Сүлде ауырулық синдромдардың түрлері және даму жолдары

Пайда болу мерзіміне және оның ұзақтығына қарай: әкелген бүлініспен тікелей байланысты жақында ғана жаңадан пайда болған жіті ауыруды, пайда болу себебі көпшілік жағдайларда анықталмаған, ұзақ уақытқа созылатын сүлде (дерттік) ауыруды ажыратады. Сүлде ауыру деп ауырулық синдром үш айдан астам уақытқа созылғанда айтады. Жіті ауыру белгілі бір дерттің әйгіленімі ретінде болады және ол тіннің бүлінісі қалпына келгеннен кейін басылады. Сүлде ауыру жиі өз бетінше дерт дәрежесіне жетеді және ол жіті ауырудан нейрофизиологиялық, биохимиялық, клиникалық көріністерімен басқаша ерекшеленеді. Сүлде ауырудың қалыптасуына жан-дүниелік ықпалдар маңызды әсер етеді. Бұл ауырудың болуынан адамның көңіл-күйі тұнжырайды. Бүгінгі таңда сүлде ауырулық синдромдардың дамуында тұқым қуалаушылыққа бейімділіктің маңызына назар аударылуда.

Ауыру синдромдарын даму жолдарына қарай:

● соматогендік (ноцицепциялық) ауырулық синдромдар;

● нейрогендік (нейропатиялық) ауырулық синдромдар;

● психогендік ауырулық синдромдар – деп үш топқа ажыратады (В.К. Решетняк, М.Л. Кукушкин).

Дене тіндерінің жарақаты, қабынуы, ишемиясы, керіліп кетуі кездерінде ноцицепторлардың әсерленуінен дамитын ауыруды соматогендік ауырулық синдромдарға жатқызады. Солардың ішінен клиникада жарақаттан, хирургиялық операциядан кейінгі ауырулық синдромдарды, буындар қабынуы кезіндегі ауыруды, бұлшықеттер мен шандырлардың ауыруын, қатерлі өспелер кездеріндегі ауыру синдромын, ішкі ағзалардың бүліністері кездеріндегі (висцералдық) ауыруды т.с.с. ажыратады.

Нейрогендік немесе нейропатиялық ауырулық синдромдар ауыру туындататын серпіндердің өткізілуіне қатысатын шеткері жүйке және ОЖЖ құрылымдарының бүліністерінен дамиды. Соған байланысты оларды шеткері және орталық нейропатиялық ауырулық синдромдар деп ажыратады. Нейрогендік ауыру адамдар арасында 8%-ға дейін кездеседі. Ол бір немесе бірнеше жүйкелердің бүліністерінде байқалады. Бұл ауыру негізінен сүлде ауырулық синдромдарға жатады. Кей жағдайларда оның дамуында ноцицепциялық ауырудың тетіктері мен нейропатиялық тетіктер бірігіп орын алады. Мәселен, қысылған радикулопатиялар, өспе өсуі кездеріндегі ауырулық синдромдарды келтіруге болады.

Психогендік ауырулық синдромдар дамуында жан-дүниелік ықпалдар маңызды орын алады. Бұл кездерде дене мүшелерінің айтарлықтай бұзылыстары байқалмайды. Ауыр жан күйзелістерінен ауыру сезімі белгілі бір бұлшықеттің қатты ширығуынан дамиды. Психогендік ауыру есірік ауруының бір көрінісі ретінде немесе шизофрения ауруы кезінде сандырақ немесе елес түрінде пайда болады және дұрыс ем қабылдағанда жоғалып кетеді. Психогендік ауыруларға көңіл-күйдің тұнжырауымен (депрессиясымен) байланысты дамитын, басқа себептері жоқ, ауыруларды жатқызуға болады.

 

Соматогендік ауырулық синдромдардың даму тетіктері

 

Соматогендік немесе ноцицепциялық ауырулық синдромдар қабыну немесе бүліну ошақтарында ауыру сезімталдығының көтерілуінен тұрақты ауыру сезімінің болуымен көрінеді. Науқас адам ауырудың орныққан жерін және оның қарқыны мен түрін жеңіл анықтай алады. Уақыт өте келе көтеріңкі ауыру сезімталдығының аумағы кеңіп бүлінген аумақтан тыс жайылуы мүмкін. Бүліндіргіш ықпалға ауыру сезімталдығы көтерілген бөліктерді гипералгезия аумағы деп атайды.

Гипералгезия бастапқы (біріншілік) және салдарлық (екіншілік) болып ажыратылады. Бастапқы гипералгезия бүлінген тінде ғана байқалады. Салдарлық гипералгезия бүлінген аумақтың сыртына тарайды. Біріншілік гипералгезия ауыру туындататын ықпалдың әсерінен ноцицепторлардың қозу шегі төмендеуімен және бүліндіргіш механикалық, температуралық ықпалдарға ауыру сезімталдығының көтерілуімен сипатталады. Салдарлық гипералгезия аумағында тек механикалық ықпалға ғана ауыру сезімталдығы көтеріледі. Бұл кезде ноцицепторлардың қозу шегі қалыпты деңгейде сақталады.