Невроздардың жіктелуі

Барлық зерттеушілерді қанағаттандыратын невроздарды жіктеу осы күнге дейін өзінің шешімін тапқан жоқ. Дәстүрлі түрде невроздардың үш тобын: жабыспалы жағдайлар неврозын, есірікті, неврастенияны (жүйке тозуын) ажыратады.

Жабыспалы жағдайлар неврозы адамның мұқтаждығы, тілегі, талпынысы мен оларды жүзеге асырудың арасында, әдептік, әлеуметтік заңдылықтарға, діни көзқарастарға немесе басқа ұғымдарға байланысты, сәйкестіктің болмауынан пайда болған шиеленістерден дамиды. Бұл кезде мый қыртысында дерттік күшейген қозу ошағы қалыптасады. Әдетте бұндай жағдай адам бір маңызды істеуге (мәселен, үйде газды сөндіруді, есікті жабуды, жас баланы тамақтандыруды т.б.) ұмытып кеткенде немесе басынан қатты қорқыныш сезімін (биіктен, лифт тоқтап қалуынан, қорғаныссыздықтан т.б.) өткерудің нәтижесінде болады.

Жабыспалы жағдайлардың барлық түрлері қайталанатын қорқыныш, үрей сезімдерімен сипатталады. Бұл невроздың басталуы шартты рефлекстер тетігі бойынша болады. Артынан қорқыныштардың пайда болу жағдайлары кеңиді. Қорқыныш әлеуметтік және кәсіби дара тіршілікті бұзады.

Жабыспалы жағдайлар неврозының түрлері:

√ әлеуметтік қорқыныштар – көпшілік қауым алдында сөйлеуден, дәріс оқудан, емтихан тапсырудан қиналып немесе сасып қалудан қорқумен көрінетін қайта-қайталанатын былшыл қорқыныш. Жиі ол нақты сәтсіздікке әкеледі және қорқыныш сезімін одан сайын күшейтеді.

√ ойға жабыспалы түрде қайталанып келетін идеялар, ойлар, бір әрекеттерге баруға ұмтылдыратын «бұйрықтар». Мәселен, бір жақынын өлтіруге, жұқтырып алудан қорқып қайта-қайта қол жууға, есікті немесе үйде газды жапты ма – деп қайта-қайта өзін тексеру сияқты бұйрықтар мен ойлар. Адам олардың қажетсіздігін және мәнсіздігін түйсініп біледі және қарсы тұруға тырысады.

√ қарапайым фобиялар – сыртынан жабылған бөлмеден, қатерлі өспе өсуінен, биіктіктен т.с.с. тұрақты дәйексіз қорқу және оларға әкелетін қауіпті жағдайлардан аулақ жүру.

Есірік невроздары. Клиникалық белгілері көп ауруларды өтірік қайталамай, солардың көріністеріне еліктеп жасалуымен сипатталатын жоғары жүйке әрекеттерінің бұзылыстары. Шын мәнінде аурудың болмауына қарамай, өзінің денсаулығына тым зор мән беруден, негізсіз үрей мен дерттің барлығына сенімді болуымен көрінеді. Есірік кезінде адамда, әдетте, «ауруды тілеу» және өте жоғары иланғыштық байқалады. Осылармен есіріктік бұзылыстардың көп түрлілігін, оларды әдейі әсіреленген түрлерде елге көрсетуге бағытталуын түсіндіруге болады.

Пайда болу себептері: тұлғаның айналасындағыларға деген көтеріңкі талаптары мен олардың іске асырылу мүмкіндігі болмауының арасында шиеленіс пайда болуы. Бұл шиеленіс нақты жағдайды және басқа адамдардың талабын дұрыс бағаламаудан немесе оны елемеуден болады. Бұл кезде мый қыртысы үрдістерінің қатты ширығуынан немесе қалжырауынан қыртыс асты құрылымдарда «жылжымалы» күшейген дерттік қозу ошақтары қалыптасады.

Көріністері. Есірікке құбылып өзгеріп тұратын көп түрлі әйгіленімдер тән. Олар шешімін таппаған жағдайларға тұлғаның қорғаныстық серпілістері болып келеді. Есірік әйгіленімдері дерттік көріністердің бірнеше топтамаларына жинақталады:

√ тәртібінің әдеттен тыс өзгеруі. Науқас адам тым қызбалығымен, әсерленгіштігімен, иланғыштығымен және өзін-өзі иландырғыштығымен, көңіл-күйінің құбылмалылығымен, ұмытшақтығымен ерекшеленеді. Есіріктік бұзылыстар кезінде көңіл қобалжуларын белгілі бір жағдайларға байланыстырып әсірелеп елге көрсетуге бағытталады. Есіріктік неврозбен сырқаттанған науқастар сырттай қарағанда қуатты сияқты көрінгенімен, шын мәнінде адами қарым-қатынастарда үстіртін әлсіз болады. Олар өздерін уақиға ортасында тым іскер, мағыналы, ықпалды адам ретінде көрсетуге тырысады. Шын мәнінде олар ұсақ, ойлана бермейтін, әбігершіл, басқа адамнан тәуелді болып келеді. Олардың кейбіреулері өзін-өзі өлтірумен қорқытады және оны жүзеге асыруға талпынады;

√ дербес жүйкелік бұзылыстар (мәселен, гипотензия немесе гипертензия, ентігу, басына ыстық қан келу сезімі, тахикардия, аритмия, тершеңдік, диспепсиялық бұзылыстар) байқалады;

√ қимыл-қозғалыстардың бұзылыстары. Есірік кезінде эпилепсияға ұқсас тырыспа-селкілдек ұстамалары болуы мүмкін. Бірақ, қояншық ауруына қарағанда, бұл ұстамалар кездерінде естен тану мен дене мүшелерінің соғылуы болмайды. Олар жығылатын жерін таңдап, жұмсақ жерге жығылады. Бұл дерт кезінде өткінші толық және шала салданулар, дыбыстық байламдардың салдануынан қысқа мерзімге дауыстың шықпай қалуы (афония) пайда болуы ықтимал, бірақ олар науқасты қапаландырмайды. Өйткені олар бұл құбылыстардың өткінші екенін біледі;

√ сезімталдықтың бұзылыстары. Есіріктік невроз өткінші соқырлықпен, саңыраулықпен, иісті, дәмді сезбеуімен, парестезиялармен қабаттасады;

√ жыныстық ауытқулар (мәселен, белсіздік, жыныстық нәпсінің азаюы) байқалады;

Есірік кезінде бұл бұзылыстардың басым көпшілігі психогендік ауытқулардан дамиды.

 

Неврастения (жүйке тозуы). Неврастения невроздардың кең тараған түрі.

Пайда болу себептері: өзіне-өзі қойған көтеріңкі талабы мен оны жүзеге асыруға деген мүмкіндіктерінің арасында шиеленіс болуы. Осыдан мый қыртысында қозу үрдісінің қатты ширығуы мен күйзелісі байқалады.

Көріністері:

√ дербес жүйкелік бұзылыстар (мәселен, жүрек аритмиясы, гипо- немесе гипертензия, ішек-қарын қызметтерінің бұзылыстары, тершеңдік);

√ жүйке жүйесінің көтеріңкі қозымдылығы, қажығыштығы және қалжырауы;

√ тым қатты қызбалық, өзін-өзі ұстай алмаушылық, шыдамсыздық;

√ ынтаның бұзылыстары;

√ жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, соғындық;

√ көңіл-күйдің құбылмалылығы, жиі тұнжырау;

√ ұйқының бұзылыстары (көз ілінуінің бұзылыстары, ұйқының тынымсыздығы, жағымсыз түстер енуі);

√ жыныстық қатынастардың бұзылыстары (нәпсінің әлсіреуі, белсіздік) – байқалады.