Геморрагиялық ангиоматоз (Ослер ауруы) кезіндегі пародонтальдық синдром.

Бұл ауру тұқым қуалайтын жанұялық аурулар қатарына жатады және ұсақ қантамырларының (қылтамырлар және венулалар) оңай қанағыштығымен сипатталады. Себебі әлі анықтала қойған жоқ. Клиникалық көріністері: жиі-жиі және себепсіз мұрынның қанауы, ауыз кілегейлі қабығынан және ішкі ағзалардан қан ағуы. Ауру кез-келге жаста, көбінесе 40-50 жас арасында жиірек орын алады. Ауыз ішінде аурудың белгілері қызылиектің катаральды (талаурап) қабынуы, кілегейлі қабықтың домбығуы, бетінде домалақ пішінді қара қошқыл-қызыл түсті, тиіп кеткенде оңай қанайтын телеангиэктазиялық құрылымдардың болуы арқылы көрініс табады. Альвеола өсіндісінің сүйек тінінде пародонт қабынуының ауыр дәрежесіне тән өзгерістер, үдемелі бұзылу үрдістері байқалады.

Иценко-Кушинг ауру кезіндегі пародонталдық синдром гипофизарлық аппараттың біріншілік жарақаттануымен, көптеген ішкі бездер (жыныс бүйректер үсті және ұйқы бездер) қызметінің бұзылуымен сипатталады.

Мұндай ауру кезінде адам қатты семіреді, терісіне қан құйылып, тыныс ағзалары қызметінің бұзылуы мен қантсыз диабет белгілері, психикалық ауытқулар байқалады. Ауыз ішінде қызылиектің қатты қызарып домбығуы және қан құйылуы, терең пародонтальдық қалталар және олардан іріңді жалқық бөлінуі, тістераралық бүртіктердің өсе-ұлғаюы, тістердің орындарынан ауытқуы және қозғалмалылығы байқалады.

Жақ сүйектерінің рентгенсуретінде кемік сүйектің кеуектенуі, альвеола өсіндісінің бұзылуы орын алады, сонымен қатар басқа сүйектерде де бұзылу үрдісі анықталады.

 

Пародонтомалар

Пародонтомалар – пародонттағы қатерсіз ісіктер және ісікке ұқсас жаңа құрылымдар. Олардың қатарына фиброма, қызылиек фиброматозы, эпулис және пародонталдық киста жатады.

Фиброма – жақсы жетілген дәнекертін құрылымдарынан, қан және лимфа тамырларынан тұратын жекедара дамыған ісік. Дамуы – баяу. Фиброманы ұсақ (шектелген) және ірі (көлемді) деп екі топқа бөлуге болады. Қызылиекте тығыздау, домалақ пішінді фибромалар орын алады және қозғалмалы болады, астындағы тіндермен байланысы жоқ, шекарасы анық, сипап байқағанда ауырмайды, түсі бозғылт-қызыл түсті.

Жарақаттаушы ықпалдар әсерінен жаралану және қабыну белгілері орын алуы мүмкін. Емі – хирургиялық әдіспен кесіп алып тастау.

Қызылиек фиброматозы қызылиек бүртіктерінің, жиегінің және альвеолалық бөлігінің шектеле немесе жайыла ұлғаюымен сипатталады. Көбіне жас өспірімдер және жастар арасында жыныстық жетілу кезінде орын алады, ал Даун ауруымен ауырған балаларда емдеу мақсатында қолданылған дәрілердің әсерінен дамиды.

Қызылиек фиброматозы жоғарғы және төменгі жақтар қызылиегінде қатар орын алып, қызылиек әртүрлі дәрежеде ұлғаюы мүмкін.

Фиброматозды өсіктер бөлшектенген, папилломатозды, бұдырмақты, кейде біртұтас қалың бозғылт немесе күлгін түсті өсікті құрылым түрінде кездесуі мүмкін. Аумағына қарай қызылиек фиброматозы шектеле, жайыла және тұтаса (тотальный) дамуы мүмкін. Тұтасқан фиброматоз кезінде альвеола өсіндісі толығымен бұзылып, орнында фиброзды өсіктер пайда болады. Бұл жағдай көбінесе алмалы-салмалы протездер астында орын алады. Патоморфологиялық өзгерістер фиброматоз ошағында қантамырлары аз, тығыз коллагенді дәнекертінді құрылымдар және ұсақклеткалы инфильтраттар пайда болуымен сипатталады.

Қызылиек фиброматозының емі – хирургиялық емдеу әдісі.

Эпулис – қатерсіз ісік, қызылиектің созылмалы ықпалдар әсеріне ұшыраған аймағында дамиды және қызылиектің шектеле өсуімен сипатталады.

Эпулистің көлемі тас бұршақ көлеміндей, кейде одан да үлкен болады, жіңішке немесе жуан аяғы бар, пішіні түйінге, саңырауқұлаққа ұқсас келеді, бір немесе бірнеше тістер пародонты аймағындағы қызылиекте, патоморфологиялық белгілеріне қарай тістермен жанаса орналасады. Эпулис қантамырларына бай дәнекертінді құрылым, сыртынан эпителийдің қалың қабатымен жабылған. Эпулистің 3 түрін ажыратады: фиброзды, ангиоматозды және алыпклеткалы.

Фиброзды эпулис кезінде жетілген талшықты дәнекертінді құрылымның көбеюі орын алады, сүйек затынан тұратын ошақтар және остеобластар кездеседі.

Ангиоматозды эпулис араларында кавернозды ангиомаға ұқсас қуыстарға бай қантамырларының көбеюімен, әкті (извести) ошақтардың құрылуымен сипатталады.

Алыпклеткалы эпулис – көп мөлшерде алып клеткалардан тұратын дәнекертінді құрылым. Алып клеткаларға атипиялық жолмен көбею тән емес.

Эпулистің бастапқы даму сатысында альвеола өсіндісінің сүйек тінінде ешқандай өзгеріс байқалмайды, ісіктің көлемі үлкейген сайын тістераралық қалқандар сүйегінде бұзылу және сорылу ошақтары пайда болып, тістер қозғалмалы бола бастайды.

Эпулистің емі -хирургиялық әдіспен емдеу: эпулисті және оның өсу белдеуін тұтас кесіп алып тастайды. Кесуден пайда болған жара аймағына диатермокоагуляциялау немесе криодеструкциялау әдістерін жүргізу өте жақсы нәтиже береді.