Батырмалы электрқозғалтқыш

 

Батырмалы электроқозғалтқыш үш фазалы асинхронды қысқа тұйықталған қозғалтқыш болып табылады (3.10-сурет) және оның ішкі аумағы маймен толтырылған. Ол ішінде статор мен ротор орналасқан тұрқыдан (12), подшипниктерге қондырылған біліктен (11), ал головкасында өкшеден (пята) (3) және өкшеастылықтан (4) тұратын тіреуіш подшипник орналасқан. Статор бөлек магнитті (8) және магнитті емес (9) секциялардан кезектесіп жиналады. Ротор роторлы қаңылтырлар пакетінен (10) құралады. Магнитті емес секцияларда радиалды сырғанау подшипниктері (7) орналасқан. Статордың орамы және “тиін торының” мыс стерженьдері арнайы ойықтарға жатқызылған. Статор орауының шығарымдары (вывод) головкада (2) орналасқан кабельдік енгізудің (5) (ввод) колодкасымен байланыстырылады.

 

 

3.10-сурет. Батырмалы электроқозғалтқыштың сұлбасы

Электроқозғалтқыш ішіндегі майдың циркуляциясын (айналымы) қамтамасыз ету үшін қозғалтқыштың бос білігіне турбина (6) орнатылған. Оның айналуы кезінде май ротор және статор арасында қозғалады да статордың жинағындағы (набор) арнайы тесіктерден ағып, біліктің төменгі жағында орналасқан сүзгіден (13) өтеді. Осы кезде май подшипниктерді майлайды және жылуды қызу көзінен тұрқыға жеткізеді, ал ол өз кезегінде қабат сұйығымен суытылады. Қозғалтқышты толтыру үшін тұтқырлығы аз, жақсы майлау қасиеттері бар және тесу кернеуі жоғары май қолданылады (40 кВ-тан төмен емес).

Сораптың табанында (14) гидрооқшаулағыш компенсатор орнатылады, ол электроқоғалтқышпен фланецті қосылыс арқылы байланысады.

Электроқозғалтқыштың тұрқысының жоғары бөлігі протектормен фланецті қосылыспен байланысады, электроқозғалтқыштың білігі протектор білігімен шлицті муфта (1) арқылы байланысады.

Протектор электроқозғалтқышты қабат сұйығынан гидравликалық қорғау және температура өзгергенде майдың көлемінің өзгеруін компенсациялау қызметін атқарады. Ол электроқозғалтқыш пен сораптың арасында орналасады.

Протектордың құрылымын Г типті гидроқорғау үлгісінде қарастырамыз (3.11-сурет).

 

 

3.11-сурет. Гидроқорғау протекторы

 

Протектор І электроқозғалтқыштан ІІ төмен орналасқан май көлемінің компенсаторынан ІІІ, майысқақ диафрагамасы бар бөлгіш камерадан (4), қапталдық нығыздауыштары (1) және (3) бар біліктен және тіреуіш өкшеден (2) тұрады.

Протектор келесі әдіспен жұмыс істейді: А ішкі қуысына тұтқырлығы аз маймен толтырылады, мысалы электроқозғалтқыш толтырылған трансформатор майы. Бұл қуыс электроқозғалтқыш аумағы арқылы май аумағының компенсаторылық қуысы В-мен байланысады. Иілгіш элемент қоршаған ортаның қысымын Б қуысына жібереді.

Майдың жұмсалуы кезінде компенсатор көлемі азаяды. Қызу нәтижесінде майдың көлемі ұлғайған кезде компенсатордың көлемі де үлкейеді.

В қуысында екіжақты өкшені – сорап білігінен осьтік қысымды қабылдайтын тіреуіш пошипникті майлауға арналған май орналасады. Өкшеден жоғары және төмен жақтарда қаптауыш нығыздауыштар орналасады: төменгісі – электроқозғалтқышпен жалғанған ішкі қуысты В герметизациялайды, ал жоғарғысы – тіреуіш подшипникті майлауға арналған майдың ағып кетпеуі үшін арналған.

Майдың жұмсалуы кезінде Б - қуысынан А - қуысына клапан (7) арқылы қабаттың сұйығы келіп түседі, ол жерде сұйық тұндырылып мұнай және суға бөлінеді. Майдың толық жұмсалуынан кейін мұнай түтік (5) және тесік арқылы В қуысына түседі де ротордың білігінің подшипниктерін майлайды.

ЭОТСҚ қолдануға арналған ұңғы сағасының құрылғылары СКҚ-ның агрегаты мен кабельдің ілінуін, ұңғы өнімінің манифольдқа түсірілуін, СКҚ тізбегімен шегендеуші тізбегі арасындағы кеңістікті герметизациялауын, кабель кіруін, манифольдқа газдың қысымының артуы кезінде құбыраралық кеңістіктен газдың қайта кіруін, ұңғыны зерттеуге арналған приборлардың орнатылуын – СКҚ тізбегінде және құбыраралық кеңістіктегі қысымды өлшеу үшін манометрлер, ұңғыда сұйықтың деңгейін өлшеу және т.б. қамтамасыз етеді.

Шегендеуші тізбекте орнатылатын сағалық жабдықтың ішінде кабельмен СКҚ -ны герметизациялайтын нығыздауыштар және алынып салынатын тұрқылары орналасқан құбыр басы (трубная головка) бар. Нығыздауыштар алынатын фланецпен қысылады. Құбыр сыртындағы кеңістіктен газды шығарып жіберу үшін коленоны орнату қарастырылған, ол құбыраралық кеңістікті кері клапан арқылы манифольдпен байланыстырады. Құбыр басы ұңғыны зерттеу кезінде қолданылатын және аспаптарды қосу үшін арналған тесіктермен жабдықталған.

Кабельдік желі батырмалы қозғалтқышқа электр энергиясын тасымалдауға қызмет етеді. Ол негізгі дөңгелек пішінді кабельден және оған жалғанған жалпақ кабель мен кабель енгізгішінен (ввод) тұрады. Дөңгелек пішінді кабель СКҚ-ның бойымен орналасып, басқару станциясынан батырмалы агрегатқа дейін тартылады. Одан сәл жоғары бөлікте ол жалпақ кабельмен жалғанады, өз кезегінде соңғысы агрегат бойымен орналасып, электрлі қозғалтқышқа муфта арқылы беріледі.

Қондырғының басқару станциясы агрегатты іске қосу және ажырату жұмыстарымен қатар оның жұмыс режимін бақылайды. Сонымен бірге станцияның көмегімен қондырғыны қолмен немесе автоматты басқару режимдерін іске асыру, қондырғыны диспетчерлік пункттен қашықтан басқару немесе уақыттық реле арқылы программалы басқару мүмкіндіктері қарастырылған.

Қондырғыларды электр энергиясымен жабдықтау жүйесінде қолданылатын трансформатор желілік кернеуді қажетті деңгейге дейін көтеруге арналған. Себебі, кабельдердегі ток күшінің аздығынан оның шығыны азаяды да, электрлі қозғалтқышты іске қосу мен оның техникалық көрсеткіштерін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Трансформаторлар маймен суытылатын етіп жасалынады және магниттік өткізгіштен, жоғары және төменгі кернеулі орамдардан, радиатор мен май сақтайтын ыдыстан тұрады.