Диафрагмалы ұңғылық сорап қондырғылары

 

Диафрагмалы ұңғылық сорап қондырғылары электрожетектеушісі бар көлемді плунжерлі сораптарға жатады. Бұл сораптарда алынатын сұйық қабылдаушы және айдаушы клапандар арқылы өткенде, сораптың және жетектеушінің қозғалмалы бөлшектермен тікелей әсерлеспейді. Ол олардан резиналы диафрагмамен бөлінген. Бұл берілген сораптардың қолданудың спецификасын түсіндіреді. Олар агрессивті қабат сұйығы және құрамында едәуір механикалық қоспалары (қабаттан шығатын құм, т.б.) бар сұйықты шығарып алуға арналған.

Диафрагмалы ұңғылық сорап қондырғысы ұңғыға СКҚ -ға түсірілген батырмалы сорап агрегатынан (сораптың және электрожетектеушінің), құбырлардың жанында жүретін кабельден, СКҚ тізбегіне орнатылған жіберуші клапаннан, сағалық жабдықтардан және жоғары бетте орналасқан басқару станциясынан тұрады.

 

3.13-сурет. Диафрагмалы сораптың сұлбасы

 

Батырмалы агрегатта айдаушы (1) және сорушы (2) клапандары, диафрагма (3), серіппе (3) және поршень (5) болады. Поршеннің астында бұрыштық тісті беріліс (7) арқылы айналатын эксцентрик (6) орналасқан. Одан төмен электроқозғалтқыш (8) және компенсациялаушы диафрагма (9) орналасқан.

Поршеннің үстіндегі А қуысы және жетектеушінің жанындағы Б қуысы маймен толтырылған. А қуысында қатаң бекітілген май көлемі болады. Бұл қуыстан ағып кеткен майдың қалпына келуін, цилиндр тұрқысында орналасқан арнайы клапанмен қамтамасыз етіледі. Бұл клапаннан А қуысындағы артық май да шығарылады. Клапандарды диафрагмамен итеруші (толкатель) арқылы байланыстырылған көмекші поршень басқарады.

Батырмалы агрегат келесі түрде жұмыс істейді. Қозғалтқыш білігі және бұрыштық тісті беріліс айналған кезде эксцентрик 6 айналып, эксцентрикке серіппемен (4) қысылған поршень (5) жоғары және төмен қозғалады. Сұлбада поршеннің жоғарғы орындағы жағдайы көрсетілген. А қуысының көлемі өзгермегендіктен, поршень төмен жылжыған кезде май поршеньмен босатылған кеңістікті толтырады, ал диафрагма (3) төменге түседі (диафрагманың төменгі жағдайы пунктирмен белгіленген). Сораптың клапан астындағы жұмыстық қуысында қысым төмендеп, ұңғыдағы сұйық сорапқа сорылады. Эксцентриктің келесі айналым кезінде ол поршеньді жоғары жылжытып, май дифрагмаға басып, оны жоғарғы жағдайға әкеледі. СКҚ-ға (1) клапан арқылы сұйық айдалады. Сонымен айдалатын сұйық тек қана клапандарды, диафрагманы және жұмыстық қуыстың қабырғаларына ғана тиеді. Поршеннің (5) қозғалуы үшін Б қуысының көлемінің өзгеруі диафрагмамен (5) компенсацияланады.

Бұрыштық тісті беріліс және поршеннің эксцентрикалық жетектеушісі габариті шектелген батпалы агрегатта орналасқан соң, олардың қуаты 3-6 кВт-пен шектелген. Электроқозғалтқыш үш фазалы, асинхронды және маймен толтырылған. Электроқозғалтқыш білігінің айналу жиілігі 1350-1500 мин-1. Тісті беріліс айналу жиілігін шамамен 2 есе азайтады. Осыған орай поршеннің бір минуттағы қадам саны 750-ге, ал қадамының ұзындығы 15 мм-ге тең болады. Құрамында 1,8%-ға дейін механикалық қоспалары бар қатты суланған сұйықтың (90%) алынуы кезінде отандық сораптар мынадай аралық жөндеу периодына ие болады – 200 тәулікке дейін. Дәл осы жағдайдағы ЭОТС (ЭЦН) сораптарының аралық жөндеу жұмысының периоды 2-3 есе кіші болады.