Тіс ұлпасының қабынуы

7.1.Тіс ұлпасының құрылысы.

Тіс ұлпасы (пульпа зуба – pulpa dentis) тіс қуысында (полость зуба – cabum dentis) орналасқан және екі бөліктен тұрады (1-сурет): сауыт ұлпасы (коронковая пульпа – pulpa coronalis), түбір ұлпасы (корневая пульпа – pulpa radicis).

Көптүбірлі тістерде түбір ұлпасы мен сауыт ұлпасының арасында өте анық анатомиялық шекара бар. Ол шекара - өзек сағалары (устья каналов) болып табылады.

1-сурет. Тіс ұлпасы.сайт-http://www.zub-lipetsk.ru/
Тістің түбірі ұшында тесік орналасқан (верхушечное отверстие – foramen apicalis). Тіс толық қалыптасқаннан кейін бұл анатомиялық тесік физиологиялық тесікке айналады. Түбір ұшында цементтің қалыптасуына байланысты жаңа анатомиялық тесік пайда болады және физиологиялық тесіктен түбір ұшына қарай алшақтай береді және осы екі тесік арасында қалыңдығы 0,8-1,5 мм негізі цементтен тұратын аймақ қалыптасады.

Кейбір ғалымдар бұл аймақты ұлпа-периодонтальдық белдеу (пульпа-периодонтальная зона) немесе аймақ деп атайды.

Сауыт ұлпасы сауыт қуысының күмбездері астында шайнау және тістеу қыры төмпешіктеріне сай шығыңқы ошақтар құрай орналасады. Ұлпаның әрбір шығыңқы аймағын ұлпа мүйізшесі (рог пульпы – cornu pulpae) деп атайды. Дер кезінде емделмеген тісжегі үрдісі кешікпей ұлпа қабынуымен асқынады.

Ұлпаның қабынуы тісжегінің асқынған түріне жатады және стоматологиялық ауруларды емдеумен айналысатын дәрігердің тәжрибесінде жиі кездеседі. Стоматологиялық көмек алуға келген науқастар арасында ұлпа қабынуымен келгендер 14-25% құраса (Данилевский Н.Ф. және б., 2003), кейбір аймақтарда, олардың ішінде Қазақстанда да тісжегінің таралу көрсеткіші әртүрлі болғандықтан, оның асқынуы болып табылатын ұлпа қабынуының үлесі де әртүрлі болады. Қазақстанда бұл мәселемен осы уақытқа дейін ешкім айналысқан жоқ, сондықтан бұл мәселенің шешімін табуды болашақ ғалым стоматологтардың үлесіне қалдырамыз.

Тіс ұлпасын тісжегі ошағында құрылатын зиянды агенттердің (дентиннің органикалық заттарының ыдырауынан пайда болған улы заттар, микроорганизмдердің уыттары) периодонтқа өтетін жолындағы физиологиялық кедергі (барьер) немесе қақпа деп түсінуге болады. Ал ондағы қабыну үрдістері біртұтас организмге әсер ететін одонтогендік инфекцияның көзі болып табылады. Ұлпадағы патологиялық өзгерістердің мәнін түсіну үшін оның гистологиялық құрылысы мен физиологиялық ерекшеліктерін жақсы білу керек.

Тіс ұлпасы немесе тістің жұмсақ тіні эмбриональды типті күрделі дәнекертінді шағын ағза, жасушалық (клеткалық) құрылымдарға, қантамырларына, нерв талшықтарына және рецепторлық аппараттарға бай. Бұлардың барлығы ұлпаның қызметін және өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Тіс ұлпасы тіс қуысын толығымен толтырып, түбір ұшы тесігі аймағында периодонт тініне ауысады. Ұлпаның жалпы көрінісі тістің пішінін және сыртқы рельефін қайталайды. Тістің сауыт қуысында орналасқан ұлпаның бөлігі сауыт ұлпасы, түбір өзектерінде жатқан бөлігі түбір ұлпасы деп аталады. Бұл атаулар тек анатомиялық бөлшектеуді көрсетпейді, сауыт және түбір ұлпасының орналасу ерекшеліктеріне, пішіндеріне, құрылымдарының және қызметтерінің әртүрлілігіне негізделе отырып берілген. Бұл ерекшеліктер көптүбірлі тістерде өте анық көрініс тапқан және олардың анатомиялық шекарасы түбірлер өзектерінің сағалары (устья) болып табылады.

Морфологиялық құрылысы жағынан тіс ұлпасы борпылдақ дәнекер тінге жатады және былқылдақ жасушааралық негізгі затқа бай болып келеді. Талшықты құрылымдары коллаген және ретикулярлы (аргирофильді) талшықтардан тұрады, эластикалық талшықтар ұлпада анықталмаған. Ұлпаның жасушалық құрылымы одонтобласттардан, фибробласттардан толық жетілмеген (малодифференцированные) жасушалардан (жұлдызша жасушалар, перициттер) орныққан макрофагтар және басқалардан тұрады. Бұл жасушалар ұлпада біркелкі орналаспаған және белгілі бір заңдылыққа бағынады. Шартты түрде ұлпада үш қабатты ажыратады: шеткейлік немесе одонтобласттар қабаты, одонтобласттар асты және орталық қабаттар. Әрбір қабат өзіне тән физиологиялық қызмет атқарады және әр түрлі үрдістерге өзінше жауап қайтарады.

Дентинмен тікелей жанасқан шеткейлік қабатта бірнеше қатар құрап (2-4) одонтобласттар орналасады. Бұлар жақсы жетілген, биік цилиндрге ұқсас, қою базофиьді цитоплазмалы жасушалар. Әрбір жасуша көптеген қысқа және дентин өзекшелеріне өтетін ұзын өсінділер (Томес талшығы) береді.

Жасушаның денесі жасушалық органеллаларға бай: жақсы дамыған жасушаішілік торлы аппарат, пластиналы кешен – Гольджи аппараты, көптеген митохондрийлер, ядросында көп мөлшерде хроматин және бірнеше ядрошықтар бар. Түбір ұлпасына ауысқан сайын одонтобласттар қатары азаяды және 1-2 ғана қатар құрайды.

Одонтобласттар асты қабаты ұсақ толық жетіле қоймаған (малодифференцированные) жұлдызша жасушалардан немесе преодонтобласттардан тұрады. Олардың денелерінен көптеген өсінділер тарайды және бір – бірлерімен араласа өрім құрайды. Ұзын өсінділері одонтобласттар арасына кіре орналасады. Қажет болған жағдайда бұл қабаттың жасушалары одонтобласттарға айналады.

Орталық қабатта фибробласттар және гистиоциттер (орныққан макрофагтар) орналасқан. Қажет болған кезде фибробласттар да одонтобласттар мен преодонтобласттарға айналады. Бұл қабаттағы ретикулоэндотелиальдық жасушалар (гистиоциттер) қорғаныс қызметін атқарады. Одонтобласттар және одонтобласттар асты қабаттарында көп мөлшерде адвентициальдық жасушалар (перициттер) қан тамырлар бойымен орналасқан. Бұл жасушалар толық жетілмеген жасушалар қатарына жатады.

Сирек жағдайда орталық қабатта базофильдер, лейкоциттер және плазмоциттер орын алады. Қабыну үрдісі кезінде макрофагтардың, В – және Т – лимфоциттердің, плазмоциттердің саны көбейеді. Ұлпаның жасушааралық заты гликозамингликандарға және белоктарға бай гельге немесе желеге ұқсас негізгі былқылдақ заттан тұрады. Негізгі зат арқылы коллаген және преколлагенді талшықтар өтеді.

Сауыт ұлпасының орталық қабатында негізгі затта коллаген талшықтары орналасқан. Олар өте жіңішке және реттелген шоғыр құрмайды. Преколлагенді талшықтар ұлпаның барлық қабатында кездеседі.