Ызылиектің өсе қабынуын емдеу.

Жергілікті емдеу шаралары қабынудың түріне, ауырлығына байланысты жүргізіледі және қосалқы-себепті ықпалдарды да ескерген тиімді болады.

Өсе қабынудың домбыққан түрінде тіс шөгінділерін мұқият алғаннан кейін негізгі немесе қосалқы ықпалдардың әсерін (дұрыс қойылмаған пломбылар, жасанды сауыттар, протездер, ортодонтиялық конструкциялар) жоюға тырысу керек. Жүргізілетін ем нәтижелі болу үшін қызылиегі қабынған адамды ауыз гигиенасын дұрыс сақтауға машықтандыру керек. Қызылиектегі қабыну және домбығу үрдісін тежеу үшін құрамында глюкокортикоидтар, қабынуды тоқтататын дәрілер бар жақпаларды (0,025% синафлан, Гиоксизон, Лоринден-А, Лоринден-С, преднизолон, гепарин жақпалары, гепароид) пайдаланады. Қызылиек домбығуы біраз басылғаннан кейін дәиекер тінді склероздайтын дәрілер қолданады. Ол үшін глюкозанның 50-60% ертіндісін әрбір ұлғайған қызылиек бүртігінің ұшына 0,1-0,2 мл. енгізеді. Емдеу курсы 3-8 сеанстан тұрады және инъекция күн сайын немесе екі күнде бір рет жасалынады.

Сонымен қатар «Мараславин» және «Полиминерал» сияқты Болгар республикасында шығарылатын препараттардың да склероздаушы қасиеті бар. Қызылиектің өсе қабынуынң домбыққан түрі көбінесе екіқабат әйелдерде, жеткіншектерде (юноши) жиірек кездесетіндіктен, көпшілік жағдайда организмдегі гармоналдық ауытқу қалпына келгенде, ұлғайған қызылиек бүртіктері қайта қалпына келеді. Сондықтан өсе қабынған қызылиек дәрілердің көмегімен қалпына келмесе, белгілі уақытқа дейін (екіқабат әйел босанғанға, жеткіншек жыныстық жетілуге дейін) хирургиялық емдеу әдісін қолдануды тоқтата тұру керек.

Егер қызылиектің өсе қабынуы әртүрлі тістем ауытқуларына және тістердің ауытқи орналасуымен байланысты болса, оларды түзетуге арналған ортодонтиялық және ортопедиялық емдеу шаралары жүргізіледі. Жалпылай емдеу үшін С және Р витаминдерін және басқа витаминдер жиынтығын тағайындау қажет.

 

Ызылиектің өсе қабынуының фиброзды түрін емдеу.

Қызылиек қабынуының бұл түрін дәрілермен емдеу аса жақсы нәтиже бере қоймайды. Сонда да дәрілерді тиімді пайдаланса, ұлғайған қызылиек бүртіктерінің көлемі белгілі бір дәрежеге дейін кішіреюі мүмкін.

Тіс шөгінділерін алып, қабынудың негізгі және қосалқы себептерін жойып, қызылиегі қабынған адамды ауыз гигиенасын дұрыс сақтауға үйреткеннен кейін дәрілермен жергілікті емдеу шараларын жүргізеді. Қызыл иек бүртіктерінің өсуін тоқтату үшін құрамында глюкокортикоидтары бар жақпаларды қызылиекке күніне 2-3 рет сіңірген тиімді. Себебі олар қабыну ошағында жаңа грануляциялық тіннің өсуін, фибробластардың көбеюін, коллагеннің құрылуын тежейді. Ол үшін Лоринден-А, Лоринден-С, Оксикорд, Фторокорт жақпаларын пайдаланған тиімді. Қабыну ошағында қан тамырларының қысылуынан туындаған қанның іркілуі мен ұюын жою үшін гепарин жақпасын сіңіргенде тиімді. Глюкокортикоидты жақпаларды 5-6 күн қолданғаннан кейін 3% апилак жақпасын қоса пайдалана бастау керек. Себебі апилак жақпасы қызылиектегі ірі және жуан коллаген талшықтарының жіңішкеріп, көлемінің кішіреюуіне үлкен әсерін тигізеді. Дәрілермен жергілікті емдеу курсын 8-10 күндей жүргізу керек. Бұл кезде жалпылай емдеу шараларын да ұмытпай қажет. Ол үшін аскорутин, витаминдер кешенін тағайындап, никотин қышқылының 1% ертіндісін тері астына, лидаза ертіндісін бұлшық етке салған (10-15 инъекция) тиімді.

Физиотерапиялық емдеу шараларынан қызылиектің ұлғая қабынуын емдеу үшін Дарсонваль тогын, гепаринмен электрофорездеу, сумен массаждау әдістерін қолдануға болады.

Қызылиектің ұлғая қабынуын дәрілермен емдеу бірғана курспен шектелмеу керек, емдеу шараларын 2-3 курс қайталаған жөн (әрбір 2-3 айдан кейін).

Жүргізілген дәрілік емдеу шараларының нәтижелілігі ойдағыдай болмаған кезде (қызылиек қалпына толық келмеген жағдайда) хирургиялық емдеу әдістерін (гингивэктомия, криодеструкциялау, диатермокоагуляциялау, қуатты лазермен қыру) қолданып, қызылиектің артық бөлігін (ұлғайған бөлігін) жамып, косметикалық талапты қанағаттандырады.