Жылу трассасының, ұңғыма сағасының және ішкі ұңғылық жабдықтары

Су қыздырғыш қазандар мен бу генераторларынан ұңғымаларға жылу трассасы тартылады. Құбырларды жер бетімен жүргізгенде олардың беті жылуоқшаулағыш материалмен жабылады және материал бетінің температурасы 40 0С-тан аспайтын болу керек. Жылу құбырының белгілі қашықтықта бекітпелері (якорлары) болып және әр телімде температуралық ұзаруларды есепке алатын П-тәрізді компенсаторлар қойылады. Ұзару нәтижесінде пайда болатын деформация қажетті мөлшерден аспау керек.

Құбырларды траншеяда жүргізу кезінде де оны жылуоқшаулағышпен қымтап, кірпіштен немесе блоктардан канал жасап, құбырды құммен жабады. Мұнда да жылу құбырының температуралық ұзарудан сақтайтын компенсаторлары болады.

Ұңғыма мен жылу құбыры сағалық жабдықпен шарнирлі байланыс арқылы бірігеді. Сағалық жабдық жоғары-төмен вертикалды бағытта қозғалып тұрады (6.12-сурет), себебі шегендеуші құбыр мен СКҚ қыздыру және суыту кездерінде вертикал бағытта жылжып отырады. Шарнирлі байланыс 4,5 м-ге дейінгі қозғалысты қамтамасыз ете алады.

6.12-суреттің астыңғы жағында ұңғыма түбінің жабдықтарының үш варианты көрсетілген (г, д, е суреттері). Бірінші вариантта тек қана пакердің орналасуы берілген (г -варианты), екіншісінде – пакер және якорь қойылған (д –варианты). Мұндай кездерде температураға байланысты СКҚ-ның ұзаруы сағадағы шарнир бекітілген жерге беріледі. Үшінші вариантта қосымша тағы да СКҚ-ның ұзару компенсаторы бар (е). Бұл кезде СКҚ-ның температуралық ұзаруы телескопиялық компенсатормен қабылданып, шарнирлік байланысқа әсер етпейді. Телескопиялық компенсатордың графитпен қанықтырылған асбест сақиналары және жылуға төзімді резинасы бар.

 

 

6.12-сурет. Қабатқа буды айдау кезіндегі ұңғыма сағасының сұлбасы

1-ысырма; 2-үшжақ; 3-шарнирлі байланыс; 4-сағалық сальник; 5-манометр; 6-төртжақ; 7-вентиль; 8-буфер; 9-тізбектік сальник; 10-тізбек басының корпусы; 11-СКҚ; 12-шегендеуші тізбек құбырлары; 13-кондуктор; 14-телескопиялық құрылым; 15-якорь; 16-пакер; 17-фланец.

 

6.13-сурет. Тізбек басының сұлбасы.

1-грундбукс шпилькасы; 2-жоғарғы грундбукса; 3-жоғарғы корпус; 4-сальникті нығыздағыш; 5-майлағыш май беретін кері клапан; 6-төменгі грундбукса; 7-бұранда; 8-нығыздауышты қысатын төлке; 9-шегендеуші тізбек; 10-төменгі корпус; 11-ауыстырғыш

Ұңғыма арқылы қабаттарды бумен өңдеу кезінде сағалық жабдықтардың сальниктері жылуға төзімді сақиналардан жасалады. Тізбек басының мұндай кезде шегендеуші құбыр өтетін сальникті нығыздауышы (4) болады (6.13-сурет). Жұмсақ сальникті нығыздауышты жоғарыдан грундбуксамен (2), ал төменнен бұрандалармен (7) қысуға болады. Олар төменгі грундбуксаны (6) көтеріп нығыздауышты қысады. Тізбек басының жұмыстық қысымы 4 МПа-ға, ал тізбек сыртындағы температура 1500С-қа дейін жетеді. Мұндай тізбек бастары диаметрі 146 және 168 мм болатын пайдалану тізбектері үшін шығарылады.

Жылутасығыштың тез арада салқындамауы және шегендеуші тізбекті қыздыру үшін СКҚ-ны төменге пакермен түсіреді. Құбыр сыртының кеңістігі нығыздалып, одан сұйық буланады да, өте сапалы жылуоқшаулағыш пайда болады. Соңғы кездері арасына жылуоқшаулағыш материал толтырылған екі қабат металл қабыршығы бар СКҚ қолданылып жүр. Мұндай құбырлар жылу шығынын 5,5 есеге азайтады.