Ж. Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі 3 страница

Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Есполов Мырза-Ғазы, Әділев Дiнмұхамед (Дiнше), Аймауытов Жүсiпбек, Болғанбаев Хайретдин, Бiрiмжанов Ғазыбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа:

– 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистiк ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшiн;

– Далаға барып қарулы көтерiлiс ұйымдастыру туралы жиналыс өткiзгенi және далаға сiңiп кетуге дайындалғаны үшiн;

– 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң сектетары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшiн;

– Юсупов А. С. – ОГПУ-дiң құпия тыңшысы бола тұра, Бiрiмжановтың Валидовке кеткенiн хабарламағаны үшiн;

РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң

– 58 статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармағы бойынша:

Ату жазасына кесiлдi.

– Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдос, Битiлеуов Дамолла - «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес –

– Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды.

Атуға бұйырылған төрт адамның – Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатовтың, Мырзағазы Есполовтың, Қазымбек Бiрiмжановтың iсi 1931 жылы 13 қаңтарда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмастырылды. Олар он жылға бас еркiнен айырылды. Ал, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов, Дiнмұхамед Әділев, Хайретдин Болғанбаев, Юсупов Ахмед-Сафа атылып кеттi. 1920 жылы 3 июндегi ВЦИК президиумының указы бойынша оларға жасалған кешiрiм де сол күйi ескерiлмей қалды.

Отызыншы жылдардағы саяси сахнадағы ойынның шиеленiстi, тартысты болғаны сондай, заң ережесi, адамгершiлiк нормасы, партия мен өкiмет қаулылары аяқ астында тапталып, жаппай жазалауға ұласты. Кiмдi кім жеңдi – мәселе осыған келiп тiрелдi.

Өкiнiшке орай, бұл «қара дауылдың» алғашқы аласапыраны едi.

 

V

 

“Он төрттің ісіне” қатысты адамдардың бұдан кейінгі тағдыры әрқалай “қалыптасты”. Бірақ олардың барлығы да өз өмірлерін түрмеде аяқтады. Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсынов Беломор-Каналда айдауда болып, Қызыл Крест қоғамының көмегімен 1934 – 1935 жылдары Алматыға қайтып оралды. Арада екі жыл өтісімен, 1937 жылы қарашада Ахмет Байтұрсынов НКВД-ның Алматы облыстық басқармасы коллегиясының шешімімен қамаққа алынады. “Қайда апарасыңдар?” – деген әйелі Бадрисаның сұрағына жылдам қимылдайтын, аласа бойлы қара жігіт: “О дүниеге” – деп жауап беріпті. Қандай сұрқиялық десеңізші. “Жылтыр қараның” бұл сөзіне қарағанда, А.Байтұрсыновқа алдын ала үкім шығарылып қойылған. 25 ноябрь күні “үштіктің” қаулысы қабылданды да, екінші рет ату жазасына кесілді.

Он үш күннен кейін, яғни, 1937 жылы 8 декабрь күні үкім орындалды.

Тағылған айып мынадай: «Байтұрсынов 1921 жылы Орынбор қаласында Валидовпен байланыс жасап, жасырын контрреволюциялық ұйым ашты, қылмысты жазасын өтеп келгеннен кейін, 1937 жылы Алматы қаласында әшкереленген тағы бір контрревболюциялық түрік халық партиясының белсенді мүшесі Ғ. Қабдалиевамен байланыс жа-сағаны үшін айыпталды».

Сайып келгенде, мұның барлығы жалған жала боп шықты.

Жоғары соттың анықтамасынан: «Байтұрсынов өзін қылмыстымын деп есептемеді. Қазақ ағарту институтының председателі ретінде Совет өкіметінің кейбір шараларының жүзеге асырылуына қарсы пікір айтқанымен, қандай да бір контрреволюциялық партиямен байланыс жасамағанын мәлімдеді. Оның ішінде, қазақ әрпін латын қарпіне көшіру мәселесі жөнінде көзқарас алшақтығы болды.

Бұдан әрі ол мынаны баяндады: 1937 жылы мұның пәтеріне бейтаныс әйел келіп, Жапонияға байланысты қайдағы бір саяси ісі үшін күйеуінің түрмеге қамалғанын хабарлайды. Бұл әйелге: өзінің саяси іспен айналыспайтынын, егер де Жапонияның Совет өкіметімен соғысқысы келсе, оны қзақтардан сұрамайтынын айтады.

Ал Ғ.Қабдалиева өз сөзінде: күйеуі Әбікеевпен бірге қылмысты жауапкершілікке тартылған Қисаевтың ұсынысы бойынша, ақыл-кеңес сұрау үшін Байтұрсыновқа келген. Соңғы адам (Байтұрсынов) оған: ондай істен шеттеп кеткенін, бұл жөнінде ешқандай да жөн-жоба көрсете алмайтынын білдіреді.

Бұдан өзге, Байтұрсынов контрреволюциялық ұйыммен байланыс жасады-мыс дейтіндей дәлелді айғақ жоқ».

Тергеуші адам оны кінәлайтындай иненің жасуындай себеп те іздемеген және ол жөнінде сұрақ-жауап та алмаған. Ғ.Қабдалиева деген азаматша қайдан пайда болды? Шынымен, тағдырдың тезіне ұшырап, жары үшін жанталаса әділдік іздеген әйел ме? Әлде Ахмет Байтұрсыновты арандату үшін қасақана онымен кездесуге барған адам ба? Мұндай күдікті сұрақтардың қойылуы заңды да еді.

Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасы: “Алматы облыстық НКВД үштігінің 1937 жsлғы 25 ноябрьдегі қаулысы бұзылсын және іс-қимылында қылмыстық әрекеттердің жоқтығына байланысты Ахмет Байтұрсыновқа қатысты тергеу ісі тоқтатылсын.

Қазақ ССР Прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.

Председателі – Т. К. Айтмұхамбетов.

Коллегия мүшелері – В. Л. Грабарник. К. Т. Кенжебаев.

4 ноябрь, 1988 жыл”.

Араға елу жыл салып барып, ақиқат ашылды.

Праволық социалистік мемлекеттің Соты да ең бірінші сол қоғамның ең басты байлығы – Адамның азаматтық мүддесін қорғауы – тосын да төтенше оқиға емес, күнделікті парызы болуға керек. Себебі: тарихымыздағы «ақ таңдақтар» мен «қара дақтар» әлі де толық жойылып біткен жоқ. Бұл тілектің осы «он төрттің ісіндегі» кейбір азаматтардың тағдырына тікелей қатысы бар.

Ақиқаттың есігінің енді кең ашылатынына сенгіміз келеді.

// «Өркен», // №№ 22, 23, 24, // 29 мамыр – 17, маусым, 1989 ж.

*** *** ***

(№) ШЫРМАЛҒАН ШЫНДЫҚ

 

 

Құрметті редакция!

Қадірлі оқырмандар!

Ащы шындықтар ашылмай, үнсіздік пен өткен тарихи кезендер мен қатал да қатыгез жазаға тартылып, жазықсыз құрбан болғандар туралы шындықтар соңғы жылдары баспасөз беттерінде ашық жазыла бастады. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Өшкенді жаңғыртып, өлгендердің рухын тірілту қолына қалам ұстаған әрбір азаматтың парызы. Ұзақ жылдар бойы творчестволық мақсат тұрғысынан туындаған қажеттіліктің нәтижесінде мен де жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ интеллигенциясының басынан кешкен тауқыметті зерттеп, өзімше тірнектеп деректер жиыстырып жүрген едім. Бұрын «жабулы қазанды» жабулы күйінде қалдырсам да, жариялылықтың тұсында үнсіз қалуды жөн көрмей, өзге баспасөздердің қиыла қолқалағанына қарамастан, қазақтың ардагер арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Телжан Шонанов, Дінше Әділов, т.б. үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы зерттеу мақаламды арнайы «Өркен» газетіне ұсынып едім. Мұндағы мақсатым – асыл ағалары туралы шындықты жастар, оның ішінде студенттер қауымы біле жүрсін деген ой еді. Мен онда өз қиялымнан бірде-бір артық сөз қосқамын жоқ. Сол кезде жүргізілген және жоғарыдағы азаматтарды ақтаған Қазақ ССР Жоғарғы Сотының ісіне тікелей сүйенген едім.

Июнь айындағы шыққан «Өркеннің» №№ 22, 23, 24 сандарындағы «Шырмалған шындық» атты мақаланы оқыған оқырмандардың есінде шығар: онда Ахмет Байтұрсыновтың 1937 жылы ұсталып, атылуына себепші болған адамның бірі ретінде Ғайнижамал Қабдалиеваның есімі аталады. Байтұрсыновқа шығарылған үкімде: «1921 жылы Орынбор қаласында Валидовпен байланыс жасап, жасырын контрреволюциялық ұйым ашты, қылмысты жазасын өтеп келгеннен кейін, 1937 жылы Алматы қаласында әшкереленген тағы бір контрреволюциялық түрік халық партиясының белсенді мүшесі Ғ.Қабдалиевамен байланыс жасағаны үшін айыпталды» – делінген.

Одан әрі тағы да сот ісінен мынандай үзінді келтірілген: «1937 жылы мұның (Байтұрсыновтың – Т.Ж.) пәтеріне бейтаныс әйел келіп, Жапонияға байланысты қайдағы бір саяси ісі үшін күйеуінің түрмеге қамалғанын хабарлайды. Бұл әйелге өзінің саяси іспен айналыспайтынын, егерде Жапония Совет өкіметімен соғысқысы келсе, оны қазақтардан сұрамайтынын айтады. Ал, Қабдалиева өз сөзінде: күйеуі Әбікеевпен бірге қылмысты жауапка тартылған Қисаевтың ұсынысы бойынша ақыл-кенес сұрау үшін Байтұрсыновқа келген. Соңғы адам оған ондай істен шеттеп кеткенін, бұл жөнінде ешқандай да жөн-жоба көрсете алмайтынын білдіреді. Бұдан өзге Байтұрсынов контрреволюциялық ұйыммен байланыс жасады-мыс дейтіндей дәлелді айғақ жоқ».

Тағы да ескертейік, бұл – азаматтарды ақтаған сот ісінің дәлме дәл көшірмесі. Авторлык өңдеу жоқ. Ал осы дерек бойынша Ахмет Байтұрсынов Ғайнижамал Қабдалиеваның бір ауыз куәлігінің нәтижесінде сотқа тартылып, атылып кеткен. Мен өзімнің іс-тәжірибемде көптеген заңсыздықтар мен жалған жаланы кездестіргендіктен де, іштей Ғ.Қабдалиеваның «контрреволюциялық түрік халық партиясының белсенді мүшесі» екендігіне сенбедім. Ондай партия атымен болған жоқ қой себебі. Ал қиналған әйелдің үлкен адамнан ақыл сұрауы айып па екен? Шарасыздықтан жолыққан шығар деп ойладым. Бірақ, Ахмет Байтұрсыновтың тұтқыннан жаңа ғана шығып, бақылау астында жүргенін біле тұрып, неге осындай қадам жасады деген күдік ұялағаны да рас. Сонда мен Ғ.Қабдалиеваны ақтауым керек пе еді, жоқ, қаралауым керек пе еді? Мен екеуінен де бас тарттым да нақты шындықты баяндай келіп, сұрақты қоя отырып, әдейі жауапсыз қалдырдым. Мен үшін Ғ.Қабдалиеваның сот ісіндегі әрекеті жұмбақ күйінде қалды. Әңгіменің арқауына қарағанда ол ешнәрсені жасырмаған әрі шындықты айтқан. Дәлелденбеген «шындық» үшін халықтың көсемі атылып кете барған. Сондықтан да, мақаланың соңында: «Ғ.Қабдалиева деген азаматша қайдан пайда болды? Шынымен тағдырдың тезіне ұшырап, жары үшін жанталаса әділдік іздеген әйел ме? Әлде, Ахмет Байтұрсыновты арандату үшін қасақана онымен кездесуге барған адам ба? Күйеуіңді босатамыз, тек былай істесең жетіп жатыр деген алдауға сеніп қалған аңғал жанның бірі ме? Мұның бәрі де жай долбар ғана ма?» – деп өзімше ой тастап едім.

Мені мұндай еркін топшылауға итермелеген жайдың астарын жоғарыда айттым. Және Ғ.Қабдалиева деген кім? Өмірде бар ма? Оның кейінгі тағдыры не болды? Күйеуі не үшін түрмеге қамалды? Және қай уақытта? Міне, бұл деректерді анықтаудың маған ешқандай да мүмкіндігі түспеп еді. Мен дәл қазір де жоғарыдағы сездерімнен танбаймын. Сондай-ақ, шындыққа жетудің сондай қиын жолын таңдап ала отырып, Ғ.Қабдалиеваның атын атап, куәлігін келтіргеніме өкінбеймін. Өйткені сол жолы ащы деректі айтпағанымда, мүмкін, нақты оқиғаның бет-пердесі ашылмас та еді-ау деп ойлаймын.

Құрметті редакция!

Мәселенің сыры мынада. «Шырмалған шындық» атты мақала «Өркенге» жариялағаннан кейін белгілі қазақ киносының актрисасы телефон арқылы хабарласып, өзінің мақалада айтылған Г.Қабдалиеваның қызы екенін, ол адамның әлі де көзі тірі және тергеудегі деректердің қате екендігін, шындықты білу үшін арнайы жолығуы керектігін айтты. Толқи отырып келістім. Гайнижамал Қабдалиеванын өзі де жиырма жылдай жазаға ұшырап, түрменің тас қабырғасының ішінде отырыпты. Енді оқырман қауымға бар шындықты жеткізу үшін Ғайнижамал Қабдалиеваның айтқан әңгімесін толықтай назарларыңызға ұсынуды лайық көрдім. Менің топшылауларымның барлығы дәл келмегенімен де ақиқатқа лайық тұстары да бар. Ал кейбір деректердің маңызы ерекше ғой деген үміттемін. Сол үшін де бұл хатты жариялауларыңызды сұраймын. Жазықсыз адамды жаладан арашалап алу да жазушының, тіпті, әрбір азаматтың парызы.

Ғайнижамал Қабдалиеваның әңгімесі:

– Мен 1911 жылы Жаркент уезінің Қоңырөлең атты қойнауында дүниеге келдім. Арабша сауат алдым. 1927 жылы комсомолға өттім. 1928 жылы аудандық әйелдер бөлімінің бастығы Бану Әбдірахманованың көмегімен қызметке іліндім. Сонда жүріп аудандық партия комитетінің бірінші секретары Дайыр Әбікеевке тұрмысқа шықтым. Осы жайды сол кездегі ҚазПИ-дің оқытушысы Бүркітбаев деген кісі «Социалды Қазақстан» газетіне сықақ етіп жазып, «Қабдалидің ерке қызын бірінші хатшы алып отыр» – деп сөкті. Сөйтсем, Дайырға іштей қызғанышты екен. 1929 жылы Дайыр Алматыға шақырылып, Қарғалы шұға комбинатының директоры болып бекітілді. ҚазПИ-ге оқуға түсті. Сонымен қатар Алматы обкомының кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Өзімен қатар оқыған Ясыл Боранбаев пен және бір досы жасырын тыңшылық етіп, 1932 жылы 25 декабрьде ұсталды. Ұсталуының себебі мынадай.

Өздеріңіз білесіздер, отыз екінші жылы ашаршылық елді қызыл қырғынға батырып кетті ғой. Мен онда Түрксибтің политтехникумында оқитынмын. Көшенің екі жағында бұралып, ыңырсып жатқан аштарды көрмес үшін басымызды бүркеп өтеміз. Отыз екінші жылдың қысында тіпті қиын болды. Таңертең базардың маңындағы техникумға бара жатқанда аш адамдар қарағашты ыңырси құшақтап тұрады да етпетінен құлайды. Жатып-жатып тағы тұрады. Тағы құлайды. Соларды аттап әзер жүресің. Ол кезде түнгі сағат он екіге дейін жиналыс таусылмайды. Сонда түнде екі-үш кісі көшеде шанамен жүріп, әлгілерді аяқ-қолынан ұстап тұрып машинаға лақтырады. Әлгілер машинаға, не шанаға салғанда бұлардың қайда апара жатқанын біліп, шыңғырып бар даусымен бақырады. Оған кім қарайды. Машинадан қалғандарын арбаға салып, сайға қарай домалатып жібереді. Сонда тірідей ыңырсып жатып, аязға үсіп өледі.

Алматыны аштардан сөйтіп тазалайтын.

Менің күйеуім сол кезде қатты ашынып, өзінің сенетін достарын үйге жиып алды. Мен шай апарып бергенімде оның: «Біз қазақтың бас көтерер азаматымыз. Мына тіршілігіміз қорлық. Не осылармен бірге өлуіміз керек, не оларды құтқарып қалуымыз керек. Ашаршылықтан арашалап алайық» – деген сөзін естіп қалдым. Ол мені көрді де: «Енді өзіміз құйып ішеміз. Және үйге келмей-ақ қой. Өзім іздеп барамын» – деп техникумға қайтарып жіберді. Содан көп ұзамай күйеуім Дайыр Әбікеев ұсталды. Достары сатты.

Голощекин кетіп, Мирзоян келген соң аштарды құтқаратын жасақ құрды. Шатыр тіктірді. Шіркеудің ішіне орналастырды. Қалалық комсомол комитеті бізді соларды күтуге жіберді. Моншаға түсіреміз, киімін тазалаймыз. Сонда қолыңдағы нанды тартып бірден аузына тығады да бірден өліп кетеді. Ал, аш өзегіне түспес үшін там-тұмдап беру қажет. Шыдамдылары тірі қалды. Олар аяқтарын басуға жараған соң әлгілерге жұмыс іздейміз. Оның үстіне Алматыға сүзек ауруы келді.

Менің де қалім нашарлады. «Жаудың әйелі» деп оқудан шығарды. Еш жерге алмады. Ақыры балалар үйіне тәрбиешілікке жіберді. Аш-арық балалар. Күніне қаншасы өліп жатады. Оларды арбаға тиеп, қаланың сыртына апарып лақтырып жатады. Енем бар. Кәрі әжем сол жылы қайтыс болды. Сол кезде жаңа әліппе комитеті құрылып, С.Меңдешев соның бастығы болды. Комитеттің мүшелері: С.Сейфуллин, Т.Шонанов, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Аманжолов /жауапты хатшы/. Мен С.Меңдешев ағайға барып, өзіне жұмысқа алуын өтіндім. Ол кісі жағдайымды түсініп, іс жүргізуші етіп алды. Ал 1934 жылы педтехникумға оқуға жіберді.

Арада бір жыл өтті. Күйеуім жатқан түрмеге бардым. Ол бір жолдасы арқылы Ахмет Байтұрсыновтың айдаудан қайтып келгенін естіпті де: «Ғайнижамал сол кісіге барып жолықсын. Дүниенің аңғарын бір білсе – сол кісі біледі. Мына жапонның шпионы деген аттан қалай құтыламын. Ақталудың мүмкіндігі бар ма? Және осы өсектің шындығы қайсы, сұрасын. Біз қайтсек құтыламыз?», – деп сәлем айтыпты.

Мен бір үміттің жібін ұстап, сол кісінің үйін қарайладым. Ұяла жүріп осы жайды Ақаңа айттым. Ол кісі менің сөзімді тыңдады да: «Қарағым, мен саясаттан алыстап кеттім. Қазір айналыспаймын. Ал Жапония соғыс ашамын десе – оны қазақтан сұрамайды» – деді салқын түрде.

Әрине, маған күдікпен қарап, сенбеуі де заңды. Сезіктенгені дұрыс екен, 1935 жылы бір күні көшеде келе жатсам НКВД-ның машинасы қасыма тоқтай қалды да, ішінен бір адам шығып, мені бірден ЦК-ға апарып, партиядан шығартты. Ашаршылық кезіндегі белсенді еңбегім үшін партияға өткізген. Техникумнан да қуды. «Үш жылға дейін жұмысқа, оқуға алынбасын», – деген қаулы шығарды.

Енді не істеймін? Қайтіп күн көрем?

Бір күні үйде газет оқып отырсам, қазақ қыздарын НКВД-ның бағында өтетін спорт жарысына шақырыпты. Бала кезімде еркекшора болып ұлдармен қатар тастан-тасқа лақша секіргенім есіме түсті де тәуекелге бел будым. Онда тиісті паек береді. Қымыз да бар екен. Күн үшін жарысқа қатыстым. 36-жылғы Спартакияда да бәйге алдым. Суретім газетке шығып, НКВД біліп қояды екен деп жасырынып жүрдім.

Сол кезде ауылды жерлерге мұғалім дайындайтын курс ашылды дегенді естідім. Бірақ мен олардың сабағына кіріп, елеусіз күйде оқи бердім. «Облоно» жіберді деп мұғалімдерді алдауға да дәтім жетті. Өмір сүру үшін өтірікші де болады екенсің. Емтиханның бір-екеуін тапсырғанда директор біліп қойды. Бірақ ұстаздарым сабаққа ынталы деп, оқыта берді. Соны бітірген соң ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне түстім. Паркте сабақ оқып отырғанымды суретке түсіріп, «Лениншіл жас» газетіне шығарды. Соны НКВД адамдары көріп қойып, мені оқудан шығартты.

Күйеуімнің ежелгі досы Хасен деген журналист 37-жылы маған келіп: «Бір сұрапыл науқан басталды. Сен бізбен бірге Қырғызстанға көшіп бар. Кейін келеміз», – деді. Мен көнбедім. Олар сол жақта аман-есен жүрді. Мен 1937 жылы августе ұсталдым. Талдықорғанда «Сәтжол» жеген жерде әпкемнің үйінде каникульда жүргенімде Мүнира деген татар қызы екеуміз пәтерде тұрдық. Ол менің апайымның адресін ұрлап оқыпты. Мақсаты ана үйді өзіне иелікке алмақшы болыпты. Сонымен Панфиловта мені тұтқындап, Алматыға алып келді.

Ендігісі азапты өмір ғой. Күні-түні сұраққа алады. Тергеуден әлің құрып әзер келіп, енді демаламын дегенше тағы шақырады. Сол арада түрмедегі зиялы әйелдер қатты жанашыр болды. Сілем қатып келгенде ыстық шайға қант езіп береді. «Іш, әйтпесе әлің құрып, аштан өлесің», – дейді. Солардың көмегінің арқасында тірі қалдым. Ұрып-соғу, қорлауды басыңа бермесін. Қолыңды қоймасаң соза тартып, періп кеп жібереді. Саусағыңды зорлап бастырады. Жазу мәнеріңді көрейік дейді. Әйтеуір қамалап, есіңнен тандырып, камераға әкеледі. Сондағы әйелдердің қамқорлығының арқасында әл жиясың. Олар өздері басынан кешкен ғой. Бәрін біледі. Екі айдан соң жеке камераға шығарды.

Сонда төрт күн жаттым. Бірде коридордан өзімнің күйеуімнің: «Мен аурумын. Дәрігерге барамын», – деген дауысын жазбай естідім. Бар білгенім – оның тірі екендігі ғана. Бірде әжетханаға күйеуім: «Қарсы бөлмеде кім бар?», – деп жазып кетіпті. Зады ол да менің дауысымнан таныса керек.

Жеті күннен кейін мені алып шықты. Атуға әкетіп бара жатыр екен деп ойладым. Бір жарым метр шашым бар еді. Оны кесті. Сол кезде: «Ең болмағанда тәнімді жабатын еді. Енді көмусіз қаламын-ау. Өмірден не көрдім. Ендігі қызығымды жер көреді-ау», – деп қамыққаным есімде. Сөйтіп келе жатқанда Өзбек /Ташкент/ көшесіндегі түрменің мұнарасын көріп, «Е, жарық дүниемен қоштасуға ерте екен ғой», – деп тәубешілік еттім.

Ой, бұл түрмедегі аз күнімнің азабын өмірі ұмытпаспын. Мені бұзық әйелдердің ішіне қамапты. Пештің үстінен құбыжықтан аумайтын бір әйел шығып, мені әбден мазақ етіп, нанымды тартып алды. Тек бір орыс әйелі «Бері кел», – деп шақырды. Сол паналатты. Бір-бірімізге қорған болдық. Ол бидайы орылған аңыздан аш балаларына масақ тергені үшін ұсталыпты. «Құтқар» деген дауысымды сол естіп, аман алып қалды.

Содан Свердлов облысындағы «Едлагқа» бардық. Сама станциясының төңірегін ағаштан аршыдық. Лозба өзенінен сал ағыздық. Екі рет суға батып кеткенімде шашымнан сүйреп шығарып алды. Латыш Рита Ссальник деген әйел. Соғыс жылдарында бізге капустаның тұқымын ектірді. Мен шөп айыра алмаймын. Агрономымыз мазақтап, нан бергізбей қойды.

Бірде бір атты егістікке алып келді. Жүгіріп барып мініп алдым да, ей, айызымды қандыра шаптым-ау. Бәрі аң-таң. Қайтіп келдім де: «Мен даланың қызымын. Атқа шаба аламын. Ал шөбіңнің түрін танымаймын» – дедім. Сол есімнен кетпейді.

Бізді 1947-жылы босатты. Бірақ бақылауда болдық. Елге барып, сиыр бақтым. Фельдшерлік оқуға жіберді. Қайтіп келген соң тағы да ұстап, жер аударды. Тек 1954 жылы босатты. 1960 жылы ақталдым. Міне, бар көрген «рахатым» осы. Ол азаптың бәрін айтып тауыса аламын ба. Әйтеуір тағдырдың тәлкегінде өтті ғой бар өміріміз.

Ал енді Ахмет Байтұрсыновтың ісіне келер болсақ, ол былай. 1935 жылы жазда Ахмет Байтұрсыновқа жолығып, күйеуімнің сәлемін айтқаным рас. Сотқа да, тергеуге де солай жауап бердім. Егер мен сатқындық істесем, пантюркистік ұйымның адамы болсам, онда мұншама құқайды көрмес едім. Не «қызметім үшін босатар еді», не атуға бұйырар еді. Ал іске тіркелген Қисаев дегенді мен өмірімде естіп-білгем жоқ. Ол қолдан жасалған айып. Күйеуімді Қиыр Шығысқа айдапты. Сол жақта өлді деген қағаз алдым. Ол – Қуаныш Бәрібаев губкомда жүргенде губкомның комсомол комитетінде істеген. Партия жұмысына ауысқан. Негізі – Есік, Түрген ауылынан. Қыстауы – Белшабдар, жайлауы – Асы. Мені тергеген НКВД-ның адамдары – Оразбақиев ұйғыр, Оразалинов – қазақ жігіті еді.