Тісжегінің даму себептері туралы теориялар
Осы уақытқа дейін жүргізілген көптеген зерттеулердің тісжегі үрдісінің даму механизмін толық түсіндіре алмауы – оның аса күрделілігінің дәлелі. Құрамында қан тамырлары, нервтік элементтері жоқ, тек өзіне тән минералдану деңгейі өте жоғары кіреукеде жүретін патологиялық үрдістерді бірде-бір басқа ағзаларда немесе тіндерде жүретін үрдістермен салыстыруға болмайды.
Өте ерте уақыттың өзінде де тісжегінің себептерін анықтауды көздеген көптеген талпыныстар болған. Қазіргі жыл санаудың І ғасырында Скрибоний тістерді бұзушылар-құрттар деген шешімге келген. Медицинаның әкесі болып саналатын атақты Гиппократ (жаңа эраның V ғасыры) тісжегінің дамуы адам организмде бұзылған шырындардың («дурные соки») пайда болуына байланысты және олар көптеген ағзалардың (бауыр, асқазан, өкпе, көк бауыр және б.) патологиялық өзгерістерге ұшырауы нәтижесінде құрылады деп түсіндірген.
17 ғасырда тісжегінің дамуының химиялық теориясы қалыптасты. Бұл терия тістер ауыз ішіне түскен қышқылдардың әсерінен дамиды деп, органикалық және бейорганикалық қышқылдарда кіреукенің еритінін дәлелдеді және «қышқыл болмаған жерде тісжегі де болмайды» деген ұғымды уағыздады. Сонымен қатар тісжегі дамуының паразитарлық немесе микробтық теориясы дами бастады. Оған негіз болған – микробиология ғылымының дамуы және тіс қақтарында микрооргнизмдердің көптеп табылуы. Тісжегі – ауыздағы микрооргнизмдердің қатысуымен дамитын шіру үрдісі деген көзқарас қалыптасты.
Миллер ұсынған химико-паразитарлық теория (химико-паразитарная терия Миллера)
Алғашқы ұсынылған уақытынан бастап бұл теория (Miller, 1984;1990) кең тарады және қолдау тапты. Себебі ол өз уақытында тісжегінің дамуы туралы дәлелді және прогрессивті көзқарасты қалыптастырды.
Клиникада байқалған көптеген факторларға түсініктеме берді және экспериментальдық зерттеулермен дәлелденді.
Миллердің ұйғаруынша, тістер ауызда көмірсулы тағамдар болғанда микроорганизмдердің әсерінен бұзылады. Тісжегінің басталу үрдісін көмірсулы тағамдар қалдығының микроорганизмдердің қатысуымен ыдырауынан пайда болған органикалық қышқылдардың – пирожүзім, алма, сірке және сүт қышқылдарының әсерімен байланыстырды. Сонымен қатар тамақтық заттар құрамында келетін басқа қышқылдардың да әсерін теріске шығарған жоқ. Тісжегінің дамуы екі кезеңнен тұрады: оның ойынша бірінші кезеңде ауыз сұйығының РН-ы төмендеуі немесе қышқылды ортаға ауысуына байланысты кіреуке мен дентин минералсызданады. Тек минералды заттардан тұратын кіреуке қышқылдар әсерінен толығымен ериді. Екінші кезеңде дентиннің органикалық заттары микробтар бөліп шығаратын ферменттердің әсерінен ыдырайды. Қышқылдар мен бактериялардың ролін ескере отырып, Миллер тісжегінің дамуына қолайлы факторларға (сілекейдің мөлшері мен құрамы, тамақтану ережесі және тамақтың құрамы сияқты) аса мән берді. Тұқым қуалаушылық ерекшеліктерін, кіреукеніің қалыптасу кезіндегі ішкі және сыртқы жағдайларды да назарынан тыс қалдырған жоқ.
Миллер өзінің теориясын экспериментальдық зерттеулердің көмегімен дәлелдеді. Адамның жұлынған тістерін жақсы шайналған наннан, сілекейден және 2-4% қант ертіндісінен туратын қоспаға орналастырып, температурасы 37°C термостатқа қойды. Бірнеше (4-6) аптадан кейін тісті алып байқағанда, кіреукеде тісжегі кезінде орын алатын минералсыздану үрдісі орын алғанын анықтаған.
Миллердің теориясы клиникалық дәлелге де ие болды. Дәлелдеме – тістің беттеріндегі табиғи жүлгелер мен ойықтарда, жанасу беттерінде және мойындарында (тамақ қалдықтары жиі орналасатын аймақтар) көмірсулы тағамдарды жиі пайдалағанда тісжегінің жиі дамуы.
Автордың теориясының ең әлсіз жері – тісжегінің дамуындағы ауыз сұйығының РН-ның (реакциясының) төмендеуі көптеген сыни пікірлер мен таластар туғызды. Шынына келсек, сілекейдің буферлік қасиетіне байланысты ауыз сұйығының реакциясы әрқашанда бейтарапты немесе әлсіз қышқылды (рН 6,8-7,0) ортаға тең және кез-келген қиын жағдайлардың ықпалы кезінде де кіреукені минералсыздандыратын қауіпті деңгейге дейін (рН 4,5-5,0) ешқашанда төмендемейді.
Дегенмен бұл теория тісжегінің дамуын түсіндіретін теориялардың (400ге жуық) ішіндегі ең маңыздысы болды және көптеген клинико-лабороториялық зерттеулердің нәтижесінде жаңа мағлұматтармен толықтырылып, тісжегінің пайда болу себептерін дәлелдей алатын қазіргі кездегі көзқарастың қалыптасуына негіз болды.
Қазіргі кезде тісжегінің пайда болуын тістің бетінде қалыптасқан тіс қағының (зубная бляшка) немесе микробты тоғаның (микробная бляшка) астындағы шағын аймақта ғана қышқылды ортаның қалыптасуымен байланыстырады.