бағдарлар мен коммуникациялар әлемі. Билік саясаттың негізі, өзегі және құралы. Саясат биліктің арқасында ғана жүзеге асып, қоғам өміріндегі ұйымдастырушы және бағыттаушы күшке айнала алады. Сонымен қатар саясат қоғамның саяси сферасындағы саясат субъектілерінің іс- әрекетін де қамтиды.

2.Саясат субъектілері болып мыналар табылады:

1. Жеке адам, индивид.Саясат субъектісі ретінде көріну үшін индивид әлеуметтік белсенділік пен бостандық сияқты тұлғалық қасиеттерге ие болуы шарт және осы қасиеттер индивидке өз субъектілігін танытуға мүмкіндік береді. Индивид әлеуметтік белсенділігінің арқасында өз мүдделерін айқындап, оларды саяси сфераға бағыттайды, яғни саяси белсенді субъектіге айналады, ал бостандығы оның әрекетіне дербестік береді.

2. Әлеуметтік топтар - адамдардың ассоциативті қоғамдастықтары, саяси қатынастардың ең тиімді әрекет етуші субъектісі. Әлеуметтік топтар көлеміне қарай (кіші, орташа, үлкен), ассоциациялардың тұрақтылығы мен ұзақтылығы, топ элементтері арасындағы байланыстың қарқындылығы мен әлсіздігі, ұйымдық құрылымы және т.б ерекшеліктері бойынша ажыратылады. Әлеуметтік топтарға мыналарды жатқызуға болады: таптар; дәрежелік, жыныстық және жас ерекшеліктік, этникалық, кәсіби және басқа топтар; мүдде бірлігіне байланысты пайда болатын тұрақты және уақытша ассоциациялар. Бірақ әлеуметтік топтар – біршама аморфты құрылым. Ұйым оның әрекетіне бірізділік пен тиімділік береді және осының арқасында әлеуметтік топ саясаттың субъектісіне айналады.

3. Мемлекеттік билік. Қоғам, мемлекет қалыптастырған басқару органы - саясаттың ең әрекетшіл субъектісі. Мемлекеттік билік мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын, әлеуметтік басымдылығын айқындап, ресурстарды бөліп, әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілерін бақылайды.

4. Саяси элита. Бұл қоғамның ең саяси белсенді бөлігі. Оған саясатқа және саяси қызметке өздерін кәсіби түрде бағыштаған және осы іске өз күш-жігері мен уақытының басым бөлігін жұмсайтын адамдар кіреді. Әлеуметтік саяси элита біртекті емес, оған әртүрлі әлеуметтік топтардың әлеуметтік белсенді өкілдері кіреді. Бұқарадан саяси элитаны өте жоғары әлеуметтік және саяси белсенділігі, саяси іс-әрекетте пайдаланылатын форма, әдістер, құралдардың барлық ресурстар қолдану арқылы саяси мәдениетті мазмұнды түрде игеруге талаптануы ерекшелеп тұрады.

Саясат субъектісі ретінде мемлекет(сыртқы саясат шеңберінде, сондай-ақ әлеуметтік өмірдің қандай да болмасын түбірлі бағдарламаларын шешуде және іске асыруда); өздерінің жеке және аймақтық мүдделерін қорғайтын мемлекеттің құрамдас бөліктері; мемлекеттік биліктің құрамы мен саясатын өзгерту мақсатында оған ықпал ететін саяси партиялар және бірінші кезекке қандай да болмасын өзекті, өмірлік маңызды мәселені қойып, билікке бұқаралық қысым жасауды ұйымдастыратын қоғамдық-саяси қозғалыстар да көрінеді. Сондықтан да саясат - көптүрлі субъектілер әлемі.

Саясаттың өзіне тән басты ерекшелігі - оның субъектілігі және оның субъектіге тәуелділігі мен онымен анықталынуы. Субъектілік – саясаттың шынайы факторы. Ол саяси процестер мен жағдайларға көпварианттылық, субъективті өзіндік сипат береді, олардың субъектінің жасампаздық әлеуетіне, оған тән ерік-жігерлік қасиетке, әлеуметтік белсенділігіне және әлеуметтік жауапкершілік дәрежесіне тәуелділігін сипаттайды. Сондықтан, субъектілік әлеуметтік оқиғалардың, әлеуметтік уақыттың тарихи аралығының, жеке әрекеттердің, өмірлік мағынаға ие шешімдердің, олардың қорытындыларын, нәтижелерін және т.б белгілеуде қолданылады.

Саяси жүйе қоғамдағы рөлі мен қызметін анықтау. Саяси жүйенің құрылымдық элементтерін белгілеу. Қоғамның басқа жүйелерімен байланыс табу.

Саяси жүйе қоғамды басқарып, оның тұрақтылығын, тәртібін қамтамасыз ететін, қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін, әр салалардың қызметін бақылайтын ұйым мен мекемелердің жиынтығы. Қоғамның саяси жүйесі (ұйым) мемлекет, құқық және басқа саяси құбылыстар, институттар мен мекемелер сияқты таптық ұғым болып табылады.

Қоғамның саяси жүйесі өзінің қалыптасу процесінде идеологияға, құқыққа және моральға кері ықпал жасайды. Бұл қоғамның саяси жүйесінің дербестігін көрсететін жағдай.

Қоғамның саяси жүйесінің құрылымдық элементтерінің баршасында мазмұны жағынан саяси аспектілері бірдей болып келеді. Осыған байланысты қоғамның саяси ұйымының құрылымдық элементтері тікелей саяси (собственно политические) және тікелей емес саяси (несобственные политические) ұйымдар деп бөлінеді. Тікелей саясиға: мемлекет, саяси партиялар және кейбір қоғамдық бірлестіктер жатады. Тікелей емес саяси бірлестіктерге: саяси қажеттіліктен емес экономикалық немесе басқадай себептермен құрылатын бірлестіктер жатады. Оларға кәсіподақтар, кооперативтер сияқтылар жатады.

Батыс саясаттануында қоғамның саяси жүйесі қалай түсіндіріледі? Бірнеше нұсқалар бар. Әрқайсысы өзінің мүддесін көздейді. Мысалы, Дэвид Истон мен Габриэль Алмонд деген саясаттанушылардың бағыты жиі айтылады. Олар саяси жүйені құратындарды жиыстырып қарастыруды ескерген. Ал К.Дойтчтың «Ұлтшылдық және әлеуметтік байланыс», «Басқару нервілері» деген еңбектерінде саясат саласынла теримнологияның атауларын механикалық жолмен енгізуді және кибернетиканың басты қағидаларын енгізуді көздейді. Бұдан басқа Д.Трумэннің «Американ саяси жүйесінің дағдарысы», «Басқарушылық процесі» деген еңбектерінле саяси жүйе теориясы әлеуметтік плюрализмнің негізгі қағидалары мен «қыспаққа алу топтары» теориясына сәйкес жағдайлар қалыптастырылған.

Мұндай теориялардың көптеп қалыптасуы олардың қоғамның саяси жүйесі туралы бір-біріне қарама-қайшы теориялардың жасалғанын көрсетеді.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде барлық адам тең өмір сүрді. Басқарушылар мен бағынушылар деген мүлдем жоқ, себебі адамдардың өзі табиғат алдында әлсіз еді. Сондықтан тобырымен жүрді. Бірігіп аң аулады, тек тайпа-тайпа болып жүрудің арқасында ғана өздерінің қауіпсіздігін, күн көрісін қамтамасыз ете алды. Тапқан табыстары бәріне ортақ болды, артық өнім болған жоқ. Мұндай жағдайда еңбек құралдары, еңбек өнімдері ұжымға ғана тиісті еді. Мұндай ру-тайпаларды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар ұжым мәселелерін ортаға салып, реттеп, шешіп отырды.

Адамдар бірте-бірте тек табиғаттың бергенін тұтынып қана қоймай, енді сонымен қатар өздерінің қолдарынан келетін істермен айналыса бастады. Олар қолға түскен аңдарды өздері асырай бастады. Осыдан барып мал шаруашылығы өріс алды. Енді өздеріне қажетінше мал өсірді. Дәннің жерге түсіп, қайта өнім беретінін байқаған адамдар, қажетті өнімді өздері өсіретін болды. Нәтижесінде егін шаруашылығы дамыды. Құнарлы жерде жұмыс істейтіндердің өнімі өздеріне де, өзгелерге де жетті. Құнарсыз жерлердегі адамдар құнарлы жерлер иелеріне жалдануға мәжбүр болды. Қолға түскен адамдарды құлға айналдырды

Артық өнім өмірге теңсіздік әкелді. Осылай құл иеленушілік құрылыс келді. Бұл қоғам құл иеленушілер мен құлдар, басқарушылар мен бағынушыларды тудырды. Үстем тапқа қоғамды бағындыру, таптар, жеке адамдар, тұлғалар мен қоғам, осы мемлекет пен басқа мемлекет арасындағы қатынастарды реттеу үшін құрал, қоғамның мәселелерін шешетін әлеуметтік топ қажет болды. Бұл топ төменгі топқа бақылау жүргізді. Енді күштеу, зорлау арқылы орындаттыратын анық заң ережелері, нормалары қалыптасты. Олар экономикалық қызметті ұйымдастырды, қоғамдық өнімді өндірді.

Билікті иеленушілер мен оған бағынушылардың рөлдері институционалдық қалыпқа түсті. Мемлекет, саяси партиялар, басқа да қоғамдық ұйымдар қалыптаса бастады. Олар белгілі бір таптың мүддесін қорғады. Осылардың барлығын бір сөзбен қоғамның саяси жүйесі деуге болады.

Қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтін ұйым мен мекемелердің жиынтығы айтады.

Саяси жүйе теориясын XX ғасырдың 50 жылдарында Американың саясаттанушысы Давид Истон дүниеге әкелді. Оның ойынша саяси жүйе сыртқы ортамен “кіріс”, “шығыс” принциптері арқылы байланысады.

Кірістің екі түрі бар. Олар: талаптар мен қолдау.

Д. Истон, Г. Митчел, Г. Спиро, Г. Алмонд саяси жүйенің өзіндік мүмкіндіктерін көрсетті:

1. Топтар мен жеке адамдардың іс-әрекетін басқаруға байланысты реттеу мүмкіндігі;

2. Өзінің қызмет етуіне қажетті экономикалық және басқа қорларды табуға байланысты қысымдық мүмкіндігі;

3. Қорларды, иліліктерді, қызметті, үздік белгілерді бөлу және қайта бөлу мүмкіндігі;

4. Әлеуметтік ортаның талаптарына әрқашан жауап берерлік, өзгерген жағдайларға бейімдеушілік мүмкіндігі.

Қорыта келе саяси жүйе үстемдік етіп отырған қоғамды басқаратын аппарат болып саналады.

 

Әдебиет:

1. Кенжебаев М. Саясаттану негіздері. Алматы, 1995.

2. Мағзұмов М.Т.Саясаттану. - Өскемен, ШҚМУ, 2002.

3. Жамбылов Д.Ә. Саясаттану негіздері. – Алматы, Жеті жарғы, 2003.

4.Әлемдік саясаттану антологиясы. 10 томдық. Алматы (Мәдени мұра), 2005. 1-том. 502-бет.

5. Қуандық Е. Саясаттану негіздері. Астана, 2001.

6. Мұстафин Т.Т. Саясаттануға кіріспе. А., 1994.