Гингивотомиялау әдісі.

Бұл әдіс біржақты және тар пародонталдық қалталар және пародонталдық абсцестер кезінде қолданылады. Ол үшін қызылиек жиегінен 2-3 мм шегіне отырып, қалтаны тік немесе көлденең тілік жасай отырып ашады және осы тілік арқылы өтіп, қызылиек асты шөгінділерді, грануляциялық тінді, өскен эпителийді қырып тазалайды. Жарақат ошағын антисептиктермен жуып тілікті тігіспен жабады. Кейде тілікті қызылиек жиегінен бастап қалта түбіне дейін жасауға болады. Бір қабылдауда 1-3 тістер аймағындағы ғана қалталарды тазалауға болады.

Гингивэктомиялау әдісі пародонталдық және «жалған» пародонталдық қалталарды жойып, ауыз гигиенасын жақсарту үшін қызылиектің бөлігін кесіп алып тастауды қарастырады. Бұл әдіс қызылиектің өсе қабынуы, қызылиек фиброматозы, қызылиектің ұлғаюымен қатар пайда болған пародонталдық қалталар кезінде қолданылады.

Гингивэктомиялау (қызылиекті кесіп алып тастау) әдісі екі түрге бөлінеді: жартылай гингивэктомиялау (частичная гингивэктомия) және толық гингивэктомиялау (тотальная гингивэктомия).

Жартылай немесе қарапайым гингивэктомиялау әдісі көбінесе қызылиектің өсе қабынуы кезінде және пародонталдық қалталарды толық жою мүмкіндігі болмаған кезде, тек олардың тереңдігін азайту үшін қолданылады.

Операцияны орындау тәсілі. Пародонт тіндерін уақытша жансыздандырып алғаннан кейін, қызылиектің жиек бөлігінен қалтаның 3 мм тереңдігіне дейін кесіп алады да оның қалған бөлігінде кюретаждау әдісін жүргізіп, жара бетін антисептиктер ертіндісімен өңдеп, бетіне емдік таңба қояды. Бұл әдіс көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қолданылады, ал алдыңғы тістер аймағында сирек қолданылады (тістердің түбірі ашылып, косметикалық ыңғайсыздық туындататын болғандықтан). Толық немесе радикалды гингивэктомиялау әдісі соңғы кезде қолданыс таба қойған жоқ.

Жабық кюретаждау әдісі тереңдігі 3,5-4,0 мм пародонталдық қалталарда жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – пародонталдық қалтаны жою. Ол үшін қызылиек асты тіс тасын, грануляциялық тінді және қалтаның қызылиек жақ қабырғасының бетін қуалай өскен эпителийді алып тастап сорылуға ұшыраған цемент бетін тазалау керек. Осының нәтижесінде аққан қан ұйып, ірі талшықты тыртық тінге айналады, қалтаны жиырып, тазаланған қызылиектің беткей қабатының жаңадан құрылған түбір цементіне жақсы бекуін қамтамасыз етеді.

Кюретаждау әдісін жүргізген кезде төмендегі шарттарды сақтау қажет: операция жүргізілетін аймақты (бір қабылдауда 3-4 біртүбірлі тістер немесе 2 көптүбірлі тістер пародонтын) тиімділікпен уақытша жансыздандыру, өңделетін тіндерге аса көп зиян келтірмеу, асептика қағидаларын және ұйыған қанды сақтау, операциядан кейін ауызды дұрыс күтуді қамтамасыз ету.

Кюретаждау үшін зарарсыздандырылған және өткір аспаптар: иілген әртүрлі ілмек аспаптар, аршығыштар (эксковаторлар) кюреткалар, рашпилдер пайдаланылады.

Кюретаждау тәсілі. Уақытша жансыздандырудан кейін қызылиек асты тіс тасын және түбір бетіндегі өзгеріске ұшыраған цементті алып тастайды және бұл шараны ультрадыбыстық скалердің көмегімен аяқтайды. Тіс түбірлерінің беттерін белгілі реттілікпен (ерін-ұрт, жанасу және тіл-таңдай беттері) тазалайды. Қалтаға түскен қатты тіндер қалдықтарын антисептиктер ертіндісімен шприцпен жуып кетіреді. Осыдан кейін кюреткалардың немесе аршығыштың көмегімен грануляциялық тінді қырып алады. Ең соңғы және жауапты кезең – қалтаның қызылиек жақ қабырғасын өскен эпителийден тазалау (деэпителизация кармана). Ол үшін сол қолдың басбармағымен қызылиекті тіске жабыстырып және қатты қыса отырып, аршығышпен немесе кюреткамен оның тіске қараған бетін эпителий қабатынан қырып тазартады. Ол үшін аспаптың (кюретканың, аршығыштың) ойық бетін қызылиекке қаратып қалта түбіне дйін енгізеді де, өткір жиегін қалтаның қызылиек жақ қабырғасына тығыз жанастырып, онда өскен эпителий қабатын қырып шығарып отырады. Қырушы аспаптың қозғалысы содқол баспармағының астында үнемі бақылауда болады. Қалта толық тазартылғаннан кейін қызылиек тіске қайта жабыстырылып, бетіне қатаятын емдік таңба қойылады. Емдік таңба 5-7 күнге дейін күнара ауыстырылып тұруы қажет. Осы уақыт ішінде науқас жұмсақ және сұйық тағамдарды ғана қабылдап, тістерді мәсуекпен тазаламай, ауызды антисептиктер, ас тұзы немесе ас содасының 1-2% ертінділерімен шайып тұруы (ас қабылдағаннан кейін) керек. Қатаятын таңбалар қояр алдында қызылиек қалталарын сүңгілемейді және жуып-шаймайды. Себебі, мұндай әрекет қалта қабырғасындатыртық тінінің құрылуына кедергі келтіреді.

Жабық кюретаждау әдісінің бірден-бір кемшілігі – операция жүргізіліп жатқан аймақты анық көре алмау, осыған байланысты жыртылған жаралы беттердің пайда болуы. Бұл кемшіліктерді жою үшін Т.И.Лемецкая және б. (1981) ашық кюретаждау әдісін ұсынған .

Бұл әдіс тереңдігі 5мм-ден аспайтын пародонталдық қалталарда жүргізіледі.

Ашық кюретаждау әдісін орындау тәсілі.

Ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдеп, операция жүргізілетін аймақты уақытша жансыздандырғаннан кейін тісаралық қызылиек бүртіктерінің ұшы арқылы көлденең тілік жасалады, ұрт және тіл жақтан қызылиек қиығы өтпейтін аспаппен қалта түбне дейін сыдырылады. Ашылған тіс түбірлері беттерінен қызылиек асты шөгінділер, өзгеріске ұшыраған түбір цементі және грануляциялық тін алынған соң, қалтаға өскен эпителийді өткір қайшының көмегімен қырқып тазалайды. Алынбай қалған тіс шөгінділерінің қалдықтарын ультрадыбыстық скалермен алып, түбір беттерін финирлер, полирлер және рәзіңке тегістегіштердің көмегімен тегістейді. Қажет болса сүйек құрылуын қамтамасыз ететін заттар енгіп, қиықтарды орнына қайтарады, бөлінген қызылиек бүртіктерінің қиықтарын біріктіріп, тігіс салады. Жаралы аймақты қатаятын емдік таңбалармен 1-2 сөткеге жабады. Тігістік материалды 5-6 сөткеден кейін алып тастайды. Бұл операцияны бір қабылдауда 4-7 тістер аймағында жүргізуге болады. Кюретаждау әдісін қолдануға болатын пародонталдық қалтаның көрінісі суретте көрсетілген.

Операция жасалған науқасқа ауыз гигиенасын сақтау, жұмсақ және сұйық тағамдар қабылдау туралы (5-7 тәулік) ақыл-кеңес береді және антигистаминдік дәрілер қажет болса бактерияларға қарсы дәрілік заттарды тағайындайды. Қызылиек сайы 7-10 күннен кейін ғана эпителий қабатымен жабылып, қалпына келе бастайды, ал коллаген талшықтарының жетілуі 20-21 күнге созылады (В.С.Иванов, 1989).

Пародонталдық қалталарға кюретаждау жүргізгеннен кейін туындауы мүмкін асқынулар:

а) Операция жүргізілген аймақта қатты қабыну және домбығу белгілері, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит) байқалуы мүмкін. Бұлардың себептері – асептика және кюретаждау ережелерінің бұзылуы. Мұндай жағдайда ауырсыздандыратын, қабынуды, домбығуды тоқтататын дәрілер, ауызды шаюға немесе бұлауға арналған антисептиктер ертінділерін, , шөптер тұнбаларын тағайындайды.

б) Тіс шөгінділерін, патологиялық өзгеріске ұшыраған цемент пен дентиннің жоғарғы қабатын алғаннан кейін тістерде аса сезімталдық (гиперестезия) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде құрамында фтор бар препараттармен тіс беттеріне бастырма (аппликация) қояды (натрий фторидінің 1-2% ертіндісі, фторлы гель) немесе арнаулы лактармен (сырлармен) жабады және науқасқа тістерін құрамында фтор бар, кальций препараттары бар қойыртпақтармен тазалауға кеңес береді. Аса сезімталдығы бар тістерді композиттік материалдың құрамындағы адгезивтермен де жабуға болады.

Жабық және ашық кюретаждау әдістерін қолдануға қарсы көрсетілімдер: пародонталдық қалталардың қабырғаларының тым жұқалығы және сүйек қалталарының болуы.

Қиықтап кесу немесе қиықтандыру операциялары(лоскутные операции)

Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясының негізгі мақсаты: альвеола өсіндісінің қызылиегі мен сүйекқабын қиықтап кесіп, сылу арқылы пародонттағы патологиялық ошақтың бетін жақсылап ашып, өзгеріске ұшыраған тіндерден тазалап, пародонталдық қалтаны жою және сүйек тіндерін коррекциялау.

Қиықтап кесіп тазалау немесе қиықтау операциясы жарақат аймағын жақсы көріп, хирургиялық емдеу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Барлық қиықтап кесі операцияларының негізін қалаушы деп Видман-Нейман-Цешинский ұсынған радикалдық операцияны санауға болады. Қазіргі кезде бұл операцияның көптеп түрлендірілген техникалық тәсілдері бар.

Қиықтап кесу операциясының негізгі мақсаты (лоскутная операция) пародонталдық қалтаны жойып, бұзылған тірек тіндерді қалпына келтіру немесе жаңа дәнекер тінді құрылым бекітуші жүйені қалыптастырып, сүйекті тінінің коррекциялау.

Бұл операцияны қолданып емдеудің негізгі көрсетілімдері: тереңдігі 5 мм және одан да терең пародонтальдық қалталар, тістердің I,II,III дәрежелі қозғалмалылығы, альвеола сүйегінің түбірдің ½ бөлігінен артық деңгейде сорылып, сүйек қалталарының пайда болуы.

Пародонталдық қиықтар толық және жартылай ажыратылған болып екі түрге бөлінеді. Толық қиық жабынды эпителийден, дәнекер тіннен және сүйек қабынан (надкостница), ал ажыратылған қиық эпителийден және дәнекер тіннен тұрады. Сонымен қатар қиық қарапайым (простой) немесе тұрақтанатын (операция біткен соң орнына қайта қондырылады) және көшпелі (позиционный) немесе тұрақсыз (операция біткен соң басқа аймаққа көшіріледі) болып та бөлінеді.

Қиықтау операциясын орындау тәсілі.

Операцияға дайындау кезеңі жалпы хирургияда қабылданған қағида бойынша жүргізіледі. Операция жасаудан 30-40 минөт бұрын премедикациялау әдісін қолданады. Операция жасалынатын аймақ инъекциялық әдіспен уақытша жансыздандырылғаннан кейін ұрт және тіл жағынан 6-8 тістің аумағында қызылиек жиегіннен 1-2 мм шегіне отырып 30-45° бұрышпен көлденең тілік және екі тік тілік жасап (сүйек қалталарының тереңдігіне дейін), қызылиекті жартылай алып тастайды. Осыдан кейін қызылиек-сүйек қабынан тұратын қиықты альвеола өсіндісінің тіл және ұртжақ беттерінен сыдырады (қалталар түбінің деңгейіне дейін). Ол үшін металл қалақшаны (шпатель) немесе распаторды пайдаланады. Тістерді қызылиекасты шөгінділерден, бұзылған цементтен тазартып, қиықтардың ішкі беттерінен грануляциялық тінді, өскен эпителийді тақырлап алып тастайды (өткір қайшының көмегімен) және тістер түбірлерінің беттерін тегістейді. Сүйек қалталарын грануляциялық тіннен тазартып, альвеола өсіндісінің өткір қырларын мұқият тегістейді, операциялық жара аймағын антисептиктер ертіндісімен жуып тазалаған соң сүйек ақаулары мен сүйек қалталарын қиықтарды орындарына қойып, остеопластикалық материалдармен толтырады да бір-біріне тістер арасына көлденең тігіс салу арқылы бекітеді. Тік тіліктер де 2-3 тігіспен тігіледі. Тігістер 6-7 күннен кейін алынады. Қан ұйындысын, жараны екіншілік инфекциядан қалай сақтау жөнінде кеңес береді. Олар: аса ыстық және қатты тағамдар қабылдамау, ауызды ас қабылдағаннан кейін антисептиктер ертіндісімен шайып отыру, тістерін антисептиктер ертіндісімен суланған мақта анжымен тазалап отыру.

Сонымен бірге аурудың жағдайын ескере отырып, антигистаминдік, қабынуға қарсы дәрілер және антибиотиктер тағайындайды.

Сүйек қалталарын жойып, альвеола өсіндісінің сорылған бөлігін мүмкіндігінше қалпына келтіру үшін қазіргі кезде арнаулы осеопластикалық заттар: аутосүйек, сүйектен және шеміршектен тұратын аллотрансплантаттар, лиофилденген және формалинденген трансплантаттар, минералсыздандырылған сүйек, брефосүйек, кальций-фосфатты керамика аллопластикалық материалдар (үшкальцийфосфат, коллаген қосылған гидроксиапатит Колапол) қолданыс табуда.

Пародонталдық қалталарды хирургиялық әдіспен емдеуді кез-келген жағдайда қолдана беруге болмайды. Оларды қолданудың жалпылай, жергілікті, абсолюттік және салыстырмалы қарсы көрсетілімдері бар.

Жалпылай қарсы көрсетілімдер:

§ жүйелі остеопороз (белсенді кезеңі);

§ қан аурулары (гемофилия, лейкоз, анемия);

§ туберкулез (белсенді түрі);

§ онкологиялық аурулар;

§ ағзалар және жүйелер ауруарының декомпенсацияланған түрілері (қант диабеті, бауыр, бүйрек, қантамыр-жүрек аурулары);

§ екіқабаттылық (жүктілік);

§ Салыстырмалы қарсы көрсеткіштері:

§ жедел жұқпалы аурулар;

§ қандағы гемоглобиннің аздығы;

§ жергілікті көрсеткіштер;

§ қалталардан іріңді жалқықтың бөлінуі;

§ ауыз гигиенасының нашарлығы;

§ түзетуге келмейтін тістем ауытқулары;

§ фиброздануға ұшыраған немесе өте жұқарған қызылиек.

Көңілге алған, емдеу жоспарына енген хирургиялық емдеу әдісінің алдында тиімді дайындық шараларын жүргізу қажет. Олар: пародонты қабынуы бар адамға ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйрету; қозғалмалы тістерді шендеу және тістерді таңдап егеп-тегістеу; ұласында ретроградтық қабынуы бар және операция кезінде қантамыр-нерв шоғыры жарақатқа ұшырауы мүмкін тістердің ұлпасын алып тастау (депульпирование); ауызды толық сауықтыру; пародонтағы белсенді қабыну үрдістерін тежеу.