III БӨЛIМ. АҚТАУ НӘТИЖЕЛЕРI

18-бап.Осы Заңға сәйкес ақталған адамдарға ақталу туралы анықтамасын немесе сот ұйғарымының (қаулысының) көшiрмесiн ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте бiрыңғай үлгiдегi куәлiк берiледi. Бұрынғы КСР Одағы мен оның құрамында болған одақтас республикалардың өкiлеттi органдары берген ақталу туралы құжаттардың, егер ақтау туралы шешiм Қазақстан Республикасы Заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасы аумағында күшi бар деп танылады.

19-бап.Қуғын-сүргiндерге ұшыраған және осы Заң белгiлеген тәртiпте ақталған адамдардың қуғын-сүргiндермен байланысты айрылған әлеуметтiк-саяси әрi азаматтық құқтары, наградалары, құрметтi, әскери әрi арнаулы атақтары қалпына келтiрiледi.


Адам өзiне тағылған айыптың тек бiр бөлiгiнде ақталған жағдайда оның саяси айыптаулармен байланысты бұзылған құқтары қалпына келтiрiледi.

20-бап.Ақталған адамдардың өздерi қуғын-сүргiнге түскенге дейiн тұрған жерлерi мен елдi мекендерде тұру құқы танылады. Бұл құқық қуғын-сүргiн зобалаңы қолданылған сәтте оған ұшыраған адамдармен бiрге тұрған олардың отбасы мүшелерiне және туған-туысқандарына қолданылады. Туған-туысқандарының қуғын-сүргiндер салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болуы фактiсiнiң құжаттық деректерi болмаған жағдайда сот арқылы анықталуы мүмкiн.

Егер қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдар қуғын-сүргiндерге байланысты тұрғын-жайға иелiк құқынан айырылған және қазiргi уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болған реттерде, сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген реттерде олар тұрғын үйдi кезектен тыс алуға құқылы.

Селолық жерлерде тұратын адамдардың осы категориялары тұрғын үй салу үшiн процентсiз қарыз алуға және құрылыс материалдарымен кезектен тыс қамтамасыз етiлуге құқылы.

21-бап.Осы Заңға сәйкес еркiн ой-пiкiрiн бiлдiруi жоқ азаматтығынан айрылған барлық ақталған адамдардың, сондай-ақ олардың ұрпақтарының "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы екiншi бөлiгiнiң ережелерi негiзiнде өтiнiш беруi (тiркелу) тәртiбiнде Қазақстан Республикасы азаматтығы қалпына келтiрiледi.

22-бап.Қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған, сондай-ақ шектеулi бостандық жағдайларында ықтиярсыз еңбекке (соның iшiнде "еңбек армиялары", "iшкi iстер министрлiгiнiң жұмысшы колонналары" деп аталатындарда) тартылған және осы заңға сәйкес ақталған адамдарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға әлеуметтiк қорғау органдары тұрғылықты орындары бойынша ақтау туралы және аталған орындарда болған уақыты туралы құжаттардың негiзiнде республикалық бюджет қаржысынан олардың аталған орындарда болған әр айы үшiн әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған сәтiнде қолданылған Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ заңмен белгiленген 100 айлық есептiк көрсеткiш есебiнен ақшалай өтем төленедi.

Өтем бiржолғы түрiнде, сондай-ақ басқа тәртiпте, ақталған адам әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасағаннан кейiнгi алғашқы үш ай iшiнде жалпы соманың кемiнде үштен бiрi төленген жағдайда берiледi, ал қалған сомасы кемiнде екi жыл iшiнде төленедi.

Өтемнiң есептелген сомалары айлық есептiк көрсеткiштiң өзгеруiне сәйкес индекстеледi.

Өтем есептелiп, бiрақ оны ақталған адам қайтыс болуы себептi алмаған реттен басқа жағдайларда, мұрагерлерге төленбейдi.

"Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерiмен азамат шеккен зиянның орнын толтыру туралы" 1981 жылдың 18 мамырындағы КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасы Жарлығының күшi қолданылатын адамдарға өтем осы Жарлық негiзiнде төленген соманы шегеру арқылы төленедi.
КСРО-ның бұрынғы мемлекеттерiнiң - одақтас республикаларының заңдары бойынша өтем алуға құқы бар ақталған азаматтарға өтем алу орнын таңдау құқы берiледi.

КСРО-ның бұрынғы мемлекеттерiнде - одақтас республикаларында өтем алған адамдарға өтемдер төленбейдi немесе олардың мөлшерi қайта есептелмейдi.
Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.22 N 169, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшiн негiзсiз қуғын-сүргiнге ұшыраған адамдарға ақшалай өтем төлеудi қоспағанда, 22-баптың қолданылуы 2003 жылдың 1 қаңтарына дейiн тоқтатыла тұрсын - ҚР 1999.04.07 N 374, өзгерiс енгiзiлдi - 2001.01.19 N 145 Заңдарымен.

23-бап.Айыптың жекелеген құрамына немесе бiр оқиғасына
қатысты ақталған адамдардың осы Заңның 22-бабында көзделген
өтемдi алу құқын, осылардың талап ету жөнiндегi өтiнiшi бойынша, ақталу туралы шешiм қабылдаған сот белгiлейдi.


Ескерту. 23-баптың қолданылуы 2003 жылдың 1 қаңтарына дейiн тоқтатыла тұрсын - ҚР 1999.04.07 N 374 Заңымен.

24-бап.Саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының, сондай-ақ осы Заңға сәйкес ақталған, мүгедектiгi бар немесе зейнеткер болып табылатын осы Заңның 2-бабында аталған саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдардың:
қамауда болған, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеген, айдауда болған, арнайы қоныстарда бостандығын шектей отырып, мәжбүрлеп еңбекке тартылған және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емделген уақыттарын зейнетақы алу үшiн еңбек стажына - үш еселенген мөлшерде есептеуге;

кезектi еңбек демалысын өздерiне қолайлы уақытта алуға, сондай-ақ жылына екi аптаға дейiнгi мерзiмге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуға;

4-8 азатжолдар жекешелендiру купондарын сақтай отырып, тұрғын үй-жайды меншiкке тегiн алуға;

бiрiншi кезекте телефон орнатуға;

бау-бақша қоғамдарына және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне бiрiншi кезекте кiруге;

қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерге бiрiншi кезекте орналасуға, оларда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандыру жағдайында тұруға;

протез-ортопедиялық бұйымдарымен жеңiлдiктi қамтамасыз етуге;

ақталуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегiн кеңес алуға құқылы.

Саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына, мүгедек болып қалған және зейнеткер болып табылатын, саяси қуғын-сүргiндер салдарынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйдi ұстау, коммуналдық қызмет көрсетулер (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтiлерге қызмет көрсету) үшiн, телефонды пайдаланғаны үшiн, қалалық жолаушылар көлiгiнiң барлық түрiмен (таксиден басқа) жүруге және темiр жолда, су, әуе, қалааралық көлiкте жылына бiр рет жүруге жұмсалатын шығындарды төлеу үшiн арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төленедi.

Жоғарыда аталған жеңiлдiктердi алу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген бiрыңғай үлгiдегi куәлiк негiз болып табылады.
Басқа мемлекеттерде – КСР Одағының бұрынғы одақтас республикаларында саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған, бiрақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және оның азаматы болып табылатын ақталған адамдар осы бапта көзделген барлық жеңiлдiктердi пайдаланады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.12.17 N 323, 1999.04.07 N 374 Заңдарымен.

25-бап.Осы Заңмен көзделген жеңiлдiктер мен өтемдердi беру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпте республикалық бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.

26-бап.Осы Заңның 18-24-баптарының күшi осы Заң күшiне енгенге дейiн ақталған саяси қуғын-сүргiндердiң құрбандарына қолданылады.