II БӨЛIМ. АҚТАУ ТӘРТIБI
8-бап.Ақтау туралы өтiнiштi ақталушылардың өздерi, сондай-ақ кез келген адамдар немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктер қуғын-сүргiндердi қолдану туралы шешiм қабылдаған органның немесе лауазымды адамның тұрған жерi бойынша сот тәртiбiнде - прокуратура органдарына, әкiмшiлiк не басқа тәртiпте - iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдарына бередi.
9-бап.Ақтау туралы өтiнiш бойынша шешiм қабылдау үшiн мерзiм қарауына жататын органға өтiнiш түскен күннен бастап үш айдан аспауы керек.
Қосымша ақпарат, құжаттар, анықтамалар алу қажеттiгiмен байланысты ерекше жағдайларда шешiм қабылдау мерзiмiн жоғары тұрған прокуратура, iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдары, кiдiрту себептерi мен мерзiмдерi туралы өтiнiш иесiне мiндеттi түрде хабарлай отырып, кемiнде алты айға дейiн ұзарта алады.
10-бап.Прокуратура органдары қуғын-сүргiнге ұшыраған азаматтардың не басқа адамдардың немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерi бойынша ақтауға жататын адамдарға арналған барлық iстердi осы Заң күшiне енгенге дейiн соттардың күшiн жоймаған шешiмдерiмен бiрге тексеруге мiндеттi.
Мұндай iстердi тексеру үшiн прокуратура органдары iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау органдарын қатыстырады, олардан қажеттi құжаттарды, материалдар мен басқа мағлұматтарды талап етедi.
Тексеру материалдары бойынша прокуратура органдары қорытынды жазып, соның негiзiнде өтiнiш иесiне ақтау туралы анықтама бередi.
Ақтау үшiн негiздер болмаған жағдайда прокуратура органдары ақтау туралы анықтаманы беруден бас тартқаны жөнiнде өтiнiш иесiне белгiленген мерзiмде хабарлауға және қорытындымен қоса iстi осы Заңның 13-бабына сәйкес сотқа жiберуге мiндеттi.
Прокуратура органдарына осы тұрғысына түскен өтiнiштерге қарамастан саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау жөнiнде ұдайы жұмыс жүргiзу жүктеледi.
Толық ақталған азаматтар туралы мағлұматтарды прокуратура органдары өтiнiш иелерiнiң талабы бойынша баспасөзге жариялау үшiн бередi.
11-бап.Iшкi iстер органдары мен ұлттық қауiпсiздiк органдары прокуратура органдарының тапсырмалары бойынша және осы Заңның 3, 4-баптарына сәйкес адамның сөзсiз ақталу құқы туралы куәландыратын деректердiң дәлелденгенiн өтiнiм иелерi мәлiмдеген жағдайларда - әкiмшiлiк немесе басқа да соттан тыс тәртiпте елден аластау, өмiр сүру немесе мекендi аудандарынан аулақтату (айдау, не жер аудару), арнайы қоныс аударып жiберу, азаматтардың бостандығын шектей отырып еңбекке ықтиярсыз тарту немесе құқықтары мен бостандықтарынан айырулары мен шектеулерi, басқалай да зиян келтiрулерi фактiлерiн анықтауға мiндеттi.
Аталған фактiлердi анықтаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдары iс жөнiндегi материалдарды прокуратура органдарының атына жолдап, бұл жөнiнде өтiнiш иесiне хабарлайды.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған фактiлер анықталмаған жағдайда, не сөзсiз ақтау үшiн негiздер болмаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдары қаралған материалдарды мiндеттi түрде өтiнiш иесiне хабарлай отырып, белгiленген мерзiмде прокуратура органдарына жiбередi.
12-бап.Өтiнiш иесi прокуратура органдарының ақтау туралы анықтаманы беруден бас тартқаны жөнiндегi не iшiнара ақтау жөнiндегi шешiмiне азаматтар құқықтарына қысым жасаған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың терiс әрекеттерiне шағымдану үшiн көзделген тәртiпте сотқа шағым жасауға құқылы.
13-бап.Прокуратура органдары ақтауға негiздердi анықтамаған жағдайда ақтау мәселелерi бойынша шешiмдердi қабылдайды:
- сотталған адамдарға - соңғы сот шешiмдерiн шығарған соттар қабылдайды. Таратылған соттар мен әскери трибуналдар үкiмдер, ұйғарымдар мен қаулылар шығарған iстер қолданылып жүрген заңдар бойынша осы iстер өздерiне жататын соттардың қарауына берiледi. Ақтау туралы iстердiң аумақтық сотқа жататындығы соңғы сот шешiмi шыққан жерi бойынша анықталады;
- осы Заңның 3 және 4-баптарына сәйкес өздерiнде сөзсiз ақтау жөнiнде құжаттар болмаған жағдайда соттан тыс қуғын-сүргiндерге ұшырағандарға (психиатриялық мекемелерге күштеп жатқызылғандарды қоса алғанда) - қызмет көрсететiн аумағында соттан тыс органдар әрекет етiп, лауазымды адамдар шешiмдер қабылдаған тиiстi облыстық, Алматы қалалық соттары қабылдайды.
Iсi сотқа жататындағы бойынша ақтау туралы iстердi беру Қазақстан Республикасы қылмыстық iстер жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiпте жүргiзiледi.
14-бап.Прокуратура органдарының терiс қорытындыларымен сотқа түскен iстер қылмыстық iстер бойынша қадағалау тәртiбiнде сот шешiмдерiн қайта қарау ережелерi бойынша қаралады.
Сот азаматты толық ақталды деп таниды, бұрынғы шешiмнiң күшiн жояды және iстi қысқартады.
Сот азаматқа бұдан бұрын тағылған қылмыстың жекелеген құрамының немесе оқиғаның бiр бөлiгiне қатысты оны ақталды деп табады және бұрын қабылданған шешiмге өзгерiс енгiзе алады.
Сот азаматты ақтауға жатпайды деп тануға құқылы.
Соттың ұйғарымына (қаулысына) прокурор наразылық бiлдiре алады немесе өтiнiш иесi жоғары тұрған сотқа шағымдана алады.
15-бап.Азамат толық ақталған жағдайда сот өтiнiш иесiне ақталғаны туралы анықтама бередi.
Азаматты қылмыстың жекелеген құрамына немесе оқиғасына қатысты ақтаған немесе сот оны ақтауға жатпайды деп таныған жағдайда өтiнiш иесiне сот ұйғарымының (қаулысының) көшiрмесi берiледi.
16-бап.Толық ақталған азаматтар не олардың өкiлдерi, ал олар қайтыс болған жағдайда туған-туысқандары қысқартылған қылмыстық, немесе әкiмшiлiк iстердiң материалдарымен танысуға. сондай-ақ сақталған осы iстердегi қолжазбаларды, фотосуреттердi, басқа да жеке құжаттарды алуға құқылы.
Ақталған адам туысқандарының тек iс жүргiзу емес сипаттағы ғана құжаттармен танысуға құқы бар.
Аталған материалдармен басқа адамдар мемлекеттiк архивтер материалдарымен танысу үшiн белгiленген тәртiпте танысады.
Материалдармен танысу нәтижесiнде алынған мағлұматтарды iске қатысты адамдар мен олардың жақындарының құқтарына және заңды мүдделерiне залал келтiрiп, пайдалануға тыйым салынады.
Iс бойынша хатталған жеке заттарды, егер олардың сақталған орны анықталса, осы Заңның негiзiнде сот бойынша ақталған адам немесе оның туған-туысқандары талап ете алады.
17-бап.Қуғын-сүргiндермен байланысты архив материалдарын сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар ЗАГС органдарына қайтыс болуы туралы куәлiктi рәсiмдеу үшiн хабарлама жiберуге, сондай-ақ деректер болған жағдайда, өтiнiш иелерiнiң тiлегi бойынша оларға ақталған адамның қайтыс болған уақытын, өлiмiнiң себебiн және жерленген орнын хабарлауға мiндеттi.