Композиттік пломбылық материалдар

Толықтырылған (композиттік) полимерлік пломбылық материалдарды немесе композиттік пластмассаларды ХХ ғасырдың 50-ші жылдары АҚШ-та доктор Bowen ойлап тапты.

Ең алғаш композиттік материалдарды стоматологиялық нарыққа «3М» компаниясы 1964 жылы шығарды.

Сексенінші жылдардың басында композиттік материалдарды жетілдіру екі бағытта жүргізілді: эстетикалық сұранысты қанағаттандыру үшін алдыңғы тістерге және қаттылықты, беріктілікті қажет ететін шайнау тістеріне арналған материалдарды шығару. Сонымен қатар адгезивтік жүйенің (кіреуке және дентинмен микромеханиалық байланыс құрушы) шығарылуы да бұл саладағы үлкен жетістік болып саналады.

Қазіргі кезде жедел жетілдірудің нәтижесінде «әмбебап» (универсальные), микротолықтырылған, азу тістерге арналған тығыз және жақсы нығыздалатын, сұйықтау немесе аққыш композиттік материалдар мен компомерлер шығарыла бастады. Осы топтағы материалдар терапиялық стоматологияның негізгі мақсаттарының шешімі болып табылатын тістерді реставрациялау (тісті қалпына келтіріп пломбылау) жүйесінің негізін қалады.

«Композит» деген термин Philips R. W.,(1973) анықтауынша, бір-бірімен ашық бөліну шекарасымен шектелген, кем дегенде екі түрлі химиялық материалдардың кеңістіктегі үшөлшемді бірлестігін немесе комбинациясын білдіреді.

Халықаралық стандартқа сай (JSO), композиттердің ең басты немесе негізгі болып саналатын белгілері:

· Құрамында міндетті түрде акрильді және эпоксидті шайырлар негізінде құрылған полимерлік матрицаның болуы;

· Салмағының 50% артық мөлшерін бейорганикалық толықтырғыштар құрауы керек;

· Толықтырғыштың бөлшектері немесе ұнтағы (частицы) беткейлік-белсенді заттармен (поверхностно-активные вещества) өңделуге тиіс, осының әсерінен олар полимерлік матрицамен химиялық байланысқа түседі.

Қазіргі кезде көбірек қолданыс тапқан акрильді және эпоксидті шайырлары органикалық матрица негізіндегі композиттер. Bowen 1958 жылы бисфенолглицидилге(BISG) катализатор қосқан кезде метилметакрилатпен (MMA) реакцияға түсіп, үш минөттен кейін қатайып, көлемін тек 5% кішірейтетінін анықтады (акрильді пластмассалардың қатаю кезіндегі көлемінің кішіреюі 21% тең). Сондықтан да көптеген композиттердің органикалық негізі BISGMA-дан (бисфенолглицидил метилметакрилат) тұрады.

BISGMA жоғары молекулярлы салмақты мономер болып табылады. Бұл – эпоксид шайырына реакцияға түскіш метакрил тобының қосылуынан пайда болған гибридті молекула. Композиттерді шығаруда басқа да органикалық негіз – уретандиметилметакрилат (УДМА) пайдаланылады. Ол материалға жақсы қоюлық және беріктік береді, өзінің полимеризациялану (қатаю) кезінде отыру көрсеткіші өте төмен. Соңғы кезде композиттер декандиалдиметакрилат (ДДМА) немесе триэтиленгликольдиметакрилат (ТЭГДМА) сияқты мономерлер негізінде шығарыла бастады. Олар композиттердің созылғыштығын азайтып, қатаю уақытын баяулатады.

Сонымен қатар, полимерлік матрицаның құрамына төмендегі заттар кіреді:

· Қатаюды (полимеризациялануды) тежеуші зат (ингибитор полимеризации) – сақталу және материалмен жұмыс істеу мерзімін ұзартушы зат;

· Катализатор – қатаюды бастаушы зат;

· Қосымша катализатор (ко-катализатор) – полимеризациялану үрдісін жақсартушы зат (химиялық жолмен қатаятын композиттер үшін);

· Қатаюды белсендіруші (активатор полимеризации или фотоинициатор полимеризации–қатаюдың немесе полимеризацияланудың сәулелік ынталандырушысы);

· Ультракүлгін сәулені жұтқыш немесе композиттің түсін тұрақтандырғыш, материалға ультракүлгін сәуле түскен кезде түсінің аса көп өзгермеуін қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде шығарылып жүрген копмозиттердің екінші маңызды құрамының бірі – бейорганикалық немесе минералды толықтырғыш. Оның белгілі көлемдік мөлшері композиттің жақсы қасиеттерге ие болуына ықпал етеді және олар төмендегідей:

· Қатаю әсерінен отыру көрсеткішін төмендетеді (0,5 – 0,7% дейін);

· Органикалық матрицаны деформацияланудан сақтайды;

· Жылу әсерінен кеңею коэффицентін төмендетеді;

· Су сорғыштық қасиетін азайтады;

· Материалдың қаттылығын, механикалық әсерлерге төзімділігін арттырады;

· Эстетикалық сұранысты қанағаттандырады. Себебі, толықтырғыштың мөлдірлігі мен сәуле сындырғыштығы тіс кіреукесінің физикалық көрсеткіштеріне жақын.

Толықтырғыш композиттің сапасын төмендегі көрсеткіштермен қамтамасыз етеді:

· Бөлшектерінің немесе ұнтақтарының көлемі. Әртүрлі композиттердің құрамында олардың көлемі 0,04-45мкм (микрометр)

құрайды (1мкм бір микронға тең);

· Толықтырғыштың қандай материалдан дайындалғандығы. Көптеген бейорганикалық материалдар толықтырғыш ретінде пайдаланылады. Олар: балқытылған және кристалды кварц, алюмосиликатты және борсиликатты шынылар, кремнийдің қос тотығының түрлендірілген өкілдері, алмас үгінділері, жасанды жолмен алынған бейорганикалық заттар;

· Ұсақ бөлшектерінің пішіні (форма частиц). Олардың пішіндері таяқшалар, сфералы, ұсақ үгінділер түрінде, домалақ және «шаш» пішіндес болуы мүмкін.

Толықтырғыш бөлшектерінің беткейлік-белсенді заттармен (поверхностно-активные вещества) немесе аппретациялаушы заттармен (аппретирующие вещества – вещества придающие другие свойства) өңделуі полимерлік матрица мен толықтырғыштың арасында тұрақты және берік байланыс болуын қамтамасыз етіп, композитке бойына су сіңірмейтін, беріктік, тұрақтылық сияқты жақсы қасиеттер береді. Беткейлік белсенді заттар ретінде кремнийорганикалық қоспаға жататын силан пайдаланылады.