Дерттік (сүлде) ауыру сезімін емдеу негіздері

 

Сүлде ауыру синдромы бар науқастарда негізгі ауруды туындатқан себепкер ықпалдың негізінде ауырулық синдромның даму тетіктерін анықтау өте қиын. Бірақ патогенездік тетіктерін анықтап алмай ауыруды дұрыс емдеу мүмкін емес. Сүлде ауырулық синдром жүйке жүйесінің әртүрлі ауруларында байқалады және жалпы бір патогенездік заңдылықтармен дамиды. Сол себепті жоғарыда келтірілген сүлде ауырулық синдромның патогенезіне байланысты емдеу тәсілдері оның даму сатыларына қарай орындалуы қажет.

Соматогендік (ноцицепциялық) ауыру кезіндегі емшаралар:

● тіндердің бүліністерін (қабыну, ісіну т.б.), ауыру туындататын медиаторлар түзілуін шектеу маңызды. Простагландиндердің түзілуін азайтатын бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілерді қабылдаудан және жүйке аяқшаларында Р(пи)-затын азайтатын, ұнтақталған бұрыштан жасалған дәрілерді (капсаицин, капсин т.б.) ауырған жерге басудан ауыру сезімі басылады. NO-синтаза ферментінің бәсеңсіткіштерін қабынған буынға енгізгенде ауыру сезімі мен қабыну қайтады.

Бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілер циклооксигеназа ферментін бөгеп простагландиндер Е түзілуін азайтады. Сол себепті бұл дәрілер әртүрлі ауырулық синдромдар кездерінде жиі пайдаланылады. Солардың ішінде ибупрофен дәрілері (нурофен, нурофен форте) тірек-қимыл мүшелерінің ауыруын емдеуде өте нәтижелі әсер етеді. Нурофеннің бір таблеткасында 400 мг ибупрофен болады. Бұл дәрі ауыруды басады, дене қызымын төмендетеді және қабынуға қарсы әсер етеді.

Бірақ, бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілерді ұзақ қабылдаудан асқазанда ойық жара, қан кетулер болуы, бүйректе несеп сүзілуі бұзылуы және бүйрек қызметінің жіті жеткіліксіздігі дамуы сияқты асқынулар даму мүмкіндігін естен шығармау қажет.

● ауырулық серпіндердің ОЖЖ-не өтуін бөгеу мақсатында жергілікті анестетиктер, спирт немесе фенолмен химиялық денервация жасау, шеткері жүйкені қию, ганглиэктомия жасау қолданылады; Анестетиктер (лидокаин), ноцицепциялық нейрондардың сезімталдығы көтерілуінен сақтандырып қана қоймай, бүлінген тіндерде майда қанайналымды жақсартып, тіндердің қалпына келуін оңалтады; жергілікті анестетиктер (лидокаиннің 5%-дық кремі) ұшықтан кейінгі невралгияны емдеу үшін қолданылады.

Соматогендік ауырулық синдромды бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілермен және анестетиктермен, олардың ішінде опиаттармен (трамадолмен), емдеу жиі жақсы нәтижелі болса, олар нейрогендік ауырулық синдромдарды емдеуде ондай нәтижелі болмайды.

Нейропатиялық ауыруды емдеу шаралары шеткері және орталық сенситизацияны кемітуге, антиноцицепциялық жүйенің белсенділігін арттыруға бағытталуы қажет. Осы мақсатта:

√ тырыспа-селкілдекке қарсы дәрілер, ОЖЖ-де тежелу үрдісін күшейтетін антидепрессанттар, ГАМҚ, кальций өзекшелерінің тежегіштері, қоздырғыш амин қышқылдарының антагонистері, натрий каналдарының бөгегіштері қолданылғаны орынды болады. Тырыспа-селкілдек дамуына қарсы (карбамазепин, дифенин, габапентин, ламотриджин, прегабалин) дәрілер сезімтал жүйкелер арқылы серпіндердің өткізілуін тежейді және жұлынның артқы мүйіздерінің нейрондары мен үш тармақ жүйкенің жұлын-мый жолындағы ядро жасушаларындағы ГАМҚ-ергиялық рецепторларды сергітеді. Сол себептен бұл дәрілер невралгиялар кездерінде өте нәтижелі қолданылады; ГАМҚ-ергиялық құрылымдарға әсер ететін дәрілер (баклофен, тизанидин) артқы мүйіз нейрондарының қозымдылығын төмендетеді; Тырыспа-селкілдекке қарсы дәрілердің ауыр уытты жағымсыз жақтары анемия, гепатит, эндокринопатия т.с.с. дамыту қауіпі есте болғаны жөн! 90-шы жылдары ашылған дәрі габапентин (нейронтин) әртүрлі нейропатиялық ауырулар кездерінде жақсы емдік әсер етеді және оның қауіпті әсері басқа осындай дәрілерге қарағанда азырақ болады. Соңғы жылдары нейропатиялық ауыруды емдеу үшін АҚШ пен еуропада өте нәтижелі жаңа дәрі прегабалин (лирика) тіркелді. Ол белсенділігі қатты көтерілген нейрондардан глутамат, норадреналин, Р(пи)-заты бөлініп шығуын шектейді деп есептеледі. Ол габапентинге қарағанда аз мөлшерлерде әсер етеді. Сондықтан оның жағымсыз әсерлері де одан біршама аз болады.

√ антиноцицепциялық жүйенің белсенділігін арттыру үшін көптеген дәрі-дәрмектер (наркоздық және наркоздық емес аналгетиктер, бензодиазепиндер, α-2-адренорецепторлардың ширатқылары т.б.) және дәрі-дәрмексіз (тері арқылы нейрондарды электрмен ширату, физиотерапия, инемен емдеу, нүктелі ысқымақ жасау т.с.с.) емшаралар ауыру сезімталдығын төмендетеді, жағымсыз көңіл-күйдің қобалжуын басады.

Сүлде ауыру синдромында көңіл-күйдің тұнжырауы маңызды орын алады. Сол себепті бұл ауыруды емдеу үшін антидепрессанттар қолданылады. Олар: тұнжырауды басады, серотонин- және норадренергиялық антиноцицепциялық жүйені әсерлендіреді, амитриптилин және басқа үшоралымды антидепрессанттар NMDA-рецепторларды тежейді, эндогендік аденозин жүйесімен әрекеттеседі. Күйдіріп ауырғанда және аллодиния байқалғанда антидепрессанттар жағымды әсер етеді. Бірақ үшоралымды антидепрессанттар, антихолинергиялық әсер ететін болғандықтан, жүрек ырғағы бұзылыстарына және ортостатикалық гипотензия дамуына әкелетін мүмкіндігі болатынын естен шығармау қажет!

NMDA рецепторларын тежеу үшін кетамин, декстраметорфан пайдаланылады;

√ мембраналық потенциалды тұрақтандырып, жұлынның артқы мүйіздері нейрондарының сезімталдығы көтерілуін (сенситизациясын) азайту үшін флупиртин, катадолон, SNEPCO (ағылш. selective neuronal potassium channel opener-калий каналдарының сұрыпталған нейрондық ашқыштары) деп аталатын дәрілер қолданылады. Олар қан тамырларының қатты жиырылуынан пайда болатын ауырулық синдромдар кездерінде өте жақсы әсер етеді;

√ флуоксетин, серталин, пароксетин серотониннің кері қамтылуын сұрыптап бөгеп, мыйдың торлы құрылым ядроларында оның мөлшерін арттырады. Содан жұлынның артқы мүйіздерінің аралық нейрондарына тежеуші ықпал күшейеді;

√ симпатикалық жүйке жүйесінің белсенділігін симпатолитиктермен, симпатэктомия жасау арқылы төмендету;

√ нейропатиялық ауырулар кездерінде жүйке талшықтары арқылы ОЖЖ-не бағытталған серпіндер ағымын қалыпты деңгейге келтіру үшін В-тобындағы витаминдер, карнитин, антиоксиданттар, антиагреганттар, қан тамырларына белсенді әсер ететін дәрілер т.б. қолданалылады.

Қорыта келгенде, көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша: сүлде ауырулық синдромдарды емдеу үшін қолданылатын дәрілердің ішінде үшоралымды антидепрессанттар (амитриптилин, имизин), прегабалин, габапентин т.б. тырыспа-селкілдекке қарсы қолданылатын дәрілер бірінші орында тұрады. Трамадолдың және серотонин мен норадреналиннің кері қамтылуын сұрыптап тежейтін дәрілердің (венлафаксин, дулоксетин) және капсаициннің ауыруды басатын әсері азырақ болады. Ал, NMDA-рецепторлардың бөгегіші декстрометорфан мен серотониннің кері қамтылуын сұрыптап тежейтін (флуоксетин, серталин, пароксетин) соңғы орында тұрады.